maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Хазіреті Әлидің ұлына айтқан өсиеті

Хазіреті Әлидің ұлына айтқан өсиеті

Өткен мақалаларымызда хазіреті Әлидің көркем мінезі, сахабалар арасындағы беделі туралы айтқан болатынбыз. Сондай-ақ, Әлидің «Әбу Сибтейн» (пайғамбардың (с.ғ.с.) екі немересінің әкесі) және оның ақылы мен парасаттылығына сай пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Баб әл-илм» деп атағаны жайында әңгіме өрбіткен едік. Хазіреті Әлидің «Әбу әл-Хасан» (Хасаннның әкесі) деген лақап аты да болды. Себебі, оның Ислам тарихынан белгілі болғандай Хасан мен Хусейн (Асан мен Үсен) атты екі ұлы бар еді. Бұл екеуіне (Хасан мен Хусейн) «жәннат жігіттері» деген есім де берілген. Әли сарайда халиф болса, отбасында ардақты әке.

Бір күні хазіреті Әли баласы Хасанға төрт нәрсе жайында мынадай өсиет айтады: «Құлыным! Менің үйретер төрт нәрсемді жадыңда ұста, төрт нәрсені есіңде сақта. Егер мұнымен амал жасайтын болсаң, саған еш зиян келмейді:

– Байлықтың асылы – ақыл,

– Кедейліктің жаманды – надандық,

– Жалғыздықтың жаманы – менмендік,

– Дүниенің құрметтісі – жақсы мінез-құлық».

Міне, ол отбасында осындай жанашыр әке болса, майдан алаңында дұшпанын ойсырата жеңген батыр еді. Хазіреті Әлидің батырлығы Бәдір соғысында да айқын көрінеді. Ол мұсылмандардың ішінен жекпе-жекке шыққан батырлардың бірі. Содан бастап барлық ғазауаттар (Пайғамбар (с.ғ.с.) қатысқан соғысты «ғазауат» деп атайды) соғыстарда алдыңғы шептен орын алып, жауына ойсырата соққы беріп жүреді. Ол қорқу, үрку, жауынан қаймығу дегенді білмеді.

Хандақ соғысында ор қазуға бар күшін салған Әли соғыс барысында мүшриктердің әйгілі батыры Әмір ибн Абдудты о дүниеге аттандырып, жеңіске қол жеткізеді. Әмірдің өлімінен кейін мүшриктердің беті қайтып қалады.

Бәни Надир соғысында яһудилер Ғазул атты ең мерген садақшыны пайғамбардың (с.ғ.с.) тұрған жерін атқылау үшін арнайы жасақтайды.  Ол бар күшін салып пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тұрған жерге оқ жаудыра бастайды. Оның оқтарының зияны тимес үшін пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тұрған жерін өзгертеді. Ал Ғазул пайғамбардың (с.ғ.с.) ізіне түсіп, артынан қалмайды. Әли оның ісіне ашуланып, оны өлтіруге бел буады. Қасындағы сахабалармен бірге Ғазулге қарсы шабуыл жасап, оның басын алады. Мұсылмандар бұл жеңістен кейін біраз жеңілденіп қалады.

Әрине, хазіреті Әли тек майданда ғана жүрмеді. Ол кісі жоғарыда айтқанымыздай ғалым болды. Мысалы, шәкірттердің бірі хазіреті Әлиден сараң адам туралы сұрайды. Сонда Әли:

– Сараң байлығын жұмсамайды, қажетіне де жаратпайды, сөйтіп дүниеде бәрібір кедейге ұқсайды. Бірақ, ақыретте ол байлардың қатарында тұрады, есепті де солардай тапсырады. Осылайша, хазіреті Әли адамды сараң болмауға шақырады. Егер қолыңдағы дүниені, тіпті, өз қажетіңе де жұмсауға қимайтын болсаң, онда сен нағыз сараң болғаның. Ол дүниені жиғаннан не пайда? Бәрібір саған оның пайдасы жоқ, тек зияны бар. Бірақ, есесіне Қиямет күнінде Алланың алдында есеп-қисабын бере алмай тұрған бейшара байлардың қатарында тұрасың. Дәл солар сияқты өз теріңе тұншығып, соңғы бақырыңа дейін есеп бересің...

Қадірменді оқырман! Біз мақалаларымызда хазіреті Әлидің өмірінен үзінділер келтіре отырып, ол кісінің тақуалығы, дінге деген жанашырлығы, отбасындағы әкелік мейірімі мен майдан алаңындағы ерлігін туралы қасқаша айтып өттік. Өйткені хазіреті Әли туралы бір-екі мақала жазып тауысу мүмкін емес. Бұл арнайы үлкен кітапты қажет етеді. Тарих осындай ірі тұлғалардың ерліктері мен еңбектерінен құралады.

Сөз соңында Ислам тарихында әділдігімен қара қылды қақ жарған төрт халифтің соңғысы дей отырып, мақаламызды тәмамдаймыз.

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « ҰЛЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТКЕН САХАБА Пайғамбар (с.ғ.с.) өсиеті »
Жоғарыға