maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Ислам және ұлттық ғұрып сабақтастығы

Ислам және ұлттық ғұрып сабақтастығы

Бұл қазаққа Ислам, иман керек,

Кісі өлгенде немесе түс көргенде!

Бұл бүгінгі қазақ қоғамының Ислам діні туралы көзқарасының көңіл-күйі десек, артық емес. Шындығында, үрей тудырарлық түс көргенде немесе  қиындық тарықтырған кезде мешітті еске алу – көпшілікке сіңісті сана. Оның қаншалықты қателік екені айтылса да,  жұртшылықтың көбісінің әлі де болса дінге ден қоя алмай келе жатқанын көріп келеміз. Одан, әрине, ұтылатын – асыл дін емес, біздің орта ғана. Айталық, тастанды бала, тексіз ұрпақ, от басып, опық жеген қыздар, қолына қару алып, отанын сатқан перзент  – дінді ұлық тұтпаған отбасы тәрбиесінің «жемістері». Ашығын айтқанда, дінді мойынсұнбаған адамзаттың жетер жері – осы, берекесіздік. Ал, шын мәнінде Ислам діні ұлттық дүниетанымымыздан (менталитет) бөлек, оқшау тұрған дүние емес. Ол – халық дәстүрінің діңгегі. Ұлттық салт тарихының қайсысына үңілсеңіз де, түбінен Ислам шығады... Бұл шындықты XX ғасыр басында өмір сүрген Сұлтанмахмұт ақын:

 

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең! – деп бейнелі тілмен суреттеген.  Яғни, дүниеге келген күннен бастап, дүниеден өткеннен кейінгі дейінгі адам өмірінің даму кезеңдері салт-жоралғылармен бекітіліп, бойына ұлттық дәстүр сіңіріледі.  «Пайғамбардың (с.ғ.с.) мінезі – Құран еді», – деп Айша (р.а.) анамыз айтқандай, ұлттық дәстүр дегенміміз пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеті еді. Өйткені, ғұрып ұстану – Алла Тағаланың әмірі: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет, надандардан теріс айнал» (Ағраф сүресі, 199-аят). Мұсылмандықты қанына дарытқан ата-бабаларымыз сүннетті ғұрпына енгізген.  

Шам түбіне жарықтың түспейтіні сияқты беталды Исламды жек көру, сенімсіздікпен қарау адамның дін түгілі, ұлт тарихын білмейтіндігін көрсетеді. Егер сенімде шектен шыққан адасқан бауырлар халықтың ғұрпын тәрк етіп, жоққа шығарып жүрсе, ол – ғұрыппен өмір сүруді бұйырған Алланың әміріне қарсылық танытқаны. Себебі, қазақтың дәстүрінің шариғатқа қайшы келер жері жоқ, іштей сабақтасып жатыр. Ендігі әңгімеміз сол туралы болмақ.

Ең алдымен, тіліміздегі әдет-ғұрып, дәстүр сөздерінің мағынасына зер салып көрейікші. Қазақ тіліндегі «дәстүр» сөзі арабтың «дустур»,  «ғұрып» арабтың «әл-ғурф», «әдет» сөзі арабтың «әл-аада» сөздерінен  шыққан. Осынау дәстүр, салт отбасында өтеді десек, қазақ халқы текті ұрпақ тәрбиесі жолындағы ең алғашқы қадамды текті жермен құдандалас болып, қыз алудан бастаған.

Үйленіп, отау құру – Құранда баян етілген Алла Тағаланың бұйрығы:  «Біз сендерді жұп-жұп қылып жараттық» (Нәбә сүресі, 8-аят).Сондай-ақ, пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеті: ..Үйленіңдер, қиямет күні басқа үмбеттерге көптіктеріңмен мақтанатын болайын».

Құдалықтан кейінгі той жасау дәстүрі – пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) қалған сара жол: «Бір қой сойсаңдар да, той жасаңдар» (хадис). Қазақ дәстүрінде неке шариғатқа сай қиылып, барлық шарттары бұлжымай орындалған. Неке  көпке жарияланып, қуаныш ағайын-тума, дос-жаран, құда-жегжат, көрші-қолаңмен бөлісіліп, жағдайына қарай дастархан (той) жайылған.

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) хадисі: «Кімнің баласы туылғанда оның оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтса, ол нәрестеге «умму сибян» (сәбиді ауру ететін жел немесе жынның кесірі) әсер етпейтін болады», - дейді. Қазақ халқы азан шақырып, ат қою рәсімін бала қырқынан шығып, бесікке салу тойында өткізетін болған.  Қазақтың ат қою дәстүрінің Ислам шариғатынан еш айырмасы жоқ. Пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетіне сай орындалады.

Шариғат бойынша баланың шашы 7-күні алынып, ақиқа жасалады. Бұл туралы пайғамбар (с.ғ.с.) хадисі  «Әр баланың ақиқасы 7-күн сойылып, шашы алынсын...”, - дейді. Қазақ халқы ақиқа шарттарын балаға 40 күн толғанда жасаған. Мұны халық «қырқынан шығару» деп атайды. Осы күні шашын,  тырнағын алады. Бірақ құрбандық шалу дәстүрі кең тарамаған.

Сүндетке отырғызу – Ислам шариғатында Ибраһим (а.с.) пайғамбар заманынан келе жатқан дәстүр. Бұл туралы Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар хадисі былай дейді: «Сүндетке отырғызу – әуелгі жаратылыстағы (фитра) әдеттерден. Халқымыз баланы 3, 5, 7 немесе 9 жасында сүндетке отырғызған. Мысалы:

Ашамайлы атқа міндің,

Мұсылмандық таққа міндің.

Сүндетке отырғаның – иманды болғаның... («Дін мен дәстүр», 2-том, 2017 ж.).

Міне, қарап отырсаңыз, дін мен дәстүр сабақтастығы адам өмірінің ең соңғы нүктесі – марқұмды арулап, жаназа шығаруға дейін жалғасын табады. Және барлығы да пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетіне сай орындалады. Расында, адамның діннен қашып болмайтынын өлімнен қашып, қайда барса да,  көр жолықтырған Қорқыттың шарасыз халі баяғыда-ақ әшекерелеп қойған. «Болашақ бір төмпешіктің иесі» (Г.Салықбай) екенін түсінбеген адамның бәрібір ақыр түбі Жаратушы алдына қайтары – хақ. Дәм-тұздың таусылған күні шариғатпен (жаназа шығарылып) жолығары – ақиқат. Демек, ешкім Алладан қашып құтыла алмайды. Фәни мен бақи ортасындағы адам ғұмыры – Алланың берген нығметі. Сондықтан Аллаға шүкір етіп, құлшылықпен мойынсұну – баршаға ортақ парыз. Бұл – бір. Екіншіден, азанмен атыңды қойған дәстүрді құрметтегенің – Исламды құрметтегенің. Исламнан тамырың.

 Қалай десек те, қазақ ұрпағын тәрбиелеп, отбасымызға береке, елімізге бейбітшілікті бұйыртып отырған Ислам дінінің нығметтерін түсінетін кез жетті.

  

Гүлбану Нұрымқызы,

филология ғылымдарының кандидаты

Медиа

Жоғарыға