Қазақ поэзиясының дәстүрлі дінді таратудағы ықпалы

Қазақ поэзиясының дәстүрлі дінді таратудағы ықпалы

Біз қашаннан мұсылмандықты ту етіп, дін Исламды діңгегіне балап, өмірлік ұстанымға айналдыра білген халықпыз. Дүние мен ақыретті қатар ойлап, екі өмірді егіз санаймыз. Содан да болса керек, қазақтың әрбір ақыл-нақыл, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі имандылыққа, ізгілікке, адамгершілікке, ғибадат қылып, қайыр-сахабат жасамаққа жетелейді. «Халыққа қызмет – Хаққа қызмет» деп, қос ғұмырға ортақ қызмет етуге шақырады. Осы ретте Ислам дінінің қазақтың өмір сүру салтына, әдет-ғұрпына  сіңіп, ұлттық санасына мықтап орныққан. Мұны қазақ секілді текті елдің руханиятына жетік әдебиет саласының өкілдері жете біледі.

Осы орайда Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлымен сұхбаттасқан болатынбыз. Сол сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

 

— Ата-бабамыз ұстанған асыл діннің қазақ даласына таралуына қандай факторлар әсер еткен деп ойлайсыз?

– Қазақ даласына VIII ғасырдан бастап Ислам діні келе бастады. Содан дами келе Қараханиддер заманында асыл дініміз Мемлекеттік деңгейге дейін көтерілді. Қараша халықтан бастап би мен бек, ханға дейін мойын ұсынып, тұрмыс-тіршілігіне айналдырды. Кейін Жошы ұлысының мұрагерлері Берке Хан тұсында, Тоқай Темірдің белсенділік көрсетуімен Берке Алтын орданың мемлекеттік діні етіп белгілепті.

Дәстүрлі діннің ата-бабаларымызға ұнап, қабылдануының өзіндік себептері бар:

Біріншіден, біздің бабалар бір Тәңірлік Ханиптік жолды ұстанған жұрт еді. Бұл Исламның негізгі ұстанымдарына дәл келді. Арасында үлкен кереғарлық болған жоқ. Үйлесімді сәйкестік болды.

Екіншіден, дін таратушы сахабалар, табиғиндер, онан кейінгі ғұлама-ғалымдар, ахун-ишан, әулиелер, қожа-молдалар Хақтың жолын тура үлгіде, ізгі амал, қалтқысыз іс-әрекеттерімен көрсете білді де, көркем нәсихатпен халық жүрегіне сіңдіре білді.

Үшіншіден, соғыссыз, қантөгіссіз, бейбіт иландырумен, көркем нәсихатпен жүргізілген ізгі амалдар халықты шынайы сенімге ие етті.

Төртіншіден, Қазақ халқының дүниетанымына, өмір салтына өте жақын болғандықтан, дін мен дәстүр арасында қайшылықтар болған жоқ. Міне, осы факторлар біздің исламға деген махаббатымызды арттырды. Ел ішінде кең таралып, жалпыласты.

– Дәулетбек, аға! Сіз халыққа танымал ақынсыз. Осы ақындық қасиет Құдайдың берген сыйы ма әлде сынағы ма? Поэзия кім үшін қызмет етуі керек?

– Егер менде ақындық бар деп санасаңыз, онда ол ерекшелік Алланың берген сыйы. Кез келген нәрсе сынақпен беріледі, сынақпен алынады. Алла бұйыртқан нығметтің түрі әр алуан. Поэзия – соның бірі. Дін исламға дейін поэзия, сөз өнері қатты дамыған екен. Бірақ ондағылардың көбісі жәһилия поэзиясы, яғни шариғаттан шет, Құдайға шек келтіретін поэзия болды. Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с) заманында ақиқатты мойындаған Сабит секілді бірнеше ақын болған. Олар өздерінің жырлары арқылы Раббының ұлы кереметтерін өлеңдеріне қосып, адамдардың көкірегіне қондырып отырған. Мысалы, менің де «Сөзді кім берсе маған, Соны айтамын» деген өлеңім бар.

Алла берген кез келген өнер Алланың ризалығы үшін қызмет етуге тиіс. Әрине, Алланың жаратқан табиғатын, көркемдігін, адамдарға берген махаббатты, ғылымды, ата-ана, отан туралы, қысқасы, Құдайға шет келмейтін кез келген тақырыпта жырлауға болады. Тек оның өзегінде ихлас пен ихсан жату керек. Сонда ғана ақын адаспайды. Поэзия өз миссиясын қалтқысыз орындайды.

– Сіз бүгінгі ақындар арасында имандылық тақырыбында көптеп қалам тербейсіз. «Топыраққа сіңген нұр», «Ләтипа лүпілі», «Мәңгілік мекен» қатарлы біраз кітаптарыңыз бар. Бұл кітаптар қандай мазмұндарды қамтиды? Басқа да еңбектеріңіз бар ма?

– Кітаптардың аты айтып тұрғандай, заты да, ішкі мазмұны да имандылыққа құрылған. Бірінші кітабым, «Күнәсіз мекен», «Мәңгілік мекен» кітаптары – о, дүние, ақыреттің қамы, бақи әлем туралы толғаныстар; «Ләтипа лүпілі» – Алланың Ләтип сыйпатына арналған мінәжаттар; «Топыраққа сіңген нұр» – адам топырақтан жаралған, жан – Алланың нұры. Жалпы Адам жаратылысы төңірегінде; «Ясин-Нұр» – Құранның «Ясин» сүресінен туындайды. «Ақыреттің егіні» – мынау дүние ертеңгі Ақыреттің егіні екенін ескерте отырып жырланады. «Сенің арқаң» – аты айтып тұрғандай, «Иә, Алла, сенің арқаң!» деген жүрек үні.

 

«Ғаламның мыңнан бірі,

Жер шары тұрғандығы,

Ту ұстап Қазақстан,

Елдігін құрғандығы,

Атқаны келіп әр таң,

Иә, Алла, сенің арқаң!»

 

Міне, осылай басталып кетеді. Мен 30 жасқа дейін қытайда болдым. Атажұртқа келген соң, әр түрлі қиыншылықтарға байланысты жинағымды 2008 жылы ғана шығардым. Оған дейін баспасөз беттерінде (газет-журналда), жинақтарда ғана өлеңдерім жарияланып келіп еді. 44 жасқа келгенде кітабым шықты, осы 12 жыл ішінде 6 жыр жинағы, 2 прозалық кітап, түркі халықтарынан 10 аударма кітап шығарыппын. Арғы жағын айтсам, 24 жасымда алғашқы өлеңім «Шынжаң» газетінде басылды.

– Бұл үрдіс, яғни поэзия тілімен діни-рухани құндылықты нәсихаттау қай кезеңнен бастау алады? Қазақ поэзиясы дін исламның таралуына қаншалықты ықпал ете алды?

– Жыр тілімен діни-рухани құндылықты насихаттау, орта ғасырлық түркі-парсы ақындарынан бастап жалғасын тауып келе жатыр. Поэзия – қазақтың тектік табиғатында бар қасиет. Өмірі өлеңмен өріліп, әнмен әдіптелген. Дін Исламды халық жүрегіне жеткізуде өлеңнің рөлі ерекше болды. Жалпы түркі халықтары дін насихатын жыр арқылы жеткізген. Ақын-жыраулардың тақырыбы, айтар уәжі осы ұлы ақиқатты дәріптейді. Рамазанда айтылатын «Жарапазанда» сол дін исламды жаюдың жақсы жолы болды. Еліміздегі һәм шетелдегі қазақ ақындарында рухани үндестік болды. Қытайда өткен Ақыт Үдімжіұлы, Көдек Маралбай, Таңжарық Жолдыұлы, одан да басқа ақындардың барлығы дерлік қисса-дастандар мен көркем толғауларында Алла Тағаланың бізге айтқан Хақ жолын жырлады. Құранның құдіретін, ардақты Елшіміздің мұғжизасын адамдардың санасына орнықтырды. Бұқар жыраудан Абайға дейінгі ақын-жыраулар асыл дініміздің нұрлы шуақтарын айтудан талмады. Абай, Шакерім, Мәшһүр Жүсіптер онан ары тереңдетіп, еңсесін биіктетіп, парасаттылықтың шыңына шығарды. Жаңа заман поэзиясында, социалистік қоғамның өзінде көппен бірге адаспай, жол тапқан Мұқағали ақын болды. Біз – сол даналардың шәкірттеріміз. Алла санамызға салып, жүрегімізді жарықтандырды. Біздер Құдай ауызға берген сөзді жырға айналдырдық. Сол мақсатпен «Үш кітап» деген дастаным өмірге келді.

 

Тақырып тұрғысынан келгенде бұрынғы қазақ поэзиясы мен бүгінгі қазақ поэзиясында қандай айырмашылықтар бар?

– Социализмге дейін жыр-дастандардың көркемдік деңгейі әр түрлі  болғанымен, идеялық мазмұны, түпкі тамыры бірдей рухани илаһиятқа қызмет етті. Социализм тұсында бірыңғай атеистік идея дәріптелді. М.Мақатаев сынды ақиқат нұрын тапқан ақындар тым аз болды. Мынау тәуелсіздіктің отыз жылында заман өзгерді, заң өзгерді. Бірақ, анау ғасырға жуық құдайсыз қоғамның зардабы әлі арылмай тұр. Имани-илаһи бағыттағы шындық шұғыласына бет бұрғандар бар, алайда жалпыбеттік емес. «Мұсылманшылық әсте-әсте» деген осы шығар. Орыс отаршылығының табанында, қызыл империяның қырғынында көптеген құндылықтар бұрмаланды. Соның бәрі ойрандалып, ойсырап тұр. Шығармашылық еркіндік болғанымен, шындық сенімі орнықпай тұрғаны рас.

Поэзия арқылы халықты адасудан құтқарып, ақиқатқа жетелеудің мүмкіндігі бар ма? Бұл туралы замандас және артыңыздан ерген қаламдастарыңызға не айтар едіңіз?

– Құран Кәрімде айтылғандай (мазмұнын жеткізейін), ақындардың Иман келтіргендерінен басқаларына азғындар ілеседі. Ақын адасса, ілесушілер де адасады. Ақын тура жолда болса, ергендер де (оқырмандар да) тура жолда болады. Ақындар туралы, қалам туралы қасиетті кітабымызда сүрелер бар. Шығармашылық адамының артында сан мың оқырман тұрады. Олардың көбі еліктеу сатысында болады да, сәл ғана қателіктен тұманға кіріп кетеді. Ақылға салып, арандамай, алыстан анықтап көретіндер өте аз. Сол себепті, қаламгердің қателігі өзімен шектелмей, өзгені де жазым қылады. Сондықтан да сөз ұстағандардың атқарар рөлі өте үлкен. Дана Хакім Абай «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де, түзел»,- деп, ақиқатты таныған, айналасын барлаған кісінің, толық адамның сөзін айта алыпты. Заман бірте-бірте түзеліп, өзгеріп келеді. Өлең құрау, сөз ойнату мақсат емес, Жаратушыңды тану, арнаңды табу маңызды. Сонан соң жазылған жыр – екі дүниеде жүзіңді жарық етеді. Соңғы кезде байқағаным, арамыздағы кітапты көп оқып, білімі көбейген, ұстазы теріс кейбір бауырларымыз такаппарлыққа салынып, Хақ дінімізге, Ислам шариғаттарына қарсы шығып, бүйректен сирақ шығарып өлең толғап, мақала жазатын болыпты. Шынына келсек, ақылды адамның тоқтайтын жері – Алланың алды.

 

– Сұхбатыңызға рақмет!

 

 

                                      Сұхбаттасқан:

 «Шапағат» қорының теологы

                                     Ерзат Төлеш

Закрыть меню