maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Н.Ермекбаев дін саласындағы заңнама өзгерісі жайлы: Бәріне ұнау мүмкін емес

Н.Ермекбаев дін саласындағы заңнама өзгерісі жайлы: Бәріне ұнау мүмкін емес

«Бәріне бірдей ұнайды деп күтуге болмайды. Бізде ондай иллюзия  жоқ. Біз қоғамның барлық жігі мен топтарының мүдделерін ескере отырып, мемлекеттің мүддесін негізге аламыз. Ең бастысы – мемлекет мүддесін қатаң сақтау. Әрине, бәріне ұнау мүмкін емес».  Еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Sayasat.org сайтына берген сұхбатында дін саласындағы заңнамаға енгізілетін түзетулерді қоғамның қалай қабылдауы мүмкін деген сауалға осылай жауап берді деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне сілтеме жасап.

 

Ағымдағы жылдың 20 маусымы күні Мемлекет басшысы өз жарлығымен Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 – 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Аталған құжатты Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі әзірлеген болатын.

Министрдің сөзінше, тұжырымдама заң жобалау үшін саяси-теориялық негіздерді құру үшін қажет. Тұжырымдаманың негізінде заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар топтамасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Егер оны талқылау оң нәтиже беретін болса, 13 заң мен 4 кодекске шамамен 60 түзету мен толықтырулар енгізілетін болады.

Сондай-ақ, ведомства басшысы: «Біз заңнаманы әзірлеу кезінде қоғамның пікіріне жүгінеміз және түзетулерді қоғамның барлық өкілдерімен ашық түрде талқылау қағидасын ұстанамыз. Осы заң жобасын дайындау кезінде жоба сарапшылардың, діни бірлестік өкілдерінің, ҮЕҰ өкілдерінің көптеген талқылауынан өтті. Барлық пікірлер мен ұсыныстар ескеріліп, ауқымды және көп еңбекті талап ететін жұмыс жүргізілді. Бұл жұмыс әлі де жалғасатын болады. Қараша-желтоқсан айларында оны Мәжіліске жолдауды жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті министр Нұрлан Ермекбаев.

Жоғарыға