Адам атадан ақырзаманға дейін

Адам атадан ақырзаманға дейін

Адам ата жаратылғаннан бүгінге дейін нақты қанша ғасыр ауысып, қаншама жылдар өткенін білмеймін. Және біз білетін Адам жаратылғанға дейін жер бетінде біздей бір тіршілік иесі болды ма, болмады ма оны да білмеймін. Бір білетінім, Адам атадан бүгінге дейін адам баласы ағаттықтар мен арсыздықтан, қатігездік пен қателіктен көз ашпай келеді. Бұл ағаттық – Адам атаның шайтанның тіліне еріп, Хауа ананың өтінішін орындауынан басталады. Бірақ бұл іс жер бетінде болған жоқ. Жер бетіне түсуіне себеп болды.

Адам ата өз қателігін мойындап Жаратқанға жалбарынып, кешірімін алды. Алайда бәрібір жәннаттан қуылып, «жалғанға» түсірілді. Сүйтіп бүкіл ұрпақтарының жер бетінде тіршілік етуіне түрткі болды, сонда өмір сүріп, ұрпақ өрбітті… Артынша бір әке, бір шешеден туған влғашқы ұрпақ Қабылдың Абылды өлтіруімен жер бетіндегі алғашқы зұлымдық, адғашқы қан төгу, алғашқы кісі өлтіру оқиғасы орын алды. Міне бұл – жер жүзінде болған қияметке дейінгі кісі өлімінің бастауы еді… Содан бері жер шарында жексұрындықтың сан түрі жасалуда және бұл жасала бермек!

Бүкіл әлемді жоқтан бар етіп жаратқан Жаббар Ие жер планетасының алғашқы халифасы етіп Адам атаны жібергені мәлім. Сол Адамның кіндігінен өрбіген ұрпақтан жер жүзінде қабырғалы қалың ел өсіп, өнгені де белгілі. Алайда адам көбейген сайын азғындық та арта түсті. Бір атаның балалары бір-біріне жау болды. Тіпті бара-бара жаратқан «Құдайын танымай кетті». Жер бетінде бұрын-соңды болмаған сұрқиялықтар орын алды…

Азғындаған адамзатқа ақиқатты еске түсіру үшін Алла Тағала әр кезеңде,  әр қауымның өз ішінен пайғамбарлар жіберіп отырды. Құранда: «әр үмбеттің елшісі бар» дейді(10/47). Тағы бір аятта ескертуші келмеген ешбір үммет жоқ екенін баян етеді (Фатр, 24). Хәкім Абайдың: «оларға кез-кезімен нәби келді» дейтіні сол.

Адамдар өзін жаратқан Алласын ұмытып пұтқа табынуынан бастап жер бетін жамандық жайлады. «Әй дейтін ажасы, қой дейтін қожасы» болмаса құтырынып шыға келу ақыл-есті саналатын адамзатқа ғана тән қасиет болар… Тәңір тағала тойынған жұрттың тексіздігіне тосқауыл қойып, ескерту жасарға өз сүйген құлдарынан Елші жіберіп отырған. Азғындаған қауымға алғашқылардан болып Ыдырыс (а.с) пайғамбар ескертуші боп келсе керек. Өзіне жүктелген міндітті абыройды атқарып өмірден өткеннен соң, көп өтпей азғындық қайта белең алған. «Пайғамбарлар тарихы» дерегіне жүгінсек ең алғашықы пұтқа табыну осы арадан басталған. Алғаш адамдар өз тұсындағы қадірлі ғалымдарының құрметіне мүсін жасап, оған сол ғұламалардың есімін берген. Оған құрметпен қарап, төріне қоя бастаған. Келе-келе үйдің берекесі ретінде қабылдап, арнайы күндерде олардың жанында отырып, мінәжат жасауды дағдыға айналдырған. Оны көріп өскен ұрпақ сол мүсіндерді Құдай тұта бастаған. Солардан медет тілеп, күнәлары үшін кешірім сұраған… Алайда бұл сол тұстағы арам пиғылды адамдардың ойлап тапқан Жаратушыдан жырақтататын жымысқы саясаты екенін сол кезде ешкім білмеген… Осыдан кейін-ақ кл арасын ұрлық-қарлық, зинақорлық, бұлап-талау сынды түрлі азғындықтар дендеген. Әрине солай болуға тиіс! Қолдан жасаған құдайлары тексіздікті тектеуге қауқарсыз болғаны үшін, өзі би, өзі қожа жұртқа кім, не дей алады?!

Осы тұста Құдай Тағала ол қауымға өз ішінен тура жол көрсететін Нұх пайғамбарды жібереді. Бұл туралы Құранда: «анығында Нұхты өз еліне пайғамбар етіп жібердік. Ол: «уа, қауымым! Аллаға құлшылық етіңдер! Сендердің Одан өзге Құдайларың жоқ. Мен сендердің ұлы күннің азабына душар болуларыңнан қорқамын» (Ағраф, 59) деген аят келеді. Бүкіл пайғамбарлардың өз қауымдарына жасаған ескертулері дәл Нұхтыкіндей болды. Бірақ, қауымның бірен-саранынан басқасы пайғамбарды мойындаған жоқ. асқынған азғындыққа қанша тосқауыл қойғанмен ақиқаттан бас тартты. Ақыр соңы бүтілдей бір қауымды (иман келтіргендерінен басқа) топан су басумен тынды. Азғантай ізгі қауыммен аман қалған Нұх пайғамбар жер бетіндегі екінші өмірді бастаған. Осыдан кейін «Екінші Адам ата» жер бетінде бейбіт тіршілік орнатып, адамдар жылдар бойы берекелі ғұмыр кешкен…

Нұх пайғамбардың екінші адамзаттық өмір бастауынан кейін адам баласы қайта көбейіп, ұлттар мен ұлыстар саны артты. Арада уақыт өтті. Жылдардың жылжуымен адамдар баяғы әуеніне басады. Ар-ұяттан безіп, азғындыққа бет бұрады. Соның ішінде шектен шыққан Ғад елі болды. Бұлардың тұсында «ит басына іркіт төгілген» молшылық болады. Тас қашап үй салу, салынған үйлердің салтанатымен жарысу, кедейлерді қанау, байлыққа мастанып білгенін істеу басталған. Сондай тұста өз арасынан Һұд (а.с) пайғамбар жіберіледі. Оны да қауымы мойндамаған. Соңында пайғамбардың дұғасымен қатты дауыл, құмды боран қаланың астаң-кестеңін шығарып, тып-типыл етеді…

Ол да өзімен бірге қалған азғантай қауыммен қайта тіршілік бастайды, уақыт өте «баяғы жартас, бір жартас» тағы азғындық басталады. Екертуші жіберіледі… Солай «Тарихына үңілмегеннің тарихы қайталанып» отырған. Пұтқа табынуды ата-бабамыздың жолы санағандар көп болған. Әр қауымның адам айтқысыз азғындықтары болған:

Лұт (а.с) пайғамбардың қауымы гомосексуализмды өмір салтына айналдырып, кез-келген жерде, қалаған адамына білгенін жасайтын болған;

Ибраһим (а.с) пайғамбардың тұсында Намұрұд патша өзін «құдай» санаған. Қала берді қауым күн, ай, жұлдыздарға табынған;

Мұса (а.с) пайғамбар жіберілгенде сиқыршылар асқынып, азғындығы шектен шыққан перғауын өзін  «құдаймын» деп ел билеп, сол қауымды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған.

Намұрұд та, перғауын да өздерінің тақтан, «құдайлығынан» айырылып қалуынан қорқып, жаңа туған ұл балаларды шетінен өлтіріп отырған…

Исаның (а.с) қауымы Исаның өзін құдай санаған…

Салих (а.с), Шұғайып (а.с), Дәуіт (а.с), Ілияс (а.с) басқа да барша пайғамбарлар азғындықпен, арсыздықпен, зұлымдықпен, қараңғылықпен, надандықпен күресіп, жұртын жақсылыққа, туралыққа шақырумен жарғақ құлағы жастыққа тимеген. Бұның бәрі Құранда баяндалады. Алайда қай пайғамбардың қауымы болсын «сенікі жөн екен» деп олардың артынан еріп кете салмаған. Керісінше олардың өздерін жоққа шығарып, келекеге айналдырып, сиқыршысың, жындысың деп мазақ еткен. Тіпті өлтірген. Жасамаған жамандығы, қылмаған зорлық-зомбылығы қалмаған. Аятта: «Өздеріне келген елшілерді сайқы-мазаққа айналдырған пенделерге неткен өкініш?» (Ясин, 30) деп келеді…

Тарихта айтылуынша тек Юнус (а.с) пайғамбардың қауымы ғана түгелдей иманға келген. Онда да жасамаған жамандығы қалмай ақыр аяғында Алланың қаһары түсіп, алапат дауыл, айқын азапты көріп, жандары мұрындарының ұшына келгенде ғана тәубә етіп, тәубәсы қабыл болған (алайда жылдардың өтуімен қайтадан «әуеніне» басқан).

Құдіреті күшті Құдай Тағала сондай күнәға белшеден батып, шектен шыққан қауымды тып-типыл ғып жойып, орнына өзге қауымдарды әкеліп отырған. Адамнан тұяқ қалдырмай, қайта жаратып емес, әрине! Азғындыққа ұшыраған қауымның ішіндегі иман келтіргендері мен пайғамбарларды құдіретімен құтқарып, солардан жаңа қауым тараған. Құранда: «залым қауымдардың талай қаласын ойрандадық. кейін басқа қауымдар жараттық» дейді (Әнбия, 11).

Барша пайғамбарлардың міндеті жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю, бір Құдайдан басқа Тәңірдың жоқ екендігін, құлшылық соған ғана лайық екендігін жеткізу болған ғой. Ол туралы: «(Ей, Мұхаммед) Сенен бұрынғы жіберілген пайғамбарлардың бәріне: «Менен өзге Құдай жоқ. Тек Маған ғана құлшылық етіңдер» деп уахи жібердік» дейді Құранда (Әнбия, 25)…

Айтылған, айтылмаған пайғамбарлардың артынан ерген үмбет аз болған. Тіпті кейбір пайғамбардың артында бір-екі үммет ғана болған деген де дерек кездеседі. Ал соңғы пайғамбар Мұхаммед (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен үмметімнің көптігімен мақтанамын» деп артынан ерушілердің көп болатынын сүйіншілеп кеткен. «Көбейіңдер, өсіңдер» деп өсиет те қалдырған.

Алайда Мұхаммедте (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) шекесі шылқыған қауымға жіберілген жоқ. Пұтқа табынатын, қызын тірідей көметін, зинаны ашық жасап, араққа бөгіп жүретін, азғындығы асқынған қауымға келген. Пайғамбар келген кезде де оны мойындамай ұрып-соғып, жындыға, сиқыршыға балап, неше түрлі айуандықтар жасаған. Иман келтіргендерге де ит қорлық көрсеткен. Алла Тағала: « (Ей, Мұхаммед) Олар сені жалғанға шығарған болса, сенен бұрынғы елшілерді жалғанға шығарылған еді. Барлық іс Алланың алдына қайтарылады»(Фатр, 4) деген аяты арқылы жасалып жатқан жамандықтың өзінен бұрынғы пайғамбарларға да жасалғанын, есеп беретін сәті келетінін ескертеді…

Сондай ауыр азаптарға қарамастан айналасы 23 жылдың ішінде неше түрлі зұлымдық пен қастандықтарға қасқая қарсы тұрып, мынау жұмыр жердің бетіне ізгілік пен ізеттілікті, адалдық пен адамдықты, мейірім мен махаббатты, көрегендік пен көркем мінезділікті, сабырлық пен салмақтылықты, қысқасы адам бойында болуға тиісті бүкіл қасиетті қияметке дейін келетін үмметке үлгі етіп қалдырды. Аз ғана уақыттың ішінде бүтін бір қоғамды дерлік түзетті. Тіпті біраз алпауыт елдерді алақанына салды.

Соңғы Пайғамбарлың басқа пайғамбарлардан айырықша өзгешелігінің бірі – басқа пайғамбарлар сияқты бір қауымға ғана емес, қияметке дейінгі бүкіл адамзат баласына жіберілді. Құранда: «Біз Сені БҮКІЛ ӘЛЕМГЕ рақмет етіп жібердік» дейді (Әнбия, 107). Ағраф сүресінің 158 аятында да сол тұжырымды нықтай түседі.

Ол өзімен бірге қияметке дейін қалатын тура жол көрсетуші Кітап ала келді. Және ол кітап өзінен бұрынғы пайғамбарларға түскен сахифалар (парақтар) мен кітаптарды толықтыра түсті. Ол туралы «Юсуф» сүресінің 111 аятынан да көруге болады. Құранның кейбір дін дұшпандары айтатындай ойдан шығарылған кітап емес екендігін де сол жерде баяндалады… Және: «Кім Исламнан басқа дін іздесе онысы қабыл етілмейді де, ол адам ақыретте қасіретке ұшырайды» (Әл-Ғимран, 85) деген ескерту жасалады.

Осылайша Алла Тағала жер бетіндегі адам баласына тән болған, ұстануға тиісті түзу жолды бағыттап, дұрыс дінді көрсетеді. 18 мың ғаламның Иесі: «Расында Алланың алдындағы дін – ислам» (Әл-Ғимран, 19), «Бүгін сендердің діндеріңді кәміл түрде, толықтырдым. Нығметімді де тәмәмдадым. Сондай-ақ діндеріңнің Ислам болғанын қош көрдім» (Мәйдә, 3) деген аяттар арқылы Өз құзырындағы тура дінді таңсықтайды. Бұл адамзат тарихының тағы бір тасқа басылған таңбалы кезеңі деп айтуға болады.

Дейтұрғанмен соңғы Пайғамбарды да күні бүгінге дейін «сиқыршы, ертекші» және басқа деп жүргендер көп-ақ. Һәм бүкіл пайғамбарлар қауымының жасаған жаман істерінің, бұзақылық, арсыздықтарының бәрі де біздің қоғамда, дәл айналамызда жасалып жатқаны өкінішті. Оларға енді жеке ескертуші келмейді. Қияметке дейін адамзаттың темірқазығы болатын соңғы Елші келіп қойған. Ешкім «оларды жер бетінен жоқ қыл» деп дұға жасай алмайды. Ешкімге уахи да келмейді. Тек ақырзаман болғанда ғана бәрі аяқталады. Бірақ бұл ақырзаманды асыға күту емес!

Айта кетер тағы бір жәйіт, пайғамбарлардың ешқайсысы кәпір болмаған. Оларға ерген үмбеттері де… Көп адамдарда «олар мұсылман болса неге қазіргі үмметтері басқа дінде брлады» деген сияқты жаңсақ пәкір бар. Оған себеп, үмбеттер пайғамбарын мойындамаған, немесе түсірілген кітаптарды бұрмалап, өз қалауларынша қайта жазып алған. Сүйтіп адасушылыққа ұрынған… Ал, пайғамбарлардың ізгілердің қатарында екені «Әнғам» сүресінің 83-86 аяттарында ашық баяндалған.

Бұл адамзат тарихының діни ұстанымына қысқаша шолу. Алла тағала адма баласын, адам баласының қажеттілігі үшін әр не жаратылысты жаратты. Және адам баласына тура жолды көрсетті де, ақыл-ой, сана беріп ерекшеледі. Ақиқатты ұстану немесе адасушылықта болу адам еркіне қалдырылды. Бұдан шығатын қорытынды Жаратқан Ие адамды жамандыққа емес, жақсылыққа бұйырады. Сәт-сағаты келгенде жасаған ісіне сай жаза не сый ұсынады. Адам баласы әлемнен іздеп «шарқ» ұратын әділдік осы кезден басталса керек…

Сөз соңын Лев Толстойдың: «кез-келген ақылды адамның соңғы табан тірер жері – ислам» деген сөзімен тәмәдадық. Жаратқан жар болып, баршамызды тура жолдан таюдан сақтап, адасқандарға тура жол нәсіп айласын!

 

Ерзат ТӨЛЕШ

Закрыть меню