maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Экстремизмді дін атымен анықтау дұрыс па?

Экстремизмді дін атымен анықтау дұрыс па?

Бүгінгі таңда экстремистік ұйымдардың асыл дінімізді қаралауға, дәлірек айтқанда, адамзатқа құбыжық етіп көрсетуге құрылған жаулық ниетін күнделікті өмірімізде өзіміздің де «қолдап» жүргенімізді біріміз білсек, біріміздің біле бермейтініміз көңілді қынжылтады.

 

 Айталық, дінімізде тыйым салынған жаулық пен қантөгіс ұстанымын ұстанатын экстремизм қағидасын дінге телу, яғни экстремистік пиғылды дін атауы арқылы анықтау қаншалықты қисынды? Ата-бабамыздан мирас болған асыл дініміз бен дініміздің атын жамылған ағым атаулының ара-жігін ажырата алмай, айдың күннің аманында ұлы мен қызынан айырылып отырған ағайынның жайын ойласақ, діни экстремизм тіркесінің мәніне ой салатын кез жетті.

Тегінде, анықтауыш дегеніміз белгілі бір заттың сапасын (сипат, сын, мөлшер) анықтайын ұғым десек, ол анықталатын сөздің,  (біздің жағдайда – экстремизм) мазмұнымен байланыста, ішкі мағыналық сабақтастықтан келіп   шығады. Мысалы, дін сөзіне жалғанып тұрған «и» жұрнағын жалғау арқылы діни мереке, діни кітап, діни ұстаным және діни қызмет, т.б. сөз тіркестерін жасасақ, ол орынды. Өйткені, дінианықтауышы дін мүддесіне қызмет ететін нәрсе атауларына анықтама беріп тұр. Егер осы ретпен діни анықтауышымен экстремизм сөзін анықтасақ, экстремизмнің діннен шығатын құбылыс екенін анықтаған боламыз.

Шын мәнінде, Ислам діні экстремизмді қолдайтын дін емес. Экстремизм – Ислам мәдениетіне кереғар, қайшы ұғым. Ислам адамзатты бейбітшілікке үндесе, экстремизм қоғамды бүлікке шақыратын ұйымдар берілген атау. Осы ретте жалпыхалықтық қолданысқа ие болып тұрған «дін» мен «экстремизм» сөздеріне жеке-жеке анықтама берелік.

Дін дегеніміз – әлемді жаратушы құдіреттің барлығына, Алла Тағаланың бірлігіне сенім. Әлемде таухид, яғни тек Аллаға сенуге шақыратын бір дін болса, ол – Ислам. Ислам сөзінің түпкі мағынасы «амандық», «тыныштық», «бағыну», «мойынсұну» деген мағыналарға саяды. Оның қос қайнар көзі – қасиетті Құран мен пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннеті де осыны негіздейді.

Ислам шариғаты бойынша қандай да болмасын қоғамда араздық отын тұтатуға жол жоқ. Бұл туралы жаратушымыз Құранда «...Бүлік шығару – адам өлтіруден де ауыр (күнә)...», – дейді («Бақара» сүресі, 217-аят). Сондай-ақ, Құран-Кәрім ақиқаты кісі қанын мойынға жүктейтін қантөгіске де  тыйым салады: «Кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бұзақылық жасамаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен тең және кім оны тірілтсе (өлімнен құтқарса), барлық адамды тірілткенмен тең...» («Мәидә» сүресі, 32-аят).

Түптеп келгенде, дініміз бойынша Алланың бұйрығына ешқандай қарсы келмей, иман шарттарына толық мойынсұну – парыз. Бұдан шығатын қорытынды – адамзат баласы көңіл қалауы, нәпсі жетегімен пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннетін бұрмалап, Алла үкіміне қарсы келе алмайды.

Міне, осынау асыл ұғым – дін сөзін өз анықтамасына айналдырып алып, соның көлеңкесінде елбұзарлық, дінбұзарлық жат пиғылын жүзеге асырып жатқан экстремизм деген не? Бұл сөздің түп-төркініне үңілсек, сөз мағынасы «жалпы тәртіпті мойындамайтын, өзінің пікірімен ғана іс-әрекет жасаушы» дегенді білдіреді.

Олай болса, діни экстремизм тіркесінің құрамындағы екі ұғым – дін мен экстремизм – бір-біріне кереғар ұғымдар. Десек те осы қолданыстың орынды, орынсыздығына еш күмән келтіріп жүрген жоқпыз. Осының себебінен тура жолдан адасқан бауырларымыздың немесе жат ағымдардың қателігін көрсету керек болған кезде оларды діндегілер деп, дін сөзімен анықтап сөйлейтініміз халықтың дінге деген қорқынышын, жиренішін одан сайын арттыра түспей ме?

Дін мен экстремизмді қатар қойып, діни экстремизм десек, бұдан Ислам сынды асыл дінімізге сөз келіп жатқаны байқалады. Тіпті экстремизм бүлігі мен лаңынан зәрезап болған діннен бейхабар қара халықтың ондай діннен ат тонын ала қашуы заңды да.

Олай болса, бүлікшіл экстремизм, дінбұзар экстремизм дейміз бе, қалай десек те, бүлік іздеген жау ниет ағымды өз пиғылдарына сай анықтауышпен атап, «еншісін» беріп (дін сөзінен бөліп) жіберсек, дініміз атын көлеңкелеп тұрған «құбыжықтан» құтылар еді.

Діни түсінігі тайыз халықты Ислам өркениетіне шақырып, оның асыл құндылықтарын насихаттауға апаратын жолдың бірі – халықтың санасына қалыптасқан дін туралы үрей мен қорқыныштан арылту болса керек. 

 

Гүлбану Нұрымқызы,

филология ғылымдарының кандидаты 

Медиа

Жоғарыға