maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көркем мінезі

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көркем мінезі

Мінез дегеніміз – адам бойына тұрақты орныққан қайнар көз. Бұдан адамның барлық іс-әрекеті бастау алады, яғни пенденің барлық әрекеті осы қайнар көзге байланысты. Адамның табиғи мінезіне келсек, бұларға адам болмысындағы адамгершілік, жақсылық жасауды жақсы көру, ізгілікті ұнату сияқты т.б. қасиеттер жатады.

 

Адам баласы дүниеге келгенде ақ парақ сияқты таза күйде туылады. Кейін сәбидің ата-анасы, қоғам, қоршаған ортасы оған әсер етіп, оның келешектегі болмыс-мінезіне ықпал жасайды.

Егер сол қайнар көзден шыққан әрекет ақылға да, шариғатқа да лайық, мақтаулы амалдардан болса, онда мінездің көркем болғаны. Ал, енді бұл амалдар жиіркенішті болса, онда мінез-құлық жаман саналады. Мұндай мінез мұсылман үшін жат саналмақ. Алла Тағала Құранда көркем-мінездің артықшылығын және ондай мінезге ие болған адамның мәртебесі жайында көп айтқан: «(Мұхаммед (с.ғ.с.) оларға Алланың мейірімі бойынша, жұмсақ сыңай байқаттың. Егер тұрпайы, қатал жүректі болсаң еді, әрине, олар маңайыңнан тарқап кетер еді. Сол себепті, олар үшін жарылқау тіле де, іс жөнінде олармен кеңес қыл. Сонда қашан қарар берсең, Аллаға тәуекел ет. Негізінен Алла тәуекелшілдерді жақсы көреді» (Әли Имран: 159).

«Сөзсіз мүміндер Алла Тағала еске алынса, жүректері қобалжиды да, оларға Алла аяттары оқылса, сенімдері артып, Раббыларына тәуекел қылады. Сондай-ақ, олар, намазды толық орындап, оларға берген несібемізден тиісті орындарға жұмсайды. Міне, олар – шынайы мүміндер. Олар үшін Раббыларының қасында дәрежелер, жарылқау әрі көркем несібе бар» (Әнфәл: 2-4).

Имам Ғазали «көркем мінез – елшілер мырзасының сипаты, шыншылдар амалдарының абзалы, тақуалар тер төккен еңбектерінің жемісі, Аллаға құлшылық қылған пенделердің ризалығы. Дәлірек айтқанда, жақсы мінез – діннің бөлігі», – деп айтқан.

Ғалымның пікірінше, жаман мінез – жұтып жоқ қылар у, абыройсыздыққа ұшырататын бұзықтық, аяқ асты қылатын анық жамандық. Ол шайтанға қызмет еткізеді және әлемдердің Раббысының жамалынан алыстатады.

Алла Тағала көркем мінезге ие адамның қандай амалдар жасайтынын баяндаған: «Шынында, иман келтіргендер құтылды. Олар сондай мүміндер, намаздарында іштей жалбарынады. Олар бос нәрселерден аулақ болады. Олар зекеттерін береді. Олар ұятты жерлерін сақтайды. Бірақ, жұбайлары немесе меншіктілері болса, оларға сөгіс жоқ. Онда кім бұлардан басқаны іздесе, міне, солар – шектен шығушылар. Олар аманаттарын, уәделерін қорғаушы. Олар намаздарына ұқыпты. Міне, солар – мұрагерлер. Олар онда мәңгі қалатын фердаус жаннатында мұрагер болады» (Мүминун: 1-11).

Расында, адам өз бойында жақсы мінез-құлық пен адамгершілік  қасиеттерін қалыптастыра алады. Муғаздан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаятта пайғамбардың (с.ғ.с.): «Адамдарға жақсы мінез-құлық көрсет», – деп айтқаны келтіріледі (Ибн Әбдул-Бәрр).

Бұл хадистің басқа риуаятында пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «...қолыңнан келгенше өз мінез-құлқыңның ең жақсы жақтарын көрсет», – деген. Шындығында, жақсы мінез-құлықты түрлі тәсілдермен қалыптастыруға болады. Олардың ең жақсысы – пайғамбардың (с.ғ.с.) жоғары адамгершілік қасиеттеріне еліктеу, өйткені мұны Алла Тағала: «Сендер үшін Алланың елшісінде көркем өнегелер бар», – деп әмір еткен (Ахзаб: 21).

Шын мәнінде, пайғамбардың (с.ғ.с.)мінез-құлқы өте көркем болған. Бұл туралы Алла Тағала: «Шын мәнінде сен әлбетте, ұлы мінезге иесің», – дейді (Қалам: 4).

Енді пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көркем мінезі туралы оның қасындағы сахабалардың сөздеріне назар салып көрелік. Абдулла ибн Амр ибн ‘Астан (Алла ол екеуіне разы болсын):

–Алланың елшісі (с.ғ.с.) дөрекі және арсыз болған емес. Ол:

–Расында, сендерің жақсыларың – көркем мінезді болғандарың – деп айтатын еді – деген хабарды жеткізеді (Бухари, Муслим).

Әбу Дардадан (Алла оған разы болсын):

«Пайғамбар (с.ғ.с.): «Расында қиямет күніндегі таразы басында, мүмін пенденің көркем мінезінен асқан ауыр нәрсе болмайды. Күмәнсіз Алла ауызы былапыт сөзге толы арсыз адамды жек көреді», – деді» деген риуаят келтіріледі (Термизи).

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын):

«Алланың елшісінен (с.ғ.с.): «Жаннатқа кіретін адамдардың көпшілігі кімдер?» – деп сұрайды. Пайғамбар (с.ғ.с.):

 «Аллаға тақуа болғандар мен көркем мінезділер», – деді. Сондай-ақ, тозаққа кіретін адамдардың көбі кімдер? деген сұраққа Алланың елшісі (с.ғ.с.):

«Көп сөйлегендер мен екі аяқтың ортасындағы мүшеге ие бола алмағандар», – деп жауап берді» деген хабар жеткізіледі (Термизи).

Айша анамыздан (Алла оған разы болсын):

«Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Расында, мүмін өзінің көркем мінезінің арқасында, күндіз ораза, түнде намаз оқитын пенденің мәртебесіне жетеді», – деп айтқанын есіттім» деген хадисі келтіріледі.

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « Пайғамбар (с.ғ.с.) өсиеті Әділдік – иманнан »
Жоғарыға