maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Пайғамбар (с.ғ.с.) өсиеті

Пайғамбар (с.ғ.с.) өсиеті

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) – көркем мінезге ие ең кемел тұлға. Оның (с.ғ.с.) өнегелі қасиеттері жылдар өтіп, ұрпақ алмасқан сайын ашыла берері сөзсіз. Белгілі сахаба Жабир ибн Абдулладан (Алла оған разы болсын) жеткен мына оқиғадан пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көркем мінезінің біз біле бермейтін қырларының көп екенін байқаймыз:

 

«Алланың елшісімен (с.ғ.с.) бірге сапарға шыққан едік. Қасымдағы серіктестірім менен озып алға шығып кетті. Менің астымдағы түйе әлсіз болғандықтан олардың соңында қалдым. Алланың елшісі (с.ғ.с.) қасыма келіп:

–Жабир,  саған не болды? – деді. Мен:

–Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Мына түйем жәй жүріп, артта қалған жағдайым бар – дедім. Пайғамбар (с.ғ.с.):

Оны шөктір – деді. Мен түйені шөктірдім, Алланың елшісі де (с.ғ.с.) қасыма түйесін шөктірді. Сосын маған:

–Қолыңдағы таяқты маған берші – деді. Мен таяқты бердім. Ол алып, онымен түйемді бірнеше рет түртіп:  

–       Оған мін – деп бұйырды. Мен міндім. Жолға шықтық...

 Мұхаммедке (с.ғ.с.) Құран түсіріп, оны елші қылған Аллаға қасам! Астымдағы түйеме жаңадан жан біткендей ытқып жүрді.

Алланың елшісімен (с.ғ.с.) сөйлесіп келемін, ол:

Маған мына түйеңді сатасың ба ей, Жәбир? – деді. Мен:

–Уа, Алланың елшісі! Мұны сізге сыйға тартайын – дедім. Пайғамбар (с.ғ.с.):

Жоқ, олай жасама. Бірақ оны маған сат – деді. Мен:

Олай болса, бағаңызды айтыңыз, – дедім. Алланың елшісі (с.ғ.с.):

Бір дирһам берейін – деді. Мен:

–Жоқ. Егер солай жасайтын болсам, онда мақау болып көрінемін – дедім. Алланың елшісі (с.ғ.с.):

Ендеше екі дирһам беремін – деді. Мен бұған да келіспеді. Сөйтіп, түйенің бағасын он екі дирһамға көтергенше саудаластым. Ақырында:

–Уа, Алланың елшісі! Сен бұған разымысың? – деп сұрадым. Ол:

 –Разымын  – деді. Мен:

–Олай болса түйе сіздікі, алыңыз – дедім. Ол:

–Алдым – деп жауап берді. Кейін Алланың елшісі (с.ғ.с.):

–Ей, Жәбир! Сен үйлендің бе?» – деп сұрады. Мен: «Ия, Алланың елшісі (с.ғ.с.)!» – дедім. Ол: «Сен жесір әйелді алдың ба әлде бойжеткенге үйлендің бе?» – деді. Мен: «Жесірді алдым», – дедім.

Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Бір-бірлеріңмен әзілдесіп жүрген бойжеткен болмады ма?», – деп сұрады. Мен: «Уа, Алланың елшісі! Әкем Ухуд ұрысында дүние салған кезінде, артында менімен бірге жеті қызы қалды. Осылардың басын қосып, ымыраға келтіріп отыратын әйел керек болды. Мен де сондай әйелді алдым», – дедім. Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Алла қаласа, ойыңдағы іске асқан екен. Біз Сирар жеріне жеткен соң мал сойып, сол жерде демаламыз. Егер әйелің сенің келетініңді естісе, онда сенің құрметіңе үйді әзірлеп, жамбастап демалуың үшін жастықтар қоятын шығар?», – деді.

Мен: «Уа, Алланың елшісі. Аллаға қасам етейін! Біздің үйде ондай жастықтар жоқ», – дедім. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Болады. Қалаға барғаннан кейін ізгі амал жаса», – деп кеңес берді.

Біз Сирар жеріне келдік. Алланың елшісі (с.ғ.с.) мал сойып, демалуға бұйрық берді. Сол күні осы жерде қалдық. Сөйтіп кеш бата Мәдина шаһарына да келдік. Таң атқан соң мен түйемді алып, Алла елшісінің (с.ғ.с.) есігінің алдында шөктірдім. Өзім қасындағы мешітке кірдім.

Алланың елшісі (с.ғ.с.) шығып, түйені көрді де: «Бұл не?» – деді. Сахабалар: «Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Бұл Жәбирдің алып келген түйесі», – десті. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Жәбирдің өзі қайда?», – деп сұрады. Олар мені Алла елшісінің алдына шақырып келді. Пайғамбар (с.ғ.с.) маған: «Ей, Ағамның ұлы! Мына түйе басымен сенікі», – деп Биләлді шақырды да: «Жәбирмен бірге бар. Сосын оған он екі дирһамды бер», – деді. мен Биләлмен бардым. Ол маған он екі дирһамнан аз асырып берді. Аллаға қасам етейін! Ол үйге келгеннен кейін өсуін тоқтатпады...» деген хабар жеткізіледі. (Бухари, Муслим).

Бұл оқиға жоғарыда айтқанымыздай Алла елшісінің (с.ғ.с.) қасындағы сахабаларына жасаған қарым-қатынасын бейнелеген оқиғалардың бірі ғана. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) өзі көркем мінез иесі болып, оны қасындағы сахабаларға үздіксіз насихаттады. Ол мұсылмандарды көркем мінезге шақыруын ешбір тоқтатпаған. Бұған мына хадистер дәлел болмақ:

Ән-Науас ибн Самған (Алла оған разы болсын):

«Мен Алланың елшісінен (с.ғ.с.) жақсылық пен күнә хақында сұрадым. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Жақсылық – көркем мінезді болу, ал күнә – дегеніміз, көкірегіңде сыбырлап тұрады бірақ, оны адамдарға көрсетуге қаламайтын нәрсең (яғни жаман мінез)», – деп айтты» деген хадисті келтіреді (Муслим, Термизи).

Сол себепті көркем мінездің Исламдағы орны ерекше. Исламдағы көркем мінездің маңыздылығын пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) соңынан ерген сахабалар мен танымал ғалымдардың айтқан сөздерінен де көреміз:

Омар ибн Хаттаб (Алла оған разы болсын): «Адамдардың арасында көркем мінезді тарқатыңдар, соған сәйкес амал жасауды үйретіңдер», – деген.

Анас ибн Мәлик (Алла оған разы болсын): «Расында пенделердің арасында күні-түні Аллаға құлшылық қылмаса да өзінің көркем мінезімен жаннаттың ең жоғарғы дәрежесіне жететіндері бар. (Сол сияқты) өзінің жаман мінезінің арқасында жаһаннамның ең түбіне түсетіндері бар», – деп айтқан.

Сондықтан да біз көркем мінездің үлгісі мен мысалын пайғамбардың (с.ғ.с.) өзінен, оның тәрбиесін көрген сахабалардан мысалы алып, өнеге қыламыз. Өйткені, Алла Тағала «Сендер үшін Алланың елшісінде көркем өнегелер бар», – деп хабар берген.

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Медиа

Жоғарыға