maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Дәстүрлі емес діни ағымдар және олармен қалай күресу керек?

Дәстүрлі емес діни ағымдар және олармен қалай  күресу керек?

Экстремистік  жат ағымдар  лаңы – қазақ мәдениеті тарихында бұрын-соңды болып көрмеген қасіретті құбылыс. Бұл – тек біздің еліміздің болашағына қауіп төндіріп тұрған жағдай ғана емес, күллі әлем халқын алаңдатып отырған ғасыр дерті. Осымен байланысты бүгінгі таңда экстремизмнің алдын-алу, оған қарсы күрес қимылдары мен әдіс-тәсілдерін тиімді ұйымдастыра білу еліміздегі көкейтесті мәселелердің бірі болып отыр.

 

Бұл ретте Елбасымыз Н.Назарбаев 2012 жылғы 14-желтоқсандағы халыққа жолдауының «ХХІ ғасырдағы Қазақстандағы дін»  атты (алтыншы) тарауында «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес діни және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі өмірге жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені,  біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз», – деп ел тұрақтылығына сызат түсіретін қоғам шындығын ашып айтқан еді.  

Расында, ұлттың салт-санасын қиратуды көздей келген жат ағымдар жетегіне еру – жекелеген адамның қателігі ғана емес, ұлттың тағдырына қатысты тағдыр шешті жайт. Оның себебін Елбасымыздың өзі де көрсетіп, ел назарына ұсынған-ды: «Діни таңдауға өте үлкен жауапкершілікпен қарау керек, өйткені, адамның өмірлік салты, тұрмысы, көп жағдайда бүкіл өмірі соған байланысты». Демек, біз қандай халық болсақ, онда Ислам дінінің де шарапаты бар деген сөз. Қала берді, қазақ халқы 400 жыл хандығын сақтай білген текті, рухты ел бола білсе, ол бірлікке үндейтін қазақ өміріндегі Ислам дінінің ықпалымен тікелей байланысты. Әйтпесе, іштей жік-жікке бөлінген, діни сенімі әлсіз елдің сыртқы жау шабуылына тойтарыс беріп, елін, жерін сақтап қалуы қиын жағдай. Бір қынжылтатыны тұлпарына доңыздың басқан шөбін жегізбеген елдің ұрпағының «Біз – мұсылманбыз, оның ішінде Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын сүнниттерміз. Бабаларымыз ұстанған бұл жол ұлттық салт-дәстүрді, ата-ананы сыйлауға негізделген», - деген сөзді ескермей, кей жастардың жат ағым соңында жаттанып бара жатқаны.

Осы орайда елді елеңдеткен экстремизммен күрес ісін жолдау нұсқаған ретпен шешудің маңызы зор. Қазақ отбасын ойрандап, ұлт бірлігіне қол сұққан діни алауыздықтан шығудың бірден-бір жолы – бабалар ұстанған салт-дәстүрге оралу. Жолдаудың түйіні осыған саяды: «Бүгінгі ұрпақ әлемдегі ең ізгі дін – Ислам дінін қадірлей отырып, ата дәстүрін ардақтағаны абзал. Соқыр фанатизм біздің бейбітсүйгіш халқымыздың психологиясы мен діліне мүлде жат. Ол Қазақстанның мұсылмандары ұстанатын Ханафи мазһабына қарама-қайшы».

Ел басшысының сөзіне тереңірек зерделесек, Ислам ата дәстүрімізбен қатар аталып отыр. Өйткені, ол – сандаған ғасырлар бойы ұлттық санамызға  сіңісіп, біте қайнасқан дін. Ол қазақтың дүниетанымдық көзқарасының негізі  еді десек, артық айтпағанымыз. Елбасымыздың «бейбітсүйгіш халқымыз» деген қолданысының өзі – мұсылмандық сананың жемісі. Нақты айтқанда, халқымыздың бейбітсүйгіштігі – Исламнан тараған түсінік. Дәлелін төмендегі Құран аяты көрсетеді: «...Бүлік шығару – адам өлтіруден де ауыр (күнә)...» («Бақара­» сүресі, 217). Бұл – бір. Екіншіден, Исламды «ең ізгі дін» атаудың да астарында ислами ұстаным жатыр: «Алла құзырындағы дін тек Ислам ғана» («әли-Имран» сүресі, 19-аят), «Кімде-кім Исламнан басқа дін іздесе, әсте одан қабыл етілмейді де, ақыретте зиянға ұшыраушылардан болады» («әли-Имран» сүресі, 85-аят). Міне, осыдан-ақ, біз бүгінде ат-тонымызды ала қашып жүрген Ислам дінінің ұлттық болмысымызға сіңіп кеткен құндылық екенін байқаймыз. 

Шынында, «Алла – бір, пайғамбар – хақ» (Абай) деген халқымыздың дін ұстануы  тіл, сөз төңірегінде қалып қоймаған, ділімен қабылдаған. Ұлттық санаға сіңген Ислам дінінің сипаттары халқымыздың кісілік қарым-қатынас (туыстық, қандастық сыйластық), салт-дәстүр, әдет-ғұрып жоралғылары мен адамгершілік (мінез-құлық) болмысында көптеп кездеседі. Немесе Ислам діні мәдениеті қазақ халқының мінез-құлқы, тұрмыстық, салттық өмірінде кездеседі. Біз бұл мақалада халық болмысы мен Ислам діні сабақтастығына  тоқталуды жөн санадық.

Айталық, Ислам діні – бауырмалдықты, яғни барша адамзат баласының тату, достығын алға қоятын дін. Алла Тағала мұсылман үмбетінің біртұтас бірлікте және мызғымас ынтымақта болуы үшін: «Барлықтарың Алланың жібіне жабысыңдар да, одан бөлінбеңдер» («Әли Имран», 103), – деген аяттты түсірген. Ал, қазақ халқы – қарға тамырлы қазақ деп, қандас бауырын сүюдің, оған қолдау білдіріп, қандастық ақысына адалдық таныта білген ел. Қазақ топырағында жесірдің қаңғып, жетімнің жыламауы – халық бойындағы имандылықтың айғағы.

Сол сияқты халық салтында «жылу» дәстүрі болған. Жылу дегеніміз –тұрмыстық жағдайы ауырлап, қиындыққа душар болған адамға көрсетілетін жәрдемнің бір түрі. Мұндай жәрдем жұт болып, малы қырылғанда, үй-жайы өртеніп, баспанасыз, киім-кешексіз қалғанда, шектен тыс қарыздар болғанда жеке адамға туған-туысқандары, көрші-қолаңдары, ауылдастары тарапынан көрсетілген. Жылу ақшалай, заттай, мал, т. б. түрінде берілген. Жылу ағайын арасындағы адуынды ақсақалдардың немесе ауылдың беделді адамының айтуымен жиналған. Мүмкіндігі бола тұрып, жылуға қосылудан бас тартқан ағайын-туыс ру ішінен қуылып, аластатылатын. Мұндай жазаға кесілгендер өз руының тарапынан жанашырлық жақсылық дәмете алмайды. Өйткені ондай құқықтан айырылған болып саналады. Оларды кез келген қарақшы аяусыз тонап кете алатын.

 Дәстүрдің мәнісі – халықтың қиналған адамды қараусыз қалдырмас көпшіл, азаматтығының көрінісі. Әлбетте, бұл –  пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетінен сарқыт боп сіңген сана. Ортасын жомарттығымен, адалдығымен тәнті етіп, «сенімді» тұлғаға айналған пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мінезі Ислам дінінің айнасындай болды. Ол Пайғамбарды (с.ғ.с.) риза еткен Ислам тарихындағы «Ансарлар» жасаған қайырымдылықтың тууына түркі болды. Нақты айтсақ, 622 жылы   Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) қолдап, Меккеден Мәдинаға көшіп барған мұсылмандарға жәрдем берген «Ансарлардың» ерлігі кейін халқымыздың өмірінде «Жылу» дәсүрі ретінде көрініс тапты.

Сондай-ақ, үйге келген кез келген адамға міндетті түрде қонақасы беру, қызмет сұрап, қалағанын беру – қонақжай қазақ салтының бірі. Егер үй иесі қонаққа құрмет көрсетуден бас тартса, әлгі бейтаныс жолаушы үй иесінің үстінен биге барып, шағым айтуға құқықты болған. Ал, би қонақжайлылық әдет-ғұрыпты бұзған үй иесіне ат-тон айып салатын. Әдетте, мұндай келеңсіз оқиға қазақ арасында өте сирек ұшырасқан.

Қазақтарда ежелден келе жатқан әдет-ғұрыптың бірі – дәм ауыз тию. Үйге бас сұққан кез келген адамды дәмнен ауыз тигізбейінше жібермейтін — «Қуыс үйден құр шығармайтын».

Өнегелі әдет-ғұрыптың бірі – ерулік беру. Басқа жақтан жаңадан көшіп келгендерді оның туған-туыстары немесе көршілері арнайы дастарханға шақырып, ерулік тамақ беретін болған. Бұл арқылы көшіп келген туыстарына немесе көршілеріне деген ыстық ықыласы мен ізгі ниетін білдірген. Ал көшіп келгендер жаңа қонысқа тез үйреніп, оңдағы адамдармен жақсы қарым-қатынас орнатуға ықыласты болатын.

Қазақ даласында кеңінен таралған әдет-ғұрыптардың бірі - қалау. Үйге келген қонақтың сол үйдегі өзіне ұнаған заттың кез келгенін қаладым деп айтуына болады, ал үй иесі ол затты міндетті түрде беруі тиіс. Мұның өзі де адамдар арасындағы достық қарым-қатынастың негізін қалайтын. Анасы аман-есен босанып, дүниеге жас нәресте келген соң  әдет-ғұрып бойынша кіндік шеше де өз қалауын айтып, ұнаған нәрсесін алған.

Қымызмұрындыққымыз ашыту маусымының басталуына байланысты әдет-ғұрып. Ауыл адамдары бірін-бірі шақырысып, қымыз ішер алдында арнайы дастарханнан дәм ауыз тиген. Қымызмұрындыққа шақырған үй иелеріне ауыл ақсақалдары ақ батасын береді.

Қазақ даласында жұртшылық деген әдет-ғұрып та кеңінен тараған. Оның мәні белгілі бір себеппен бөлшесінен қарызға батып, оны төлеуге жағдайы жоқ туысқан адамға рулас ағайын-туғандарының көмек көрсетіп, қарызынан құтылуына көмектесуі болып табылады. Мұндай көмек ауыл ақсақалдары кеңесінің шешімі бойынша көрсетіледі. Қазақтардың ауызбірлігінің, өз жақындары мен туыстарына жанашырлықпен жәрдем жасауының бір көрінісі міне осындай.

Дала тұрғындарының дәстүрлі әдет-ғұрыптарының бірі — асар. Онда ауыл тұрғындары ешқандай ақы алмастан бірлесе жұмылып, біреудің белгілі бір жұмысын бітіріп береді. Мәселен, олар біреудің қысқы баспанасын немесе мал қорасын салып беруге, сондай-ақ құдығын қазып беруге жұмыла көмектеседі. Асар ауылдас отырған рулас адамдардың туысқандығы мен ынтымақ бірлігінің жарқын көрінісі болып табылады. Асарға шақырылғанда оған бармай қалу әдепсіздік саналатын. Қазақтар XX ғасырдың бас кезінде осы әдет-ғұрыпты пайдаланып көптеген жерлерде зайырлы мектептер және мешіттер салып алды.

Әрбір қазақ суға кетіп бара жатқан адамға жәрдем қолын созуға, қиналған адамның өтінішін орындауға, шөлдеген адамға сусын беруге міндетті. Рулас адамдар жоғалған немесе ұрланған малды бірлесе іздеген. Дала тұрғыны өте-мөте мұқтаж, кейінге қалдыруға болмайтын шұғыл міндетті орындау қажеттігі туған жағдайда кез келген қазақтың жылқы қосынан ат ұстап мініп кете беруге құқықты болған. Бұл үшін ат иесінен рұқсат сұрау міндетті емес-ті. Ондай кезде көлік беруден бас тартқан адамға ат-тон айып салынған және ол туралы жағымсыз пікір қалыптасқан.

Міне, бұл деректер қазақ халқының ұлттық санасы мен болмыс-бітімі Ислам шариғатынан тұратынын көрсетеді. Исламды білмеу – ұлт тарихын білмеумен тең. Егер сенімде шектен шыққан адасқан бауырлар халық ғұрпын тәрк етіп, жоққа шығарса, ол – ғұрыппен өмір сүруді бұйырған Алла Тағала әміріне қарсылық танытқаны.

خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ ﴿١٩٩﴾

«(Мұхаммед) кешірім жолын ұста және оларға туралықты әмір ет. Сондай-ақ білместерден бет бұр» (Ағраф-199)

Яғни аятта ғұрып дегеніміз туралық деп тұр. Сол үшін әрбір қазақ ата салтын туралықтың туы деп түсініп, ұғынып сол жолды ұстаса дінді ұстанған болады.

Егер ұрпағымыз Ислам сынды ізгі діннен нәр алған ұлттық болмысымыз бен халықтық тәрбиемен тәрбиеленсе, ұлт дәстүріндегі мұсылмандық   әдеп пен ибаны меңгерсе, ол жастың санасы Елбасымыз айтқандай сыртқы пікірге қайырылмас қорғанышқа (иммунитет) ие болар еді, экстремизмнің лаңынан алыс жүрер еді.

Қорыта келгенде, жат ағыммен күресуді ұлттық дәстүрімізді ұлықтаумен толықтыра білсек, оның нәтижесінің де жемісті болары сөзсіз.

 

 «Әт-тақуа» мешітінің бас имамы

Тілеуов Өсімхан Аманбай ұлы

Медиа

Жоғарыға