Дін және дәстүр тағылымы

Дін және дәстүр тағылымы

Салт-дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігі, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы; қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Күнделікті қолданыста бір мәдени топты екіншісінен айыратын және бейресми жолмен реттейтін қабылданған мінез-кұлық ережесіне немесе әлеуметтік әрекеттерді жөнге келтіретін терминге жатады. Салт-дәстүр ұлт үшін өмір сүру қағидасы, қоғамдық заң болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық – өнеге тәжірибесін құраған.

Бұл талаптар мен ережелерді халық бұлжытпай орындаумен бірге оны құрметтемеген, сақтамаған адамдарды сол заң негізінде жазалап та отырған. Өткен заманда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды. Мысалы, той, наурыз көже, қыз ұзату, қонағасы, шашу, ерулік ата салты болып саналады. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлім-тәрбиелік, халықтық мәні зор. Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи-әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады.

Салт-дәстүр байлығы – мәдениеттің байлығы. Мысалы, ата-ана, үлкенді құрметтеу, байғазы, көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, сәлем беру, ат тергеу, құрдастық қалжың, т.б. салт-дәстүрге жатады. Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Әдет, ғұрып, ишара, ырым, тыйым, дағды бәрі осы салтдәстүр көрінісі (Қазақ энциклопедиясы, 7-том).

Әрбір халықтың, ұлттың тілі, діні, салт-дәстүрі мен ғұрпы болады. Қазақ халқы салт-дістүрге өте бай халық. Қаншама қиын кезеңді бастан кешсе де, қазақ халқы – өз дінін, тілін, дәстүрін, мәдениетін ұмытпаған халық. Өкінішке қарай, діни сауаттылықтың төмендігі себепті салт-дәстүрімізді мойындамай қарсы шығып жүргені бесенеден белгілі. Шын мәнінде халқымыздың қанына сіңген салт-дәсүр, әдет-ғұрпымыздың барлығы Ислам дінімен сусындап жатқанын көреміз. Сол себепті осы «әдет-ғұрып», «салт-дәстүр» сөздерінің қай тілден енгендігіне және қандай мағына беретіндігіне тоқталып кетейік.

«Әл-урф» сөзінің шариғаттағы терминдік анықтамасы мынадай: «Ол ақыл-ойдың, логиканың құптауымен көңілдерге орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер». «Әдет» сөзі арабтың «әл-ъаада», «العادة» — сөзінен шыққан. Мағынасы адамдар арасында көп қайталанатындықтан дағдыға айналған істер дегенді білдіреді. Әдет және ғұрып сөздерінің мағынасы бір десе болады. Кейбір шариғат кітаптарында «урф» сөзін қолданса, енді біреулері «әдәт» сөзіне басымдық берілген. Ханафи мазһабының ғұламасы Ибн Абидин әдетке мынадай анықтама берген: «Әдет деген сөздің негізі көп қайталанғандықтан, үйреншікті іске айналған, адамдар арасында ешбір түсіндіруді қажет етпейтін танымал болған, шынайы ғұрыпқа айналған істер дегенді». Демек, шариғат қабыл алатын ғұрып, әдет дегеніміз адамның табиғатына танымал, ақыл да, заң да, адамгершілік таразысы да құптайтын оң істер. «Дәстүр» сөзі де арабша «دستور», «дустур» — деген сөздің қазақша баламасы. Арабша мағынасы іс-әрекет жасалатын ереже, заң дегенді білдіреді. Қазіргі араб тілінде бұл, негізінен, бір елдің конституциясы деген мағынада қолданылады.

Бұл сөздің терең мағынасын, этимологиялық түп-төркінін зерделеп мынадай ой түюге болады. Сірә, қазақ даласында Ислам шариғаты мен дала заңдарының қосындысынан шыққан заңнамалық жүйе дәстүр деп аталса керек. Содан соң ата-баба дәстүрі, салт-дәстүр деген ұғымдар пайда болған. Жоғарыда аталған шариғат терминдерінің тілімізге ежелден еніп, кейіннен ауыспалы мағыналарда қолданылуы осындай пікірге жетелейді.

Қазақ халқының Ислам дінімен таныс болғанына мың екі жүз жылдан астам уақыт өтті. Содан бері салт-санасы, әдет-ғұрпы, әдебиеті мен мәдениеті мұсылмандыққа бейімделіп, ақырында Ислам діні халық ділімен біте қайнасып, ұлттық болмыстың ажырамас бөлгіне айналды. Ислам шариғаты дұрыс ұғымдарды, ізгі мұраттарды бекітіп, бұрыс ұғымдарды тоқтату үшін келді. Сондықтан мұсылман халықтарындағы дәстүрлерді елеп-екшейтін басты безбен шариғат болып саналады. Халық ұстанған дұрыс әдет-ғұрыптар Ислам заңнамасындағы құқықтық нормалардың бастауларының бірі болып саналады. Алла Тағала: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», (Ағраф сүресі, 199-аят) – деп бұйырған. Алланың Елшісіне (с.а.с.) пайғамбарлық түскен кезде арабтардың арасында да алуан түрлі әдетғұрыптар, дағдылар бар болатын. Пайғамбар (с.а.с.) олардың Құдай Тағаланың әмір-тыйымына керағар келмейтінін қабылдап, қарсы келетініне тыйым салды. Шариғатта халыққа үйреншікті болған жақсы дағдылар мен әдет-ғұрыптарды дәлел ретінде келтіруді барлық мазһабтардың имамдары қолдайды.

Ғұрыпты дәлел ретінде қарастыру Әдет-ғұрып мұсылман заңнамасында кейбір мәселелерді шешуде айғақ ретінде қолданылады әрі шариғат ғалымдары арасында мақұлданған. Ханафи мәзһабының кейбір өкілдері шариғат ережесіне сай келген ғұрып нақтылы шариғи дәлел ретінде қарастырылатындығын айтқан.

Бұл тұрғыда фиқһ негіздерін зерттеуші ғұламалар Құран Кәрімдегі «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал» деген аятты алға тартқан. Сондай-ақ, Абдулла ибн Масғұдтан (р.а.) жеткен мына риуаятты дәлелге келтіреді. «Мұсылмандар жақсы деп есептеген нәрсе Алланың алдында жақсы, мұсылмандар жаман деп көрген нәрсе Алланың алдында жаман». Ханафи мәзһабының ғалымы Ибн Абидин «Уқуд рәсм әл-муфти» кітабында былай дейді: «Ғұрыптың шариғатта орны бар, Кейде үкім соған қарай орнығар». Малики мазһабының өкілі Ибн Асим әл-Андалусий өзінің «Муқтада әл-уусуул илә илм әлусуул» атты кітабында былай дейді: «Ғұрып – іс қой адамдарға танымал, Әдеттің оған ұқсастығын танып ал. Екеуі де шариғатқа енер ендеше, Мәні қиғаш болып егер келмесе» (Бас мүфти Ержан Малғажұлының бастамасымен ДІН МЕН ДӘСТҮР І- кітап).

Қорыта келгенде, дін – дәстүрдің таразысы. Иләһи уахидың негізінде бекітілген діни рәсімдерді әдет-ғұрып деп есептеуге болмайды. Өйткені олар Алла Тағаланың тікелей әмір еткен амалдар. Ал, салт-дәстүр – адамдардың арасында көп әдеттенгендіктен пайда болған дағдылар. Елбасымыз бір сөзінде «Адамның санасында діни және ұлттық сезімдер әрдайым тығыз астасып жатады» деді. Расында да, санада сақталған салт-дәстүрдің орны ерекше. Тағы бір түсінгеніміз, дәстүр мен мәдениет діннің ықпалымен дамып, өзіндік өң қалыптастырады. Тілдің дамуына да діннің тигізер әсері мол.

 

Шүкіріддін Темірқұлұлы,

теолог

Закрыть меню