maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Сауда-саттық әдебі

Сауда-саттық әдебі

Адам баласы жалғыз Алла тағаланы танып, оған құлшылық ету үшін жаратылған. Осы жаратылыс міндетін жан-жүрегімен түсінген әрбір мұсылман әр басқан қадамында шамасы жеткенше харамнан ұзақтап, халал іспен айналысып, атқарған әрбір ісінде Жаратушы иесінің разылығын табуды мақсат етеді. Алла тағала адамзатты бір-біріне қажеттілігі түсетін әрі түрлі кәсіптерге бейім етіп жаратты. Әрбір кісі өзіндік ерекшелікке, қабілетке ие, қызығушылығы да әртүрлі. Сондықтан да қолынан іс келетін әрбір жан шамасы жететін әралуан кәсіптерді таңдайды. Алла тағала бір кәсіпті екіншісінен артық еткен, сонымен қатар ол істің шариғатқа сай болу жағын да, әрбір кәсіп иесі қандай сипатқа ие болу керектігін де баяндаған. Сол кәсіптердің бірі – сауда-саттық.

 

Бір кісі имам Мұхаммед Шайбанидан: «Фиқһ ілімінде кітап жазғаныңыздай, неліктен тақуалық жайында кітап жазбайсыз?»-деп сұрағанда, Шайбани: «Мен жалпы халыққа арнап сауда-саттық кітабын жаздым», -дейді.

Мұхаммед Шайбани (Алла оны рахмет етсін) сауда бабында құнды еңбек қалдырды, бұл – нағыз тақуалық жайлы кітап. Адамдардан ұзақтап, жалғыз өзі айдалаға кетіп, нашар киім киіп, арзан тамақ жеу тақуалық емес, керісінше, тақуалық – адамдармен қарым-қатынас жасай жүріп, харамнан ұзақтап, халалға талпыну. Себебі кісінің тақуалығы, діні дүниемен тұспа-тұс келгенде, адамдармен дүние мәселесінде қарым-қатынас жасағанда білінеді: пенде кей жағдайда саудада дүниеге қызығып, сатып алушыларды алдап-арбап, затын өткізуі мүмкін.

Әрбір кәсіп иесі өз ісін адал атқаруы тиіс. Харам істерден ұзақта болу жайлы көптеген хадистер жеткен:

 

"اتق المحارم تكن أعبد الناس وارض بما قسم الله لك تكن أغنى الناس": قال صلى الله عليه وسلم         Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Харамнан сақтан, сонда адамдардың ішіндегі құлшылығы ең көп кісі сен боласың. Алла тағаланың берген нығметтеріне разы бол, ең бай кісі сен боласың». Термизи/ 2306.

Және де Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қиямет күні жақындағанда адамдардың халал-харам мәселесіне немқұрайлықпен қарайтындығы, еш көңіл бөлместен, қорықпастан харам нәрселерді ішіп-жейтіндігі жайлы хабар берді. Бұл жайында хадисте былай делінеді:

 

قال صلى الله عليه وسلم: يأتي على الناس زمان، لا يبالي المرء ما أخذ منه، أمن الحلال، أم من الحرام"؟

«Үмметіме сондай бір кез келеді, адамдар алған нәрселеріне мән бермейтін болады, харам жолмен таптым ба не халалдан болды ма деп ойланбайтын болады». Бұхари/ 2059.

 

Бұхари мен Муслим риуаятында:

إنَ الْحَلَال بَيِّنٌ وَ إنَ الْحَرَام بَيِّنٌ وَبَيْنَهُمَا مُشَبَّهَاتٌ لَا يَعْلَمُهَنَ كَثِيرٌ مِنْ النَّاسِ فَمَنْ اتَّقَى الْمُشَبَّهَاتِ اسْتَبْرَأَ لِدِينِهِ وَعِرْضِهِ وَمَنْ وَقَعَ فِي الشُّبُهَاتِ وقع في الحرام كَرَاعٍ يَرْعَى حَوْلَ الْحِمَى يُوشكُ أَنْ يُوَاقِعَهُ أَلَا وَإِنَّ لِكُلِّ مَلِكٍ حِمًى أَلَا إِنَّ حِمَى اللَّهِ مَحَارِمُهُ أَلَا وَإِنَّ فِي الْجَسَدِ مُضْغَةً إِذَا صَلَحَتْ صَلَحَ الْجَسَدُ كُلُّهُ وَإِذَا فَسَدَتْ فَسَدَ الْجَسَدُ كُلُّهُ أَلَا وَهِيَ الْقَلْبُ

Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Ақиқатында, халал белгілі және харам белгілі, ал олардың арасында адамдардың көпшілігі білмейтін күмәнді нәрселер бар. Күмәнді нәрселерден сақтанған өз дінін, абыройын сақтау үшін одан арылады. Ал күмәнді нәрселермен айналысушы харамға да баратын болады. Өйткені ол әне-міне кіріп кеткелі тұрған қойларын қорық маңында бағып жүрген шопанға ұқсайды. Әр патшаның өз қорығы бар, ал Алла тағаланың қорығы – тыйым салған нәрселері. Ақиқатында, адам денесінде бір кесек ет бар, ол жақсы болса, бүкіл дене жақсы болады. Ол жаман болса, бүкіл дене жаман болады, біліп қойыңдар, ол – жүрек». 

Хадисте айтылғандай, кісі дінін, абыройын сақтау үшін күмәнді істерден ұзақтау керек болса, ендеше біз Алланың азабына душар ететін ашық харамнан қалайша сақтанбаймыз?! Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниенің соңынан қуып, мал-мүлік жинаумен таң атырып, кеш батыратын дүниеқоңызды ақшаның құлы деп атаған.

 

   قال صلى الله عليه وسلم:   

"تعس عبد الدينار والدرهم، والقطيفة والخميصة، إن أعطي رضي، و إن لم يعط لم يرض"

«Динар мен дирһамның, киім-кешектің құлы зиянға ұшырады, егер оған дүние берілсе разы болады, берілмесе разы болмайды». Бұхари/2886.

Әрбір мұсылман қауіп-қатерден, Алла тағаланың азабынан сақтану үшін халал мен харам мәселесін жақсы білуі шарт. Сонымен қатар адамдардың малын айламен жеудің үлкен күнәлардан екенін білуі – уәжіп.

Алла тағала сауда-саттықпен айналысуға рұқсат берген, дегенмен онда әрбір ісінің адал болуын міндеттеді. Екі тарап разы болғанда ғана сауда адал болады, мәжбүрлікпен жасалған не айла араласқан сауда – харам үкімінде.

 

يَاأَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا تَأْكُلُوا أَمْوَالَكُمْ بَيْنَكُمْ بِالْبَاطِلِ إِلَّا أَنْ تَكُونَ تِجَارَةً عَنْ تَرَاضٍ مِنْكُمْ

Құран Кәрімде «Ей, мүміндер! Өзара малдарыңды бұзықтықпен жемеңдер. Бірақ өз ризалықтарыңмен саудаласу басқа» делінген. Ниса, 29.

 

         "التاجر الصدوق الأمين، مع النبيين و الصديقين، و الشهداء"قال صلى الله عليه وسلم:   

Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) адал, шыншыл саудагерді мақтаған әрі қиямет күнінде дәрежесінің ұлық болатынын сүйіншілеген. «Шыншыл саудагер (қиямет күнінде) пайғамбарлармен, шыншылдармен, шәһидтермен бірге болады». Термизи/1209.

 

قال صلى الله عليه وسلم: "يا معشر التجار!!" فاستجابوا لرسول الله صلى الله عليه وسلم ، و رفعوا أعناقهم و أبصارهم إليه، فقال لهم: "إن التجار يبعثون يوم القيامة فجارا إلا من اتقى الله، و بر، وصدق"

Бір күні Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабаларымен мешіттен шығып келе жатып, саудамен айналысып жатқан адамдарды көрді де: «Ей, саудагерлер!»-деді. Барлығы мойнын созып, назар аударды. «Расында, саудагерлер қиямет күні күнәһар болып тіріледі, тек Алладан қорқып, тақуалық жасап, шыншыл болғандар бұдан тыс»,-деді. Термизи/1210.

Саудагерлердің ішіндегі ең шектен шыққан бұзғыншылары – затын өткізу мақсатында айыбын жасырып, Алла атымен жалған ант ішкендер. Болмашы, өткінші дүниеге жету үшін, Алла тағаланың ұлылығынан, азабынан сескенбестен, осындай іс-әрекетке барады. Олар – сондай бишаралар, дүние-ақыретте бақытсыздыққа ұшырағандар.

 

         قال صلى الله عليه وسلم: "ثلاثة لا ينظر الله إليهم يوم القيامة، و لا يزكيهم، و لهم عذاب أليم" قلنا "من هم يا رسول الله؟ فقد خابوا، و خسروا!!" فقال صلى الله عليه وسلم : "المنان، والمسبل إزاره، والمنفق سلعته بالحلف الكاذب"

Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла тағала қиямет күнінде үш кісіге назар аудармайды, күнәлардан тазартпайды, әрі оларға қатты азап дайындаған»,-деді. Сонда сахабалар: «Ей, Алланың Елшісі, ол қасіретке ұшырағандар кімдер?»-деп сұрады. Ол (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Берген нәрсесін міндет етушілер, тәкаппарлықпен шалбарын сүйретіп жүрушілер және жалған ант ішіп, табыс табушылар»,-деп жауап берді. Сондықтан да Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) саудамен айналысатын кісілерге көп садақа берулерін өсиет еткен. Себебі кісі адал жолмен табыс табуға әрекет жасағанымен, өзі білмеген халде саудада кемшілік жасауы мүмкін, ал садақа беру және қателік жасағанда артынша жақсылық жасау қате-кемшіліктерді жояды.

Қайс ибн Әбу Ғараза риуаят еткен: «Бір күні Пайғамбар (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) біздің алдымызға келді, біз сатушы мен сатып алушының арасында дәнекерлік (делдалдық) жасайтынбыз.

 

قال صلى الله عليه وسلم:

"يا معشر التجار!! إن الشيطان، والإثم، يحضران البيع، فشوبوا بيعكم بالصدقة"

Ол (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ей, саудагерлер, расында шайтан мен күнә саудаға араласады. Ал сендер саудаларыңа садақаны араластырыңдар (яғни, көп садақа беріңдер)»,-деді.   

Шариғатқа сай келмейтін істерді жасаудан сақ болуы үшін әрбір мұсылман саудагерге сауда ілімін үйренуі – парыз айн. Бұл жайлы Омар (Алла оған разы болсын) былай дейді:

قال عمر بن الخطاب رضي الله عنه : » لا يتجر في أسواقنا إلا من قد فقه في دينه، وإلا أكل الربا

«Базарда дінінде факиһ болмағандар (сауда ілімін білмейтін) саудамен айналыспасын, әйтпесе өсім жеп қоюы мүмкін».

 Мүміннің миғражы саналатын намаздың, Алла тағала «Тек мен үшін орындаңдар» деген оразаның шарты мен рүкіндері болғаны секілді, саудагерліктің де шарттары мен рүкіндері бар. Мұсылман кісі осы шарттарды орындауы тиіс.

Сауда ілімін жетік біліп, соған сай амал жасаған мұсылман саудагерлер мынадай сауаптарға ие болады: Алла тағаланың бұйрықтарына бойсұнған, Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннетіне ілескен, парыз айнға амал еткен, Алладан қорқып харамнан сақтанған, пенделердің ақыларын жемеген, өз ақысын сақтаған, Аллаға тәуекел еткен, жанұясын өзгелерге қол созудан сақтаған болады.

Әлбетте бұл сауаптардың барлығына сауда ілімін жетік меңгеріп, соған амал еткен мұсылмандар ие болады.

 

Абышев Әскен

 

Медиа

Жоғарыға