maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Әлиді сынаған он яһуди (Үшінші бөлім)

Әлиді сынаған он яһуди (Үшінші бөлім)

Бұдан бұрынғы мақалаларымызда хазіреті Әли туралы, оның көркем мінезі, басқалармен қарым-қатынасы сияқты т.б. тұлғалық ерекшеліктері туралы баян еткен едік. Әлидің бойында кейінгі мұсылмандар үшін үлгі боларлық көркем сипаттар бар еді. Бұл – біздерге үлгі-өнеге. Өкінішке орай, бүгінде бізге осындай көркем мінез жетіспей жатады. Қоғамымызда ұрпақтар сабақтастығы үзілмесін, мұсылмандық өнеге ұмыт болмасын деген ниетпен бұл мақаламызда хазіреті Әлидің өмірінен үзінділер келтіре отырып, шынайы мұсылманның бойында болуы тиіс ізгі қасиеттерді ашып көрсетуге тырысамыз.

Сонымен, Әли халық арасында бірнеше есіммен танымал еді: оның ең біріншісі, «Әбу Сибтейн» деген лақап аты болды, яғни, (пайғамбардың (с.ғ.с.) екі немересінің әкесі) деген мағынаны білдіреді; Пайғамбар (с.ғ.с.) Әлидің зирек, алғыр әрі даналығы үшін «Баб әл-илм» (білімнің есігі, қақпасы) деп атаған. Әлидің білгірлігіне қатысты мына оқиғаны мысал етсек те болады:

Бір күні Әлидің білімін сынау үшін әрі оның қаншалық «Баб әл-илм» (білімнің қақпасы) есіміне лайық екенін байқау үшін алдына он яһуди (еврей) келеді. Олардың бір сұрағы ғана бар еді, ол: «Білім артық па, байлық артық па?».

Сонда Әли бір сұрақпен келген он адамға он түрлі жауап береді.

– Білім артық, өйткені, білім пайғамбарлардан қалған мирас, байлық –бақылдардан қалған мұра.

– Білімдінің жанында адал достар көп, ал бай адамның досы аз болады.

– Білім досыңды көбейтеді, байлық дұшпаныңды арттырады.

– Білімді қанша жұмсағанмен азаймайды. Байлықты жұмсаған сайын  азая түседі.

– Білім сені қориды, ал байлықты сен қорисың.

– Білімдіге ел қызығады, байды ел қызғанады.

– Білімге есеп-қисаптың керегі жоқ, байлық есепті қажет етеді.

– Білім бұзылмайды, дүние-мал ескіреді.

– Білім, кісілігің мен кішілігіңді арттырады. Байлық сараңдық пен қомағайлығыңды молайтады.

– Білімді адам орнымен сөйлейді, ізеттілігі де артады. Байлығы мол адам оған мастанып мақтанады, астамшылық көрсетеді, - деп хазіреті Әли осылайша өзінің даналығын көрсеткен екен.

Хазіреті Әлидің келесі лақап аты, «Әбу Тураб» (топырақтың әкесі). Оны бұлай деп атаған пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі екен. Бұған қатысты мынадай оқиға болған:

Бір күні пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Әлидің үйіне келіп, қызы Фатима анамыздан:

– Әли қайда? – деп сұрайды. Фатима анамыз:

– Біз екеуміз жанжалдасып қалып едік. Ол маған өкпелеп, күндіз үйде ұйықтамаймын деп сыртқа шығып кетті, – дейді.

Пайғамбар (с.ғ.с.) «Әлиді тауып кел деп», – деп оны бір кісіге іздетіп жібереді. Біраздан соң әлгі адам келіп, Әлидің мешітте ұйықтап жатқанын айтады. Пайғамбар (с.ғ.с.) мешітке барса, Әлидің үстіндегі жамылышы түсіп қап, шаңға былғанып ұйықтап жатыр екен. Сонда пайғамбар (с.ғ.с.) Әлидің шағын қағып:

– Ей, топырақтың әкесі тұра ғой! Топырақтың егесі, тұра ғой! – деп оны ұйқысынан оятады. Сол сәттен бастап Әлиді адамдар «Әбу тураб» (топырақтың әкесі) деп атап кетеді.

Бұл оқиғадан ді біз Әлидің қарапайымдылығын көреміз. Әрине, Әлидің бойындағы осындай тапқырлық, батырлық, кішіпейлдік, жомарттық, мейірім сияқты т.б. ізгі қасиеттерінің қалыптасуына пайғамбардың (с.ғ.с.) тікелей тәрбиесі ықпал етті. Себебі, Мұхаммед (с.ғ.с.) – «көркем мінезді кемеліне жеткізу үшін келген» пайғамбар. Халық Әлиді осындай қасиеттері үшін жақсы көрді...

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « «Жақсылық етсең өзіңе…» Хазіреті Әлидің батырлығы »
Жоғарыға