Әбу Ханифа (р.а) хадис риуаятының аз болуының себебтері

Әбу Ханифа (р.а) хадис риуаятының аз болуының себебтері

Әбу Ханифа басқа хадисшілер секілді көп хадис риуаят етпеген. Алайда Әбу Ханифаның берген үкімдерін зерделеген уақытта хадис риуаят етудің тек тізбек бойынша жүзеге аспайтындығын аңғарамыз. Бұл жайлы көрнекті үндістандық ғұлама, хадис пен фиқһ білгірі Зофар Ахмад ҽт-Таһанауи «Әбу Ханифа уә Асхабуһу әл-мухаддисун» атты еңбегінде риуаяттың екі түрі болатындығына назар аударады. Біріншісі, өзі мен Алла елшісіне (с.а.у.) дейінгі тізбектегі жеткізушілерді атап барып хадисті риуаят ету болса, екіншісі, хадисті тікелей риуаят етпей, одан шыққан үкімдерді бірден айту. Әбу Ханифа көбінесе, хадистерді тікелей риуаят ету жолын емес, одан шыққан үкімді жеткізу жолын таңдаған. Осы тұрғыдан алғанда, Таһанауи Әбу Ханифаның хадисті көп риуаят еткендердің қатарында екендігін алға тартқан.

Сондай-ақ, ғұлама аталмыш еңбекте Омар ибн Хаттаб, Әли ибн Әби Талиб, Абдуллаһ ибн Мәсғуд сынды сахабалардың да басқаларға қарағанда орташа мөлшерде хадис риуаят еткендіктерін, бірақ олардың айтып кеткен барлық уәжіп, рұқсат тҽрізді фәтуаларын хадистердің елегінен өткізгенде, түгелдейін Алла елшісінің (с.а.у.) сөздеріне сай келетіндігін, сондықтан оларды да көп хадис риуаят еткендердің қатарына қосудың орынды екендігін білдірген имам ҽд-Дәһлауидің де пікірін келтіреді. Имам әд-Дәһлауи Әбу Ханифа үкімін берген мыңдаған мәселені Алла елшісіне дейін жеткен «марфуғ» хадистердің елегінен өткізгенде, оларға сай келетіндігін, сондықтан Абдуллаһ ибн Мүбарактың: «Әбу Ханифаның ойы деп айтпаңдар. Керісінше, Әбу Ханифаның хадистерді тәпсірлеуі деңдер», – дегенін келтіреді. Сондай-ақ имам әд-Дәһлауи Әбу Ханифаның мухаддистердің ұстанған тікелей риуаят ету тәсілін емес, бірден үкім шығарып, соны жеткізу жолын таңдауын оған дейінгі шейхтарының осы жолды ұстағандығымен түсіндірген. Расымен де, Әбу Ханифаның шҽйхтары өмір сүрген кезеңде хадис риуатында тізбекке аса мән бермейтін. Кейіннен хадисті ойдан құрастыратындар көбейе бастаған шақта ғана көңіл бөліне бастағандығын байқаймыз. Бұған байланысты Мұхаммед ибн Сирин: «Бұрындары хадис тізбегін яғни, иснадты сұрамайтын еді. Кейіннен бүліктер бой көтере бастаған шақта «жеткізген кісілеріңді атаңдар», –дейтін болды. Әһлу сүннеттен болғандардың хадисін алып, ал жаңалық енгізгендерді тәрк ететін»,– деген.

Имам әз-Зҽһаби өзінің «Табақату әл-хуффаз» (хадис хафыздарының жинағы) атты еңбегінде Әбу Ханифаның өзгелерге қарағанда аз хадис риуаят етуін былай түсіндіреді: «Әбу Ханифаның жады мықты бола тұра, үкім шығарумен терең айналысқаны үшін оның хадис риуаяты аз болған. Дәл осындай себепке байланысты Имам Мәлик пен Шафиғидың да риуаяттары естіген мөлшерлеріне қарағанда әлде қайда аз. Сол сияқты Алла елшісінің хадистерін көп білгендеріне қарамастан Әбу Бәкір, Омар Фаруқ секілді ұлы сахабалардың да өздерінен кейінгі саптағы сахабаларға қарағанда риуаяттары аз болған. Имам Зҽһаби өзінің «Сияру әл-ағлам ән-нубәла» атты еңбегінде: «Әбу Ханифа нағыз имам, үмбеттің фиқһ білгірі, Ирақтың ғұламасы, ол хадис жинауға аса мән беріп, сол үшін сапар шекті. Ал енді фиқһта, үкім шығарып, тереңіне үңілуде оған жететін адам жоқ. Адамдар фиқһта оған зҽру»,– деген.

Әбу Ханифаның риуаят еткен хадистерінің аз болуының тағы бір басты себебі − ол хадисті риуаят етушінің хадисті жеткізген сәтте риуаяттың жадында болуын шарт қосқан. Яғни, кітапқа сүйеніп риуаят етуді қабылдамаған. Имам Әбу Юсуф Әбу Ханифаның: «Естіген кездегі жаттаған хадисін риуаят еткен кезде де жадында сақтамаған кісі хадис риуаят етпеуі керек», – дегенін жеткізген. Имам Сарахси Әбу Ханифаның риуаятының аз болуына қатысты өзінің усулында: «Кейбіреулер Имам Әбу Ханифа хадисті аз білген дейді. Мәселе олар айтқандай емес. Ол ғасырының хадис бойынша ең білгірі еді. Алайда риуаят етушінің добт (жадының күштілігі) сипатының кемел болу шартын талап еткені үшін риуаяты да аз болған», – деген.

Әбу Ханифаның мүжтаһид шәкірті Әбу Юсуф өзінің «әл-Әсар» атты еңбегінде Әбу Ханифадан 1068 риуаятты жеткізсе, екінші мүжтаһид шәркірті Мұхаммед Хасан да өзінің «әл-Әсарында» 916 хадисті риуаят еткеніне куҽ боламыз. Сондай-ақ, Әбу Юсуф өзінің «Хараж» атты еңбегінде Әбу Ханифадан 18 хадис, «әр-Род ала сияри әл-Аузағи» атты кітабында 5 хадисті жеткізген. Мұхаммед Хасан ҽш-Шайбани өзінің «әл — Хужжа ала әһл әл-мәдина» атты еңбегінде ұстазы Әбу Ханифадан 106 хадис, ал «Мұаттада» 6 хадис риуаят еткенің жеткізеді.

                    «Шапағат қоғамдық қорының» Индер ауданы бойынша теологы Ерлан Сағынов

Закрыть меню