maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Ислам және ұлтаралық қатынас

Ислам және ұлтаралық қатынас

 

( Ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын )

يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُم مِّن ذَكَرٍ وَأُنثَى وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا إِنَّ أَكْرَمَكُمْ عِندَ اللَّهِ أَتْقَاكُمْ إِنَّ اللَّهَ عَلِيمٌ خَبِيرٌ

       Ей адамдар, біз сендерді бір еркек және бір әйелден жараттық және бір- бірлеріңді тануларың үшін ұлтпен руға бөлдік. Алла алдында ең құрметтілерің ең тақуа болғандарың. Расында Алла бәрін білуші, бәрінен хабардар.[«Хужурат» сүресі 13 аят]

 

       Алла адам баласын ұлтқа бөлуіндегі мақсат, олардың ұлт-ұлтқа бөлініп жер бетінде бүлік шығаруы емес, немесе әлем тарихына белгілі 20-шы ғасырдың ортасына дейін жалғасын тапқан еуропа және батыс мемлекеттерінде орын алған көріністердің бірі қара нәсілділер құл болу керек деген түсінік. Әрине бұл түсінік діни түсініктен бөлек қойғанда адами сана сезімге қайшы болғандығын қәзіргі таңда өздері мойындауда. Ал ұлтқа нәсілге немесе адамның сырт келбетіне бола жек көрудің Алла алдында күнә екендегі пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Тирмизи хадис жинағында «Араптың арап еместен айырмашылығы тақуалығында» деген. Яғни Алла адамдарға оның ұлтына немесе руына емес, өзіне деген құлшылығымен махабатына назар салып мейіріміне бөлейді.  

      Құранда адам баласының ұлтының, түр-түсінің өзгеше болуындағы хикметінің бірін раббымыз Алла мына аятымен баяндайды:

وَمِنْ آيَاتِهِ خَلْقُ السَّمَاوَاتِ وَالْأَرْضِ وَاخْتِلَافُ أَلْسِنَتِكُمْ وَأَلْوَانِكُمْ إِنَّ فِي ذَلِك

لَآيَاتٍ لِّلْعَالِمِينَ(«Рум» сүресі 22 аят)

«Аспандармен жердің жаратылуы, тілдеріңізбен түр-түстеріңіздің әртүрлі болуыда Оның (барлығымен құдіретінің) белгілерінен. Расында мұнда білгендер үшін ғибраттар бар».

        Яғни адамдардың түр-түстерінің, тілдерінің, ұлттарының әртүрлі болуы, сол арқылы осыншама үлкен әлемді жаратып, оған жүйе қойған Алланы табуға, тануға себеп болу керек екенін ұғынамыз. Яғни жаратылысқа қарап ой жүгіртіп ойлану арқылы жаратушыны тану. Қазіргі таңда медицина саласында әлемдік ғалымдардың зерттеу нәтижесінде ашқан үлкен жаңалықтардың бірі, әлем жаратылғалы бері дүниеге есігін ашқан қаншама миллиардтаған адам баласының жүзімен саусақ ізі басқа бір адамға толық сәйкес келмейді, тіпті егіз болсада. Рахметі шексіз ұлық Алланың бұл  құдіретіне таң қалудан басқа шара жоқ.

   Сондай ақ пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанында бірге жүрген сахабаларының арасында әртүрлі ұлтпен дүниелік жағынан түрлі дәрежедегі  сахабалары болды. Олар бір-бірімен бір анадан туған бауырдай жақын дос болғаныда бізге белгілі. Тіпті қаншама ғасырлар бойы жалғасын тапқан Исламның бес парызының бірі болған қажылық ғибадатында да әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған адамдар, әртүрлі ұлттармен түрлі-түсті адамдар бір уақытта, бір жерде, бір  сапта иық тірестіріп ғибадат жасауында да үлкен хикмет бар. Міне осының барлығы да адамдардың ұлтқа, түр-түсіне қарамай, бөлінбестен  бас қосуы Ислам дінінің ақиқатының айнасы болса керек.

        Сонымен қатар, адам баласының жер бетіне адам болып жаратылуындағы мақсат – әлемдердің жаратушысы  Аллаға құлшылық жасау. Өмір деген сынақ алаңынан сауап жинап, ізгі амалдары арқылы мәңгілік жәннәтына қауышуы керек. Бұл жайында қасиетті құранда:

وَمَا خَلَقْتُ الْجِنَّ وَالْإِنسَ إِلَّا لِيَعْبُدُونِ

«Жындармен адамдарды тек қана  өзіме құлшылық ету  үшін  ғана жараттым» (Зарият сүресі 56 аят).

        Мейлі, бізді өзінің тағдырында жазылған қай ұлт, қай жерден жаратып, дүние есігіне әкелсе де біз адамдар бұл сынақ әлемінде өмірімізді оған, жалғыз Аллаға құлшылықпен  нұрландырып, ізгі салиқалы амалдарымызбен гүлдендіруге тиіспіз.

     Ислам құқықтанушылары қасиетті құран аяттарынан мұсылман баласының басқа ұлтпен, басқа діндер арасындағы қарым-қатынаста белгілі бір дәрежеде құқығы бар екендігін айтады. Яғни Ислам діні кез-келген адамның  ұлты мен дінін бөліп жармай оның адами дәрежесі мен құндылығына құрметпен қарап, құқығын толық қорғайтын иләһи жүйе.  Мәдина қаласындағы яхудилік бәну құрайза тайпасына Тәуратпен үкім етілуін және Тәуратпен үкім етуді Бәну құрайзалықтардың өздері сұрап қалауы, тіпті бұл үкімге  пайғамбарымыздың да (с.ғ.с.)  ризалығын білдіруіде мысал бола алады. Бұл туралы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өмірінде көптеген өрнектер бар.

        Дегенмен өз ұлтыңды басқа ұлттардан артық жақсы көру шариғатқа қарсы емес. Бұл әрбір адамның бойында  Алла жаратқан болмысынан бар қасиет. Бұған мысал ретінде мынаны келтірсек болады. Қыз баласының мейірімі ұл балаға қарағанда басым болады. Кез-келген ана, кез-келген кішкентай сәбиге махаббатпен мейірімі мен шынайы жақсы көреді. Сөйте тұра өзінің тоғыз ай қиналып, ауыртпашылықпен жан бауыры, қан тамырынан дүниеге әкелген сәбиіне деген мейірімі мен махаббаты   басқаның сәбиіне деген мейірімі мен махаббатынан басым болуы адам табиғатынан бар болып саналады. Ал дінімізге қарсы болған тіпті дініміз бұл істен тиым жасаған тұсы, өз ұлтынан басқа ұлттарды жек көріп төмен санап бүлік шығаруы. Себебі сіздің ұлтыңыздыда, жер бетіндегі басқа қаншама ұлтты жаратқанда бір Алла. Оларға деген махаббаттыңда өзіне сай деңгейімен дәрежесі әрбір мұсылманның жүрегінде болуға тиіс. Себебі мұсылман адам бүкіл жаратылысқа тіпті құмырсқаға дейін мейіріммен қарап оларға қиянат жасамау керек. Өйткені жаратылған барлық махлуқатқа раббымыз Алланың мейірімі мен қарауға тиісті екенін Ислам ойшылдары бізге жеткізді. Сондықтанда өмірін Ислам нұрымен нұрландырып, өлеңдерін шариғатпен ұштастырған ойшыл Абай атамыз өз толғауларының бірінде адам баласына деген махаббат жайында былай дейді:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым  деп,

Және хақ жол осы деп ғадалатты.

 

  Міне сондықтан да жер шарының қонағы болып саналатын бүкіл адамдар, ұлтына, түріне, руына қарамастан жер бетінде бүлік шығармастан, барлығы тату-тәтті, өмір сүруі әрбір адамның жеке міндеті болып саналады.

 

 Шүкіріддін Темірқұлұлы

  «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан

 жапа шеккендерге көмек көрсету орталығы»

қоғамдық қорының теологы                                                  

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « Экстремизмді дін атымен анықтау дұрыс па?
Жоғарыға