Ата-анаға құрмет – Алла құзырындағы сүйікті амал

Ата-анаға құрмет – Алла құзырындағы сүйікті амал

Адам баласы – Алла Тағала жаратқан жаратылыстардың ішіндегі ең көркемі, әрі ең ұлысы. Ал Алла Тағала осы адамзат ұрпағын ата-ананың жұптасуы арқылы көбейткен. Қайсыбір адам баласын алсаңыз да ол үшін ата-ананың орны ерекше. Ата-ананы құрметтеу – имандылықтың белгісі. Сан ғасыр бойы ұстанып келе жатқан дінімізде де, дәстүрімізде де ата-ана ұғымы қастерлі дүние. Әке – отбасының тірегі, асыраушысы, қамқоршысы болса, ана – отбасының ұйытқысы, берекесі. Бала үшін әрдайым күллі нәрсені орындауға дайын болып тұратын ата-ананы сыйлап, қадірлеу – әрбір баланың борышы.

Қасиетті Құран Кәрімнің  «Исра» сүресінің 23 аятында Алла Тағала: «Раббың тек қана өзіне ғибадат етулеріңді, ата-анаға жақсылық қылуларыңды әмір етті», — дейді. Байқағанымыздай Аллаға құлшылық жасау тәрізді ата-анаға да жақсылық жасаудың парыз екені Құран Кәрімде айтылуда. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бірде бір кісі келіп: «Адамдардың арасында жақсы қарым-қатынаста болуыма кім лайықтырақ?» деп сұрады. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Анаң», — деді. Әлгі кісі: «Сосын кім?» — деді. «Анаң», — дейді пайғамбарымыз (с.ғ.с.). Тағы кім деп сұрағанда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы да «Анаң», — дейді. Ал, одан кейін дегенде, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Әкең», — деп жауап береді. Бұл хадистен аңғаратыңымыз жер бетіндегі ең ізгі қарым-қатынаста болуға лайықта жан — ол Ана. Бала әкеге үлкен құрмет, асқан мәртебемен қарауы тиіс. Ананың хақысы әкеден қарағанда үш есе жоғары тұрады. Әрине осы тұста неге? деген сұрақ туындауы мүмкін. Алайда ананның саған деген жасаған жақсылығын санауғада келмейді. Нәзік  жанды ана, құрсағында баласын тоғыз ай көтеріп, қиналып, түн ұйқысын төрт бөліп, тәлім-тәрбие беріп өсіреді.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді: «Адардарға ата-анасына жақсылық жасап қарайласуды бұйырдық. Анасы қиыншылық үстіне қиыншылық көріп оған жүкті болды. Екі жылда омыраудан айыруы (емшектен шығару) бар» (Лұқман сүресі 14-аят).

Бұл аятта баланы дүниеге әкелуге қатысты ананың мойнындағы ауыр жауапкершіліктің кезең-кезеңімен берілетіні айтылады. «Жаннат ананың аяғының астында» деген халық даналығы бекер айтылмаған. Ата-анамыз кәрілікке жетіп, әл-ауқаттары болмайтын жағдайға жетіп жатса, оларға кейіс білдіруге болмайды. Бұл жайында Құранда: «Ал егер ол екеуінің бірі немесе екеуі де жандарыңда кәрілікке жетсе: «түһ» деме.Сондай-ақ ол екеуін зекіме де, ол екуіне сыпайы сөз сөйле», — деді. Міне, ата-анаға ауыр сөзден бөлек, тіпті «түһ» депте айта алмаймыз. Сол себепті ата-анаға құрмет ол Аллаға  ұнамды іс екенің ұмытпайық. Ата-анамызға ең жұмсақ сөздермен сөз сөйлеп, көркем қатынаста мәміле жасау Алланың разылығына алып келетін амал болатындығын естен шығармағаңымыз абзалырақ.

                

Ақшабай М,

теолог

Закрыть меню