maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

БОЙДАҚТАРДЫҢ ҮЙЛЕНУІНЕ НЕ БӨГЕТ БОЛЫП ЖҮР?

БОЙДАҚТАРДЫҢ ҮЙЛЕНУІНЕ НЕ БӨГЕТ БОЛЫП ЖҮР?

Халық даналығында үйленуге қатысты айтылатын аталы сөздердің бірі – «Қарыз ал да, қатын ал, қатының қалар жаныңда»! Осындайда Алланың әмірі, пайғамбаымыздың (с.ғ.с.) сүннеті – үйлену мәселесінің неге қарызбен  байланысты айтылатыны туралы ой келеді... Алдымен, мына бір диалогқа  назар аударалықшы:

 

–       Әке! Апа! Үйленіп, сіздерге келін әкеп берсем, қалай қарайсыздар?

–       Қайдағы үйлену? Бір тиын ақшаң жоқ. Қалай үйленбексің?

–       Жарайды, онда. Қойдым!

Осымен бітті! Үш-ақ ауыз сөз. Үйленуге талпынған жігіттің беті қайтты. Бұл да қаражатқа барып тірелді. Сонда қалай? Үйлену экономикаға, яғни дүниеге негізделуі керек пе, әлде иманға, мұсылмандыққа ма?

Үйді жөндеу, көрпе-төсекті жаңарту, киім-кешек алу, қалың мал, беташар, үйлену тойының қаражаты, құда-құдағилардың киітін, сый-сыяпатын әзірлеу  – осының бәрі үйленуге үлкен бөгеттер болып көрінеді. Орта деңгейлі өмір сүретін адамдарға осының бәрін табу оңай ма? Бұл ақшаны жинап болғанша екі-үш жыл өте ме, бес жыл ма – ол жағы тағы да беймәлім. Бойдақтардың алдынан шығып тұратын бөгеттердің бірі осы –  қаражат.

         Алла Тағаланың  әміріне сай Алла Елшісі (с.ғ.с.) бойдақ ерлерді де, қыз балаларды да ертерек үйленуге шақырып тұрғанда, біздің барлық нәрсені ақшаға тіреп, ұлық істі кешіктіргеніміз қаншалықты орынды екен? Жастар «Мен мұсылманмын ғой. Раббымның бұйрығына құлақ асып үйленейін» деген байламға келсе, экономика мәселесі екінші деңгейге өзінен-өзі түседі. Осылайша үйленуді оңайлату керек. Мәселен, үйленгенге дейін жігіт те, қыз да аш немесе жалаңаш жүрген жоқ қой. Екеуі бұйырған асын жеп, бұйырған киімін киіп жүр. Үйленген соң да, осы несібе тоқтап қалады деп кім айтты?

Қазір 25-30 жасқа келген бойдақ жастар туралы ойланып көрейікші. Бұлардың жұмыстары бар, үйлері бар, жағдайлары бар, бірақ қастарында жан жарлары жоқ. Соған орай, бойларында жылулары жоқ. Осы жақсы ма әлде жағдайы орташа болса да, барына қанағат етіп, сүйген жарымен отбасылық өмір кешкені дұрыс па?

Бір кезде ата-бабаларымыз қара су, қара нанмен отырса да, отбасын құрып, бала-шағалы болған жоқ па еді? Бүгін қарап отырсаңыз, қаншама жастарымыз осындай экономикалық мәселелердің себебімен бастарын құрай алмай сабылып жүр. Үйленуді осыншалықты ауырлатып жіберуге қандай хақымыз бар деген ой келеді.

Осындай себеппен үйлене алмай жүрген жастар өздерінің табиғи қажеттіліктерін қалай қанағаттандырып жүр? Бұл да – үлкен сұрақ. Осының кесірінен қоғамды ірітіп-шірітетін зинақорлық сынды көптеген күнәлі істерге жол берілуде. Егер осылай кете берсе, қоғамда арсыз,  азғын істер жайылып кетпесіне кім кепіл? Міне, азғындықтың алдын алғымыз келсе, үйлену ісін оңайлатуымыз керек.

Сахабалардың кезінде шаңырақ көтерудің қаншалықты оңай болғанын ойлап таң қаласыз. Мысалы, хазірет Омар, хазірет Османдар қыздары бой жеткенде, өздері қалаған адамдарына барып «Менің қызыма үйленесің бе?» деп ұсыныс жасаған. Шариғат бойынша мұсылманның асығуына тиіс төрт ісінің бірі – бой жеткен қызды тұрмысқа беру.

Ал, қазір керісінше, ата-аналардың ең үлкен уайымы – ұлын үйлендіру, қызын тұрмысқа беру. Ақшаны қайдан табамын деп жүргенде, қызына тезірек күйеу керек болып жүргенін ұмытып кетуі де мүмкін. Бәлкім оның қызы түні бойы жастығына көз жасын төгіп жүрген шығар...

Осы тұста Алла Тағаланың осы мәселені шешіп беретін ұлы сүйіншісін жеткізуіміз керек. Қаситті Құранның «Нұр» сүресіне зер салсаңыз: «...Егер олар (үйленетіндер) кедей болса, онда Алла шексіз қазынасынан оларды қамсыздандырады» («Нұр» сүресі, 32-аят) делінген. Бұл – Алланың уәдесі. Ендеше, кедейліктен қорқатын ештеңе жоқ. Кім біледі, біздің дана қазақ «Бас екеу болмай, мал төртеу болмайды» деген нақылды осы аятқа сүйеніп айтқан болар. Ендеше, жан-жағымызда теңін таба қоймаған жастарды үйлендіруге асыққанымыз дұрыс, қадірлі ағайын!

Асылбек Әуезханұлы,

«Асыл сөз media» шығармашылық

бірлестігінің жетекшісі, ф.ғ.к., дінтанушы

Медиа

Жоғарыға