maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Міржақып баба дініміз үшін неге алаңдады?

Міржақып баба дініміз үшін неге алаңдады?

Жер кетті, дін нашарлап, хал харам боп,

 Қазағым енді жату жарамас-ты!

Міржақып Дулатов

Міне, бұл – алаш арыстары өмір сүрген XX ғасырдың басындағы Ислам дінінің шынайы бейнесі. Бүгінгі күнді былай қойғанда, қазақтың арғы-бергі  тарихында төл дінінің нашарлап, араммен ауызданған күні болмаған. Керек десеңіз, халқымыз дін Ислам келгенге дейін «биікте көк Тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, екеуінің ортасында адам баласы жаралған», –  деген асқақ рухтың иесі болған, дүниеде көк пен жерді жаратқан құдіреттен басқаға бас имеген. Осылайша, ата тек-тумысынан өр түркінің ұрпағы адал мен арамның парқын ажырата білген биік мәдениетпен Ислам дінін қабылдап, мұсылман атанған. 

 

XI ғасырда Исламды ырыс пен құттың көзі деп бағалаған бабаларымыз «Құтты білік» (Ж.Баласағұн) сынды әлемде теңдесі жоқ еңбек жазып, Ислам дінін халық жадына сіңіруге, насихаттауға зор үлес қосқан. Және халқымыз осы асыл ниетінен ондаған ғасырлар бойы айнымаған. Өкінішке қарай, арада ондаған ғасыр өткенде, XX ғасырдың бас кезінде ел өзгере бастайды. Бұл сол тұстағы ұлт зиялаларын алаңдатпай қоймайды. Осы кезеңде ұйқыдағы қазақты оятуға ұмтылған зиялының бірі Міржақып Дулатұлы болатын.

Ғасыр басындағы қасіретті жағдайдың бірі – «діннің нашарлауы». Осы ретте нашарлаған дін бе, халық па, оны білмей сөйлейтін ақын емес:

Әлі де болса, ояналық «Аллалап»,

Жалыналық Жаратқан хаққа бәнде етіп.

Мезгілінде қару қылмай қимылдап,

Бұл уақытта тұрмыз енді хал кетіп.

Міржақып баба халықты азғындықтан сақтайтын дін-Исламның қадір-қасиетін білгендіктен, оны сақтап қалудың жолы қара халыққа насихат айту деп түсінген.

Ислам – діңгегі темірдей берік Алла Тағала тарапынан қорғалған дін. Қағбаны қиратып, құртамын деген Әбрақаның өзінің құрып кеткені үмметке өнеге болса керек. Дінді қорғау – берекеңді қору, хайыры жоқ жамандықтан сақтану. Бұл туралы қасиетті Құран былай дейді: «Бізді тура жолға салғаннан кейін жүрегімізді ауытқытпа. Бізге өз қасыңнан игілік бер. Күдіксіз Сен өте берегенсің» («Әли-Ғымран» сүресі, 8-аят). Пайғамбар (с.ғ.с.) хадистері де дінде берік болуға шақырады: «Менің үмметімнің қайырлысы, темір сияқты төзімді болғандары». Осы орайда ақын Міржақып Дулатұлы «Кім жазалы өзімізден көрмесек...» деп, көп дүниенің өзімізге де байланысты екенін аңдатады.  

Жас орнына көзімізден қан кетіп,

Қолымыздан ата мирас заң кетіп.

Хұкімі шариғаттың емес қолда,

Ғаділдікпен халық билеген хан кетіп.

Асылында, бабалардан қалған ата дінімізден бас тарту, тұрмысың мен салтыңнан, қала берді ой-санаңнан шығарып, адамзаттың қолымен жасалған коммунизм саясатына сену – қазақты ұлт тарихынан адастыратын жол. Қан-тамырына дейін ібіліс жайлаған адам баласы Алла Тағаласын ұмытса, оның ендігі жасайтын барша ісін шайтан-сана иектемей ме? Ақырында, ұрпақтың бойындағы ұлттық сананың тұқымы құрып, намыс пен ар-ұяты-кем, түбі бос, діңгегі осал, кім не айтса, соған сенгіш, елдің ертеңі түгіл етегіне келер ұятты ойламас орта қалыптаспай ма? Міржақып баба осыны көре білді. Халықтың дінінен кетуінің зорлықтың күшімен жүзеге асырылған іс екенін де мойындап өтті.

Бүгінгі таңдағы отбасындағы берекесіздік, ұл мен қыздан ұяттың кетіп, шаңырақтан сый атаулының жоғалуы сол Міржақыптарды мазалаған қауіптің шындыққа айналған нақты дәлелі десек, артық емес. Себебі, қазақ халқы 70 жылға жуық Исламды жоққа шығарып, Құран оқытпақ түгіл, садақаға рұқсат бермеген Кеңес өкіметінің дүрмегіне еріп, дәстүрін бұзып алды. Алланы мойынсұнбау немесе жоққа шығарудың ақыр түбі азғындықпен аяқталарын уақыттың өзі көрсетіп берді.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) екі дүниенің сардары, Алла Тағаланың сүйікті елшісі бола тұра, «Я, Алла! Сенің рахымыңа үміт етемін. Мені бір мезетке болса да өз нәпсіме тастама, әрі менің барлық жұмыстарымды оңда, Сенен басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ!», –деп дұға етуді үмметіне сүннет етуінің мәнісі – осы, ібілістің індетінен ұзақ болудың қамы. Ал, «Сөздің басы – биссмилла, бисмилласыз іс қылма!» деген аталар сөзіне зер салсаңыз, екі жол өлеңнен мұсылмандық сананың сәулесін көресіз...

Түптеп келгенде, ел болып тұтасудың жалғыз жолы – жекелеген ұлтты былай қойғанда, барша адамзатты бірлікке шақыратын Ислам мәдениетінен нәр алып, пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) көркем мінезін адамгершілік өлшеміне айналдыру, өркенді өсіретін игі істердің ұйытқысы болу. Міржақып бабамыз «хал харам» боп кетті дегенде, мінез оңбай, іс оңбайтынын, ұлттың ұлт болудан кететінін көрегендікпен айтқан. Бүгінгі таңда жастарымыз дінін сатып, пиғыл-ниеті ұлт мүддесіне, салт-санасына, әдет-ғұрпына жат ағымдардың жетегінде кетіп жатса, ұшқан ұясында, өскен ортасында мұсылмандықпен ұштасқан ұлт тәрбиесінің кемдігінен. Осы орайда, өткен ғасырлардағы бабалар өнегесінен сабақ алып, рухымызды жаңғырту, тарихи санамызды ояту – ең басты міндет.

Біз қолыңыздағы мақалада дін-Исламды күллі шығармашылығының арқауына айналдырған Міржақыптың ғасыр басындағы діннің мүшкіл халін ұлт мүддесінің тарылуымен байланыстырып, халық өміріндегі діннің орнын жоғары бағалай білген мұсылмандық ойлау мәдениетін сөз еттік. Ақынның отаршыл өкіметтің тұсында Ислам дінін сақтап қалуға, дамытуға қатысты айтқан ұсыныс-өлеңдері әлі де талдауды қажет етеді.   

 Гүлбану Нұрымқызы,

филология ғылымдарының кандидаты.

Медиа

Жоғарыға