maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

ПАЙҒАМБАР (с.ғ.с) ОРНАТҚАН ДІНАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ

ПАЙҒАМБАР (с.ғ.с) ОРНАТҚАН ДІНАРАЛЫҚ КЕЛІСІМ

Пайғамбардың (с.ғ.с.) басқа дін өкілдерімен жасаған қарым-қатынасын Құрандағы: «Кафирун» сүресіндегі «Сендерге өз діндерің маған өзімнің дінім» аяты анық баяндайды. Ол замандарда Араб жазирасының халықтары түрлі дінді ұстанды. Олардың арасында христиандар, яхудилер, отпарастар, пұтпарастар және сол сияқты т.б. сенім ұстанушылар болды. Пайғамбардың осы замандарда басқа дін адамдарына көрсеткен толеранттылығы парасатты адам үшін үлкен ғибрат.

 

 Пайғамбардың  қалаған дінаралық келісімін көріп, түсіне білмек үшін ислам тарихындағы «Мәдиналық келісім» атты парағынан мысалы келтірейік. Әрине, мұсылмандардың көсемі бұдан бұрынғы Меккеде өткізген он үш жылында да басқа сенім иелеріне толеранттылық көрсетті. Мысалы, Исламды алғаш насихаттаған жылдарында да Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) пұтпарастардың арасында өзінің әділдігі, сенімділігі мен төзімділігінің арқасында «Мұхаммед әмин» (сенімді Мұхаммед) атанған болатын.

Дегенмен, біз Мединелік кезеңді жайдан жай алып отырғанымыз жоқ, бұл уақытта Ислам мұсылман мемлекетінің ресми діні, ал пайғамбар заң шығаратын құқыққа ие болған.

Сонымен «Мәдиналық келісім». Мединелік келісімді тарихшылар кейде – «сахифа» деп те атайды. Арабша мағынасы – парақ деген сөз, яғни, келісім парақ бетіне жазылған соң солай атылып кеткен. Расында да, Мәдиналық келісім мұсылмандардың толеранттылығына анық мысал. Себебі, пайғамбар (с.ғ.с.) Мәдина шаһарына қоныстанған соң жай діни көсем ғана емес, ол енді мұсылман мемлекетінің саяси басшысына айналды. Демек, бұл мемлекеттің өзіне тиіс нақты шарттары мен заңдары қабылдануы тиіс. Ол заңдар ондаған жылдар бойы бір-бірімен соғысып, қырық пышақ келе жатқан түрлі тайпалар мен нәсілдердің арасын қосып, қоғамда бейбіт әрі достық қатынасты орнатуы қажет. Дәлірек айтсақ, пайғамбардың (с.ғ.с.) міндеті – мұсылмандар, христиандар және яһудилер мен пұтпарастар жасайтын қоғамда бейбіт өмірді тұрақтандыру. Осы мақсатта дүниеге Мединелік келісім келді. Мұнда Мединеде жасайтын әр тайпаның жауапкершілігі мен міндеттері анық көрсетілді: олардың бірінің-бірі алдындағы міндеттері мен шектеулері; ерекшеліктері мен қасиеттері және т.б.

Бұл келісімді – жаңа қалыптасып келе жатқан мұсылман мемлекетінің Конституциясы десек болады. Конституция барлық қауымдар мен тайпаларға тең. Мұның тармақтарынан ауытқыған немесе оны орындамаған әрекет – дінбұзушылық және опасыздық болып саналды. Осылайша Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) бірнеше дінді бір араға жинап, бір мемлекет, бір қоғам құра білді.

Келісімің бірінші және басты тармағы – Мәдина тұрғындарының барлығы – мұсылмандар және келісім жасасқан христиандар, яһудилер, пұтпарастар «біртұтас қоғам» деп жарияланды. Адамдардың ұлтына, шыққан тегіне, діні мен тіліне қарамастан барлығы Мединенің азаматтары сайылды. Бүгінде дәл осы жағдайды плиэтносты және поликонфессионалды Қазақтан қоғамында қалыптасқан ахуалмен салыстыруға болады.

Мемлекетіміздегі конфессиялық және ұлтаралық жағдай өзге елдердегі сияқты көбіне мемлекет ішіндегі және сырттағы саяси, экономикалық және құқықтық жағдайға тәуелді екені мәлім. Сонымен қатар, ол мемлекеттің ішіндегі 100-ден астам этносы бар ұлтаралық және 18 конфессиясы бар дінаралық қарым-қатынасқа да тәуелді. Бұл тұрғыдан біздің мемлекетіміз тәуелсіздік жылдарында өзінің қоғамдық-саяси және экономикалық тұрақтылығымен, түрлі ұлттар мен конфессиялар арасындағы татулығымен және ауызбіршілігімен ерекшеленіп отыр. Осы мақсатта мемлекет тарапынан конфессияаралық сенім мен сындарлы сұхбатқа қолдау көрсету және діни экстремизмнің алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Полиэтностық және поликонфессиялық қазақстандық қоғам жағдайында сан алуан діни конфессия өкілдерінің бірі-бірімен үнқатысуы, сондай-ақ, олардың мемлекетпен арақатынасы дұрыс жолға қойылуы аса маңызды болып табылатындықтан Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі елдегі түрлі діни бірлестіктермен тығыз байланыс орнатып, олармен біріге жұмыс жасауда.

Бүгінгі Қазақ жерінде берік орныққан конфессияаралық тұрақтылық пен этносаралық бірлікті сақтау және нығайту алдағы уақытта да күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің бірі болып қала бермек.

 

Сұлтанмұрат АБЖАЛОВ,

дінтанушы

 

Медиа

Жоғарыға