maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Ата-анаға құрмет – дінге құрмет

Ата-анаға құрмет – дінге құрмет

Адамның ғұмыры – шектеулі. Әрі барса, жүз жылдан аспайды. Бірақ қамшының сабындай жалған дүниеде не болып, не қоймай жүр? Әсіресе, отбасылық өмірде небір асыл құндылықтардың бағасы бір тиыннан аспауда. Мысалы, әке орны төрде дейміз. Алайда көпшіліктіңбәрі өз әкесін төріне отырғызып сыйлап жүр ме? Сыйлау былай тұрсын, құлындай жұмсап жүрген жетесіздер жоқ емес.

 

«Қазіргілердің әкесі де – ақша, шешесі де – ақша» деп күңіренеді екен бір қария. Мұны неге айтты дейсіз ғой. Себебі, осы қу дүние бүгінде адамдар арасындағы қарым-қатынасты ірітіп бітті. Рас, бүгінде барлық нәрсе ақша, малмен өлшеніп жатыр. Олай болса, бүгінгі таңда барығымыз ақылдасып адам үшін маңызды бірнеше құндылықтың нарқын белгілеп, құнын шығарып алайықшы. Біз атын атағанда, әркім өз айналасын ойлап отырсын.

Алдымен, ата-анамыз қанша тұрады, соған келісейік. Қазір екі бөлмелі пәтердің бағасы жүз мың доллар десек, сол ақшаға ата-анаңызды бересіз бе? О заман да, бұ заман, ата-ана сатыла ма екен деп ренжіп отырған көп кісі бар шығар. Дұрыс, ешкім ата-анасын нақты ақшаға сатпайды. Бірақ түкке тұрмайтын нәрсеге бола, өзін туған ата-анасын ренжітіп жүргендер аз ба? Мысалы, үлкендерге берген бір кесе көжесін міндет қылатындар бар. Бұл сатқан емей не? Көлігімен бір жерге апаруға ерінетіндер бар? Сатқан емей не? Бес уақыт дәрет алғанға кеткен суды есептейтін балалар  бар. Сатқан емей не? Басына бір бөрік әперуді шығын санайтындар бар. Сатқан емей не? Шынында да, біздің бар болуымызға себеп болған, өсірген, өндірген қайран әке-шешенің құны бір кесе көже, бір литр бензин, екі литр су, бір бөріктен аспағаны ма?

Олай   болса, баламыздың бағасы қанша? Оны да болмашы қу дүниеге айырбастап, нәзік жүрегін жаралап жүрген қаншама ата-ана бар?! Бір шеше  өзінің туған баласын келінімен қосып, «Үйден шық!» деп қуып жатыр. «Өз күніңді өзің көр, көзіме көрінбе!», – дейді. Сонда баласының құны пәтерінің ақшасынан аспағаны ма?  Кезінде, сол баланы дүниеге әкелгенде, қалай қуанғаныңыз есіңізде ме? Балаға деген сезіміңіз неге сонша тез сөніп қалды? Сол баланы дүниеге әкелем деп, біреуге күйеуге шыққан жоқ па едіңіз? Ал, енді неге жек көріп, безіп отырсыз?

Келесі сұрақ, туған бауырдың бағасы қанша? Дүниедегі бар ақшаны жинап берсеңіз де, бауыр сатып ала аласыз ба? Әрине, жоқ. Неге онда бірге туған бауырымызға жанымыз ашымай, тас бауыр болып кеткенбіз? Ол сізге қиналғанда, қол қабыс етер, бауырым ғой деп арқа сүйеп келді. Сіз оның көңілін қалдырып, ұрсасыз?  Мейлі, ол мың доллар сұрасын, миллион доллар сұрасын, бірақ ешбір ақша бауырдан артық емес қой. Жоқ болса, жоқ екенін мейіріммен, жылы сөзбен түсіндіруге бола ма? Біз ертең қайтыс болсақ, сол бауырымыз беліне ақ орамал байлап алып, біздің жаназамызға қызмет етеді.  Солай емес пе? Ендеше, бауырдан жақын кім бар?

Міне, осылай әркім өзінің ата-әжесі, туған-туысы, дос-жаранының қанша тұратынын ойлап шығуы қиын емес. Қазыбек би былай деген:

 «Балаң жақсы болса,

тән мен жанның шырағы емес пе?!

Мінген атың жақсы болса,

Бұл дүниенің пырағы емес пе?!

Алған жарың жақсы болса,

жиғаның мен мейманыңның тұрағы емес пе?!».

Ендеше, бұл дүниеде қадірін білген адамған бәрінен де адам қымбат. Алла Тағала әр адамды ардақты етіп жаратқан. Десек те, бір-бірінің қадірін білмей жүрген ерлі-зайыптыларға келейік. Өзіміз жақсы танитын адамдарды ойша бір шолып шығайық. Қасында сенімді жан серігі, жақсы жұбайы жоқ бола тұрып жетістікке жеткен еркек көріп пе едіңіз?  Қасында өзін жақсы көретін өмірлік серіксіз бақытты болған әйелді көріп пе едіңіз? Әдетте, әрбір  табысты еркектің қасында жақсы бір әйелдің, өзін бақытты санайтын әйелдің жанында жақсы бір еркек тұрады. Тарихта да солай. Ибраһим Пайғамбар мен Ажар анамыз, Мұхаммед Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бен Хадиша анамыз, хазірет Әли мен бибі Фатима бір-бірінің бүкіл істеріне серік болған үлгілі отбасылар еді.

Әрине, әйел заты көп жағдайда үйде отырып, тарихшы ғалымдардың назарына азырақ түскені болмаса, әрбір тарихи жетістікке еркек-әйел бірдей үлес қосқан. Әріге бармай-ақ, Қобыландыдай батырдың жанында Құртқаның, Алпамыс пен бірге Гүлбаршынның есімдері тарихта қалды.  

Ер адам мен әйел заты материалдық жағынан да, рухани тұрғыдан да бір-біріне мұқтаж. Бейнелеп айтқанда, олар бір алманың екі жартысы іспеттес.  Екі жарты бір бүтін болғанда ғана көңілдер тұрақ табады. Қасиетті Құранда ерлі-зайыптылар туралы былай делінеді: «Әйелдер – сендердің киімдерің, ал сендер – олар үшін киімсіңдер» («Бақара» сүресі, 187-аят).

 Бұл аят күйеу мен әйелдің бір-бірінің кемшілік-нұқсандарын жасырып, күнәлі істерден сақтаушы, жетпегенін жеткізуші және араларындағы сыр-құпияларды сақтаушы жұп екенін білдіреді. Адамның үстіне жамылған киімі болмаса, қоғамда қалай өмір сүрмек? Киімсіз адам өзін дұрыс сезіне ала ма? Жалаңаш жүрудің ұят келтіретін жағы өз алдына, суықтан, ыстықтан, желден, бораннан да киім болмаса қорғану қиын. Міне, сол секілді шаңырақ көтерген жұбайлар да – біріне-бірі рухани жамылғы. Біріне-бірі пана, әрі қорғаушы. Жалғыздық, мақсатсыздық, дәрменсіздік те түсінген жанға қардан да, бораннан да ауыр тиеді. Сондай-ақ, адам көркі шүберек дегендей, ерлі-зайыптылар да – бір-бірінің сәні, әрі көркі.

Олай болса, өзімізге жақын әр адамның қадірін білуді Алла Тағала баршамызға нәсіп етсін!

 

Асылбек Әуезханұлы,

«Асыл сөз media» шығармашылық

бірлестігінің жетекшісі, ф.ғ.к., дінтанушы

 

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « МҰСЫЛМАН КӘСІПКЕРГЕ ТӘН 7 СИПАТ
Жоғарыға