«Әдият» сүресінің тәпсірі

«Әдият» сүресінің тәпсірі

Он бір аяттан тұратын Әдият сүресі алғашқы аятымен аталады. Сүренің Меккелік, әлде Мединелік екені туралы ғалымдардың пікірі екі түрлі. Сүреде Алла Тағала шапқан аттармен ант етеді. Бұл сүре Алла Тағаланың пенделеріне берген шексіз нығметтері мен рақымына шүкіршілік етпей,  жүректері дүниелік істерге байланған құлдарға қатысты айтылған. Бұл қасиеттер иман келтірмеген мүшріктер мен екіжүзділерге тән болатын.

Сүренің басты мақсаттарының бірі – адамзат баласына алда оларды есеп күні күтіп тұрғанын ескертіп және бұл дүниеде жасаған әрбір амалы үшін жауап беретінін еске салу.

Сондай-ақ, сүредегі маңызды ақиқаттың бірі – Алладан басқа жаратылған жаратылыстың барлығының ақыры болатындығы. Өйткені, барлық жаратылыс өтпелі және уақытша.

Сүреде адамның табиғаты жайлы былай баяндалады: Ол тумысынан қанағатсыз және мал-дүниені жаны сүйеді. Содан соң, осы екі кеселдің емі айтылады. Бұл кеселдің емі қиямет күні әрбір адамнан есеп алынатынын және сол күні барлық құпиялар әшкере болатынын еске алу. Бұны еске алған адам  Алланың берген нығметтеріне қанағат қылып, дүниелік істерге берілмейді. Ал, бұл – әлемдердің Раббысымен таза күйде кездесу деген сөз.

Сүренің аты мен оның негізгі тақырыбының арасындағы байланыс айқын көрінеді. Шапқан жылқылар – көптеген игіліктің иесі. Хадисте айтылғандай, олар біреулерді күнәға жетелесе, ал біреулерді сауапқа жетелейді. Кімде-кім оларды күнә жасау жолында және адамдарға зиян тигізу үшін пайдаланар болса, ол адам күнәһар болады. Оларды жақсылық жасау жолында және Алла разылығы үшін болатын істерде қолданса, ол адам сол үшін сауабын алады. Осылайша, Алла Тағала аттармен ант етті.

Сүрені мағыналық тұрғыдан үш бөлікке бөлуге болады: 1. Алла тағаланың  анты; 2. Раббымыздың антымен расталған маңызды шындық; 3. Алланың құлдарына ескертуі мен сөгісі.

Алла тағаланың анты.

(1) Қатты ентігіп, шапқан  وَالْعَادِيَاتِ ضَبْحًا,

(2) (Тұяғынан) от шығарған  فَالْمُورِيَاتِ قَدْحًا

(3) Таң сәріден шабуыл жасаған  فَالْمُغِيرَاتِ صُبْحًا 

(4) Тозаңдатып, шаңдатқан فَأَثَرْنَ بِهِ نَقْعًا

(5) Сөйтіп жаудың ортасына кірген аттарға серт فَوَسَطْنَ بِهِ جَمْعًا

Сүренің бұл бөлігі басты тақырыппен тығыз байланысты. Өйткені, бұл аяттарда Алла Тағала ақиқаттың бар екенін растайтын ант берді. Шапқан жылқыларды суреттейтін бұл анттың мақсаты – адамдарды ұйқысынан оятып, қырағылыққа шақыру.

Раббымыздың антымен расталған маңызды шындық.

(6) Шын мәнінде адам баласы Раббына тым нәшүкірлік етеді إِنَّ الإِنسَانَ لِرَبِّهِ لَكَنُودٌ

(7) Өйткені ол, өзі де оған куә  وَإِنَّهُ عَلَى ذَلِكَ لَشَهِيدٌ

(8) Сондай ақ ол, байлықты өте жақсы көреді وَإِنَّهُ لِحُبِّ الْخَيْرِ لَشَدِيدٌ

Сүренің бұл бөлігі алдыңғы және кейінгі бөлікпен тығыз байланысты. Қанағатсыздық, дүниеге байлану, өзін ғана ойлау, өзін ғана жақсы көру табиғатында бар нәрсе. Ол осы жолда өзінің нәпсісімен күреспесе, есеп күнінен құтылып, жәннатқа кіре алмайды. Егер ол Алла тыйым салған нәрселерде нәпсісіне қарсы тұра білсе, онда Алланың сүйікті құлдарының қатарынан болып, мәңгілік жәннатқа тұрақтайды.

 

Алланың құлдарына ескертуі мен сөгісі

(9) Ал олар білмей ме? Қабірдегілер қопарылып шығарылған кезде أَفَلا يَعْلَمُ إِذَا بُعْثِرَ مَا فِي الْقُبُورِ

(10) Көкіректегілер ашыққа шығарылатын сәтте  وَحُصِّلَ مَا فِي الصُّدُورِ

(11) Міне, әсіресе сол күні Раббылары олардан хабардар إِنَّ رَبَّهُم بِهِمْ يَوْمَئِذٍ لَّخَبِيرٌ

Сүренің бұл бөлігі де басты тақырыппен тығыз байланысты. Алла Тағала адамдары жоғарыда айтылып өткен қасиеттерден сақтандырып, керісінше олардан құтылу жолдарын көрсетеді. Иә, адамдар бұл дүниеге беріліп, өз нәпсісінің шырмауынан шыға алмауы мүмкін. Бірақ, ақырғы аялдамаға барғанда еш нәрсені өзгерте алмайды. Өлім өмірдің аяқталуы емес. Расында, ол – нағыз өмірдің бастауы. Есеп күнінен де құтылу мүмкін емес. Бәріміздің де есеп күні Алланың алдына барып жауап беретін кезіміз келеді. Бұл дегеніміз –  жалған дүниенің рахатына берілмей, ақыретіміз үшін азық жинап үлгеру.

 

Айнұр Қайратқызы

 

Закрыть меню