maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Хазіреті Әлидің көркем мінезі

Хазіреті Әлидің көркем мінезі

Хазіреті Әли – Ислам тарихында өзіндік орны бар әйгілі сахабалардың бірі. Әли – Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) күйеу баласы. Дәлірек айтқанда, Әли пайғамбардың (с.ғ.с.) Фатима есімді қызын өзіне өмірлік жар етті. Қазақта «пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған» деген мәшһүр сөз бар. Міне, осы сөз дәл Әлиден бастау алады. Мұсылман дүниесінде хазіреті Әлидің есімін естімеген пенде кем шығар. Ол кісінің бойындағы шынайы мұсылманға тән ерекшеліктері, исламды тарқату, мемлекет құру, басшылық ету жолындағы ерліктерін айтып тауысу қиын. Осы мақаламызда хазіреті Әлидің көркем мінезінің кейбір тұстарын ерекшеліктерін сөз етпекпіз.

Әли – ең алғашқы Ислам дінін қабылдаған жас (10-11 жаста) бала,  пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жәннатқа кіресіңдер деп сүйінші сұраған атақты тақуалығымен мәшһүр он сахабаның бірі. Оның тақуалығы, әділдігі мен қайырымдылығы  мұсылмандарға үлгі.

Төрт әділ халифаның төртіншісі – Әли ибн Әбу Талибтің тақуалығын, батырлығы мен жомарттығын айтпасқа болмас. Ол кісі жәннатты өзі үшін емес, әуелі қасындағы бауырлары үшін сұрайтын. Бұған мына оқиға куә болады:

Бір күні Омар ибн Хаттаб (р.а.) Алланың елшісіне (с.ғ.с.):

– Уа, Алланың елшісі! Әли мені көрген уақытта, маған бірінші болып сәлем бермейді.Ол менің оған сәлем бергенімді күтіп тұрады, – деп Әлидің (р.а.) үстіне шағым айта келеді.

Алланың елшісі (с.ғ.с.) Әли ибн Әбу Талибты өзіне шақырады. Кейін:

– Ей, Әли! Сен Омарды көрген кезіңде неге оған бірінші болып сәлем бермейсің?» – деп оның себебін сұрайды.

Әли ибн Әбу Талиб (р.а.):

– Уа, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Мен сіздің: «Кім бауырына бірінші болып сәлем берсе, Алла оған жәннаттан бір қасыр көтереді», – деп айтқаныңызды естіген едім. Сондықтан мен Омар маған бірінші болып сәлем беріп,  жаннаттағы сарайға ие болуын қалаймын. Сондықтан оны көрсем де маған бірінші болып сәлем беруін күтемін, – деп жауап береді.

Осы шағын ғана хикаядан хазіреті Әлидің тақуалығын, өзгеге деген жанашырлығын көруге болады.

Мұнда хазіреті Әли Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Кім бауырына бірінші болып сәлем берсе, Алла оған жәннаттан бір қасыр көтереді», – деген сөзін естіп, Омар үшін жәннаттан бір сарай болуын қалаған. Сол себепті Омармен кездескен шағында Әли оның бірінші сәлем беруін күтіп тұрған. Өйткені, пайғамбардың (с.ғ.с.) мынадай хадисі бар:

«Өздерің жақсы көргенді  бауырың үшін де жақсы көрмейінше сендер толық иман келтірмейсіңдер». Хадисті Әнас ибн Мәлик келтірген (Бұхари, Мүслим). Сондықтан да Әли өзіне қалаған жәннаттағы сарайды хазіреті Омар үшін де қалады. Иманы кемел мұсылман осылай жасайды...

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Медиа

Жоғарыға