maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Ислам тарихындағы «Ата Заң» – мемлекет басқарудың үздік үлгісі

Ислам тарихындағы «Ата Заң» – мемлекет басқарудың үздік үлгісі

Бүгінде плюрализмдік қоғам және ондағы қарым-қатынас жайында жиі айтылады. Өйткені қоғамның түрлі ұлт пен ұлыстардан, діндер мен сенімдерден тұратыны мәлім. Дегенмен, бұл мәселенің шешімін Ислам қоғамы ертеден тауып қойған. Бұған тарих куә. Мекке шаһарынан көшіп Мединеге келген Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) жаңа мемлекеттің, Ислам мемлекетінің негізін қалау керек болды. Ал, бұл өлкеде Мединені жергілікті тұрақты мекеніне айналдырған яһуди, христиан, мүшриктер көп еді. Ол мемлекетті бөліп, мұсылмандарды оқшаулаған жоқ немесе өзге дін өкілдерін қудалаған жоқ. Керісінше бірінші кезекте өзге сенім  өкілдерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Жаңа мемлекеттің қабырғасын қатайтып, қоғамды мығым әрі бір бүтін ету үшін шаһар тұрғындарының басын бір араға қосуды көздеді. Сөйтіп парасаттылықпен «бір мемлекет, бір қоғам» концепциясын іске асырды.

 

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзге дін өкілдерімен жасаған қарым-қатынасын Құрандағы «Кәфирун» сүресінің: «Сендерге өз діндерің,  маған өзімнің дінім...» аяты анық баяндайды (Әл-Итқан фи әл-улум әл-Қуран). Қоғамның барлық мүшелеріне, түрлі дін өкілдеріне ортақ заң қабалданды. Оған «Мединелік келісім» атауы берілді. Сондықтан да кейбір теріс ағым өкілдері айтатын «Мұсылман Ислами мемлекетке көшуі керек», «мұсылман адам кәпірмен бір қоғамда өмір сүре алмайды» немесе «Исламда айтылған құндылықтар зайырлы мемлекет азаматтарына қатысты емес» сияқты т.б. пікірлер түбегейлі қате.

Келтірілген мысалдан байқағанымыздай пайғамбардың өзі (с.ғ.с.) өзге дін өкілдерімен бірігіп, мемлекет қалады. Оларды өз қамқорлығына алды. Дәлірек айтсақ, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) міндеті – мұсылмандар, христиандар және яһудилер мен пұтпарастар жасайтын қоғамда бейбіт өмірді тұрақтандыру. «Мединелік келісімнің»басты әрі негізгі мақсаты осы еді. Мұнда Мединеде жасайтын әр тайпаның жауапкершіліктері мен міндеттері анық көрсетілді.

Бұл келісімді – жаңа құралып жатқан мұсылман мемлекетінің Ата заңы десек те болады. Конституция барлық қауымдар мен тайпаларға тең. Мәселен, ҚР-ы Ата Заңын бұзған адам сот шешімімен түрмеге қамалады. Дәл сол сияқты «Мединелік келісімнің» тармағынан ауытқыған немесе оны орындамаған әрекет – дінбұзушылық және опасыздық болып саналған. Міне, барша жұртқа ортақ осындай ортақ заңның арқасында жылдар бойы созылып келе жатқан бір-біріне дұшпан саналып келген түрлі дін өкілдері, тайпалардың басы бір мүддеге тоғысты. Осылайша бір-біріне әлімжеттік жасап, атада балаға мирас болған дұшпандықтың түбіне балта шыбылып, жаңа біртұтас қоғам бой көтерді.

Аталған келісімің бірінші тармағы Медине тұрғындарының барлығы – мұсылмандар және келісім жасасқан христиандар, яһудилер, мәжусилер мен пұтпарастар «біртұтас қоғам» деп жарияланды. Адамдардың ұлтына, шыққан тегі, діні мен тіліне қарамастан барлығы Мединенің азаматтары болып табылды. Демек, Исламдағы басты құндылықтың бірі – қоғамда (мемлекет) бейбіт өмір орнату. Екінші құндылық – қоғам мүшелерін олардың дініне, нәсіліне, тіліне немесе түсі мен жынысына қарамай бірлікке, тұрақтылыққа шақыру. Пайғамбар (с.ғ.с.) өзге дін өкілдерін кемсітпеді және қысымшылық жасамады. Олар мұсылмандар сияқты мемлекет қамқорлығына алынды: «Біздің қамқорлығымызға алынған яһудилерге қиянат (зиян) жасалмайды, ал олардың дұшпандарына көмек көрсетілмейді», - деп жарияланды.

Ертеде әр тайпаның қалада және далада да өз достары мен дұшпандары болған. Бұлардың арасында соғыс үздіксіз жалғасып, күшті тайпалар әлсіздердге, үлкен тайпалар кішілеріне зұлымдық жасап келген. Енді бұдан былай Мединеде жасаған бір тайпаның артында бірнеше тайпалардан құрылған күшті мемлекет тұрды.

Осылайша мұсылмандар барлық тайпаларды бір басқару жүйесінің астына жинап, сол өлкедегі бүтін ұлттар мен діндерді бір араға қосты. Бұдан былай осы тайпалардың біріне немесе олардың дініне жасалған шабуыл, бүтін мемлекетке жасалған шабуыл деп саналды. Бұған пайғамбардың (с.ғ.с.) мына хадисы нақты айғақ болмақ: «Кім мұсылмандармен келісім жасасқан адамды өлтірсе, ешқашан жәннат иісін сезбейді» (Мүслим).

Хадистен көргеніміздей мұсылмандар өзімен келісім сөз жасасқан тайпалардың, адамдардың нәсіліне, сенімі мен ұстанымына қарап айырмады. Пайғамбардың (с.ғ.с.) бұл бұйрығы – көтеріліп отырған мәселенің маңызын, өзектілігін көрсетеді. Осы айтылған аят-хадистер күні бүгінге дейін мұсылмандар үшін бағыт-бағдар. Олардың барлығына мұсылмандармен тең құқық берілді және қамқорлыққа алынды. Нақты айтсақ, Ислам дініндегі  құндылықтардың келесі баспалдағы – мемлекет азаматтарының (мұсылман және мұсылман емес адамдар) құқығының қорғалуы.

Мемлекет мұсылмандардың мемлекеті болғандықтан, пайғамбар (с.ғ.с.) өзге сенім өкілдері үшін қолынан келгенше қамқорлық жасады: «Кім де кім мұсылмандармен бейбітшілік келісімін жасасқан мұсылман емес кісілерге әлімжеттік жасаса немесе олардың меншігіне тиесілі бір нәрсені тартып алса – сол адамға мен Қиямет күнінде қарсы куәлік беремін» (Сунан Әбу Дәуіт).

Хадистің мәтіні анық әрі кесімді түрде бір қоғамда жасап отырған, қарым-қатынас, байланысы бар басқа дін өкілінің ар-ожданына, мүлкіне зәредей болса да зиянын тигізуіне қатаң тиым салған. Зұлымдық жасаған адамға қарсы пайғамбардың өзі куәлік бермек. Сол себепті «мұсылман емес адамның мүлкін тартып алса болады» немесе «намаз оқымайтын адамды алдап соғуға болады» деген сияқты пікірдің барлығы қате. Әдетте мұндай пікірді адасқан ағым өкілдері айтады.

Өкінішке орай, Қазақстанның кейбір аймақтарында (Ақтөбе, Орал, Ақтау және т.б. облыстарда) осындай сылтаумен қарапайым адамдардың дүкендері, жанармай бекеттерінің тоналғандығы туралы деректер бар.

Әрине, мұның барлығы – адасушылық. Сондай ағымның ықпалына түскен жас жігіт оның қате екенін білмеуі мүмкін. Бірақ, оны сондай қылмыс жасауға итермелеп отырған «шейх» немесе «ұстаз» дін исламда олай емес екенін біледі. Олардың мақсаттары – жастарды адастыру, қоғамды «біз» (мұсылман)  және «басқалар» (кәпірлер) деп бөліп іріткі салу.

Демек, Ислам дін мен мемлекет құндылықтарын бөліп қарамаған. Тарихтан көргендей діннің де, мемлекеттің де құндылықтары ортақ. Олар: бейбіт өмір, қоғам бірлігі, қоғам тұрақтылығы, конфессияаралық және этносаралық татулық, өзара түсінушілік, сүйіспеншілік, құқықтың сақталуы, балалардың жарқын болашағы және сол сияқты т.б.

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,

философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы

Медиа

Жоғарыға