maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасы – дер кезінде қабылданған құжат

Дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасы – дер кезінде қабылданған құжат

Бүгінде әлем елдерінде дін мен оның құндылықтарының халық пен қоғам өміріндегі орнының маңызы артып отырғанын көріп отырмыз. Дін мемлекеттің негізін құраушы ең маңызды фактордың бірі болғандықтан, ішкі тұрақтылықтың да кепілі.

Әлемдегі діннің дүмпуі Қазақстанды да айналып өткен жоқ. Тәуелсіз қазақ елінде діни жаңғыру үдерісі ұлттық дәстүр мен құндылықтардың қоғам өміріндегі рөлінің артуынан және жастар арасында діндарлық деңгейінің өсуінен байқалады. Мысалы, мешітке барып жатқан жамағаттың 70 пайыздан астамы жастар десек қателеспейміз. Ғаламтор желісіндегі діни сайттардың оқырмандары, фейсбук (facebook), вк (vk), инстаграм (instagram), твитер (twitter) сияқты т.б. әлеуметтік желілердегі діни топтардың басым бөлігі тағы жас буын. Желіде діни мазмұндағы мақалалар мен әңгімелерді, діни мәтіндер мен аят-хадистерді, фатуаларды (діни шешімдер мен үкімдерді) бір-бірімен бөлісетін де осы – жастар.

 

Демек, қоғамда әсіресе, келешек буын жастардың арасында дінге, діни рәсімдерге, діни ақпаратқа сұраныс артып отыр. Мынадай сымсыз айди (iD) технология дамыған заманда ақпарат шексіз және қол жетімді. Егер біз жастардың осындай сұранысын қанағаттандыра алмасақ, онда олар бұл ақпаратты, дерек көздерді сырттан іздейді. Бірақ, біз ол кезде жастардың алып жатқан дін туралы ақпараттың қаншалықты дұрыс немесе бұрыс екенін, ғаламторда онлайн дәріс беріп отырған шейхтың кім екенін (шын ғалым, экстремист, террорист, псевдо шейх, радикал және т.б.) білмейміз,  дереккөздің сенімді немесе сенімсіз екенін, қауіпті немесе қауіпсіз екенін дөп басып айта алмаймыз.

Ғаламтордың арғы жағында отырған «шейх» жастардың санасын өтірік уағызбен улап, баланы әкеге, қызды анасына қарсы қойып нағыз радикал қылып шығаруы мүмкін. Бүгін дұрыс діни білім алмаған ізденуші, ертең әкесі мен анасын «кәпір» деп, бір дастарқан басына отырмайтын радикал. Өкінішке орай мұндай қанды оқиғалардың куәсі болып, зардабын да тарттық. Әсіресе, 2011 және 2012 жылдары орын алған Ақтау, Балқаш, Шұбарши, Тараз және Ақсай шатқалындағы қанды оқиғалар, Сирия сұрапылына «жиһад», «һижра» деп көшкендер, кешегі 2016 жылғы Ақтөбе және Алматы қалаларындағы лаңкестер лаңы жадымызда қасіретті оқиға болып сақталды.

Жұртымыз осындай қайғылы оқиғалардан аман, еліміз тыныш, бейбіт өмір сүруі үшін не істеу қажет? Терроризм мен экстремизм дінге, тілге қарамайды бұл, әлем деңгейіндегі індет. Геосаяси жағдайындағы қауіптер тағы бар. Дана қазақ «жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпайды» демекші бұған ҚМДБ жалғыз өзі қарсы күресе алмайды, оның бұған қауқары да жетпейді, құзыреті де жоқ. ҚМДБ рухани ағартушылықпен және діни рәсімдерді орындаумен шұғылданады.

Ішкі және сыртқы қауіптердің алдын алу, Қазақстанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету мемлекет еншісіндегі дүние. Сол себепті мұндай мәселеде дін мен мемлекет жұмыла жұмыс жасайды. Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi де – елдiң тұтастығы мен бірлігі, дінаралық келісім мен тұрақтылық. Осы мақсатта ҚМДБ мен Дін істері министрлігі бірлесе отырып жұмыс жасайды. Өйткені, ҚМДБ – Ислам дінінің сүнни бағыты Әбу Ханифа мазһабын ұстанатын Қазақстан азаматтарының уәкілетті діни ұйымы болса, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі – дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыратын мемлекеттің уәкілетті органы.

Мәселен, Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев халыққа есеп беру кездесуінде мынадай мәлімдеме жасады. Дін істер министрлігі 2016 жылдың өзінде 10 750 сайтты зерделеген. Оның ішінде 1500-ге жуық сайттан заңсыз контент анықталып, заң тәртібімен жабылған. Биылғы мониторингте 6 мыңнан аса сайт тексеріліп, 900- заңсыз контент таратып келгені белгілі болды. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерге, кітап, баспа өнімдеріне тұрақты сараптама жүргізіліп отыр. Мысалы 2017 жылы 1,5 мыңнан аса объект сараптамадан өтіп, оның ішінде 54 материалда құқыққа қайшы контент кезіккен. Сонымен қатар, қылмыстық атқару жүйесі комитетінің барлық кітапхана қорына сараптама жүргізілген. Нәтижесінде 13 кітап деструктивті мазмұнда деп танылған. Сонымен қатар, ведомствоаралық іс-қимыл нәтижесінде мешіттерде тәртіп бұзу үлесі төмендеп, діни материалдарды тарату арналарына тұрақты мониторинг жүргізілу жолға қойылған (kazislam.kz).

Мұны кейбір азаматтар сияқты жалпы дінге қарсы күрес деп түсінбеу керек. Ондай пікір қате. Бұл – министрліктің сырттан келіп жатқан діни ақпараттарды сүзгіден өткізіп, жастарды радикалданудан сақтап, оларды теріс пиғылды діни ұйымдардың жетегінде кетпеуі үшін жат ағымдардың  идеологиясымен күресі.

Әрине, олармен қарсы күресте тек күш қолдану тәсілі тиімді нәтиже бере бермесі анық. Сондықтан бұл мәселеге қарсы идеологиялық күрес жүргізудің де маңызы жоғары. Идеологиялық күрестің қандай күш екенін аға буын жақсы біледі. Сондықтан болса керек бірнеше кісі бас қоса қалса «Кеңес үкіметі кезінде мемлекеттік идеология күшті еді. Қазір ондай идеология жоқ» деп сын айтып жатамыз. Негізінде «мемлекеттің дінге қатысты идеологиясы жоқ» деп айту орынсыз. Мемлекеттік идеология жоқ емес, бар – «Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» осының айқын дәлелі.

Кез-келген мақсатты істің бағыты мен бағдары, бекітілген құжаты болады. Біз айтып отырған дін саласындағы (2017-2020) жылдарға арналған тұжырымдама да  мемлекеттің дін саласына қатысты атқаратын жұмыс бағыты мен бағдары, стратегиялық мақсаттары қамтылған құжат. Басқаша айтқанда, бұл құжат – елдегі конфессияаралық және этносаралық келісімді жетілдіріп, бейбіт өмірді нығайтып, дәстүрлі діліміз бен дінімізді (Әбу Ханифа мазһабын) сақтап, адасқан діни-сенімдердің алдын алу үшін мемлекетіміздің үш жыл бойына атқаруы тиіс жұмыс жүйесі. Мемлекеттің дін саласына қатысты ресми көзқарасы.

Бұдан былай мемлекет (Дін істері министрлігі уәкілетті орган ретінде) осы тұжырымдаманы басшылыққа ала отырып ҚМДБ-мен қоян қолтық жұмыс жасамақ. Мысалы, елдің рухани тірегі болған асыл дініміздің жалпыға ортақ адамгершілік қағидаларын насихаттау, дін догмаларын дұрыс ашықтау, мұсылманшылық құндылықтарды түсіндіру, жоғары білімді дін мамандарын, теологтарды даярлау, шет мемлекетке шәкірттер жіберу, имамдардың діни һәм зайырлы білімдерін жетілдіру сияқты т.б.

Экстремизм, терроризм және деструктивті ағымдар мен адасушыларға қарсы күресте күшпен қатар ағартушылық жолдарын да қарастырған жөн. Жастарға шынайы діни білім беріп, олардың жалпы білім көкжиегін кеңейту де маңызды. Арнайы діни білімнің болмауы, шала сауаттылық, діни ұғымдарды (жиһад, такфир, һижрет, талақ т.б.) қате түсіну, дін мен дәстүрді ажырата алмау сияқты кемшіліктер де экстремизмге әкеліп соқтыруы әбден мүмкін. Дін – дұрыс түсінген адам үшін рухани кемелденуге жетелейтін, ал қате түсінген адам үшін қиындыққа айналары сөзсіз. Негізінен адасқандар мен экстремистердің қатарына қосылатындар дұрыс діни тәрбиеден нәр алмағандар. Ақтөбе, Атырау, ақтау сияқты еліміздің басқа да өңірлерде намаз оқымағандарды «кәпірге» шығарып, олардың дүние-мүліктерін тонауды адал етіп жүргендер міне, осылар.  Сондықтан жастарға тура бағыт беріп, дұрыс тәрбиелеуде мемлекет пен дін қызметкерлері күш біріктіргендері абзал.

Кеше ғана қабылданған бұл құжаттың (тұжырымдама) аясында атқарылған оңды іс-шаралардың келесісі – мұсылман бірлестігін қолдау қорының құрылуы. Қордың қызметі коммерциялық емес қайырымдылық ұйым ретінде әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға, білім-ағартушылық шараларды жүргізуге, сонымен қатар, діни бірлестік қызметкерлері жұмысының тиімділігін көтеру және мекемелердің қызметін қолдауға бағытталған. «Уақып» қорының қызметі негізінен мынадай міндеттерді шешуге бағытталып отыр:

– елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлес қосу;

– тұрғындардың әлеуметтік аз қамтылған тобы мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек көрсету;

– балалар мен жастардың физикалық және интеллектуалдық дамуын қолдау;

– діни радикализм мен экстремизмнің алдын алу;

– мамандардың біліктілігін көтеру және шалғайда орналасқан діни бірлестіктердің (имамдардың) әлеуметтік мәселелерін шешу және т.б.

Назар салсаңыз осы айтылған тармақшалардың барлығы да тұжырымдамада қамтылған мәселелер. Мақсат – елдегі дінаралық және ұлтаралық келісімді нығайту, бейбіт өмір мен тұрақтылыққа үлес қосу, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жәрдем беру, діни радикализм мен экстремизмнің алдын алу, шалғай елді-мекендегі имамдардың әлеуметтік жағдайын шешу,  діни білім беру жүйесін реттеу және т.б.

Шағын мақалада келтірілген біздің бір-екі мысалымыз дін саласына қатысты қабылданған тұжырымдаманың мазмұнын толық аша қоймасы анық. Онда елдегі діннің ахуалы айтылып, түрлі (мемлекеттік басқару, мемлекеттік қызмет, құқық қорғау, қарулы күштер, БАҚ, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт) салалар бойынша дінге қатысты ұстаным баяндалған. Бірақ, біздің мақсат – оқырманды шаршату емес, дін саласына қатысты қабылданған осы құжатты қарапайым сөзбен тарқатып, сізді онымен аз да болса таныстыру. Бұл біздің азаматтық борышымыз деп білемін. Діни қайшылықтар негізінде туындайтын радикализммен бaйлaныстағы келеңсіз үрдістер бой көрсетіп отырған бүгінгі уақытта елдегі тұрақтылық пен ауызбіршілікті нығайту үшін әрбіріміз қолдан келгенше үлес қосуымыз керек.

Дінді қоғамнан бөліп қарау мүмкін емес. Былтыр ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен құрылған Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің пайда болуы діннің қоғамдағы орны мен маңызын аңғартқандай. Әсіресе, 18 конфессия мен үш жарым мыңнан астам діни субъектілері ресми түрде тіркелген мемлекетте дінаралық келісімнің маңызы жоғары. Осы ретте, дінге қатысты мәселелердің барлығын тек бір мекемеге ғана (ҚМБД-ға немесе Дін істер министрлігі) жүктеп қоймай, әрбір Қазақстан азаматы ат салысқаны жөн. Қазақ «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші еліміздегі дінаралық және этносаралық ауызбіршілікті сақтау баршамызға ортақ міндет.

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ,

Дінтанушы,

 философия ғылымдарының кандидаты

Медиа

Жоғарыға