Тәрбие – тал бесіктен

Тәрбие – тал бесіктен

«Жас күніңде берілген тәрбие қайыңды игенмен бірдей» демекші, сәби шақта берілген тәрбие – адам бойында қалыптасатын барлық асыл да, пасық мінездерінің негізі. Яғни, тәрбие мінез сапасын айқындайды. Оның жақсы, жаман болуы берілетін тәрбиемен байланысты. Бұл – жаратылыс заңдылығы.

Осы орайда біз «Шапағат» қоғамдық қорының теологы, дін саласы маманы Қатип Миланбекқызымен сұхбаттасқан едік. Сұхбатты сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

Адам боп жаралған соң, артыңа із қадырып, ұрпақ өсіру өмірдің бір қызығы саналады.

«Өмірдің бір қызығы бала деген,

Баланы әлпештейді-ау, ана деген», деп ақындар жырға қосады. Дей тұрғанмен, өмірдегі осынау «қызықтың» шектіретін күйігі де болады. Осы ретте хакім Абай «Баланың жақсысы – қызық, жаманы – күйік» дейді. Бала тәрбиелеп отырған ана ретінде жақсы ұрпақ өсіру үшін, жақсы тәрбие беру үшін не істеу керек?

– Әуелі Алладан екі дүниеге қайырлы ұрпақ нәсіп ет дұға тілеуіміз керек. Содан кейін дүниеге келген балаға Алла Тағаланы таныту. Алланы танытатын білім беруге тырысу керек. Ет жақындармен етене қарым-қатынаста болып, туыстық жақындықтың маңыздылығын үйрету де керекпіз. Әрбір туыстың жақыншылығы мен орнын түсіндіру, көрші қолаңның қадір-қасиетін жеткізу қажет. Олармен жақын болудың маңыздылығын, сауабын ұғындыру. Сонымен бірге, оны амалымызбен көрсетуіміз керек. Құрандағы «Тахрим» сүресінің 6-аятында: «Өздеріңді және үй іштеріңді адамдар мен тастардан отыны болған тозақ отынан сақтаңдар», дейді.

Сол үшін ата-ана отбасын әрбір жамандықтардан қорғауға міндетті. Бес уақыт намазда болып, ұрпаққа да соны үйрету керек.

Кез-келген баланың бойында кемшілік болады. Бұл кемшіліктің ата-ана жіберген қателіктен шығып, негіз тапқанын ұмытпауымыз керек. Мысалы, отбасылық қарам-қатынастың дұрыс болмауы. Ерлі-зайыптылардың бір-бірін құрметтемеуі, сыйламауы, сүйіспеншіліктің болмауы балаға кері әсерін тигізеді. Мысалы, сіздің қолыңызда шелек болып, оның түбі бүтін болса, біреуге көмектесіп су бере аласыз. Ал, шелегіңіздің түбі тесік болса, ешкімге көмектесе алмайсыз ғой. Сол сияқты ата-ананың ортасында мейірімділік, сүйіспеншілік, махаббат болмаса, балаға ешнәрсе бере алмайды. Сол үшін ата-ана әуелі өздерін тәрбиелеуі керек. Сол кезде бала жайқалып, шаттанып, түзу болып өседі. Бала – ата-ананың айнасы. Сіздің жасап жатқан жұмысыңыз сіздің кім екеніңізді көрсеткені сияқты, сіз тәрбиелеген бала сіздің қандай екеніңізді көрсетеді. Есік алдына еккен шыбығыңыз қараусыз қалса, өсетін шығар, бірақ қисық өседі. Бала да сондай. Қараусыз қалса, қыңыр-қисық мінезді болып өседі. Сүйінішіңізге емес, күйінішіңізге айналады. Қазақта «бала берсең сана бер» деген сөз бар ғой. Ал, ондағы «сана» ата-ана – еккен ағаштың жемісі. Өйткені «балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі». Сондықтан, «алманың ағашынан алыс түспейтіндігін» ешкім жоққа шығара алмайтыны – шындық.

«Мен жақсы едім, балам жаман болды» деп, бар кінәні балаға арта салуға болмайды. Өзіңіз қалай тәрбиеледіңіз, қалай жүріп-тұрдыңыз, қандай тамақпен тамақтандырдыңыз, соның бәрі баланың бойынан көрініс береді. Бала – Алладан берілген аманат. Ес біліп, етек жинағанша, ақ пен қараны айырғанша баланың әрбір ісіне ата-анасы жауапкер.

Бала бойынан байқалған оғаш қылық үшін «мен саған осындай тәрбие бердім бе» деп кінәлап, жазалап, сөгіс бергеннің орнына «қай жерден қателестім» деп өзіңізден есеп алу керек. Ашу шақырып, «мен сен үшін қызмет етіп жүрмін, сен үшін ананы істедім, мынаны істедім, сенің тірлігің мынау» деп міндетсініп, балаға қысым жасау дұрыс емес. Қайта ата-ана өзінен кеткен қателіктің орынын толтырып, кемшілігін түзетуге тырысу керек. Көп бала болса, бөліп-жармай, бәріне бірдей қару керек. Бала махаббатқа, сүйіспеншілікке, мейірімге қанып өсуі керек. Сол кезде ғана одан жаман бала шықпайды.

– Бүгінгі таңда неге Абайдай ұл тумайды? Әлде Абайдай ұл туатын алтын құрсақты аналар жоқ па?

Бір үлкен кісі арақ ішіп келіп, келінімен сөзге келіп қалғанда:

– Баяғының келіндері-ай! Бауыржанның келіні Зейнеп атасынан арнап кітап жазыпты, – деп кіжінсе керек. Сонда келіні:

– Келіні Зейнептей болу үшін, атасы Бауыржандай болу керек, – деген екен.

Сол айтқандай Абайдай ұл табатын әйел Ұлжан анамыздай көкірек көзі ашық, рухы бай, жаны да, тәні де сау, физиологиялық қуаты да мығым болуы керек, бойына даналық пен даралықты сіңірген текті жан болуы керек. Дүниеге ұрпақ әкелетіндігіміз үшін де, сол саулықтардың барлығына да жауаптымыз. Жаны да, тәні де сау, салихалы анадан, саналы ұрпақ дүниеге келеді. Сонымен бірге, Ұлжанға лайық Құнанбайдай ер болуы керек.

– Сол Құнанбайдың Абайы бала тәрбиесінде баланы адам қылғысы келген ата-ана, әуелі өзін тәрбиелеуі керек деген тұжырым айтады. Бала естігенін емес, көргенін қабылдайды деп жатады. Бала тәрбиелеп отырған ана ретінде тәрбиені айтумен берген жөн бе, әлде көрсетумен бе?

– Иә, рақмет! Әкесі екеуміз екі қыз тәрбиелеп отырмыз. Қыз үйде әкесіне қарап ханшайымдығын сезінеді. Анасына қарап болашақ аналық үлгіні бойына сіңіреді. Сондықтан біз бойымызда бар нәрсенің барлығын мүмкіндігінше беруге тырысамыз. Соған амал жасаймыз. Оқытамыз, Құран тыңдатамыз, садақа беріп жүруге, адамдарға жақсылық жасап жүруге үйретеміз шамамыздың келгенінше.

Мен бір нәрсені түсіндім. Үлкен қызым дүниеге келмес бұрын, келгеннен кейін де, қалай тәрбиелесем екен деп, күндіз күлкім, түнде ұйқым қашты. Кім болып шығады? Мен оған не бере алам? Бойымда не бар деген сұрақтар мазалады. Сосын бала тәрбиесіне қатысты көптеген кітаптар оқыдым, тіпті бала тәрбиесіне қатысты басқа тілдегі кітаптарды сөздікке қарап, аударып оқыдым. Бір нәрсеге анық көзім жетті. Баланы тәрбиелеу үшін, алдымен өзіңді тәрбиелеу керек екенсің. Содан бастап, бір сәтке де тоқтамай, барынша өзімді тәрбиелеумен келем. Үлкен қызым алты жаста, кіші қызым төртке келді. Өзіңді тәрбиелесең, балаң өзіңе қарап бой түзейтініне күмән жоқ. Өзің тәрбиелі болсаң, ұрпағың міндетті түрде тәрбиелі болып өседі.

Бала деген фотограф сияқты. Ата-ананың ісін қаз-қалпында суретке түсіргендей қабылдайды да, қайталап жасап береді. Сөзден гөрі, ісіңізді тез қағып алады. Әрине, насихат та айтылуы керек. «Дін – насихат» демекші, сөз арқылы айтылған нәрсе қолмен жасалуы тиіс. Мысалы, біреудің артынан сөз айтпа деп қойып, өзіңіз көршіні жамандап отырсаңыз, қиналғанға көмектес деп қойып, біреу көмек сұрап келгенде қол үшін беруден бас тартсаңыз, онда балаңыз көргенін қайталайды.

Бір әке бастығы іздеп келгенде үнемі баласын «жоқ» деп айта сал деп жұмсайды екен. Баласы барып, «әкем үйде жоқ» деп өтірік айтады екен. Сосын бір күні үйге баласының досы іздеп кепті. Әкесі баласына:

– Әй, балам! Сені досың іздеп кеп тұр, – десе:

– Әке, үйде жоқ дей салыңызшы, – депті. Әкесі айқайлайды:

– Сен неге өтірік айтып жатырсың? – деп. Бірақ ол баланың емес, әкенің жасаған қателігі, бала соны қайталап отыр ғой. Сол үшін жәй ауызбен айтқаннан гөрі іс-әрекетпен көрсетсе, баланың ойында тез қалады. Бұл тіпті бала тәрбиесінде ғана емес, үлкендерді, қоғамды, басшылардың қол астындағы адамдарды тәриелеуде де қолданатын тәсілі.

Пайғамбарымыз Мұхаммед те (с.ғ.с) сахабаларын солай тәрбиелеген. Құба мешітін салғанда да, «Ахзаб» соғысы үшін дайындықта да, «олай істеңдер, былай істеңдер» деп құры жүрген жоқ қой. Тас көтеріп, кірпіш көтеріп, ор қазып, өзі атсалысып жүрді жұмыстардың барлығына. Сол үшін бала тәрбиесінде болсын, қол астындағы қызметкерлерді тәрбиелеуде болсын алдыңғы шепте өзіңіз жүргеніңіз жөн болады. Ата-анаға, басшыға қарап, басқалары да бой түзейді.

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Қазақ, ел боламын десең – бесігіңді түзе, бесігіңді түзеймін десең қойныңдағы жарыңды түзе» дейді. Демек, бәрі айналып келіп тәрбие де, басқа да әйел затына байланысты болып тұр ғой. Жақсы ұрпақ тәрбиелеп, салихалы ана бола алатын адамға қандай талаптар қойылады?

– Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әйелдерің – сендердің егістіктерің» дейді. Бұл жерде Алла Тағала Өзінің жаратылысының сырын ашып, түсіндіріп жатыр. Нақтырақ айтқанда, ұрпақ туралы айтып жатыр. Егістіктен дұрыс өнім алу үшін, онда тазалық болуы керек. Яғни, әйел адам текті, таза болуы керек. Тектілік өте маңызды саналады. Сол үшін де қазақ «қатын алма, қайын ал», «шешесін көр де, қызын ал», — дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде:

– Қоқыс жерде өскен гүлді алмаңдар, – дейді. Сахабалар таң қалып:

– Қоқыс жерде өскен гүл қандай? – деп сұрайды. Сонда:

– Ол тексіз отбасында бойжеткен сұлу қыз,– деп түсіндіреді.

Бұдан түйін қыз қанша сұлу болғанымен тегі жақсы болмаса, негізге тартпай қоймайды. Әйел ер адамның ата тегін жалғастырады. Сол үшін де ол текті, арлы болмақ керек. Сонда ғана бесік түзеледі. Ертеңім оңды болсын деген ер азамат болашақ жарын тәрбиесі мен иманына қарап таңдағаны абзал. Теңгесіне емес, тегіне қарап алу маңызды дер едім.

– Бала тәрбиесіндегі әкенің орыны туралы тоқтала кетсеңіз?

– Әрине, бала тәрбиесі тек анаға ғана баланып қалған деген де сөз жоқ. Әкенің орыны да өз алдына. Бірінсіз бірі толық бола алмайды. Қазіргі таңда әкесіз өскен немесе еркегін әйелі басқарған отбасынан шыққан қыздардың қалай боларын көріп жүрміз ғой. Қазақтың «әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы жайқалған құрақ» дейтіні бекер емес.

Асқар тау, мөлдір бұлақсыз жайқалған құрақ болмағы мүмкін емес. Қыз бала әкесіне арқасын сүйеп, еркелеп өскен кезде ғана ер адамға деген құрмет қалыптастырады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Әкенің балаға берер жақсы тәрбиеден артық сыйлығы болмас» дейді. Әйел адам ер адамның отбасындағы беделін жоғары қою керек. Отағасы екенін өзі һәм отбасы мүшелері түгел сезініп, соған бағынуы керек. Ал, бала-шағаның тәлімді болып өсуі үшін ата-ананың өздері тәлімді болуы тиіс.

– Адамды адам ететін білім ба, тәрбие ме?

– Қазақта «оқымаған наданнан, оқыған надан жаман» деген сөз бар. Қазір біздің заманымызда оқымаған адам жоқ. Алдыңғы ғасырларда қазақта оқымаған адамдар көп болды ғой. Бірақ олардың көкірек көзі ашық болды. Қазіргі таңда бес қызыл дипломы бар адамдар бар. Оқыған, бірақ өкінішке қарай надан. Оның себебін Әл-Фараби бабамыз айтады: «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Білім алып, ғарышқа ұшсаң да, тіпті сол жақты мекендесең де, адами тәрбиең болмаса бәрі бекер. Сол үшін де тәрбие тал бесіктен басталса екен деймін!

– Сұхбатыңызға рақмет!

 

Әңгімелескен: Ерзат ТӨЛЕШ

Закрыть меню