maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Жат ағым – ұлттық қауіпсіздігімізге төнген қатер

Жат ағым – ұлттық қауіпсіздігімізге төнген қатер

Дінге қызыққан адам дін дегеніміз тұнып тұрған жақсылық деген оймен «рухани ұстаздың» айтқан уағызын ықыласпен қабылдайды. Ол үішн «ұстаздың» дінге қатысты айтқан әрбір сөзі шындық. Өйткені ол оның түсінігінде дін адамы ал, діндегі адам өтірік айтпайды. Қатарына адам тартып, қатарын көбейтуді көздеген теріс ағым өкілдері осынау «қағиданы» тиімді пайдаланады. Ол адамға күле қарап, имандылық, ізгілік, тақуалық, мейірім мен кешірім жайында көп айтып тыңдаушының сеніміне кіреді. Бұл бар болғаны азаматтардың басын айналдырып, өз қатарларына тарту үшін пайдаланатын бүркенішті реңк екенін естен шығармаған жөн. Айласын асырып, көздеген адамын өз қатарына қосқан соң, оған «өзіміз» деп басқа идеология құя бастайды. Оны қасындағы ағайын-туысы мен ата-анасы, жора-жолдастарынан алыстатып, өздерімен пікірлес жамағатқа қосады. Ең бастысы, оның дүниетанымын өзгертеді, мемлекетке, ұлтқа, дәстүріне қайшы көзқарас қалыптастырады.

 

Осылайша жат ағымның жетегінде кеткен адам тек қана сол ағымның идеологиясы үшін өмір сүріп, сол үшін күреседі. Оған жан-жағындағы өмір, қоғам қызық емес. Ол үшін мемлекет мүддесі, ұлтаралық қатынас, конфессияаралық бірлік, жер байлығы, патриотизм, Отан алдындағы борыш, ата-ана алдындағы міндет, дәстүр деген сияқты көптеген маңызды дүниелер құндылығын жоғалтады. Мұнан соң теріс ағымның ықпалына түскен баланың барлық дерлік әрекеті мен қылығы, адамдармен қарым-қатынасы, жүріс-тұрысы, киімі өзгереді. Бұл мақаламызда жат ағымның ықпалына түскен адам бойынан байқалатын жат қылықтардың  кейбірін көрсетіп өтпекпін.

Айталық, теріс ағым ықпалына түскен адамның сөз саптауы өзгеріп әдеттегі сіз бен біздің сөзімізге қарағанда арабша сөздерді жиі қолдана бастайды. Олар бір-біріне «ахи» (бауыр), «ухти» (қарындас), «джазака Аллаһу хайран» (Алла саған сауаптан жазсын) деп айтады. Өздерінен басқалар үшін кемсітіп «джахил» (надан, дінді білмейтін адам), «мушрик» (Аллаға серік қосушы), «мунафиқ» (екі жүзді) сөздерін қолданады. Ал, енді бір нәрсені жоққа шығарып, дінде жоқ деп айтатын болса «бидғат» (жаңалық), «харам» дейді. Өзінің бір пікірмен келіспейтінін білдіру үшін «ағузубиллаһ» (шайтанның кесірінен Алладан пана сұраймын), «әстағфируллаһ» (астапыралла) деген сөздерді айтады. Бұл айтылған сөздер олардың күнделікті сөз тіркесіне айналады. Бұлар бірін-бірін тек кимдерінен емес, осындай сөздері арқылы да таниды. Қарасаңыз бұл сөздерді басқаларды кемсітіп, өздерін көп білетін адамдар секілді сөйлейді. Шындығында бұлардың басым бөлігі сауатсыз. Сауатсыз дейтін себебіміз – тек діни немесе араби ғана емес, өздерінің аттарын да қатесіз жаза алмайды. Себебі олар мектепте де дұрыс оқымаған, тоғызыншы сыныптан кейін мектептен шығып кеткен. Мұны өмірлік тәжірибе көрсетіп отыр. Ақтөбе, Атырау, Орал, Маңғыстау, Шымкент және т.б. өңірлерінде теріс ағымның ықпалына түскендермен түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында тікелей жұмыс жасаған уақытта деректер осыны көрсетті. Олар сөз арасында көптеп діни-араби сөздерді қосқаны үшін дін туралы көп біледі немесе арабша біледі деп ойлау қате. Олар діни сауатсыз һәм рухани жұтаң болғандықтан өздерінен басқалардан «джәһил» (надан) деп кемсітеді. Өздерін қарапайым халықтан жоғары санайды. Егер шынайы рухани бай адам болса, онда басқаларға кішіпейіл әрі мейірімді болар еді. Өйткені пайғамбар (с.ғ.с.) кішіпейіл, басқалармен мейірімді болған.   

Жат ағымның ықпалына түскен адамның бойынан байқалатын келесі қылығы – атын өзгерту. Бұлар өздерінің аттарын өзгерткіш келеді, яғни бұрын ата-анасы азан шақырып қойған атын өзгертіп, өзіне басқа лақап есім алады. Мұны дінде «куня» (лақап есім) деп айтады. Мысалы, егер оның бұрынғы есімі Батырбек, Жолдас немесе сол сияқты т.б. қазақша есім болса, оны Абдулла, Сейфулла, Хамза істептті есімдерге ауыстырады. Мұның себебін сұрасаңыз, олар «ахи бұл сунна» (бауырым, бұл сүннет қой) дейді. Қош, бұл сүннет. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.) барлық сахабаға осылай есім бере берген бе сонда? деп сұрасаң білмейді.

Пайғамбар (с.ғ.с.) барлық сахабаларға бұлай жаңа есім бере бермеді тек кейбіріне ғана. Онда да мұның себептері бар, қатарына қосылған әрбір сахабаның атын өзгерпеді. Егер ол сахабаның бұрынғы есімі мазмұны жағынан өлімді, қарғысты, боғауыз сөзді немесе басқалар табынатын құдайының атын білдерсе ғана оларға жаңа есім берді. Қалған сахабалар сол өздерінің дәстүрі бойынша қойылған бұрынғы есімдермен қалды. Өйткені Ислам әрбір халықтың өз дәстүрі бойынша мәні мен мазмұны терең есімдерді жоққа шығармайды. Бұл Құдайдын әрбір халыққа берген ерекшелігі. Адам атауының мазмұны жамандықты, қарғысты, өлімді білдірмесе болғаны.

Алайда теріс ағым өкілдері осы жағдайды сүннат деп жамылып, қатарларына қосылғандардың барлығына (Әбу Мұса, Әбу Мариям, Халид, Хамза т.б.) лақап ат бере бастады. Сөйтіп бұл «сүннат» дәстүрі ақырында жасырынудың (конспирация) жақсы әдетіне айналды. Құжат бойынша есімдерін жасырып, ешкім танып қоймасын дегендей тек лақап аттармен таныла бастады. Өйткені олар ақырындап түрлі заңсыз әрекеттерге көшті. Сондықтан сотталған немесе жазасын өтеп жатқан теріс ағым өкілдерінің әрбірінде діни лақап аты бар.

Сонымен қатар, теріс ағымның ықпалына түскен адамның бойынан байқалатын келесі жағдай – үстіндегі киімнің өзгеруі. Әдетте олардың шалбары қысқа келеді. Спорттық киім кигенді ұнатады немесе әскери киімдерге әуес болады, шалбарға қыр салмайды. Қыз балалары қара түске жақын келеді. Кейбірі жүздерін жабады, сол мақсатта масқа да тағады тіпті, қара қолғап киетіндері де болады.

Ондай адамның мінезімен бірге оқыған намазы да өзгеше. Олардың намазды Ханафи мазһабы бойынша оқымайтыны баршамызға аян болса керек. Әдетте қолын кеудесіне қойып, аяқтарын кең ашып, қасындағы адамның аяғына тіреп оқиды. Намазда «Фатихадан» кейін «әмин» деген дұғаны іштей емес, имамға ерегісіп, дауыстап айтады. Байқасаңыз, мешіт имамдары әр намазда жамағатқа қарап, «әмин» дұғасын ханафи мазхабы бойынша іштей айтуларын өтінеді.

Өкінішіке қарай, мұны елеп жатқан теріс ағым өкілдерін көрмедік. Сол үшін елімізде мешіттің ішкі ережесіне бағыну талаптары еңгізілді. Байқап қарасаңыз, жат ағымның мақсаты қарапайым мұсылмандарға қиындық туғызу сияқты. Бүгінде олар дінді жамылып, тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде исламофобия (исламды жек көрушілік) жағдайын туғызып отыр. Кез келген мемлекетте жергілікті халықтың дәстүрін, тарихи жәдігерлерін, рухани құндылықтарына қарсы шығады. Сондықтан жат ағымның жат қылығынан сақ болайық.

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,

философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы

Медиа

Жоғарыға