maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

«Таблиғи жамағат» – жат ұйым

«Таблиғи жамағат» – жат ұйым

Ұйымның атауы «تبليغ» деген араб сөзінен шығып, «жеткізу, хабарлау, ақпараттандыру» мағыналарын береді. Яғни, бұл ұйымның басты идеясы «ислам сенімін өзге сенімдегі адамдарға, дінін ұмытқан немесе дінді мүлде ұстанбайтындарға жеткізу, оларды хабардар ету» дейтін ұғымдарға негізделген.

 

«Таблиғи жамағат» діни қозғалысын 1926 жылы Үндістанның қазіргі астанасы Дели маңындағы Меуат елді мекенінде туылған мухаддис (хадис ілімінің ғалымы) Мауләна Мухаммад Ілияс әл-Қандаһлауи (1885-1944 жж.) құрды. Әл-Қандаһлауи туралы мағлұматтар өте аз қалған. Ол қайтыс болған соң, діни ұйымның басшылығын оның ұлы Мухаммад Юсуф, ал одан соң Инғам әл-Хасан қолға алды.

Әуелі аталмыш топтың қоғамдағы исі мұсылман жұртшылығына тигізетін кері әсерлері жөнінде сөз қозғайық. Олар бір қарағанда, сырттай ислами мінез-құлқы жақсы, ықыласты, дін таратуға, дінге шақыруға талапты мұсылман бейнесінде көрінуі мүмкін. Алайда, шынайы іс-әрекеттеріне назар аударар болсақ, олардың асыл дініміздің кейбір тұстарын тастап, ғылым мен білімге негізделген баптарын қабылдамайтындарын да байқаймыз. Тізбектеп көрсек...

Атап айтқанда, олар мыналар:

1) Ғылым мен білімге мән бермейді;

2) Қасиетті Құран аяттары мен хадис-шәріптерді тиісті түрде түсіндірмейді;

3) Уағыз-насихат «дағуатына» шақыруға белгілі бір күндер арнауы және т.б тұстары бар.

Олар бұл істерін құптау үшін «Әлі Имран» сүресінің 110- аятындағы «Сендер адамдар үшін (яғни, адамдардың арасынан қанша үмбет) шығарылған (болса, сол) үмбеттің ең жақсысы болдыңдар. (Өйткені) сендер Аллаға иман келтіріп, игілікке әмір етесіңдер және мүнкәр істерден тыясыңдар» деген үкімді алға тартып: Міне, аятта «Сендер әмр мағруф жасайсыңдар (адамдарды тура жолға шақыру үшін), (оларды) мүнкәр (тыйым салынған) істерден бөгейсіңдер» - делінген. Сондықтан, біздер дағуатқа шығып адамдарды тура жолға шақыру үшін әмр мағруф жасаймыз және оларды мүнкәр (күнә) істерден бөгейміз»-деп уәж айтпақ болады. Бірақ бұл аят олардың бидғаттарын ақтауға дәлел болмайды. Өйткені, аятта дәл таблиғшылар сияқты бөлек жамағат құру туралы да, немесе 1 күн, яки 3 күн, жылына қырық күн, өмірінде төрт ай дағуатқа шығу қажеттілігі жайлы да ешқандай нұсқау берілмеген. Сондай-ақ, дінге дағуат ету, оны елге өз деңгейінде түсіндіре білу кез-келген адамның қолынан келе беретін шаруа емес, оған қажетті деңгейде діни сауат керек. Бұл туралы аяттар мен хадистерде де нақты айтылған.

Қасиетті Құран Кәрімдегі (Әли Имран сүресі, 103-аят): «Түгел Алла Тағаланың жібіне (дініне) жабысыңдар да, бөлінбеңдер», -деген аятқа зер салсақ мұсылман атаулыны өзара ауызбіршілікке шақырып, бөлінбей, дұрыс сенімді ұстанымда болуға шақырады. Ал Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) хадисіне зер салып қарайтын болсақ: Әнәс бин Маликтен (Оған Алла разы болсын) жеткен хадисте «Әлбетте, менің үмбетім адасушылықта бірікпейді, егерде келіспеушілікке  жолықсаңдар, бұқара басым көпшілікпен болыңдар», — деген еді. (Ибн Мажа — Сунаны, Муснад ас-Сахаба).

Енді Ибн Омар мен Ибн Аббастан жеткен (р.а) бір хадисте: «Алла Тағала менің үмбетімді ешқашан адасушылықта біріктірмейді, басым көпшілікпен болыңдар. Алла Тағаланың жәрдемі жамағатпен бірге, ал кімде-кім бөлінсе, онда ол тозақ отында», — деген. (Хаким, Ибн Журейр, Хаким бин Омардан, Хаким Ибн Аббастан). Осы аяттармен хадистерден көріп отырғанымыздай мұсылман қауымы бөлінбей біртұтас болуға тырысу керек.

Бұл топ ТМД елдері ішінде ең алғаш болып Өзбекстанда, 2006жылы Тәжікстанда экстремисттік ұйым ретінде танылып, олардың қызметтеріне біржола нүкте қойса,  2009 жылы Ресей Федерациясы өз аумағында «Таблиғи жамағат» ұйымының әрекеттеріне тосқауыл жасаған болатын. Ал, елімізде 2013 жылдың 26 ақпанында Астана қаласы Сарыарқа аудандық сотының  шешімімен «Таблиғи жамағат» ұйымы экстремисттік ағым ретінде танылып, Қазақстан Республикасы аумағында да емін-еркін үгіт жүргізуіне тыйым салынды.

 

Е.Қамзағалиев

«Әйіп қажы» мешітінің

бас имамы

 

Жоғарыға