maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті - адамзаттық тәрбие мектебі

Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті - адамзаттық тәрбие мектебі

Сүннет сөзінің мағынасы түсіндірме сөздіктерде "қандай да бiр жол, не жақсы, не жаман жол болсын, жүрiлетiн жол" деген түсіндірмемен келедi. Алайда Ислам дінінің келуімен байланысты сөз ұғымындағы "жаман жол" мағынасы пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетіне қатысты қолданылмайтын болды. Дәлірек айтқанда, ол мағынасын жойды. Оның басты себебі пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетінің мін, кемі жоқ Құранға негізделу сипатымен байланысты. Сондай-ақ, Ислам діні келгенге дейін сүннет сөзі "ата-бабалар сүннеті" мағынасында да  қолданылған. Сонымен қатар, араб халқы су арығын да сүннет деп атаған, ол арық суының белгілі бір бағыт, тәртіппен ағатын сипатымен байланысты. 

 

 Сүннет сөзі сахабалар дәуірінде  "әдет", "мінез-құлық" мағынасындағы термин ретінде қолданыла бастаған. Осы ретте Сәл ибн Сад әс-Саиди атты сахабаның  «Пайғамбардың (с.ғ.с.) жанында жасалған іс-әрекеттер де сүннет деп қабылданатын еді», − деген сөзін дәлел ретінде келтіруге болады.

Ислам діні орнап, пайғамбар (с.ғ.с.) сүннеті күллі үмметке сара жол ретінде қабылданғаннан кейін ол ғалымдар тарапынан да ғылыми зерттеу жұмыстарының нысанына айналды. Сөйтіп, ғалымдардың да сүннет сөзіне қатысты пікірлері сөз мағынасының терминдік тұрғыдан байи түсуіне ықпал етті.

Осы орайда дін саласы "сүннет" сөзіне ғалымдары төмендегідей төрт тарапта анықтама береді: Біріншіден, хадис ғалымдары: «Сүннет – шариғат үкімдерін қамтамасыз етсе де, етпесе де пайғамбардың (с.ғ.с.) айтқан барлық сөздері, іс-әрекеттері, өміріне қатысты мәлімдемелер»; Екіншіден, фиқһтану ғалымдары: «Сүннет – парыз бен уәжіптердің тысында пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) келген нәрселердің бәрі»; Үшіншіден, фиқһ әдіснамасы ғалымдары: «Сүннет – Құран сыртында Алла Елшісінің (с.ғ.с) шариғат үкімдерін қамтыған сөздері, іс-әрекеттері мен мақұлдағандары»; Төртіншіден, Кәләм ғалымдары: «Сүннет – бидғаттың антонимі», – дейді [1]. Қалай десек те, сүннет сөзінің астарындағы "дәстүр", "жүйе", "тәртіп" мағынасын білдіретін ұғымдар кейіннен сөз мағынасының кеңейіп, пайғамбардың (с.ғ.с.) мүбәрак өмір жолын көрсететін ауқымды мағынаға ұйытқы болған.

 Құран Кәрiмде "сүннет" сөзі тәртіп, бағыт мағынасында қолданылады. Кәһф сүресiнiң 55-аятында кездесетін "суннәтул әууәлин" сөзінің қазақша мағынасы "бұрынғылардың сүннетi" деген ұғымды білдіреді. Сөздің тілдік қолданысы "жүрiс", "бағыт" мағынасына келедi. Құрандағы "Сүннетулла" қолданысының мағынасы Алла Тағаланың заң-үкiмi, әмiрi мен ескертулері және әлемдi басқару деген мағыналарды білдіреді. Қайнар көзі Құран болу себепті пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистерінде де сүннет сөзі осы мағыналарда жұмсалады: " Кiмде-кiм өзiне берiк жол (жол, әдет) белгiлеп алса,оның әрi онымен амал ететiндердiң сауабы сол адамға жазылады. Егер кiмде-кiм бұрыс жол таңдаса, сол жолмен жүргендердiң де күнәсi сол адамға жазылады".

Бұл туралы Құран Кәрiм былай дейді: "Расында сендер үшiн, Алланы да, ақырет күнiн де үмiт еткендер және Алланы көп еске алғандар үшiн; Алланың Елшiсiнде көркем өнегелер бар" [2, 33;21]. Келесі бiр аятта: "Расында, сен тура жолға бастайсың. Ол, көктер мен жердегi нәрселер өзiне тән Алланың жолы. Сақ болыңдар! Iстер Аллаға қайтады" [2, 42; 52-53]. Дәл осы мағынада хазіреті пайғамбар (с.ғ.с.) үмметіне артқан аманат-хадисiнде былай дейді: "Сендерге екi нәрсе қалдырамын, бұл екеуiнен берiк ұстансаңда, ешқашан адаспайсыңдар. Оның бiрiншiсi - Алланың кiтабы Құран, екiншiсi - менiң сүннетi" [3, 110].

Сүннеттiң терминдiк мағынасы хазіреті пайғамбардың (с.ғ.с.) бүкіл өмірінде істеген іс-амалдары мен сөйлеген сөздері деген мағынаны білдіреді. Сондай-ақ Алладан келген хабардың (уахи) бiрi. Оның біріншісі - Құран Кәрiм. Өйткенi, Алла Тағала, хазіреті пайғамбар "Ол өз ойынан сөйлемейдi" деу арқылы Оның (с.ғ.с.) уахиге сүйенгенiн баяндаған. Осы сөзiмiздi пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына сөзi бекіте түседi: "Маған Құран Кәрiм берiлдi; оған қосымша ретiнде оған ұқсасы берiлдi" [2, 53;3]. 

Сүннет - Ислам дiнiнiң екiншi қайнар бұлағы. Құранды адамзат баласына жеткізу, түсiндiру сынды елшiлік міндеті хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) жүктелген. Адамзат баласына Алланың әмірін орындап, Құранға амал ету жолдарын үйрету - пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жүктелген міндет. Мәселен, Құранда иман келтірген адамзат қауымына белгілі бір уақытта намаз оқу әмір етілгенімен, оны қалай оқу, құлшылық реті көрсетілмеген. Оны пайғамбар (с.ғ.с.) заманындағы сахабалар да білмеген. Әрине, оның пайғамбарға (с.ғ.с) жүктелу хикметі де жоқ емес. Бұл дін-Исламның әу бастан әрқайсы әр жаққа бұра тартпас үшін сүннет-жолын бір ғана пайғамбарға (с.ғ.с.) жүктеу арқылы діннің ереже, тәртіптен тұратынын көрсетеді. Ал, жоғарыда айтқан намаз мәселесіне келгенде, пайғамбар (с.ғ.с.) намаздың қай уақытта қанша бас оқылатынын үйретiп, "мен қалай оқысам солай оқыңдар", деп арқасынан ерген сахабаларына үлгi көрсеткен [4, 101].

Құранда Алла Тағала "Әй мүмiндер! Жұма күнi намаз үшiн азан айтылған кезде, дереу Алланы еске алуға (намазға) ұмтылыңдар; сауданы қойыңдар, егер бiлген болсаңдар, сендер үшiн жақсы", - деп жұма намазын оқудың парыз екенiн айтып, бiрақ қалай оны оқу керегiн ашып көрсетпейді. Жұма намазының оқылу реті мен әдебін, қанша бас екенiн пайғамбар (с.ғ.с) айқындап берген.

Сондай-ақ, Алла Тағала Құранда зекет беруді парыз етеді. Алайда, оның да мөлшерi Құранда айтылмайды. Оны да пайғамбар (с.ғ.с.) анықтап береді. Құран Кәрiм мүмкіндігі тартқан мұсылмандарға: "Оның жолына шамасы келген кiсiлер, Алла үшiн Қағбаны зират ету (қаж ету) керек", - деп қаж ғибадатын парыз еткен. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қаждың орындалу мерзiмiн, ретін көрсетiп берген. Хазіреті пайғамбар (с.ғ.с.) түсiндiрмейiнше, түсiну мүмкiн емес құлшылықтарды атап көрсетуге болады.

Қорыта келгенде, пайғамбардың (с.ғ.с.) үмметі алдындағы міндеттерін немесе сүннет сипаты былайша үш түрге жіктеуге болады:

1. Үлгі-өнеге. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үмметіне мінез-құлқымен үлгі болуы.

Адам баласы шыр етiп дүниеге келгеннен бастап, кез-келген мәселеде үлгi боларлық адамға мұқтаж. Өйткенi ол, бойындағы әртүрлi қасиеттердi, өмiр сүруге қажеттi нәрселердiң бәрiн үлгi-өнеге алу арқылы қалыптастырады [5, 200]. Сондықтан да Алла Тағала адамзаттың осындай әлсiздiгiн ескеріп, жер бетiне оларға өнеге болып, жол көрсететiн өздерiнiң арасынан пайғамбарлар жiберiп отырған. Оны соңғы пайғамбарға (с.ғ.с.) қатысты түсірген аятында ап-анық баян етеді: "Шын мәнiнде, сен, әлбетте ұлы мiнезге иесiң" [2, 68;4].  Яғни хазіреті пайғамбар (с.ғ.с.) ақыр заманға дейiн өмiрге келетiн барша адам баласына үлгi бола алады.

Алла тағала пайғамбарлықты кiмге беру қажеттiгiн өте жақсы бiлгені күмәнсiз шындық. Пайғамбарлық мiндетiн Мұхаммед (с.ғ.с.) қана атқара алатын едi. Пайғамбарлықтың ауыр жүгін көтерiп жүру Алланың мадағына лайықты адамның ғана қолынан келетiн-дi [2; 17;95]. Мiне, сол үшiн де хз. пайғамбардың (с.ғ.с.) өмiрiнiң кез-келген тұсы, жүрiс-тұрысы, құлшылығы, дұғасы мен тәубесi, сөйлеген сөз, істеген амалымен үлгi бола алады. Ол (с.ғ.с.) пайғамбарлық келген уақытқа дейін сенімді (әл-әмин) адам атанғанын Ислам тарихынан білеміз.

 Мұны Алла Тағала Құранда былай баяндайды: «Расында сендер үшiн, Алланы да ақырет күнiн де үмiт еткендер және Алланы көп есiне алған кiсiлер үшiн; Алланың Елшiсiнде көркем өнегелер бар» [2, 33;21]. Хазіреті пайғамбар (с.ғ.с.) дiн мен әдептi жаюмен шектелiп қана қоймай, қоғамдағы татулықтың озық үлгiсiн амалымен көрсеткен. [2, 68; 4]. Оның өткен күнәлары кешiрiлсе де, түннiң бiр уақытында тәттi ұйқысын қиып құлшылық етуi, [2, 48; 2]  сонымен қатар сахабаларының арасында жүз мәрте тәубе етiп, кешiрiм сұрауы, [7, 94] Алла Тағалаға деген рахметi әрi арттағы үмметiне үлкен сабақ болып қала берген [8, 68].

2. Мүмiндерге үгiт-насихат жүргiзуi. 

Ислам мәдениетіндегі береке, ақиқат ұстанымның беріктігі хақ дініміздің адамзатты күнәдан тыйып, жақсылыққа үндеуде жаратылысына қайша келмеуде. Егер дін әмірі, жалған, адамның көңіл қалауы бойынша жасалған наным жүйесі болса, оның ғұмыры қысқа болған болар еді. Исламның мәңгілік дін болу себебі де осында. Сонай-ақ, дін негізінде жатқан ауызбірлік те Ислам өркениетінің ішкі мәдениетінің өте жоғары екенін байқатады. Осы ретте Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) Ислам дінін насихаттауда Аллаға деген зор сенім, қиындыққа сабыр көрсете білді.

Ислам келгенге дейінгі адамзат қоғамы қандай халде еді? Азғындыққа белшесінен батып, надандық, жабайылығы шектен шыққан, кері кеткен болатын-ды. Осындай ортаға пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) келуі адамзат өмірінде бетбұрыс жасады. Азған орта пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үлгі-өнеге мен адамдыққа толы насихатын тыңдап, рухани дүниелерiн тазартты, үгіт-насихат нәтижесінде дүниеде саусақпен санарлық қымбат адамға айналды [9, 5]. Өйткенi, пайғамбар (с.ғ.с.) үгiт-насихат әрi ескерту мiндетiн адал атқарып, қоғамды осыншалық дәрежесі зор өркениетке  жеткiздi.

Алла Тағала Құранда «Үгiтте! Өйткенi, үгiт мүмiндерге пайда бередi», - деп [2, 51; 55] әмiр беру арқылы ескертудiң тәрбиелік маңызын бiлдiрген. Хазіреті пайғамбарымыз (с.ғ.с.) адамдардың ұмытшақтығын ескере отырып, оларды үгiттеуге шақырып, бiр хадисiнде былай дейді: «Дiн насихаттан тұрады». Яғни, Ислам дiнінiң тiрегi мен негiзi насихаттан тұрады десек, артық емес. Насихат айту, үгiттi де қамтиды.

3. Кiтап пен хикметтi үйретуi

Хазіреті пайғамбарға (с.ғ.с.) Алла Тағаламен тілдесу қабілеті берілген. Ол (с.ғ.с.) осындай қабiлет нәтижесiнде өзінен өзге пенденің көзі жетіп, ақылына да сыймайтын деңгейде ойлау кеңістігін меңгерген. Және оны үмметіне түсінікті тілмен жеткiзе алған. Құран-кәрім пайғамбарымызға (с.ғ.с.) берілген ерекше қасиеттi былайша баяндайды: «Алла Тағала, саған Құран мен хикметтi түсiрдi және саған бiлмегенiңдi үйреттi. Сондай-ақ, Алланың саған деген iлтипаты өте мықты» [2, 4;113]. Кiтап пен хикмет сыртқы зұлымдықтар ғана емес, адамның өзін іштей жаман оймен әуре ететін бос ниеттерден қорғайтын иләһи ғылым. Осы аят арқылы пайғамбарлардың (с.ғ.с.) iштен, сырттан келетiн зардаптардан сақтандырылатынын айқын көреміз.

Қиямет қайымға дейiн үкiмi жойылмайтын Құран мен оны дұрыс "тәпсір", түсiндірмесi болып табылатын сүннет адамзаттың кез-келген мәселесiне жауап берiп, мұсылмандар арасында сенiм мен бауырмалдықты күшейту мүмкіндігіне ие. Мiне, сондықтан сүннеттiң адам баласына берерi мол дей аламыз. Ендеше, жеке тұлғаның қалыптасып, дамуында Құран мен сүннеттiң алар орны зор. Хазіреті пайғамбар (с.ғ.с.) Ислам дінін адамзат қауымына тарата отырып, екiншi жағынан, адам баласының тұлға ретiнде қалыптасу жолын көрсеткен адамзат тарихындағы теңдессіз тұлға. 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

 

1.Шәмшат Әділбаева // Сүннет және оның анықтамалары. http://islam.kz

2.Құран-кәрім. Қазақша мағынасы және түсінігі (Халифа Алтай аудармасы бойынша). - Медине Мұнаууара. Сауд Арабия. Почта құтысы: 3561 

3. Ибн Абдул Бар «Жамил Баянил Илм  11-том , 110 б.

4. Әбу Дауыд «Сүнен» II-том, 505 б.

5. Бухари «Саханх» I-том, 132 б.

6. Elmalılı, Hak Dini, VI, 304 б.

7.Бухари «Тефсиру суре» (48) 2; Муслим «Мунафикун» 81 б.

8. Бухари «Дағуат» 3; Ибн Маже «Әдеп» 57 б.

9. Nevevi, Riyazus-salihin, VII, 592 б.

 

Айжарқын Түзелова,

«Иманғали» орталық мешiтiнiң ұстазы

Медиа

Жоғарыға