maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Қыз тәрбиесі-ұлт тәрбиесі

Қыз тәрбиесі-ұлт тәрбиесі

Атырау облысы Дін істері басқарамасының Ақпараттық талдау Орталығының тапсырысы аясында, «Шапағат»  деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсету орталығы» қоғамдық қорының  ұйымдастыруымен «Қыз тәрбиесі-ұлт тәрбиесі» атты тренинг «Құспан молла» мешітінде өткізілді.

 

                 Тренингті «Шапағат» ҚҚ психолог  маманы С.Нұрбекова өткізді. Шараға «Шапағат» ҚҚ мамандары А.Нұрғалиева, М.Рустамқызы  қатысты.

                 Мақсаты:«Қыз баланы тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» қағидасымен қазақ қоғамында ғасырлар бойы қалыптасқан отбасылық дәстүрлер мен құндылықтарға негізделген отбасы мәртебесін нығайту.

                 Қыз балаға келешекте қоғамның, елдің, ұлттың тыныс-тіршілігі барысындағы үлкен жауапкершіліктің тұрғандығын сезіндіре отырып, әдепті, сыпайы, адамгершілігі мол, білімді, жан-жақты жетілген қыз бала тәрбиелеу.

                 Ертеде ата - бабаларымыз әлемдегі сұлулықтың көркем үлгісін ару қыздың тал бойынан көруді көксеген. Қазақ қауымында қыз баланың орны айрықша болған. Ата - бабаларымыз қызды қонақ деп есептеп, барған жерде бағының ашылуына үйде отырып қамдаған. Барынша ізетті, сыпайы, мейірімді де ісмер, қылықты да қырмызы болуын үнемі қадағалап отырған және еркін ұстаған, бірақ тым еркінсітпеген. Әр бір ата - ана қыздарын қанаттыға қақтырмай тұмсықтыға шоқтырмай өсіруді парыз деп санаған және қыздың ар - ұятының сақшысы бәріне жауапты екенін ешуақытта есінен шығармаған.

 

                 Ата – аналарға жадынама:

  • Қызыңызбен барынша ашық сөйлесуге тырысыңыз.
  • Жасөспірімдік шаққа қажетті қызыңыздың білгісі келетін ақпаратты өзгеден емес, өзіңізден естуі қажет.
  • Барынша ашық болыңыз, егер білмесеңіз, күдіктенсеңіз, ол туралы ашық айтыңыз.
  • Қызыңызды  жақсы көретініңізді байқатыңыз, оны еркелетіңіз.
  • Қызыңыздың  тәртібіндегі әрбір қадамына назар аударыңыз.
  • Қызыңызды келеңсіз жағдайлардан қорғай біліңіз.
  • 12 - 17 жас аралығында бала тәрбиелеп отырған ата - аналарға кеңес
  • Егер жасөспірім қызыңыз  туралы мазасыздана бастасаңыз, онда сізге өміріңізді өзгертіп, басқаша көзбен қарайтын уақыттың жеткені.
  • Алдымен қызыңыз  жасөспірім кезеңге аяқ басқанда оның бойында қандай өзгерістер болатынына назар аударайық.
  • Сырт келбеті өзгереді.
  • Жасөспірім үшін жаңа өзгерген дене бітімімен өмір сүру аса маңызды болып табылады. Оның үстіне сырт келбетке көп нәрсе байланысты екенін ұмытпайық. Сондықтан бой жетіп келе жатқан қызыңыздың өзін, бет - әлпетін күтуіне баса назар аударыңыз.
  • Әлеуметтік ортаға қарым - қатынасы өзгереді.
    Жасөспірім үшін өзінің ересек замандастарымен қарым - қатынас жасау маңызды.
  • Өзіне сенімді тұлғалар қоғамда өз орнын таба алады. Ал жұрттың ыңғайына жығылғыш, біреудің рөлін ойнап жүрген жастарды әдетте замандастары қабылдай қоймайды.
  • Жасөспірімнің өтпелі кезеңінде ата - анасы қызын  қолдап, оны сыйлап, жақсы көрсе қыз балаға  бұл жағымды әсер етері сөзсіз. Шешімталдық пен бір қалыптылық — ата - ананың маңызды қасиеттерінің бірі.
  • Егер қыздарымыздың  мейрімді, туыстарын жақсы көретін адам болып өсуін қаласақ, өзіміз де оларға мейіріммен қарап жақсы көргеніміз жөн. Ата - аналар баласының өз бетінше әрекетін құптап, оны қолдайтынын және сенім артатынын білдіріп отырғаны дұрыс.
  • Елбасы: «Әйел - бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей, бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей - еліміз толық түзелмейді» деген. Өз басым қазақ қыздарының ішкі жан дүниесінің сұлулығына, мәдениеттілігіне, әдептілігіне өзге жұрттар таңдай қағып қараса екен деп армандаймын.

Бүгінгі тренингімізде болашақ ұрпақ тәрбиесі, оның ішінде қыз балаға дұрыс, өнегелі тәрбие беру жөнінде көптеген пікірлер айтылды. Тренингке қатысушылар өз ойларын ортаға салды.

Қаракөздеріміз бұрымды шашымен, инабатты мінезімен, ақылдығымен, кіршіксіз арымен әрқашан басқалардан ерекшелене білсе екен деймін. Заманның талабы өзгерсе де, бойындағы ұяңдық нұрын сөндірмей, қазақ қызына тән болмысын бұзбайтын қыз бала тәрбиелеуде кеш қалмайық!

Жоғарыға