maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Әділдік – иманнан

Әділдік – иманнан

Әділдік – қоғам мүшелері түгел ұстануы тиіс қағида. Себебі еліміз көп ұлтты мемлекет болғандықтан, түрлі ұлт өкілдерінің құқығын шектемей, олармен дұрыс қарым-қатынаста болуды қажет етеді. Бұл ретте адам баласына көмекке келетін қасиет – әділдік.

 

Мұсылман ғалымдары қоғамдағы әділдік ұғымына көп көңіл бөлді, тіпті бұрын-соңды батыс білмеген «көркем мінездегі әділдік» деген тұжырымдаманы шығарды.

Көркем мінездегі әділдік – тұлғалар арасындағы қатынастарда және басшылар мен олардың қарамағындағылар арасында болуы тиіс құндылық. Адам қоғамның қай саласында болмасын әділдікті қажет етеді.

Әділдікке қатысты орта ғасырлық ғалым Әбу Хамид әл-Ғазали ойын былай түйіндеген екен: «Егер адам қандай да бір сезіміне қатысты орта жолды ұстай алмаса, мысалы, үйленбесе, тамағын қажеттен тыс азайтса, онда ол әділдік өлшемін бұзушы. Сол сияқты құлқын қалауын тойдыру мақсатында соның соңынан кеткен, нәпсісін тыймаған адам әділдіктің тепе-теңдігін бұзған саналады. Осы екі жағдайға тап болған адам үлкен зұлымдықтың ішінде деп түсінуге болады».

Бірде хазіреті Әлиден (р.а.) бір кісі Алла Тағаланың бірлігі мен әділдік туралы сұрай келіпті. Сонда халифа былай жауап берген екен: «Алланы бір деп білу, Оны көз алдыңа елестетпеу, Оған белгілі бір пішін бермеу, Оны айыптамау – әділдік».

Расында да әділдік дегеніміз – өмірде, дінде, қоғамда, отбасында және сол сияқты т.б. салалардың барлығында алдымыздан үздіксіз шығып отырады.

Ислам діні мұсылманға басқа дін өкілдерімен жақсы қатынаста болуға шықырады. Әлеуметтік деңгейде олармен қарым-қатынас жасауға, қонаққа баруға тиым салмайды: «Егер мұсылман емес кісі мұсылман мемлекетінде тұрса немесе мұсылман мемлекетінің қамқорлығында болса, мұсылман оның өміріне, намысына, жеке мүлкіне қол сала алмайды.

Мұсылман басқалардың құқығын сақтауы қажет. Ол өзге адамдардың меншігін ұрлай алмайды не алдап ала алмайды, зұлымдық жасамайды. Оны ұрып масқаралауға немесе өлтіруге құығығы жоқ. Мемлекет оны мұндай зұлымдықтан сақтап кепілдік болуы қажет» (Суар мин хаияти ас-сахаба кітабынан).

Сонымен қатар, Құранда да мұсылман кісінің басқа адамға қандай қатынаста болуы керек екендігін ашық айтқан аяттары жетерлік. Мысалы: «Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандықты ең көркем түрде жолға сал (жамандыққа қарсы жақсылық қыл). Сол уақытта сені мен екеуің араңда дұшпандық болған біреу, өте жақын достай болып кетеді» (41:34).

Әдептілік және көркем сөзбен жақсылыққа шақыру – мұсылманның міндеті: «Адамдарды Раббыңның жолында даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде күрес. Күдіксіз, Раббың Ол, тура жол тапқандарды да жақсы біледі» (16:125). Бұл да – әділдік. Өйткені, дін Исламды білмейтін адамға оның үкімдерін айту – зор қателік. Әуелі оған Исламды үйрету қажет.

Ислам діні адамдарды бейбіт өмірге шақырғаны сияқты адамгершілік, адалдық пен достық, шыншылдық сынды көптеген ізгі сипаттарды ортаға қояды. Мұсылман адам өзіне сенген адамның сенімін ақтап, оған еш өтірік айтпайды. Егер өзге дін өкілімен түсініспеушілік болып қалған жағдайда, сыпайылық пен әділдікті естен шығармағаны жөн. Құран бізге осылай әмір етеді: «Іштеріңдегі зұлымдық қылғандарынан басқа Кітап иелерімен көркем түрде сөз таластырыңдар. Оларға: «Бізге түсірілгенге де, сендерге түсірілгенге де иман келтірдік. Және біздің Тәңіріміз де, сендердің Тәңірлерің де біреу-ақ. Біз Оған бой ұсынғандармыз», – деңдер» (29:46).

Осы орайда Ислам тарихындағы барлығымызға үлгі боларлық мына оқиға еске оралады:

Бір күні яһуди халифа Омарға келіп, хазіреті Әлидің үстінен (Алла ол екеуіне разы болсын) шағымданыпты.

Халифа Омар өзінің алдына Әлиді шақырып:

– Ей, Әбу Хасан! Сенің үстіңнен шағым айтқан айыптаушының қасына тұр – деп бұйырады. Осы кезде Әлидің жүзі өзгеріп қоя береді.

Кейін халифа Омар бұл екеуінің арасын әділдікпен шешкен соң оңаша қалған Әлиге қарап:

– Ей, Әли! Мен саған сені айыптаушының қасына тұр дегенімде ашуландың ба? Түріңнің өзгеріп кеткенін байқадым ғой – дейді.

Әли ибн Әбу Талиб:

– Аллаға қасам етейін! Ей, мүміндердің әмірі! Мен оған ашуланғаным жоқ. Бірақ, сен мені «Ей, Әбу Хасан», – деп шақырған кезіңде мені яһуди көзінше көтермеледі. Мұсылмандардың арасындағы әділдік жоғалыпты ғой деген қорқыныш бойымды биледі – дейді.

Хазіреті Әлидің жеке басы үшін емес, мұсылмандар үшін, дін үшін қам жеуі – тақуалығының белгісі. Тақуалық болған жерде әділдіктің де болары сөзсіз. Олай болса, біздер де қолымыздан келгенше ісімізге адал, басқалармен қарым-қатынаста жақсы болуға ұмтылсақ, онда жеке өмірде де, әлеуметтік өмірде де табыстарға жетуіміз жеңілдей түспек. Бұған қоса, дүниелік істеріміз де, ақырет үшін жинайтын қорымыз да азды-көпті ретке келіп қалар еді.

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Медиа

Жоғарыға