Медресе – діни білім ошағы

Медресе – діни білім ошағы

Аса қамқор ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Салауат пен сәлем пайғамбарымызға (с.ғ.с.) және оның отбасына болсын. Медресе деген кезде көз алдымызға білім жолында жүрген бір топ шәкірртер мен оған дәріс оқытып жатқан нұрлы жүзді ұстаз елестейтіні анық. Алдымен «медресе» – сөзінің тілдік мағынасына тоқталсақ. «Медресе» араб тіліндегі «дәрәсә» — етістігінің «исму мәкәны» — яғни «дәріс өтетін орын» деген мағына беретін кірме сөз.

Ислам дінінің алғашқы төрт ғасырында медресе міндетін мешіт атқарды. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мадина қаласына көшіп келгенде, ең әуелі қолға алған жұмысы – мешіт құрылысы еді. Мешіт қызметі тек құлшылық мекені ретінде шектелген емес. Бес уақыт намаз өтелетін киелі орын болуымен қатар, қоғамдық маңызға да ие болып, үлкен-кіші мәжіліс өткізілетін және делегацияларды қабылдайтын резиденция қызметін атқарды. Қажет кезінде өзекті қоғамдық мәселелерді талқыға салып, шешу үшін халайық мешітке жиналатын. Сонымен бірге, білім мен ғылымның пікірталас алаңы да мешіт болды. Мешіттің әр бұрышында Ислам ілімінің алқалары тұрақты сабақтарын жүргізді.

Мешіт ежелден намаз оқылатын және сахабаларына білім беретін медресе ошағы еді. Мешіт намаз оқылуға арналғаны сияқты, тәлім ордасы қызметін қатар атқарды. Намаз оқылмайтын мешітті елестету мүмкін емес болғанындай, білім және тәлім жүргізілмейтін мешіт ешуақытта болмаған. Міне, осылайша мешіттің ең маңызды әрі тұрақты қызметі: құлшылық һәм білім беру ошағы болды.

Бүгінгі таңда әлемде осы үрдісті сол қалпында сақтап қалған бірқатар мешіттер бар: бұлар – Мысырдағы 970 жылдан бастап қызмет етіп келе жатқан әл-Әзһар мешіті (университеті), Тунистегі Зайтунә мешіті (университеті), 859 жылы негізі қаланған Мароккодағы Қарауин мешіті (университеті). Мысыр еліндегі мәмлүктер дәуірінде мешіт пен медресе қатар салынатын. Сұлтан Заһир Бейбарыс салдырған мешіт пен медресе күні бүгінге дейін қаз-қалпында сақталған.

Уақыт өте келе, медресе өз еншісін алып, жеке отауын тікті. Десе де, медресе мешіт кешеніне енетін құрамдас бөлігі болып қала берді. Оның басты себебі хадистерге келіп негізделетін. Абу Хурайрадан (р.а.) жеткен хадисте пайғамбарымыз с.ғ.с былай дейді: «Білім алу мақсатында жолға шыққан адамға Алла Тағала жәннатқа баратын жолын жеңілдетеді. Алла Тағала үйлерінің бірінде адамдар бас қосып, Алланың кітабын оқыса, өзара үйренетін болса, оларға тыныштық түсіп, мейірімділік орап, періштелер қоршап алады…».

ХІ ғасырдан бастап діни медреселер өздігінше дербес орталықтарға айнала бастады. Медресеге қарасты арнайы қызметкерлер ғимараты, медресені қамтамасыз етіп тұратын шағын кәсіпорын немесе сауда дүкендері болды. Ал, оқу тегін жүргізілді. Діни пәндермен қатар медреседе математика, грамматика, поэзия, тарих сынды пәндер де оқытылды.

Бұхарадан білім алып келген ахундар мен хазіреттер Қазақ даласының шығысы мен батысында, оңтүстігі мен солтүстігінде медреселер ашты. Соның ішінде хазірет Сұлтан, хазірет Мүсірәлі сопы, Науан хазірет, Нұрпейіс хазірет, хазірет Досжан (Досмұхаммед) ишан секілді діни қайраткерлер атымен тығыз байланысты медреселер бар.

Медреселердің басты міндеті ол – ағартушылық болды . Хәкім Абай:

«Баламды медресеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім»,- деп айтқандай, бүгінгі таңдағы мектептің қызметін жүргізді. Кешегі қазақ зиялыларының барлығы дерлік медреседен тәлім алды. Мысалы, С.Торайғыров атамыз да медреседе Құранның жартысын жатқа білген. Сондықтан медресенің тұтас халықтық идеологияны қалыптастыруда өзіндік салмағы болды. Халықтың руханиятын ұстап тұратын темірқазық еді.

Патшалық Ресей де Қазақ елінің руханиятын әлсіретуді мешіт-медреселерді жоюдан бастады. Кеңес одағы орнауымен бірге, сол сұрқай саясат жалғасын тапты. Бір ғана Кентау қаласының маңайында Қазан төңкерісіне дейін жиырмаға жуық медресе болған. Бұл жолы «дін – апиын» деген ұранмен мешіттермен қатар, медреселер де қиратылды. Арабша және шағатайша сауат ашқандарды «сауатсыз» деп таныды. Осылайша, солақай саясат Қазақ руханиятымен қатар, емлесін де, шағатай, араб және парсы тілдерінде жарық көрген кітаптарын да біржолата жоюға әрекет етті.

Тәуелсіздік күні туған кезеңнен бастап, Қазақстанның барлық аймақтарында медреселер қызметі қайта жанданды. Бастапқыда имам-молдалардың ауыл балаларына Құран жаттатуымен шектелген медреселер, келе-келе мемлекеттік үлгіде біліктілігін айқындайтын құжат беретін ресми діни арнайы орта оқу орындары мәртебесіне дейін көтерілді.

Қазіргі заманауи медреселер дін мен дәстүрдің өзара сабақтастығының жоғарғы үлгісіне айналып отыр. Медресе тек қана бастапқы сауаттандырумен ғана шектелмейді. Бұлардың басты қызметі қазақ халқының діни сауатын ашып, қасиетті Құран құндылықтары мен сүннет сырларын үйретумен бірге, жас ұрпақтың ұлттық нақышты салт-дәстүрімізді де тереңірек танып-білуіне бағытталған Ислам діні ошағы болып саналады.

 

                                                        Шүкіріддін Темірқұлұлы,

теолог

Закрыть меню