maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Адамның жасы үлкен мұсылмандарға құрметі қандай болу керек?

Адамның жасы үлкен мұсылмандарға құрметі қандай болу керек?

Өзіңізден жасы үлкен кісілерді құрметтеңіз әрі оларды қадірлей біліңіз. Олармен бірге болғанда, оң жақтарында және бір-екі қадам артта жүріңіз. Үйге кірерде не шығарда оларға жол беріңіз. Кездескенде бірінші сәлем беріп, ілтипат көрсетіңіз. Сөйлерде алдарын орай кетпестен, алдымен сөз бастауларына мүмкіндік беріңіз де, сөздеріне құлақ салыңыз. Егер бір мәселе бойынша пікіріңізді білдірмек болсаңыз, әдеппен, жұмсақтықпен ойыңызды жеткізе біліңіз, олармен жұмсақ, бәсең дауыста сөйлесіңіз. Өзіңізге қаратпақ болғанда не шақыруды қалағаныңызда да әдептен аспаңыз. Енді осы көркем тәрбиеге үндейтін кейбір хадистер мен асарларға тоқталайық.

 

Ағалы-інілі бір мәселе жайында хабар беру мақсатында Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алдына келді. Бірі үлкен жаста болатын, кішісі сөз бастамақ болғанда Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Үлкенге құрмет көрсет»,-деді. Яғни оның бірінші сөйлеуіне мүмкіндік бер дегені. Бұхари мен Муслим риуаяты.

قال سيدنا رسول الله صلّى الله عليه و سلم : " ليس منّا من لم يجلّ كبيرنا، و يرحمْ صغيرنا، و يعرفْ لعالمنا حقّه"

Сондай-ақ Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Үлкендерімізді құрметтемеген, кішілерімізге ізет көрсетпеген және ғалымдарымыздың ақысын білмеген бізден емес»,-деген. Бұл хадисті имам Ахмад, Хаким және Табарани Убада ибн Самиттен (Алла оған разы болсын) риуаят еткен.

Екі дүние мырзасы – Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үлкендермен сөйлесу, бірге отыру, үлкенге жол беру әдебіне ерекше көңіл бөліп, жасы кішілерге үйреткені хадистерде айтылған.

أَتَيْنَا النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، وَنَحْنُ  شَبَبَةٌ  مُتَقَارِبُونَ، فَأَقَمْنَا عِنْدَهُ عِشْرِينَ لَيْلَةً، فَظَنَّ أَنَّا اشْتَقْنَا أَهْلَنَا، وَسَأَلَنَا عَمَّنْ تَرَكْنَا فِي أَهْلِنَا، فَأَخْبَرْنَاهُ، وَكَانَ رَفِيقًا رَحِيمًا، فَقَالَ : " ارْجِعُوا إِلَى أَهْلِيكُمْ فَعَلِّمُوهُمْ وَمُرُوهُمْ، وَصَلُّوا كَمَا رَأَيْتُمُونِي أُصَلِّي، وَإِذَا حَضَرَتِ الصَّلَاةُ، فَلْيُؤَذِّنْ لَكُمْ أَحَدُكُمْ، ثُمَّ لِيَؤُمَّكُمْ أَكْبَرُكُمْ

Ұлы сахаба Мәлик ибн Хуайрис (Алла оған разы болсын) былай деген: «Біз Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алдына бардық. Бірге барған жолдастарыммен жасым шамалас болатын. Ол кісінің алдында жиырма күндей болдық. Ол (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өте мейірімді әрі жұмсақ кісі болатын, бізді сағынатын қауымы бар деп ойлап, бізден олар жайлы сұрады. Біз кімдерді қалдырып келгенімізді айттық. Сонда Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Жанұяларыңызға қайтыңыздар және олармен бірге болыңыздар. (Менен үйренген нәрселеріңізді) үйретіңіздер және (үйренгендеріне амал етулерін) бұйырыңыздар. Намаз уақыты кіргенде, біріңіз азан айтып, жасы үлкеніңіз имамдыққа шықсын»,-деді». Бұхари мен Муслим риуаяты.

Хафиз ибн Ражаб Ханбали Абулхасан Әли ибн Мубарак Кархидың (487 һижрада өмірден өткен) өмір жолынан мына бір оқиғаны баяндап берді: «Абулхасан Әли ибн Мубарак Кархи өз заманында ханбали мазһабының ғұламасы, имамы, факиһі әрі қазысы болған Әбу Яғла Ханбалидың шәкірті болатын. Сол кісі былай деді: «Бір күні мен ұстазым Әбу Яғламен бірге келе жатыр едім, кенеттен ұстазым менен: «Сен ұлы деп есептейтін тұлғаңмен бірге болсаң, оның қай тарапында жүресің?» - деп сұрады. Менің «білмеймін» деген сөзіме: «Оң жағында, екі кісі болып жамағат намазын оқығаныңда, имамың қай тарапта тұрса, ұлы кісінің жанында да сол көріністе болғайсың. Сол жағы бос болсын, егер ол мұрнын қақпақ болса не өзінің денесіндегі қандай да бір ластықты кетірмек болса, сол жағына қарай жасайды»,-деді».

Жиындарда табыстайтын, үлестіретін нәрселерді үлкендерден бастаған жөн. Сонан соң сүннетке сай оң жақта отырғандардан бастайды. Жоғарыда келтірілген жасы үлкен кісілерді қадірлеуге қызықтыратын хадистерден бөлек бұл тақырыпта да өте көптеген хадистер жеткен. Имам Муслим «Сахихында» «Тағам мен ішімдіктерге байланысты әдеп пен үкімдер» бабында Хузайфа ибн Яманнан (Алла оған разы болсын) риуаят етеді:

كُنَّا إِذَا حَضَرْنَا مَعَ النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ طَعَامًا لَمْ نَضَعْ أَيْدِيَنَا، حَتَّى يَبْدَأَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ، فَيَضَعَ يَدَهُ

         «Егер біз Пайғамбарымызбен (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) асқа шақырылсақ, ол кісі бастамайынша ешбіріміз тағамға қол созбайтын едік»,-дейді».

Имам Науауи (Алла оны рахым етсін) «Риязус-солихин» еңбегінің бір бабын осы тақырыпқа арнап, көптеген хадистерді келтірген. Сол баптан қысқаша үзінді келтіргеніміз артықтық етпес: «Ғұламалар мен жасы үлкендер және абзал кісілерді алдыға өткізу, олармен бірге отырғанда, оларға көңіл бөлу әрі мәртебелерінің жоғары екенін әрдайым есте тұту» бабы: Алла тағала айтады:

قُلْ هَلْ يَسْتَوِي الَّذِينَ يَعْلَمُونَ وَالَّذِينَ لَا يَعْلَمُونَ إِنَّمَا يَتَذَكَّرُ أُولُو الْأَلْبَابِ

«Оларға: «Білгендер мен білмегендер тең бола ма?»-де. Шын мәнінде ақыл иелері ғана үгіт алады» (Зумар, 9-аят).

يؤمً القوم أقرؤهم لكتاب الله ، فإن كانوا في القراءة سواء فأعلمهم بالسنة، فإن كانوا في السنة سواء فأقدمهم هجرة، فإن كانوا في الهجرة سواء فأقدمهم سنًا 

Әбу Масғуд Уқба ибн Әмр әл-Бадри әл-Ансариден риуаят етіледі: «Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Жамағатқа араларындағы Құранды ең дұрыс оқитыны имамдық етеді. Құран оқуда барлығы тең болса, сүннетті ең жақсырақ білетіні имамдыққа өтеді. Сүннетті білу жағынан да барлығы тең дәрежеде болса, алдынырақ хижрет жасағаны тағайындалады. Ол жағынан да тең болса, жасы үлкенірегі имамдық етеді». Муслим риуаяты.

عن عبد الله بن مسعود رضي الله  عنه قال: قال رسول الله صلّى الله عليه و سلم : "ليلني منكم أولو الأحلام و النُّهَى، ثم الذين يلونهم، ثم الذين يلونهم، ثم الذين يلونهم"

Ибн Масғұдтан (Алла оған разы болсын) риуаят етіледі:

«Намазда маған ең жақын тұратындар – балиғатқа жеткендер және парасаттылар, содан соң одан кейінгілер, сосын одан кейінгілер, сосын одан кейінгі дәрежедегілер».

عن جابر رضي الله عنه أن النبيي صلى الله عليه وسلم  كان يجمع بين الرجلين من قتلى أحد، يعني في القبر، ثم يقول: أيهما أكثر أخذأَ للقرآن؟ فإذا أشير إلى أحدهما قدّمه قي اللحْد.

Жабирден (Алла оған разы болсын) риуаят етіледі: «Пайғамбарымыз (Алланың сәлемі мен игілігі болсын) соғыста шаһид болғандарды екі-екі кісіден қабірге қоярда Құранды көбірек жаттағанының бірінші қойылуына мән берді». Бұхари риуаяты.

عن ابن عمر رضي الله عنهما أن النبي صلّى الله عليه وسلم قال: أراني في المنام أتسوّك بسواك فجاءني رجلان أحدهما أكثر من الآخر، فناولت السّواك الأصغر، فقيل لي: كبّرْ، فدفعته إلى الأكبر منهما.

Ибн Омардан (Алла әкесі екеуіне разы болсын) риуаят етіледі: «Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деді: «Мен түсімде мисуак қолданып жатқанымды көрдім. Бір кезде алдыма екі кісі келді, олардың бірінің жасы үлкенірек болатын. Мен мисуакты жасы кішісіне ұзатып жатқанымда, маған «Үлкеніне бер» делінді. Мен жасы үлкеніне бердім»,-деді». Муслим риуаяты.

         و عن أبي موسى الأشعري رضي الله عنه قال: قال رسول الله صلى الله عليه و سلم: إن من إجلال الله تعالى إكرام ذي الشيبة المسلم, و حامل القرآن غير الغالي فيه و الجافي عنه, و إكرام ذي السلطان المقسط”.

Әбу Мұса әл-Ашғаридан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте былай делінеді: «Сақал-шашы ағарған мұсылманды, Құран жаттап, оған амал етуде шектен шықпаған және амал етпестен тастап та қоймаған қариды және де әділетті сұлтанды құрметтеу, оларға ілтипат көрсету Алланы ұлықтағанының белгісі болады». Әбу Дәуід риуаяты. Хадистің дәрежесі – хасан.

         عن أبي سعيد سمرة بن جندب رضي الله عنه قال: لقد كنت على عهد رسول الله صلى الله عليه وسلم غلاما، فكنت أحفظ عنه، فما يمنعني من القول إلا أن ها هنا رجلا هم أسنً مني.

Әбу Сағид Самура ибн Жундуб (Алла оған разы болсын) былай дейді: «Мен Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) заманында жасым кіші бала болатынмын. Одан (Құран және хадис) жаттайтынмын. Пайғамбарымыздың (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) алдында жасы менен үлкен кісілердің барлығы мені сөйлеуден тосатын». Бұхари мен Муслим риуаяты.

Кейбіреулер оң жақтан бастауға қызықтыратын хадистерді бұрыс түсініп, тағам және сыйлықтар кім екендігіне қарамастан оң жақтан берілуі керек деп есептейді. Бұл үкім отырғандардың барлығы жаста, ілімде, артықшылықта тең болғанда ғана жүзеге асырылады.

Имам ибн Рушд (Алла оны рахым етсін) өзінің танымал «Әл-баян уат-тахсил» еңбегінде былай дейді: «Егер бірге отырғандардың мәртебелері тең немесе теңдес болса, әдепке сай болу үшін тағам және сый-сияпаттарды үлестіру оң жақтан басталады»,-дейді.         

Осылайша, барша маңызды істерде бірінші орынға жасы үлкендер мен абзал ажамдарды, ілімділерді қою сүннет амалдарынан болып саналатынына көз жеткіздік.

Абышев Әскен

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « Қонаққа бару әдебі Сауда-саттық әдебі »
Жоғарыға