Ләйл сүресінің тәпсірі

Ләйл сүресінің тәпсірі

Ләйл – Меккеде түскен, 21 аяттан тұратын сүре. Сүре алғашқы аятындағы бірінші сөзімен аталған. «Әл-Ләйл» араб тілінен аударғанда «түн» дегенді білдіреді. Алла Тағала бұл сүрені «түнге серт етемін» деп бастайды, сондықтан ол «әл-Ләйл» деп аталады.

Бұл сүреде бір-біріне қарама-қайшы келетін өмірдің екі жолы туралы айтылады. Мазмұны жағынан сүрені екіге бөліп қарауға болады. Біріншісі бөлігінде адамдардың бір-біріне қарама-қарсы екі түрлі сана, түсінікке ие болып келетінін көрсетеді. Яғни, бірінші топтағы адамдар өз мүлкін Алланың жолына, оның ризалығы үшін жұмсайды және Алладан қорқып, жүрегін таза ұстайды. Олар жақсылықты жақсы, жаманды жаман деп таниды.

Екінші топқа Алладан қорықпайтын, адамдардан ұялмайтын, ақиқатты өтірік деп опасыздықты абырой санайтын дүниеқор адамдар кіреді. Әрине, қиямет күні әркім өз сыйлығын немесе жазасын алады. Ал, сүренің екінші бөлімінде Ұлы Алла тағаланың адамзат баласына дұрыс жолды көрсетуі, ескертуі, пайғамбарлар, қасиетті кітаптарын жібергені айтылады.

«Әл-Ләйл» сүресі Алланың антынан басталады. Сүреде адамдардың күш-жігері мен ұмтылыстары әртүрлі екенін айтады. Адамдарды бақытқа апаратын жол және бақытсыздыққа апаратын жол сипатталған. Ақыретте құтылуды іздейтін адамның жүретін жолы көрсетілген. Ізгі адамдардың жақсы жақтары мен жамандарының кемшіліктері көосеріледі. Сондай-ақ жәннәт тұрғындары мен тозақ тұрғындары туралы сипаттама берілген.

Бұдан басқа, кәпірлер мен адасқан адамдардың жинаған байлығы оларға ақыретте, өлімнен кейінгі өмірде көмектеспейтіні айтылған. Фәни әлемінің байлығы бекер. Сүре әділ, тақуа мүміннің қандай адам болу керектігі жайлы  сипаттамамен аяқталады.

(1) Қараңғылығы басқан сәтте, түнге,

(2) Жарқыраған сәтте күндізге,

(3) Және еркек, ұрғашыны жаратқанға серт.

Ұлы Алла мұнда өзінің үш үлкен нығметімен ант етеді. Түн – бұл үлкен нығмет, онсыз адам жерде өмір сүре алмайды. Күн – бұл үлкен нығмет, өйткені егер күн түнді ауыстырмаса, онда жер бетінде тіршілік болмас еді.

Алла тағала жер бетіндегі барлық тіршілікті еркек ұрғашы етіп жұптарымен жаратты. Бұл да – үлкен игілік. Егер жыныс болмаса, еркек немесе ұрғашы болмаса, жер бетінде тіршілік жалғаспас еді. Алла тағала бір-біріне қарама-қарсы нәрселермен ант етті, содан кейін анттың жалғасы ретінде өмір мен адамгершіліктің қарама-қарсы жақтары сипатталады.

(4) Негізінен кәсіптерің түрлі-түрлі. Шынында да, адам баласының ниеті, амал, әркететтері де әр түрлі. Әр адамның жеке болмысымен байланысты әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері, рухани және материалдық қажеттілігі, өзіндік мүдделері мен қалаулары, өзіндік әлемді суреттеуі, өмір сүру қағидасы бар. Сондықтан олардың іс-әрекеттері мен бағыттары да, олардың басталуы да, нәтижелері де әртүрлі. Бірақ тұтастай алғанда, олар өздерінің ұмтылыстарына қарай екі негізгі қарама-қарсы топқа бөлінеді. Келесі аяттар осы екі топтың ұмтылысын сипаттайды.

(5) Ал енді кім (Алла жолында) берсе, тақуалық қылса… Алла тағаланың берген байлықты Оның разылығы үшін мұқтаждарға қайырымдылық көмек ретінде жұмсалуы ғибадат болып саналады. Мүліктің садақасы – зекет деп аталады. «Садақа» сөзбе-сөз «растау» дегенді білдіреді. Шынайы мүмін екенін сөзбен дәлелдеу оңай. Сенімнің расталуы мал-мүліктерімен шығындалатын уақыт келгенде көрінеді. Мүлкінің бір бөлігін саналы түрде бөліп, Алла тағала жақсы көретін жолға жұмсау сенімің шынайылығының дәлелі.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Күн сайын батыс күннің қарама-қарсы жақтарында тұрған екі періште үнемі:« Уа, Алла! Малын, дүниесін таратып берушіге малын арттыр, сараңдардың (мүлкін) кеміт!»,-деп шақырады деген. Адамдар мен жындардан басқа барлық тіршілік иелері олардың шақыруын естиді және содан кейін осы аяттарды оқыды: «Ал енді әлде кім (Алла жолында) берсе, тақуалық қылса».

(6) Жақсылықты дұрыс деп білсе; В Осы аяттағы «жақсылық» сөзі әр түрлі мағынада түсіндіріледі: ең жақсы сөз — «Лә иләәһә иллАлла», ең жақсы үммет – Ислам үмметі, ең жақсы нәтиже – жұмақ.

Бұл сөзді сан алуан қолдану – мұндай тәртіп қасиетті Құранның кереметі. Егер бұл аят көрсетілген мағыналардың біреуін ғана білдірсе, онда оның мағынасы өте тар болар еді. Жақсылықты дұрыс деп білген кісінің нәтижесін Алла уәде еткен:

(7) Сонда оның жолын оңайластырамыз. Яғни, Алла уәде етеді: «Иман келтіріп, тақуалықты ұстанып зекет бергендердің дінін жеңіл, жолын оңай, ақырын хайырлы етеміз. Ең оңай жол — иман жолы, әділдікке нұсқау яғни ақыретте құтылудың ең жеңіл жолы. Ең қарапайым дін – бұл Ислам діні, ол сенім тұрғысынан да немесе ғибадат ету жаағынан да ауыр болмайды. Оңай нәтиже – жұмақ, онда бәрі оңай».

(8) Ал енді әлде кім сараңдық істесе, елемесе,

(9) Жақсылықты жасынға шығарса; Бұл аяттар адасу мен күпірлік яғни алдыңғы аяттарда айтылғандарға қайшы келетін нәрселер туралы айтады. Ол ең жақсы сөзді «Алладан басқа құдай жоқ», ең жақсы үммет ислам үмметін, ең керемет нәтиже жұмақты өтірік деп санады.

(10) Сонда оның ауырлыққа ұшырауын оңайластырамыз. Ауыр жолға түсуін оңай етеміз. Яғни адасу жолы, күпірлік сенім  және нәтиже – тозақ.

Шынында, адасудан артық ауыр жол жоқ. Осы жолмен жүргендердің бәрі сөзсіз қасіретке ұшырайды. Бұл дүниеде күпірліктен қиын сенім жоқ. Сенбейтін адамның өмірі азғындық және моральдық қиындықтарға толы. Бұл дүниеде күнәдан ауыр амал жоқ. Кімде-кім күнә жасаса, адамдардың табасына, Алланың қаһарына ұшырайды.

Бірақ қателесушілер мен күнәкарлардың жазасы мұнымен бітпейді. Алда оларды шынайы және негізгі жаза күтіп тұр. Мәңгілік өмір – ақыретте …

(11) (Тозаққа) жағылған сәтте оның малы оған пайда бермейді. Шынында, адасқан адамды немесе күнәкарды тозаққа тастағанда, ол өмір бойы мақтан тұтқан және ол әрқашан сенетін оның ақшасы да, мүлкі де, жағдайы да оған көмектеспейді. Керісінше, олар оған кінәсінің дәлелі ретінде зиянын тигізеді.

(12) Негізінде тура жол көрсету бізге тән. Алла тағала әрдайым адамзатқа дұрыс жол көрсетіп, пайғамбарлар мен қасиетті кітаптарын жіберді. Осылайша адамдарды ақиқат жолына жетеледі, әділ жолға нұсқау берді.

(13) Сөз жоқ, ақырет те, дүние де Біздікі. Сондықтан, бұл өмірде бақытқа ие болғысы келетіндер де, ақыретте бақыт алғысы келетіндер де, екі дүниеде де өздерін бақытты еткісі келетіндер мұны тек Алладан сұрап, тек Оған ғибадат етулері керек.

(14) Сондықтан сендерге жалындаған отты ескерттім. Имам Бухари жеткізген хадисте Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) былай дейді: «Қиямет күні тозаққа барғандар үшін ең жеңіл жаза — екі аяғының астына екі ыстық көмірдің салынуы, ыстық олардың миын қайнатады».

(15) Оған жауыздар ғана кіреді. Имам Ахмад (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.ғ.с.): «Бақытсыздардан басқа ешкім тозаққа бармайды », — деді. Одан: «Бұл бақытсыз кім?»,- сұрады. Ол: «Бақытсыз адам — ​​Аллаға мойынсұнбайтын және күнә жасауды тоқтатпайтын адам», — деді.

(16) Сондай өтірік деп жалтарғандар. Яғни, бұл бақытсыз адам елшіні, Құранды, жәннәт пен тозақты, және басқа да көптеген нәрселерді өтірік деп санайды және иманнан, Исламнан бас тартады.

(17) Тақуалау болған одан ұзақтастырылады. Шын жүректен сенетін және Құдайдан қорқатын адам тозақтан, оттан алшақ болады, одан құтқарылады және ол жерге түспейді.

(18) Сондай малын сарып қылып тазарғандар. Яғни, пенде фәни дүниеде, сынақ әлемінде өз мүлкін Алла жолына жұмсаса, күпірліктен яғни Аллақа серік қосудан өзін сақтаса, күнәлі істерден тыйылса тозақтан құтылатын болады.

(19) Оның онда ешкімге берер еселі сыйлығы жоқ.

Ол жасаған жақсылығын біреуден бір нәрсе алу үшін емес, тек қана Ұлы Раббының разылығын алу мақсатымен жасаған». Біреуге жәрдемдесу арқылы сол адамды өзіне кіріптар ету, реті келгенде бір нәрсеге пайдалану ниетімен емес, тек Хақ Тағаланың ризалығын алу пейілімен береді. Мысалы, біреуге жақсылық ниетімен ақшалай жәрдем беріп, күндердің күнінде әлгі адам жағдайы жақсарып кетсе, бұл адам барып сол көмегін еске түсіріп міндетсінбейді. Қайта: «Мен себеп қанамын. Алла тағала мені сауапқа кенелдіру үшін, менің қолым арқылы саған ризық, несібе берді», – дейді.

(20) Бірақ ұлы Раббының ризалығын ғана іздейді.

(21) Сондай-ақ ол, таяуда разы болады.

Жәннәттағы өмірде ол Алланың оның жасаған жақсылығы үшін беретін игіліктеріне разы болады. Сол тақуа кісі ақыретте Алла Тағаладан риза болады. Яғни, Раббысынан күткен ризалығын алып, шексіз нығметке бөленеді. Ғұлама Рази: «Бұл аяттағы разы болатын – Алла тағала», – дейді. Алла тағала құлынан разы болып, ризалық мәртебеге жеткізіп, разы еткен құлдарынан етеді. Яғни, пенденің жаратылыс мақсаты – Хақ тағаланы танып, Оның барлық шексіз нығметтеріне шүкіршілік қылып, құлшылық жасап, ақырында Оның жаннаттан әлденеше артық ризалық мәртебесіне жету. «Тәубе» сүресінде де:  «Аллатың разылығы барлығынан да үлкен. Міне, нағыз зор табыс (бақыт) деген осы», – делінеді.

 

Бағдат Смағұлұлы

Закрыть меню