Ұлт һәм дін

Ұлт һәм дін

Белгілі дінтанушы, Нұр-Мұбарак университетінің оқытушысы, PHD доктор Мұхиддин Исаұлымен ұлт және дін тақырыбы аясындағы сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Біз бағзыдан мұсылмандықты ұстанған жұртпыз ғой. Дін мен дәстүрді егіз көрдік. Содан барып біздің бүгінгі айтып жүрген «дәстүрлі дін», «ата дін» ұғымдары қалыптасты. Тіпті біздің тарихи сана, ұлттық болмысымыздың өзі дін Ислам аясында қалыптасты деуге негіз бар сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?

– Жоқ, негіз бар емес, ол шындық қой ол. Кімнен, несін жасырасың?! Біздің «дәстүрлі ислам», «дәстүрлі дін» деп отырғанымыз сол – қазақтың руханияты, қазақтың рухани болмысы.

– Ендеше бүгінгі таңдағы ұлт зиялыларының біразының ұлт руханиятынан ата дінімізді ажыратып, бөліп тастағысы келетіні қалай? Әлде дін шындығында да руханиятымызға жат, болмысымыздан бөлек дүние ме?

– Бүгінгі күнде кейбіреулер, оның ішінде тәңіршісі бар, атеистері бар Ислам дінін бізден ажыратқысы келсе, мәселенің көп жағы бар. Біріншіден, бұлардың сәбеттік маятникте өскендігінен. Түрі қазақ болғанымен, жалпы болмысы, ішкі дүниесі сәбеттеніп кеткен. Орыстанып емес, сәбеттеніп, солардың идеологиясы сіңіп кеткен. Екіншіден, мына жақта радикалды ағымдар бар. Ол радикалды ағымдар бұрында тек ғана уахабизм, сәләфизм, басқа да ағымдар болған болса, бүгінгі кезде ханафилердің арасында да радикалдық ағымдар пайда болды. Радикалдық ағым деген ол рушылдық сияқты. Менің руым басқа рулардың бәрінен артық, кезінде мемлекет құрған анау-мынау деген сияқты дүние. Ол – рушылдық радикалдық. Қазақша айтқанда, астамшылдық. Радикалдық ағым деген сол – дінде астамшылдық еткендер. Жаңағы қазақтың жалаң, сәбеттік ұлтшылдарына осы мәселе қатты тиді. Бұлар неге менің ата-бабамды айтпайды? Неге уағыздарына бабаларымды қоспайды? Арабтан ғана әулие шыға ма? Түріктен ғана әулие шыға ма? Парсыдан ғана әулие шыға ма? Қазақта әулие болмаған ба не сонда деген сияқты. Шындығында да адамның қитығына тиеді. Бұл қазақ халқы, түркі жұрты, орта азия, мәуранахыр мектебі, кешегі Қожа Ахмет Яссауи бүкіл түркі жұртының атасы емес пе? Бүкіл түркі жұртының әулиесін жинап, таразының бір басына қой, бір басына Қожа Ахмед Яссауиды қойсаң қайысы басып кетеді? Қожа ахмет Яссауи басып кетеді. Осындай үлкен әулиелер тұрғанда арабтың, түріктің әулиелерін айтсаң, өзіңнің бабаларыңның қаншалықты әулие болғанын, өзіңнің бабаларың қаншалықты батыр болғанын білмегенің жөн бе?! Мысалға албанда шыққан Әлмерек батыр бар. Райымбек батырдың ұстазы, пірі, үлкен әулие, абыз болған. Абыз деп отырғаны менің түсінігімде құтыбтық дәрежесі бар адам. Рижал ғайып, ғайып Ерен қырық шілтеннің ішінде құтыб дәрежесінде болған. Оған қоса ел қорғайтын батыр болған. Райымбек баба батасын алған. Сол батаның арқасында әулиелікке жеткен батыр. Әскери тактиканы үйренген, елді қорғаған. Қазіргі ұйғыр ауданы бар, басқасы бар ел, жерді жаудан қорғаған. Жау болғанда да, қандай жау? Кәпір жаудан қорғаған. Қалмақтан, жоңғардан қорғаған. Бұлардың барлығы әшейін қарапайым соғыс емес, Алла үшін болған соғыстар. Ал енді осы Алла үшін болған соғыстарды, әулиелерді радикалды ағымдар шірікке шығарып отыр. Бұлардың барлығы ұлтын сүйгеннің жанына батады. Сол сияқты Маңғыстауда Бекет ата бар. Бекет атаның өзінің біз нақты орынын бере алмай жатырмыз. Сәбет үкіметіндегілер жазды, көріпкел ретінде немесе сиқыршы деген сияқты бір кітаптар жазған. Бұл деген масқара енді. Ол әулие кісі ғой. Сиқыршылық деген ол күпірлік. Бір Бекет атаның өзінің ғұламалығын дәл қазір мына мысырдың бүкіл ұстаздарын жинаса да, Бекет атаның орынын баса алмайды.

Одан бері Мәшһүр Жүсіптер кезінде «Көкілташтан» сабақ алғандар. Қазіргі «Әл-Әзһәрда» шариғатты үйренесің. Бірақ ихсанды үйрете ма? Үйретпейді. Олар да үйретпесе, біздің Нұр-Мүбарак  қалай үйретеді? Біз ихсан деген уақытта «Алланы көріп тұрғандай құлшылық қылу» деген хадисті ғана айтамыз. Хадисте не деп тұр, оны да түсіне алмаймыз. Енді Мәшһүр Жүсіп, Бекет ата, Әлмерек бабалар «Көкілташ» медресесін оқыды. Бізде ихсанды шариғатпен оқытса, ол жақта шариғатты ихсанмен оқытқан. Яғни шариғатты руханиятпен үйреткен. Мысалы, руханиятта періште, жын деген нәрселерді өзіміз секілді жәй ғана жаратылыс деп үйретеді. Себебі, жынды да, періштені де, адамды да жаратқан Құдай тағала. Демек, айырмашылық жоқ. Олардың да арамызға кеп оқитыны болады. Бірақ оны қазір көп адам түсіне бермейді. Байырғы сенім, байырғы ақидамыздан ажырап қалдық. Сүйтіп, дінді руханиятқа жат деген ұғым пайда болды.

– Сіз исламтанушы бола тұра, өзіңізді ұлтшылмын деп есептейсіз. Бұл – қазіргі ағайын үшін кереғар ұғым. Қазіргі қоғамның пікірінше, «арабқұл», не «түрікқұл», не басқа, әйтеуір қазақылықтан жырақ адам жан деген түсінік бар. Сіздің ұлтшылдығыңыз қандай ұлтшылдық?

– Неге ұлтшылмын деген уақытта, маған осылай үйретіп отырған дін, Ислам діні ғой. Құранда Алла Тағала айтады: «Біз адамдарды бір-бірлерін тану үшін ұлттарды ұлттарға бөлдік» дейді. Ұлтты ұлттарға бөлдік деп айтуы, ұлттардың әр түрлі болуы Құдай тағаланың «Уахид», «Ахад» есімін танытады. Жер бетінде адамдардың бәрі бір ұлт болса, түрлері бірдей болса қалай болар еді? Жер бетіндегі адамдар адам ретінде ұқсағанымен, түрлері бір-біріне ұқсамайды. Ал, бұл жерде адамдардың жалпылай ұқсастығы болғанымен, түрлерінің қайталанбайтындығы, сол сияқты жауған қардың бәрінің сыртқы көрінісі ұқсағанымен, әр түйіршігінің формасы бір-біріне ұқсамайтындығы Алланың «Ахат» сипатын ұғындырады. Пайғамбарымыз да өз хадисінде: «Отанды сүю – иманнан» деп өсиет айтады.

Онда халық не үшін молдаларға «арабқұл», «түрікшіл», «ұлтын, салтын сатқан сатқын» деген сынды ауыр айыптар таңады? Әлде молдалардың ішінде сіз ғана ұлтшылсыз ба?

– Жоқ, олар да ұлтшыл. Мынадай әңгіме ғой. Түнде Алматының орталық алаңына 200-500 адам шығып айғайласа, «бүкіл Алматы көтеріліпті, көтеріліс боп жатыр екен» деген әңгіме болады. Бірақ шығып жатқан бүкіл Алматы емес. Сол сияқты сәләфиттер келіп, елді даурықтырды. Бірақ, жаппай сәләфтанып кеткен жоқпыз ғой. Олар көп болса, жалпы қазақтың бір-ақ пайызын ұстайды. Бірақ елдің бәрі «ойбай, сәләф көбейіп кетіпті, сәләфтанып кеттік» деп айтып, жазып жатыр. Бұзу осылай көрінеді. Бір шырпымен бір орманды өртеп жібересің. Бір қорптағы сіріңкенің бір шырпысы ғана орманды өртеп тұр. Кім өртеді десе, шырпы дейді. Содан бүкіл шырпы кінәлі болады. Сол сияқты кейбір радикал ағымдағы немесе теріс түсініктегі адамдардың кесірінен сондай ұғым қалыптасады. Мысалы, бір жас бала арабтың немесе түріктің еліне барады да, сол жақтан дін үйренген кезде, мәдениетін де дін деп түсінеді. Ұстазы стаканмен шай ішсе стаканмен шай ішеді немесе арабтың киімін киіп келеді. «Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық көрінеді» деген әңгіме ғой. Ол өзі жастайынан кеткен бала, сол жақтың мәдениетін бойына сіңіреді де, қалпын бұзбай елге алып келеді. Дін таратқанда да сол мәдениет, сол елдің менталитетімен жүреді. Қазақы ұғым кеткен. Уағыз айтса да араб не түрік ғалымдарының сөзімен айтады.  Содан барып пікір қайшылығы туындайды. Ұлтшылдардың сынына ұшырайды. Мен оларға үнемі айтам, сендерде қазақтың түрі ғана қалған, миыңа сол елдің Windosын салып келгенсің деп. Олар өтпелі кезеңде өзге елде тәлім алғаны үшін де сабақ берген ұстаздарының бар болмысын көшіріп келеді.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақ дінге нашар күйден өткен. Енді қазақты басқа дінге аударамын деу – құр әурешілік» дейді. Алайда бүгінде жалпы қазақ басқа дінге өтіп кетпесе де, дінге нашар кейіпке түскен. Сонда бүгінгі қазақтың дінге тосырқай қарауы немесе адасушылыққа түсуі осы күнгі дін өкілдерінің қазақ менталитетіне сай, дұрыс нәсихат жасай алмауының, өзге елден үйренген білімін, өз жұртының түсінігіне сай жеткізе алмауының салдарынан болып тұр ма? Елде мүлде ұлт руханиятына сай үгіт-насихат жүргізетін маман жоқ болғаны ма?

– Бір себебі сол. Мысалға, жапондар Америкадан немесе басқа да елдерден он жылдап оқып, ғалым, доктор, профессор боп келсе де ұлттық ғалымымыз деп қабылдамайды екен. Жалдамалы ғалым сияқты көреді. Олар келген уақытта арнайы ұлттық болмыспен оқытады. Енді менде қиял да мынадай, біздің де азаматтар шетелден оқып келгеннен кейін, отырғызып қойып, екі жыл ұлттық болмыс, дәстүрлі түсініктегі Бұхаралық медреселердегі білімді, қолжазбаларды оқытып, шетелдік маятниктерді өшіріп тастау керек. Әрине, шетелден келіп жатқандардың барлығы сондай болып жатыр дегеннен аулақпын. Бірақ арасындағы кейбіреулері ютубта, әлеуметтік желілерде басқаша сайрауда. Оны көрген жалаң ұлтшылдар «бәрі сондай» деп, бір шыбықпен айдайды. Ал қазіргі мешіттердегі имамдардың жетпіс-сексен пайызы осы отандық медреселерден шыққан, ұлттық түсініктегі азаматтар. Мысалы мен имамдар иниститунда сабақ берем. Олардың барлығы қазақтың қарапайым азаматтары. Бірақ олар жарып шығып уағыз айтпайды әлеуметтік желілерде. Үйткені біздің ұғымымызда, ұлттық руханиятымызда өз-өзін көрсетушілік, дөрекілік жоқ, сыпайылық басым. Олар «жарқ» етіп шыққысы келмейді. Мешіттің айналасында өзіне жүктелген міндеттерді атқарумен тоқталады. Бірақ олардың ішінде небір данагөй имамдар бар.

Енді қайтпек керек? Адаспаудың, ақиқатта болудың жолы неде? Қалпымызды қалай сақтап қаламыз?

– Жалпы Исламда, сосын бізде бір жақсы қасиет бар. Оны кешегі сәбет үкіметі де жоя алған жоқ. Ол – кішіпейілділік. Жалпы бізде тәкәппарлық та бар. Оны да айта кетейін. Тәкәппарлық қазақтың санасында қалып қойған нәрсе. Бірақ, қазақ дейтін халықтың жүрегінде тәкәппарлық жоқ, жүрегі өте адал. Тек санасында қалыптасқан түсінік ғана бар. Мысалы кез-келген қазаққа машинаның терезесінен басыңды шығарып, итерісіп жіберші десең қол үшін созуға дайын. Ол жүректе қалыптасқан қарапайымдылықтың жемісі. Қалыпты қайтару керек.

Адамда жалпы төрт болмыс болады:

– Санасы болады (миы);

– Жүрегі болады;

– Нәпсісі болады;

– Рухы болады.

Абайдың сөзі бар ғой, «мені мен менікінің мағынасы екі» деген. Сол «мен» деп отырғаны рух. Жүректің өзі де бір рухани болмыс. Одан бөлек ақыл бар. Қазіргі психологтардың, тренингтің айтып жүргенінің барлығы сол ақылды миды айтып отыр. Ақыл деген ол адам санасындағы биологиялық компютер ғана. Адам сол биологиялық компютерге алдымен жазады. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген қазақ. Сол жазып қойған нәрсеңе өзің бағынасың. Ақыл жүрекке бағынған кезде, нәпсі де үстемдік ете алмайды. Абай солай айтады. Ал, бүгінгі кезде пультты жалаң ақылға беріп қойған, жүректі ақылға бағындырып қойған. Нәпсі соны біліп, ақылға шабуыл жасайды. Нәпсінің артында да шайтан бар. Соңында жүрек байқұс боп, бишара боп қалып кетеді. Сол үшін рух ақылдағы кабульды суырып тастап, негізгі пилотты жүрекке беру керек. Сол кезде нәпсі әңгіме айта алмайды. Сол кезде адам өз-өзіне келеді, сол кезде адам тәубесіне келеді. Жүрек өзіне қарай бастайды. Абайдың да айтпағы ақылды, ғылымды жүрекке бағындыр демек. Жалаң ғылым не берді қазір? Еуропа елдерінің арасында ағайынгершілік қалмады, отбасы қалмады. Бай болуында бай болды, бірақ, рухани жұтаң болды. Олар ізденіс үстінде. Руханиятты таппағаннан кейін солай сандалып жүр. Бүгінгі кезде бізде де сол жақтан алып келіп «бай бол, бай бол» деп трениниг жасап жатыр. Бірақ, тренингің, басқаң түкке жарамайды. Жүрек қозғалмағаннан кейін, рух қозғалмағаннан бәрі бекер. Сол үшін денені жүрекке билетіп, рухты оятумен кемелдікке жетеміз!

– Әңгімеңізге алғыс білдіремін!

Сұхбаттасқан: Ерзат ТӨЛЕШ

Закрыть меню