maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ – МӘРТЕБЕЛІ МІНДЕТ

ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ – МӘРТЕБЕЛІ МІНДЕТ

«Аңсар» ақпараттық талдау орталығы басшысының орынбасары, Республикалық ақпараттық түсіндіру тобының теолог-маманы Т. Талдыбаев Атырау облысында іссапарда. Жұмыс сапарында түрлі форматтағы іс-шаралар жоспарланған. Солардың бірі «Атыраумұнайгаз» компаниясының цех басшыларымен кездесу өтті. Шара барысында Төлеген Өмірзақұлы азаматтарды жұмысқа қабылдау кезінде қандай жайттарға мән беру керек, әр түрлі көзқарастағы тұлғаларды тану жолдары секілді мәселелерге жан-жақты тоқталды.

Сонымен қатар теолог-маман Атырау қаласындағы «Құспан молла» және «Сұлтан-Бейбарыс» мешіттерінде «Дұғаның әдептері мен шарттары», «Ислам тарихындағы ғұламалар» тақырыбында уағыз айтты. Сахабалар мен табиғин ғалымдар, соның ішінде, Абу Ханифаның асыл кітаптары, «Имам Ағзам» лақабына қалай ие болғаны және оның шәкірттері жайлы мазмұнды сұхбат болды.

Бүгінгі күннің шәкірттері де теолог назарынан тыс қалмады. Медресе шәкірттерімен кездескен Т. Талдыбаев білімді қалай алу керек, білім жолында кездесетін қиыншылықтар, ұстаздан алған білімді өзара қайталау арқылы бекіту сынды тиімді әдіс-тәсілдермен бөлісті.

Теолог-маманның Атырау облысындағы жұмыс сапарының соңғы жиыны Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінде құптан намазында өтті. Намаздан кейін айтылған уағызға 500-ден астам адам қатысты. Уағыз насихаттың негізгі тақырыбы сахаба Абдулла ибн Масғудтың өміріне арналды. Уағыз аяқталған соң бірқатар студенттер мен жастар қалып, ұстазға көкейде жүрген сауалдарын қойып, ұзақ әңгіме-дүкен құрды. Осылайша Төлеген Өмірзақұлының іссапары қорытындыланып, ұйымдастырушылар мен жамағат, кездескен мекеме қызметкерлері мен студент жастар теолог-маманға алғысын білдіріп, ісіне сәттілік тіледі.


Жоғарыға