Абаса сүресінің тәпсірі

Абаса сүресінің тәпсірі

Бұл – Меккелік сүре. Бұл сүреде ақырет күні мен қайта тірілу жайлы айтылғанымен, тікелей пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірінің бір үзігі келтіріледі. Яғни, сүренің бірінші аяты оның тақырыбына негіз болған: «Қабақ шытып, бет бұрды».

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Меккелік мүшріктерге дінді үйретіп жатқан кезінде оған зағип (соқыр) адам келіп Құран үйретуін сұрайды. Бірақ пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған ықылас танытпайды, зағип адамға қабағын шыта қарайды. Дәл осы сәтте Алла Тағала Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) ескерту түсіреді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүшріктердің дінді үйренудегі мақсаттарының шынайы емес екенін білмеді. Алла Тағаланың ескертуінен кейін, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Умму Мактумнан яғни, әлгі зағип адамнан қажеттілігін сұрайды.

Сүредегі басты мақсат – қандай адам келсе де, бас тартпай оған дін жайлы қажетін үйрету керек. Мейлі кедей, мейлі зағип болсын. Мүшріктердің шариғатты үйренудегі ниеттері шынайы болмағандықтан, Алла Тағала Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) Убай ибн Халәф және оның нөкерлеріне  артық көңіл бөлуінен тыйды.

Алла тағаланың пайғамбарын сөгуі.

(1) Қабақ шытып, бет бұрды

(2) Оған соқырдың келуімен

(3) Қайдан білесің, мүмкін ол тазарар?

(4) Не үгіт алар, оған үгіт пайда берер

(5) Ал енді байсынған (Құрайш бастықтары) келсе

(6) Оған көңіл бөлесің

(7) Ол тазармаса саған не?

(8) Ал енді саған жүгіріп келген біреу

(9) Ол, (Алладан) қорқады

(10) Сонда да оған селқос қарайсың

(11) Жоқ, олай емес. Әлбетте Құран бір насихат

(12) Сондықтан кім қаласа, үгіт алады

 (13) Құрметті нұсқаларда жазулы

(14) Жоғары бағаланған тап-таза

(15) Елшілердің қолында

(16) Ардақты, игі

Сүренің бұл бөлігі басты тақырыппен тікелей байланысты. Ол Алла Тағаланың пайғамбарға ескертуінен басталады. Себебі Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) өзінен дін ілімін сұрап келген кедей зағип кісіге көңіл бөлмей, Исламға шақыру жолында құрайыштың ақсүйектеріне баса назар аударды.

Содан соң Алла Тағала Мұхаммедке құрайыштық мүшріктер емес, һәм шын ықыласымен дін ілімін сұрап келген зағип жанның көңіл бөлуге лайықты екендігін ескертеді.

Егер мүшріктер иман келтірмесе не болмақ? Еш нәрсе болмайды. Себебі пайғамбардың (с.ғ.с.) міндеті Алланың дінін жеткізу ғана. Ал, оның қорытындысы Аллаға ғана аян. Алла қаласа ғана олар иман келтіреді.

Алла Тағала осылайша өзінің ескертуін тоқтатып, діннің маңыздылығы мен тазалығы жайлы сөз қозғайды.

Ойлануға себеп боларлық аяттар.

(17) (Жаны шықсын) Оған, адам баласы қалай қарсы?

(18) Алла адамды не нәрседен жаратты?

(19) Бір тамшыдан жаратып, оны бейнеледі.

(20) Сосын оның жолын оңайластырды.

(21) Кейін оған өлім беріп, оны қабірге қойдырды.

(22) Қалаған сәтте, оны тірілтеді.

(23) Жоқ, ол Алланың әмірін орындамады.

(24) Ал енді адамзат, жеген тамағына бір көз салсын.

(25) Әрине мол су бердік.

(26) Сосын қара жерді қақ айырдық.

(27) Сонда жерде дәнді дақылдар өсірдік.

(28) Жүзімдер, жоңышқалар,

(29) Зәйтіндер, құрмалар,

(30) Ну бақшалар,

(31) Жемістер, өлеңдер;

(32) Сендер әрі малдарың пайдалану үшін.

Сүренің бұл бөлігі Алла Тағаланың жомарттығы мен мейірімділігінің шексіз екендігін ескертуден басталады.  Адамдардың көпшілігі берілген нығметтерге шүкіршілік етпейтіндігі айтылады.

Сонымен қатар, Алла Тағала ақырет күні мен қайта тірілуге сенбейтін адамдарды сөгеді: Алла оларды сұлу келбетпен жаратты, олардың қажеттіліктерін қамтамасыз етті. Ал олар Алланың құдіреттілігін мойындамай, есеп күні жауап беретіндеріне сенбеді.

Адамдар Аллаға сенуден бас тартып, Оның әмірлеріне бойсұнбай, Ол тыйған нәрселерінен тыйылмайды. Бірақ айналамызға қарасақ, біз онсыз өмір сүре алмайтын көптеген нығметтерді көре аламыз.

Әрбір ақыл иесі осы нығметтерге қарап, жауап ретінде Алланы мадақтап, Оған шүкір етуі тиіс. Бірақ кейбір адамдар бұл нығметтерді байқамайды немесе оған бейжай қарайды.

Бұл аяттарда Алла тағала адамдарды берілген нығметтерге, әлемге және олардың ішіне берілген кереметтерге қарап ойлануына шақырады. Бұл иманды қуаттауға және екі дүние бақытына көруге септігін тигізеді.

Қиямет күнінің көрінісі.

(33) Ал енді қатты дауыс келген сәтте;

(34) Сол күні, кісі туысынан қашады;

(35) Шешесінен, әкесінен.

(36) Әйелінен және балаларынан.

(37) Ол күні әркімнің ісі ауыр. (Әркім өз халімен әлек.)

(38) Ол күні кейбір жүздер, жарқырайды,

(39) Күлген қуанышты.

(40) Ол күні кейбір жүздің үстін шаң басқан болады;

(41) Оны қара түнек қаптаған болады.

(42) Міне солар, қарсы келген бұзақылар.

Сүренің алдыңғы бөлігінде иман келтірген мұсылмандар мен иман келтірмегендер жайлы сөз қозғалса, сүренің екінші бөлігінде ол екеуінің барар орны, яғни, қиямет қайым турасында сөз болады. Алла Тағала қиямет күнінің қорқынышын және ол күні адамдар өз сотымен әуре болп, жақынын, тіпті туғанын да ұмытып кететіндігі айтылады.

Бұл күні иман келтіргендер мен кәпірлердің айырмашылықтары көрінеді. Мұсылмандардың жүздері ашық, шат, қуанышқа толы болса, кәпірлердің жүздері қаралы, мұңды болады.

Мұсылмандар бұл ұлы күнді естен шығармй өмір сүруі тиіс. Егер уағыз айтатын  дағуатшы болса, мұндай аса маңызды тақырыпты назардан тыс қалдырмауы керек.

                                              

Айнұр Қайратқызы

Закрыть меню