maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Хазіреті Әлидің батырлығы

Хазіреті Әлидің батырлығы

Өткен еңбектерімізде хазіреті Әлидің өмірінен үзінділер келтіре отырып, ол кісінің мұсылмандар үшін үлгі болатындай ерекше қасиеттері туралы айтқан едік. Бұл шағын мақаламызда да Әлидің сипаттары туралы әңгімемізді әрі жалғастырамыз.

Әли жастайынан аты шыққан батыр болатын. Әли балиғат жасына толмастан ерлігімен танылды, шашына ақ түспей тұрып данышпан атанды. Бұлай дейтініміз, пайғамбар (с.ғ.с.) Меккеден Мәдина шаһарына һижрет ететін кезінде таң ата төсектен тұрып, орнына жас Әлиді жатқызады да, үстін жауып кетті. Пайғамбарды (с.ғ.с.) өлтіруге келген құрайыштықтар төсекті ашып, ол жерде Мұхаммед (с.ғ.с.) емес, Әлидің жатқанын көреді. Яғни, олар төсекті ашпастан, бүркеніп жатқан пайғамбар екен деп, дереу өлтіре салулары әбден мүмкін еді. Бұл жағдайдың қаншалықты қауіпті екенін білсе де, Әли пайғамбардың төсегіне жатып, қауіпті өзіне алды. Бұл жерде жас Әлидің ерлігін көреміз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жас Әлидің осындай батыр кенін білгендіктен оған жауапты әрі маңызды істі тапсырды. Бұған қоса Меккеде қалған Әли мүшріктердің пайғамбарға (с.ғ.с.) сеніп қалдырған аманаттарын табыс етуі керек еді.

Расында, оның бұл дүниедегі ең абзал да, ардақты ұстазы пайғамбарымыз (с.ғ.с.) болды. Әлидің басқалардан ерекшелігі ешқашан пұттарға тағзым еткен емес. Әли жомарттығымен танылған мұсылман.

Бірде Әли ибн Әбу Талибтің (р.а.) есігінің алдына бір қайыршы келеді. Әли өзінің ұлы Хасанға:

– Анаңа барып: Әкем сізге алты дирһам берген екен. Соның бір дирһамын берсін, – деп айта ғой дейді.

Хасан анасына барып келеді де Әлиге:

– Анам сіз ол дирһамдарды ұн сатып алу үшін берген деп айтты – дейді.

Әли (р.а.) күлімсіреп:

– Пенденің қолындағы мал, Алланың сенімді қолына өтпейінше иманы расталмайды. Құлыным, анаңа маған алты дирһамды беріп жіберсін деп айта ғой, – дейді.

Фатима анамыз (р.а.) Әлидің айтқанындай қолындағы алты дирһамды қайыршыға береді. Қайыршы кеткен соң, артынша Әлидің ауласына түйесін сатқалы жүрген бір адам келеді.

Әли (р.а.) оған:

– Ей, достым! Түйені қаншаға сатқалы жүрсің? – деп сұрақ қояды.

Түйенің иесі:

– Жүз қырық дирһамға сатамын, – дейді.

Әли (р.а.):

– Түйені маған сат, бірақ ақшасын сегіз күннен кейін алып кетсең болады ма? – деп өтініш білдіреді. Түйенің иесі бұған келіседі. Әли түйені алып, ауласына байлап қояды.

Арада біраз уақыт өтпей-ақ, бір адам байлаулы тұрған түйеге қызығып:

– Мына түйе кімдікі? – деп сұрайды.

Әли (р.а.):

– Бұл менің түйем, – дейді.

Түйге қызыққан кісі:

– Сатасың ба? – деп сұрайды.

Әли (р.а.):

– Иә.

 Түйені алушы адам:

– Қаншаға бересің? – деп ойын білдірді.

Әли (р.а.):

– Екі жүз дирһамға сатамын – деді.

Әлгі кісі:

– Олай болса түйеңді мен аламын – деп Әлиге екі жүз дирһам ұстатып түйені алып кетеді.

Әли (р.а.) жүз қырық дирһамды түйенің иесіне, ал қалған алпыс дирһамды Фатима анамызға беріп жатып:

– Фатима, бұл Алла тағаланың: «Кімде-кім бір жақсылық істесе, оған он есе болып қайтарылады», – деп пайғамбарға (с.ғ.с.) айтқызып, берген уәдесінің орындалуы, – дейді.

Бұл оқиға хазіреті Әлидің жомарттығына айғақ. Хазіреті Әли отбасына ұн аламыз деп сақтап отырған соңғы алты дирһамын қайыршының қолына ұстата салды. Өзі азыққа мұқтаж бола отыра дирһамын Аллаға тәуекел етіп, өзінен асқан мұқтаж адамға берді. Әрине, мұның есесіне Алла тағала Әлидің берген садақасын бірнеше есе етіп қайтарды...

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Медиа

Жоғарыға