Адал ризық іздеу – мұсылмандық парыз

Адал ризық іздеу – мұсылмандық парыз

Алла Тағаланың адамзат баласына берген нығметі шексіз. Сол шексіз нығметті пайдала отырып, мұсылман баласы отбасын адал  еңбекпен асырап бағуы – парыз. Шын мәнінде, кімде-кім бала-шағасын, отбасын адал жолмен асырау мақсатында шынайы еңбек етсе, оның мерейі тасып, ырысы асатындығы сөзсіз. Бұл жөнінде Алла Тағала қасиетті Құранда:  «Әй, адамдар! Жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасынан жеңдер!» («Бақара» сүресі, 2/168); «Алланың өздеріңе халал әрі таза етіп берген ризықтарынан жеңдер!» («Маида» сүресі, 5/88).

Хадистерде де ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мүміндерге мейілінше харамнан сақтану керектігін өсиет еткен: Әбу Һұрайра (р.а.) айтады: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні былай деді: «Әй, адамдар! Алла тағала кіршіксіз таза, сондықтан таза еместі қабыл алмайды. Алла пайғамбарларға бұйырғанын мүміндерге де бұйырған. Мәселен: «Әй, пайғамбарлар, таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер» («Мүминун» сүресі, 51) десе, мүміндерге: «Әй, мүміндер, сендерге ризық ретінде бергенімнің тазасынан жеңдер» («Бақара» сүресі, 172) деп әмір еткен».

Құран кәрімде әмір еткендей, Алла Тағала адал жолмен табыс тауып, жер бетіндегі нәрселердің халал әрі тазасын жеу керектігімізді бұйырып тұр. Әр мұсылман баласы адал еңбекпен шұғылданып, адал табыспен күн көруге көңіл бөлуі тиіс. Отбасын асырау шариғатта ер адамның мойнына жүктелінген. Ол қандай қызмет атқарсын, ісінің адалдығына баса назар аударғаны жөн.

Егер сіз кәсіппен айналысып, қол астыңыздағы қызметкердің ақысын бермей, белгіленген уақытынан артығыр-ақ жұмыс жүктесеңіз, кәсібіңізден түскен табыс адал болып саналмайды. Ұрлық-қарлықпен, адамдарды алдау-арбаумен тапқан табыстың берекесі болмайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қандай қызмет болса да адал еңбекті ұнататын болған. Бірде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Сағыд ибн Муазбен қол алысып тұрып, қолдарының күстеніп кеткенін байқайды. Себебін сұрағанда, ардақты сахаба отбасын адал еңбегімен асырау үшін еңбектеніп жүргенін айтады. Бұл жауапқа Расулалла (с.ғ.с): «Міне, Алла Тағала осындай қолды жақсы көреді» деп досының қолына ілтипат көрсетеді.

Әрбір пенде дүние есігін ашқанда, оның ризық-несібесі жазылып қояды. Оған адал жолмен жету, яки арам жолмен жету пенденің  құзырында. Қанша жерден баюды мақсат тұтып, барлық уақыттыңызды, күш-қайратыңызды жұмсасаңыз да Алла нәсіп еткен ризық-несібе ғана бұйырады. Алла Құранда әмір еткендей, адам баласы ризықты адал жолмен тапқан соң, жер бетіндегі нәрселердің халалын және тазасын ішіп-жеуі – парыз. Өйткені, Құранда Алла: «Сендерге: өлексе, аққан қан, доңыз еті және Алладан басқаның атымен бауыздалған мал харам қылынды» делінген («Маида» сүресі, 3-аят).

Ас – адамның арқауы, аманат етіп берген денсаулықты күту үшін, ары қарай еңбек етіп, күш жинау үшін асымыздың адал, әрі таза болуына үлкен мән беруіміз қажет.

Мұсылман мемлекеттерінің ішінде Малайзия мемлекеті 95% халал стандартқа көшкен. Біздің мемлекетімізде ҚМДБ-ның бастамасымен «халал стандартқа» көшіп келе жатыр. Көпшілігіміз арам ас десе, арақ пен шошқаның еті деп білеміз. Күнделікті қолданылып отырған азық-түліктерге үлкен мән беру қажет.

Қазіргі таңда «гендік инженерияның» қарқындап дамуына байланысты, өсімдікке жанды организмнің ДНК-сін қосып, денсаулыққа өте қатты зиян тигізетін тағамдар  шығарып жатыр. Мысалы: камбала балығының ДНК–сын қосып помидордың жаңа сортын жасаған. Бидайға мысықтың ДНК–сын қосу арқылы жаңа сорт дайындаған. Жасаған бидайдың жаңа сортынан жасалған өнімнің өзін тышқан жемейді, ал адам жей береді. Мұның барлығы адам денсаулығы үшін өте қауіпті.

Дүниежүзілік тамақ өндірісінде қоспаның 3 түрін қолдануға қатаң тыйым салынған. Олар: Е-121 қоспасы – қызыл цитрус тағамдық бояу, Е-123 – амарант бояуы, Е-240 – формальдегид консерванты. Азық-түлік алғанда осыларды көзіңіңіз шалса, жоламан абзал. Адал ас тек денсаулыққа ғана емес адамның мінезі мен рухани жан дүниесіне де әсер етеді. Алла елшісі (с.ғ.с.) астың адал болуын мұсылмандарға былай жеткізеді: «Адалды іздеу – әрбір мұсылманның міндеті» — деген. Тағы да Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кім өз отбасына халалдан жеткізуге тырысып бақса, ол – Алла жолында күресуші тәрізді», — деді. Суфиян Саури: «Аллаға бойсұну ісіне харамнан бір нәрсе жұмсалуы – лас киімін несеппен (зәрмен) тазартқан кісі іспетті. Ал, нәжіс киімді су ғана тазарта алатыны сияқты күнәні тек қана халал нәрсе жуып шаяды», — деп айтқан. Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құлшылық он бөліктен, ол он бөліктің тоғызы – халал рызық-несібе табудан тұрса, бір бөлігі – күндіз ораза ұстап, түнде намаз оқу», — деп харам-халалға өте мұқият болудың маңыздылығына назар аудартады. Басқа да көптеген хадистерінде сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) табыс табу үшін ақ адал маңдай термен еңбектенуді жақтап, үмбетін адал табыс табуға ынталандырады.

Сүйікті Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) үлгі ете отырып, қорытындылайтын болсақ, табысымызды адалынан тауып, асымызға өте қатты мән бергеніміз жөн. Өйткені, ертең ата-анасын тыңдамайтын, ұрлық жасап мал табатын, қылмыс жасап қымсынбайтын, пара алып өсімқорлыққа жол ашатын ұрпақ өсіп шыққанда бармақ шайнамай, сол ұрпағымыз дүние есігін ашпай тұрып бойымызды арам астан тазарту ләзім. Рыздықты адал жолмен тауып, асын адалдап ішкен мүмін мұсылманның отбасынан салиқалы ұрпақтар шығады. Сол ұрпақ – елдің ертеңі, біздің жарқын болашағымыз.

Закрыть меню