Асыл дінімізде әулие деп кімді айтамыз?

Асыл дінімізде әулие деп кімді айтамыз?

Қоғамда әулие туралы екі түрлі көзқарас бар. Біріншісі – әулиеге деген құрмет, екіншісі – ол туралы теріс көзқарас. Халқымыз «әулиені» сәлде-шапан киетін, сақалы ұзын, қолынан тәспі түспейтін, керек десең, суды кері ағызатын, жаңбыр жауғызатын қасиетке ие адам деп түсінеді. Бұл сөздер қаншалықты шариғатқа жанасады, біз оны алдағы уақытта баяндайтын боламыз. Әулиенің қасиеттерін баяндамастан бұрын «әулие» сөзінің шығу төрікінін айтуды жөн көрдік.

«Әулие» сөзі араб тіліндегі «уали» сөзінен шыққан, «жақын» деген мағынаны білдіреді. Егер біз « ولي الله — уалиу Алла» деп айтсақ Аллаға бір табан жақын, Алланың мейірімі түскен деп түсінсек болады. Алайда, бұл жақындық мекен арақашықтығымен өлшенбейді. Себебі, Алла ешнарсеге мұқтаж емес және де бұлай түсіну Ислам сеніміне қайшы келеді. Әулие деп кімді айтамыз дегенде, Ислам ғалымдары, оның ішінде тасаууф ғалымдары өз еңбектерінде әр түрлі анықтамалар берген. Біз сіздерге әулие сөзінің түсінігін Құран және хадис шеңберінде түсіндіргенді жөн санап отырмыз. Әрине, бұл дегеніміз Ислам ғалымдарының анықтамасын бұрыс деп немесе Құран мен сүннет шеңберіне сай келмейді деген сөз емес. Құранның Юнус сүресінің 62-64 аяттарында:

ألا إن أولياء الله لا خوف عليهم و لا هم يحزنون. الذين آمنوا و كانوا يتقون. لهم البشرى فى الحياة الدنيا و فى الآخرة لا تبديل لكلمات الله ذلك هو الفوز العظيم.

Біліп қойыңдар! Алланың әулие құлдарына қауіп-қатер жоқ, қайғы-қасірет шекпейді де. Олар иман келтіргендер және шынайы қорыққандар. Оларға бұл дүниеде де ақіретте де сүйінші бар. Алла өз уәдесін әсте өзгертпейді. Міне, осы нағыз зор бақыт. Алла Тағала өзінің кітабында әулие деп кімді тану керек екенін тайға таңба басқандай анық баяндаған. Бұл аяттардан түсінетініміз, расында Алла Тағаланың әулие құлдары еш қайғырмайтынын және қорқыныш-үрей көңілдеріне ұялатпайтындығын  ашып айтқан. Әрине, бұл үрей қорқыныш ақыретте болмайтындығын ескерткен жөн. Себебі, сол күні адамзат жан түршігерлік азапты көргенде шыбын жанын қайда қоярын білмей шыр көбелек шырылдап жүргенде, Рахманның әулие құлдарының жағдайы әсте олай болмайды.

Енді сол әулие құл кім дегенде Раббымыз баяндайды: «иман келтіріп және Менен шынайы қорыққандар» – деп екі сипатпен баяндады. Демек, Алланың «әулие» құлы деп,  Алланың жалғыздығына иланып сенгенді және Одан қорқып, тыйымдарынан тыйылған адамды айтады екенбіз. Құран Кәрімде «Алладан қорыққандар» деп әулиенің екінші сипатын баяндады.

Алладан қорқу шариғатымызда қалай жүзеге асады дегенде көптеген ғалымдарымыздың анықтамаларын байқаймыз. Кейбір ғалымдар Аллаға деген қорқуды былайша анықтама берген: «Жаратушыға бой ұсыну, Оған қарсы шықпау, Оны әрдайым еске алып зікір ету, әрбір нығметке шүкір ету, күпірлік істемеу» деп анықтама берген. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) саңлақ сахабаларынан жеткен анықтамада ибн Аббас (р.а.): «Алладан қорқу дегеніміз – Аллаға серік қосудан сақтану және Оның әмірін орындау», — деп түсіндірген.

Осы анықтаманы қолдайтын табиғиндердің де сөзін кездестіреміз. Мысалы, Хасан Басри (р.а.) Алладан қорқу – Оның әмірін шама-шарқына қарай орындаушыны, тыйған тыйымдарынан сақтанушы деп түсіндіреді.  Аяттың жалғасында Өзінің әулие құлдарына дайындаған сый-сыяпатын баяндайды. Оларға бұл дүниеде және ақыретте сүйінші бар екенін айтты. Ақыреттегі сүйінші Аллаға иман келтіріп, иланған жанға мәлім болғандай, ең жоғарғысы — Алланың дидарымен дидарласып, Жәннаттағы сансыз нығметке бөлену. Біздерге ең қызығы, әрі білуді талап ететін бұл дүниенің сүйіншісі қандай екендігі тәпсір кітаптарында айтылғандай екі көзқарас бар. Осы екі көзқарас біздерге сенімді жолмен келген. Бірінші көзқарас – Убада ибн Сомит (р.а.) жеткен риуаятта: «Мен пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) аяттағы осы дүниенің сүйіншісі жайлы сұрағанда жақсы түс көру деп жауап берген». Жақсы түсті кім көреді дегенге әулие құлдың өзі ма, әлде сол әулие құлдың жақындарының  салихалы болған адам көреді ма деген сұраққа екі жақты қанағатты жауап аламыз.

Біздерге келген хабарда Сахих Муслимде әбу Зарр (р.а.) жеткізеді: « — Иә, Алланың елшісі, бір адам жақсы амал жасап, оны халық көріп оған баға беріп, мақтап жатса және өзінің алғысын сол адамға білдіріп жатса, осындай жағдайға не дейсіз дегенде адамзаттың асылы (с.ғ.с.): сол адамдардың мақтауы, ілтипат-алғысы әлгі жақсылық істеушіге Раббысынан келген сүйінші хабар», — деп  жауап қайырған. Осы айтылған хабарлардан Алланың әулие пендесі Раббысынан келетін сүйіншіні осы дүниеде өзі түсінде көруі немесе момын пенделердің түсінде көруі, әлгі әулие пенденің нығметке бөленгенін Раббысы тарапынан деп қорытындыласақ болады.

Мысал ретінде мәзхабамыздың құрушысы болған ұлы ғалым, әрі әулие әбу Ханифа (р.а.) дүниеден озғанда замандас ғалымдар түстерінде әбу Ханифаны жәннатта пайғамбарымыз (с.ғ.с.) және оның асхабымен қарсы алғаны тарих беттерінде баяндалады. Сүйінші түс көруді қуаттайтын басқа хадис шарифте әбу Һурайра (р.а.): Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): өзіннен кейін пайғамбарлық миссиясы кетіп, тек Раббымыз тарапынан сүйіншілеу келетіндігін хабарлап айтты. Сонда сахабалар: « — Иә, Алланың елшісі, сүйіншілеу деген не дегенде, әрине, бұл Жаратушы тарапынан келетін жақсы түс», — деп жауап берген. Біз жоғарыда айтқандай көзқарастың екіншісі – бір топ сахабаның көзін көрген табиғиндерден жеткен хабарда Даххак, Қатада, әз-Зухри, әл-Бәрро (р.а.): әулие дәрежесіне жеткен пенденің өлім сәтінде жаны алқымынан шықпай тұрып бір періштенің Алла пәрменімен келіп аппақ жүзді, ақ киінген халде: «Ей, салихалы жан, Алланың әмірімен мәңгілік рахат әлеміне шық, сенен Раббың ашулы емес, бәлкім саған риза болды», — деп сүйіншілейді екен. Сонда әлгі рух пенденің аузынан бір тамшы су тамып аққандай жеңіл шығады деп баяндалған (4).

Әулиелік дәрежеге жеткен «пенде бұл дүниенің өзінде ақ өмірінің соңын қалай аяқтағанының бағасын періште арқылы жан алқымы шықпастан біле алатындығы» деп түйіндесек болады. Ғалымдар арасында рухтың қай жерден шығатындығы әр түрлі көзқарастар бар.  Оның ішінде бізге сенімді жолмен келген хабарда адамзаттың жаны аузынан шығатыны айтылады. Әрине, жанның қай жерден шығуын білу маңызды дүниелерден емес. Аяттың соңында өзінің уәдесін баяндағаннан кейін әсте өзгертпейтіндігін біздерге соқырға таяқ ұстатқандай білдірді. Адам баласы дүниеде ең зор бақыт не екенін біле алмай әр нәрседен сандалып іздейтіні мәлім. Сол зор уақыт әулиелік дәрежені иелену екендігін Құранда айтылған.

Жоғарыда айтылған мәліметтерді қорытындылай келе, Алланың әулие құлы дәрежесіне кез-келген қоғамдағы әрбір адам жететіндігі айтылды. Әрине екі шартпен: Біріншісі, Алланың жалғыздығына және бүкіл құбылыс тек құдіреті шексіз болған Раббымыздың жүйесімен жүріп жатқанына сену; Екіншісі, тақуалық жасап әрбір ісінде Алла үшін жасап және әрбір тыйған тыйымдарында тыйылатын болса, ол ақиқатында әулие болып есептеледі. Жоғарыдағы айтылған сауап, дәреже, сүйіншілер осыған арналатындығын білеміз. Демек, әулиелікке жету үшін ешқандай керемет көрсету шарттың қойылмағандығы немесе белгілі бір киімді кию, сол киімнің белгілі бір түсте бекітілуін байқамаймыз. Әулиелік дәрежесіне жету адамның шамасынан тыс дүние емес екендігі біздерге аян болды.

Закрыть меню