Діни сауаттылық – дәстүрлі дініміздің тұғыры

Діни сауаттылық – дәстүрлі дініміздің тұғыры

Қазіргі таңда еліміздегі халықтың 90 пайызға жуығы өздерін дінге сенетін, 70 пайыздан астамы мұсылманмын деп есептейді. Бұл дініміздің тілінде «Әһли қыбла», яғни құбылаға бет бұрушылар болып табылады. Қазақ халқы «Қашаннан бері мұсылмансың?» деген сұраққа «Әлмисақтан» бері деп жауап берген. Нақты айтқанда, мына әлем жаралмастан бұрын адам баласының Алла Тағала алдында беген уәдесі «фытри иман» деп аталады. Бұл иманның адам бойында жаратылысынан бар екенін көрсетеді. Алайда халқымыздың дінге деген ықыласы, ниетін, шын пейілін пайдаланып, түрлі  ағымдарға тартатындар, жалған уағызшылар қоғамға өз идеологияларын таңып әуре. Міне, осындай жағдайда халықты теріс түсініктен арылтып, елдік сезімін, ата дініне деген құрметін оятуға ықпал ететін негізгі құндылықтың бірі ұлттың діни-тарихи санасы болмақ.

Сондықтан әр азамат теріс ағымдарға қарсы күресте діни сауаттылығын арттырып, ішкі рухани қорғанышын күшейту арқылы өзін-өзі сақтай алатыны белгілі. Діни ұстанымдар адам санасында орын алуы үшін діни сауаттылық, діни бірегейлік, діни сергектік көрініс табуы керек. Осы орайда түріктің ғұламасы Мәулана Руми «Піл туралы талас» деген тәмсілде мынадай әңгіме келтіреді: Тәжірибе жасау үшін үнді елінен бір пілді әкеліп қараңғы сарайға қамап қояды. Пілді көрем деушілер ақысын төлеп, піл тұрған қараңғы сарайға кіреді. Бұлар бұрын піл көрмеген жандар болатын. Олар қараңғыда қолдарымен пілдің әр жерін ұстап көріп, піл туралы ұзын-сонар таласқа түседі. Біреуі пілдің хоботын ұстап, піл су құбырына ұқсатады, екінші бірі пілдің құлағын ұстап, оны үлкен желпуішпен салыстырады, үшіншісі пілдің аяғын сипалап “піл жуан ағашқа ұқсас” десе, төртіншісі пілді сипалап, айтылғандардың ешқайсына да емес, кәдімгі тақтаға ұқсас дейді. Сөйтіп, өмірінде піл көрмеген адамдар пілді әр түрлі сипаттайды. Бірақ ортақ бір  шешімге келе алмайды…

Осы тәжірибенің нәтижесін Руми былай түйіндейді: Егер олардың қолында шам болар болса, жарықта мұндай мәнсіз, мағынасыз талас болмас еді. Адамдарға істің мәнісін түсіну үшін шамның жарығы қажет екенін Руми осы тәмсілдің негізгі идеясы етіп алған. Аталған оқиғадағы шамды адамзатқа ақ пен қараны ажырата білуге мүмкіндік беретін діни сауаттылық дер ек. Осы орайда халық нақылындай айтылғандай ел ішінде хақ білімін теріс ниетпен бұрмалап, қоғамды адастыруды көздейтін адамдардың да болатынын естен шығармауымыз керек. Шәкәрім жырларында келгеніндей «шала дін», жарты мұсылман, жарты адамгершілік ұғымдары орын алады. Дін дегеніміз – әркім өзінің ыңғайына бұра тартып пайдаланатын нәрсе емес, керісінше ол бүкіл адамзатқа ортақ құндылықтар екенін ұғынуымыз тиіс.

Діни білімнің болмауы, шала сауаттылық діни алауыздыққа, ымыраға келмеуді көздейтін қақтығыстарға әкеп соқтырады. Жастардың білім өрісін кеңейтіп, адамгершілік құндылықтарын, мінез-қасиеттерді бойына сіңіруінің бүгінгі заманда оң нәтиже берері сөзсіз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ел болып ұрпақ тәрбиесіне жан-жақты көңіл бөлінсе, көздеген мақсат айқын, болашақ жарқын болады. Хақ дін – Ислам дініне негізделген салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды  қадірлей білсек, біз оның әрқайсынан-ақ  халқымыздың сан ғасырлық мұсылмандық сана, өнеге, тәрбиесін табар едік, үлгі алар едік. Ол біздің иманымызды арттырып, құлшылығымызды көбейту тұрғысынан оң ықпалын тигізер еді.

Закрыть меню