maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Қазақ даласындағы мұсылмандық мектептер тарихы

Қазақ даласындағы мұсылмандық мектептер тарихы

Мың жеті жүз отыз бірдің санасында,

Біз кірдік Руссияның фанасына...

Тұрмақта ғаділдіктің саясында (М.Дулатов).

Бұл – Жоңғардан қашып, елдігін сақтап қалғысы келген халқымыздың арманы еді. Бірақ тағдыр басқаша шешті. ХVIII ғасырдан бастап қазақ елінің құтты қонысын иемденген патша өкіметі оның рухын алу жоспарына да осы  кезден бастап кіріседі. Доңыздың басқан шөбін тұлпарына жегізбей отырған қазақ халқының шамына тимеу үшін, айлаға көшіп, мектеп, медреселер ашу  және оған қазақ балаларын тарту арқылы қызықтырады. Бастапқыда сақсына  қараған халықтың бірте-бірте сенімі оянады. Бірақ орсы отаршылдығының ең басты мақсаты Ислам дінін өркендету емес, оны халық санасынан ығыстыру болатын. Әйтпесе, 10 ғасырдан астам уақыт халқымыз тұтынған араб жазуын жойып, орыс жазуын енгізуді жоспарлы түрде қолға алмас еді. Қазақ жеріне келген миссионерлердің алғашқы жұмыстарының бірі – осы, араб әліпбиін орыс жазуына ауыстыру болды. Бүгінгі дін, тіл мәселесін тудырған саясаттың басы да – осы тұс.

 

ХІХ ғасырдың ортасында қазақ даласында мұсылман мектептері мен медреселері ашыла бастады. 1870 жылғы 16 наурыздағы ережеге сәйкес мұсылман оқу орындарына қатаң бақылау орнатылып, Н.И.Ильминскийдің жүйесі енгізілді. Бұл ереже бойынша мұсылмандық оқу орындарында орыс тілін оқыту міндетті болды және мектеп пен медреселерді ашуға орыс тілді мұғалімдер болған жағдайда ғана рұқсат берілді. Ашылған оқу орындарында балаларын оқытқысы келгендер оқу бөлімінен арнайы рұқсат куәліктерін алуға тиісті болды [1]. Осылайша, уақыт өте келе араб тілін оқыту ісіне орыс тілін оқыту ісі қосарланды және ол міндеттелді.  

Патша үкіметінің қатаң бақылауына қарамастан Дала облыстарында мұсылмандық білім беру жүйесі бойынша білім алып жатқан шәкірттердің қатары жылдан-жылға көбейді. Мәселен, 1886 ж. Жетісу облыстық әскери-губернаторына келіп түскен толық емес материалдарға қарағанда облыста 7909 бала (6157 ұл, 1752 қыз) мұсылманша білім алған. Бұл балаларға 361 молда қызмет еткен [2, 160 б.].

Ауыл жұрты көшіп жүргендіктен, сабақ жаз айларында киіз үйлерде, ал қыста жер үйлерде оқытылған. Оқу мерзімі 5-8 жылға созылып, 8 бен 17 жас аралығындағы балалар дәріс алған. Бұл оқу орындарындағы басты пән құранды жатқа үйрету болғандықтан «Иман шарт», «Шариғат ул иман» сияқты діни кітаптар оқытылды. Сонымен қатар көрсетілген мерзім аралығында шәкірттер жазуды, оқуды, есеп шығаруды меңгеруге тиісті болды.

Ауылдық мектептердің халық көп орналасқан елді-мекендегі (қалалық) мектептерден айырмашылығы болды. Ауылды жердегі мектептердегі шәкірттердің саны 10-12 ғана, тіпті одан да аз болып, оларға жергілікті молда дәріс беретін болса, ал қалалық мектептерде 50-60-тай бала оқып, оларды Ішкі Ресейден келген татар және башқұрт молдалары оқытқан.

Мұсылман мектептері оқу орындарының бастапқы сатысы болды. Бас- тауыш мектептен білім алған балалар оқуларын медреседе жалғастыра алды. Медреселерде ірі Бұқара, Стамбұл, Қазан, Уфа, Қазан, Орынбор, Троцкі, Омбы сияқты ірі қалалардан оқып келген оқытушылар дәріс берді. Шәкірттерге араб тілі, дін, риторика, шығыс әдебиетімен қатар физика, химия, астрономия, ботаника, алгебра, геометрия сияқты пәндер тереңдете оқытылды [3, 54 б.].

1890 жылы Түркістан өлкесінің мұсылман мектептеріне арнайы инспектор тағайындалды. Оқу инспекторлары облыс генерал-губернаторына және Халық ағарту министрлігіне жиі-жиі өз қарамағындағы мұсылман мектеп-медреселерінің жайы жөнінде мәлімдеме жасап тұрған. Көп жағдайда мұсылман оқу орындарында оқу жүйесі жиі-жиі бұзылып, орыс тілі сабағы оқытылмай, тек мұсылман дін және мұсылман жазу сабақтары өткізілген. 1887 жылы қарашада Ішкі Орда инспекторы А.Е.Алекторов 50 оқушысы бар қазақ мектептерін аралаған кезінде осы жәйтті анықтаған [4, 83-84 б.].

ХІХ ғасырдың 90-жылдарына қарай мұсылман оқу орындарының саны өсе бастады. Н. Сәбитовтің көрсетуінше, Жетісу болысында 1891 жылы 64 мектеп пен медреселерде 1251 шәкірттер болса, ал 1895 жылы 74 мектеп-медреселерде 9086 шәкірт, 1897 жылы 88 мектеп-медреселерде 12835 шәкірт оқыған. Ал Сырдария облысында 1892 жылы 1497 мектеп пен 35 медреселерінің 20082 шәкірті, 1895 жылы 2409 мектеп пен медреселердің 28898 шәкірті болған [5, 16–17 б.].

1911 жылы «Ғалия» медресесіндегі қазақ шәкірттерінің қаражатымен «Әліппе яки төте оқу» атты қазақша оқу кітабы жарық көрді. Осы жылы «Ғалиядағы» қазақ шәкірттерінің көмегімен Ғұмар Қараштың «Өрнек» атты кітапбы басылып шықты [6, 236 б.].

1913–1914 жылдары медреседе оқыған қазақ жастары «Садақ» атты қолжазба журнал шығарған. Журналға шәкірттердің роман, әңгіме, ертегі, өлеңдері, ескі билердің сөздері мен ішкі, сыртқы хабарлар, түрлі мақал- мәтелдер мен жұмбақтар басылып отырды. Медресе шәкірттері «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетіне де түрлі тақырыптарда мақалаларын, хабарламаларын жариялаған. 1906-1916 жылдар аралығында «Ғалия» медресесінен ғалым Т.Кәкішев көрсеткендей, жалпы 950 адам білім алып шыққан [7, 61–62 б.].

Патша үкіметі тарапынан қандай қиыншылықтар болса да мұсылман медреселерін бітірген шәкірттер қазақ даласына келіп, ауылдарда мектептер ашып, балаларды оқытты және мұсылман медресе-мектептерін ашу ісі жалғастырыла берілді. 1913 ж. «Айқап» журналының 1 санына жарияланған мақаласында М.Сералин ел арасында тәртіпті медресе-мектептердің көптеп ашылуы көңілді шаттандыратындығын атап өткен [8, 3 б.]

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басында ашылған мұсылман мектеп-медреселері мен ағартушылық қоғамдарының ағарту саласына қосқан маңызы зор. Аталған оқу орындарынан білім алған шәкірттердің кейбіреулері шет елдерде білімдерін жалғастырып, ғылым жолына түссе, ал кейбіреулері қазақ қоғамының қызметіне белсене араласып, қазақ газет-журналдары мен  оқулықтарын шығаруға белсене араласты. Қазақ ғылымының негізін қалуға ықпал етіп, руханиятымыздың дамуына да үлестерін қосты.

Алайда, кеңес өкіметінің орнауына орай қоғамға құт болған бұл жүйе келмеске кете барды. Қоғамның діннен айырылуы имансыздыққа бет бұруы секілді қасіретті дүние еді. Өкінішке қарай, қазақ халқы араб білімінен қол үзіп, 70 жылдық орыс отаршылдығының салдарынан дінінен жатырқайтын дәрежеге жетті.

Атап айтқанда, бүгінгі таңдағы жастардың жат ағымдар жетегінде кетуі – көз ашқаннан мұсылмандық санамен сусындамауы және имандылықтан мақұрым қалуынан болып отырған жайт. Буыны бекіп, сүйегі қатайған кезде Исламды іздеп келген жастар бойында ақ пен қараны ажырататын ислами білімінің болмауы адасуға әкеліп соқтыруда. Кінәліні іздеген қоғам айналып келіп, дін саласы мамандарының жұмысына тіл тигізуде. Бұл ретте шыбықты өсірген топырақты – отбасыда, одан кейінгі балабақша, мектеп сынды білім ошақтарында берілер тәрбиенің мазмұны назардан тыс қалуда. Шын мәнінде, отбасы – ұрпақ тәрбиелейтін күшті орта, қуатты қару. Оның балаға берген тәлімін мың мұғалім баса алмайтын да құдіретінің бар екенін ескерсек екен... Сонда ғана қазіргі қоғамдағы жат ағым соңынан ағылған жастар мәселесі күн тәртібінен түсер еді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. С.О. Смағұлова. Қазақстандағы мұсылмандық оқу орындары мен ағартушылық қоғамдар (ХІХ ғ. аяғы мен ХХ ғ. басы).
  2. Қойгелдиев М. Жетісудағы Ресей билігі (ХІХ ғ. – 1917 ж.). – Астана, 2004.
  3. Миропиев М.А. О положении русских инородцев. – СПб., 1901. – С. 54.
  4. Тажибаев Т. Просвещение и школы Казахстана во второй половине XIX века. – Алма-Ата, 1962.
  5.  Сабитов Н. Мектебы и медресе у казахов. – А., 1950
  6. Айқап. 1912. №10.
  7.  Кәкішев Т. Садақ. Эссе. – Алматы, 1986.
  8. Айқап. 1913. №1.

                               

Гүлбану Нұрымқызы,

филология ғылымдарының кандидаты

Медиа

Жоғарыға