maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Әке-шешеге құрмет – мұсылмандықтың шыңы

Әке-шешеге құрмет – мұсылмандықтың шыңы

Қазақ халқы әкені асқар тауға теңейді. Асқар тау қандай биік болса, әке де – баласы үшін сондай биік те, ірі тұлға. Отбасыдағы ананың орны қандай бөлек болса, әкенің де орны сондай айырықша.

 

Асқар тау қатаң табиғаттың ыстығы мен суығына, дауылы мен ызғарына шыдап, бойын бүкпей тік ұстап тұрады. Дәл солай әке де отбасының басына түскен қиындықтарға мойымай, бар ауыртпалықты көтеріп, тыным таппай отбасын еңбек етіп асырайды.

Ақыретте отбасы үшін әуелі сұралатын адам – әке. Алланың әмірі бойынша, ол – жанұясының бақташысы, сол үшін жауапкер әрі сол үшін сұралушы. Әкенің ақылымен жүруі, ешкімнің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешуі сияқты қасиеттері баланы тек жақсы болашаққа жетелейді.

Халқымыз «Атадан жақсы ұл туса, елінің қамын жейді. Атадан жаман ұл туса, елінің малын жейді», – деп әкенің бала тәрбиесіндегі орнын көрсетеді.  Осы орайда қазақтың ұлы ағартушысы, ұстазы Ыбырай Алтысариннің «Әке мен бала» деген әңгімесі еске оралады:

 Бір адам он жасар баласын ертіп, егіннен жаяу келе жатса, жолда қалған аттың бір ескі тағасын көріп, баласына:

– Анау тағаны, балам, ала жүр, – дейді.

Бала еңкеюге ерініп, әкесіне:

– Сынып қалған ескі тағаны алып не қылайын? – дейді.

Әкесі үндемей, тағаны өзі иіліп алып жүре берді. Қаланың шетінде темірші ұсталар бар екен. Бір ұстаға жеткен соң, әкесі қайырылып, манағы тағаны соларға үш тиынға сатты. Одан біраз жер өткен соң, шие сатып отырғандардан сол үш тиынға бірталай шие сатып алады. Шиені орамалына түйіп, шетінен өзі бір-бірлеп алып жеп, баласына қарамай, аяңдап жүре береді. Біраз жер өткен соң, әкесінің қолынан бір шие жерге түседі. Артында келе жатқан баласы қызығып-ақ келеді екен, жерге түскен шиені жалма-жан жерден алып, аузына салды. Біраздан соң және бір шие, онан біраз өткен соң және бір шие, сонымен әр жерде бір әкесінің қолынан түскен шиені он шақты рет иіліп, жерден алып жейді. Соңында әкесі тоқтап, баласына шиені орамалымен беріп:

– Көрдің бе, мана тағаны жамансынып жерден бір иіліп көтеріп алуға еріндің, енді сол тағаға алған шиенің жерге түскенін аламын деп бір еңкеюдің орнына он еңкейдің. Мұнан былай есіңде болсын: аз жұмысты қиынсынсаң – көп жұмысқа тап боласың; азға қанағат ете білмесең – көптен де құр қаларсың, – деді.

Осы қысқа әңгімедегі әкенің баласына берген кеңесінен ғибрат алуға боларлық көп дүние бар. Бұл – әкенің баласына деген жанашыр қамқорлығы. Әке қамқорлығы дегеніміз – отбасы мүшелерін әр түрлі пәле-жаладан қорғап отыратын қасиетті ұғым. Сондықтан әкені сыйлау, оған үлкен құрметпен, ілтипатпен қарау баланың парызы болмақ.

Әбу Һурайра (р.а.): «Алланың елшісіне (с.ғ.с.) бір адам келіп:

– Уа, Алланың елшісі! Адамдардың арасында жақсы қарым-қатынасқа кім анағұрлым лайық?, – деп сұрайды. Пайғамбар (с.ғ.с.) сонда:

– Сенің анаң, – дейді.

Әлгі адам:

– Кейін кім?, – деп сұрайды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

– Сенің анаң, – дейді.

Әлгі адам:

– Сосын кім?, – деп сұрайды.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

– Сенің әкең, – деп жауап берді» деген риуаятты келтіреді (Бұхари, Мүслим).

Әке – ұрпақ панасы, үй басшысы, әрі тәрбиешісі. Ол тек бір отбасының ғана емес, ауыл, рудың қамқоршысы, ел ағасы. Өмірге келген баланың әрбір сәтті қадамы әке үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш болмақ. Сондықтан бала есейіп, әке қартайған соң оның әрбір қылығына сабырлықпен қарау баланың борышы.

Сағад ибн Масғұт Ибн Аббаспен болған мына әңгімесін риуаят қылады: «Мен Ибн Аббасқа:

– Менің әскерге барғым келеді. Ал, ата-анам дәлірек айтсам, әкем мұны құптамайды. Не істейін? – деп сұрадым. Сонда Ибн Аббас:

– Ата-анасы бар адам оларға күндіз-түні жақсылық жасасын,– деді. Мен:

– Олардың екеуіне де ме? –деп сұрағымды нақтыладым. Ол:

– Иә, олардың екеуіне де – деп, кейін: «Әлбетте, Алла ата-анасына жақсылық жасағанға жәннаттың есіктерін ашып қояды. Кім жақсылық жасап күн өткізсе, Алла әлбетте оған күні бойы жәннаттың екі есігін ашады. Ал егер, түнде жақсылық жасаса, оған түні бойы жәннаттың екі есігі ашық тұрады. Егер ата-анасының бірі ғана болса, оған күндіз жақсылық жасаса, күні бойы жәннаттың бір есігі ашық болады. Ал, түнде бір жақсылық жасап сосын жатса, оған түні бойы жәннаттың бір есігі ашық тұрады. Ата-ананың бірі ашуланса, ол разы болмайынша, Алла тағала разы болмайды, – деп түсіндірді.

Мұны естіген мен:

– Ал егер ата-анасы залым болса ше? – деп сұрадым. Ол маған:

– Залым болса да, – деп жауап берді».

Бұл насихатты айтқан Ибн Аббас – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) батасын алған үлкен ғалым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ибн Аббас сәби кезінде ауызына түкірген екен. Демек, қазақтың «Әке-шешең жынды болса  байлап бақ», – деген сөзі осындай ғибратты әңгімелерден бастау алса керек.

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « Әділдік – иманнан
Жоғарыға