maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Пайғамбардың (с.ғ.с.) көркем мінезі – ұлттық болмыс өлшемі

Пайғамбардың (с.ғ.с.) көркем мінезі – ұлттық болмыс өлшемі

Бір Аллаға сыйынып, адалдықты пір тұтқан қазақы қоғамнан жаттанған жастар – елдігімізге сын, дәстүрімізге таңба, дінімізге жағылған күйе. Өйткені ұлттық сана мен дін – үшеуі халық болмысының ажырамас діңгегі. Сіз оның біреуін жоққа шығарсаңыз – барлығын түгел мойындамағаныңыз. Мысалы, бес парыздың өзінен кейінгі төртеуіне негіз болатын – иман, имандылық, яки дініміздің негізгі ұстанымы болса, ол – біздің халықтың дәстүрінің өзегі. Біз бұл мақаламызда ата мінез – ұлттық болмысымыздың кейбіріне тоқталып өтуді жөн көріп отырмыз.

 

Халық болмысының, ұлттық мінез-құлқының ардақты пайғамбардың (с.ғ.с.) көркем мінезіне сай келуі асыл дініміздің қазақ санасының ажырамас бөлігі екенін көрсетеді.

Кешірімшілдік – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ең ізгі қасиеттерінің бірі. Алла Тағала Құранда: «Сен кешірімділік жолын ұстап, жақсылық әкелер істі әмір ет! Надандарға көңіл бөлме! (Ағраф, 199) – деген. Кешірімділік – қазақ халқының қанында бар мінез. Оны халық нақылдары көрсетеді:  «Алдыңа келсе, атаңның құнын да болса кеш», «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ», «Ат айналып қазығын табар», «Кішіпейілділіктен кішірейіп кетпейсің», т.б.

Шыншылдық. Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) мойындағысы келмеген туған қоғамы оған қанша «сиқыршы», «сәуегей» дегенімен, ешқайсысы өтірікші деп айтуға негіз таппаған еді. Осыған байланысты пайғамбарлық келгенге дейін-ақ  «әл-әмин» шыншыл деген атқа ие болған еді. Тіптен Ислам дінінің ата жауы әбу Жәһилдің өзі «Мұхаммед! Мен сені өтірікші демеймін» деген (Асры Сағадат, 2, 108).

Ал, енді қазақ халқының өтірік сөзге деген көзқарасы қандай десеңіз, бабасынан қалған сөзіне қараңыз: «Өтірікшінің шын сөзі зая кетеді», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ», «Өтіріктің құйрығы – бір-ақ тұтам», «Жыртық үйді жел табар, Өтірік сөзді шын табар», «Бал тамған өтіріктен Қан тамған шындық артық», «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – бес дұшпаның білсеңіз», т.б.

Уәдеге беріктік. Алла Тағала Құран Кәрімнің Рағыд сүресі, 20-аятында «Олар – Аллаға берген уәдесін орындағандар және берген сөздерінен айнымағандар» деп, уәдеде тұрғандарды мадақтайды. «Берген уәделеріңді және жасасқан келісім-шарттарыңды орындаңдар. Өйткені уәде беру жауапкершілікті міндеттейді» (Исра, 34) деп, уәдеде тұру жауапкершілігін баян еткен. «Мінезі – Құран» саналатынпайғамбарымыз (с.ғ.с.) қандай қиын жағдайда да Құран бұйрығына сай уәдеге ерекше мән беріп, «Сабыр ет! Біз берген сөзімізден айнымаймыз. Алла Тағала саған шығар жолды көрсетеді» (Бұқари, Сұлх,7), және «Жоқ, біз берген сөзге берік болуымыз керек. Біз тек Алладан көмек сұраймыз. Оның көмегі біз үшін жеткілікті» (Мүслим, Жиһад, 35), – дейді.

Қазақ халқы уәдеде тұруды жігіттік, ерлік деп есептеген.  «Уәде – құдай аты» деп, айтылған сертте тұрмау сүйекке таңба, намысқа шіркеу түсіреді деп түсінген. «Уәдені бұзу – ұяны бұзумен тең», «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені, емен ағаштың иілгені –  сынағаны» деп, сертке берік болуды аманат еткен.

Жомарттық – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үмбетке мирас болған ең игі қасиеттерінің бірі. Бір күні пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жайлауда ешкілерін санап жүргенде бір кісі келіп, бірнеше ешкі сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған ешкілерін отарымен бере салады. Сол кісі кейін қауымына барып: «Барлығың мұсылман болыңдар. Мұхаммедтің жомарттығы соншалық – кедейліктен еш қорықпайды», – деген екен.

Қазақ халқының жомарттық қасиетіне кеңпейіл қонақжайлығы,  жолда жүрген жолаушыға астына мінген атын түсіп берген меймандостығы, «ат- шапан айыбым» деп реніштен сыйластықты артқ көрген мәрттігі мысал бола алады. Осы ретте халық сөзі «Ақ көңілдің аты арып, тоны тозбас», «Жомарт бергенін айтпас, Ер айтқаннан қайтпас», «Жомарт жоқты білмес», «Шын жомарт жоқтығын білдірмес», «Кең болсаң – кем болмайсың!» деп, көңілдің кеңдігін жоғары бағалаған.

Бауырмалдық. Адамзатқа жіберілген Ислам дінінің Елшісі пайғамбар (с.ғ.с.) өзінің адамзат баласына бауыр екендігін былай білдіреді: «Мен лағнет айту үшін жіберілмедім. Мен тек Алланың құлшылығына шақырушы және рахмет ретінде ғана жіберілдім. Аллам, қауымымды тура жолға сал, өйткені олар ақиқатты білмейді» «Мен қызылға да, қараға да пайғамбар болып жіберілдім» (Мүслим Мәсажид, 3,251).

Ал, қазақ халқы болса «Қарға тамырлы қазақ», «Кекшіл болма, көпшіл бол», «Ағасы бардың – жағасы бар, інісі бардың – тынысы бар» дейді осы ретте. «Досы көпті жау алмас, ақылы көпті дау алмас». Бұл – дана халқымыздың бауырмалдық, достық, қандастық хақындағы өнегелі сөздері. Бауырмалдық – қазақ халқының ішкі-сыртқы бірлігін нығайтып, ғасырлар бойы елдігін сақтауға ықпал еткен асыл қасиеттердің бірі. Себебі, Ислам діні сынды мәңгілік діннің мұраты да ұлттың мәңгілік бақыты еді. 

Міне, пайғамбар (с.ғ.с.) көркем мінезінен бастауын алған ұлттық мінез, болмыс-бітіміміз қашан да елдігіміздің ұстыны болған. Нақты айтқанда, ұзақ жылдар бойы хандығын сақтап, дербес мемлекет болып өмір сүруіне ықпал еткен. Олай болса, бүгінгі таңда елдің іргесін шайқалтуды көздеген жау ниетті жат ағымдарға қарсы тұрудың бірден-бір жолы – көз жазып қалған намысты ту еткен төл болмысымызға қайта оралу, қайта жаңғырту.   Қазақ баласы бір-бірін қолдап, ағасы қарындасына қорған болып жатса – бұл ұлт мерейінің де артқаны. Алла Тағала лайым сол күнге жеткізгей!

 

Өсімхан Тілеуов

Ат-Тақуа мешітінің бас имамы

Медиа

Жоғарыға