maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Сәбидің обалы кімге?

Сәбидің обалы кімге?

Әлеуметтік желілерде  атыраулық  жүкті әйелдің қайтыс болғаны, оның  сәләфилік бағытты ұстанған діндар екендігі жазылуда.

Шынында да,  12 қыркүйек күні  Атырау облыстық перинаталдық орталыққа  «Жедел жәрдем» көлігімен  жеткізілген 25 жастағы әйел қайтыс болды.

 

Орталық директоры Қуаныш Нысанбаевтың журналистерге берген ақпараты бойынша, Жұлдыз - 1 ықшам ауданы, 4 көше, 5-ші үйдің тұрғыны Баймұқанова  Марта  жүктіліктің 38 аптасында болған.  Таңертеңгі  сағат 8.55 те ес- түссіз ауруханаға түскен ана мен бала өмірін дәрігерлер сақтап қала алмаған.

Оған себеп, жүкті әйелдің  діни сенімі бойынша ер дәрігерге  қаралудан бас тартуы деп жазады желіде. Бір деректе  марқұмның күйеуі «Әйелімнің әуретті жерін  ер дәрігер қарауға болмайды» деп, шақырту бойынша жеткен «Жедел жәрдем»  дәрігерін үйіне кіргізбей қойған көрінеді. Соның кесірінен комаға түсіп кеткен әйелдің беті бері қарамаған.  

Бірақ  Мартаның күйеуі  Бектас «Жас алаш» тілшісіне берген жауабында  «Жедел жәрдем» дәрігері әйел адам болғанын,  әйелінің  үйдегі балаларға алаңдап,  ауруханаға барғысы келмегенін,  «бармаймын» деп қолынан колхат жазып бергенін, ешкімге талап- тілегінің жоқтығын айтады.

Алайда «Жедел жәрдем» стансасының ақпараты бойынша,  аталмыш адрестен түнгі сағат 03. шамасында  алғашқы шақырту қоңырауы түскен. Іле жеткен «Жедел жәрдем»  дәрігерінің ер адам екенін көрген  науқастың күйеуі  оны үйіне кіргізбені  шындық болып шықты. Түнгі сағат 03 тен – таңғы  8.55 ке дейін жүкті әйелдің  өзінің және сәбидің  өмірін қауіпке тігіп үйінде отырғаны анықталып отыр.

Артынша күйеуі Бектас  атыраулық жамағатқа   әлеуметтік желі арқылы хабарландыру берген. Онда: « айелим мен баламнын жаназасы 14.09.2018 күни тан ертен сағат 10:00 де оқылады.Салафилердін жолын устанган жан еди. Егер карызы болса маган хабарласыныздар. Есими Марта Баймуханова Адрес: Жулдыз 4 коше Лидерге жетпей онга бурылады  Бектас  деп  жазылған.     

Бүгін ана мен баланың денесі жер қойнына тапсырылды.  

Белгілі адвокат  Айгүл Орынбек Фейсбук желісінде: «Артында үш баласы жетім қалды. Осындай қараңқылықтың  арқасында  адам өлімі болып отыр. Анау сақалды зомбиға заңды түрде жазасын беру керек» деп  ашына үн қосқан.

Расында да, соңғы жылдары исламды бұрмалап, асыл дінімізді дұрыс түсінбей, теріс ағымға ерген көптеген  әсіредіншілдер  тарапынан келеңсіз әрі қайғылы оқиғалардың  орын алып жатқаны жасырын емес. Өмір есігін ашпай жатып шетінеп кеткен күнәсіз сәбидің обалы кімге, сонда?   Бұл өрескел қателіктің орын алуы  сәбидің  туған әкесінің тарапынан  болса, бұл  үлкен күнә емес пе?!

 Ұлдай САРИЕВА,

«Durbi. kz »

Жоғарыға