maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Теріс діни бағыттағы топтарға жол бермеу, оның алдын-алу шаралары

Діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрес қазіргі кезде Қазақстан қоғамы үшін маңызды да өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Көпұлтты және көпконфессиялы ел үшін ұлтаралық және конфессияаралық татулықты сақтау - ең басты міндет. Өзін зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырған Қазақстан Республикасының Ата Заңы мен дін туралы заңнамаларында экстремизм мен радикализмнің барлық көріністеріне және азаматтардың конституциялық құқықтарына қысым жасауды көздейтін әрекеттерге қарсы тұру толыққанды қарастырылған. Айталық, Конституцияға сәйкес мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылады.

Құранды бұрмалап түсіндіре отырып, адамның санасына шетін көзқарастарды сіңіріп жүрген қазіргі радикалды топтар мұсылмандар санатына жатпайды. Құранда: «Егер олар сендерден аулақ тұрса әрі сендермен соғыспаса, тіпті сендермен бейбіт тұруды ұсынса, онда Алла Тағала сендердің оларға шабуыл жасауларыңа ешқандай жол бермеді», - делінген. Экстремистік көзқарастарға қарсы тұрудың бір жолы  Құраннан сілтемелер беру арқылы терроризмнің исламға қайшы түсінік екенін насихаттау, исламның қайнар-көздері болып табылатын Құран мен хадистердің мәтінін дұрыс түсіндіре отырып уланған саналарды тазалау,  исламдық құндылықтар мен дәстүрлі руханиятты танытатын әдебиеттерді, басылымдарды көбейту.

Қазіргі кезде елімізде экстремизм мен терроризмге қарсы күрес жолында көптеген экстремистік ұйымдардың қызметіне соттың шешімімен тыйым салынып, діни мазмұндағы әдебиеттерге, үнпарақтар мен аудио-бейне материалдарға, ғаламтор сайттарына дінтану сараптамасы жүргізіліп, осы бағытта елеулі қызметтер атқарылуда. Бұл көпшіліктің дұрыс негіздегі діни ақпараттармен сусындауына, теріс насихаттың алдын алуға септігін тигізіп отыр.

Діни экстремизм мен терроризмге қарсы күрестің келесі бір қыры  радикалды ағымдардың жетегінде кеткендермен кешенді түрде жұмыс жүргізу, оларды қайта иландыру шараларын іске асыру. Бұл бағытта елімізде ішкі тұрақтылықты, діни татулықты нығайту және радикалды ағымдардан зардап шеккендерді оңалту мақсатында біршама істер атқарылуда. Мақсат - зардап шеккендерді анықтау, олардың ақиқат жолынан адасуына ықпал еткен себептерді зерттеу, оларға психологиялық, үгіт-насихаттық кеңестер беруге саяды. Ендігі міндет  - осы бағыттағы жасалып жатқан игі істердің тұрақты түрде, қарқынмен жүргізілуі.

Еліне, жеріне, дәстүріне, дініне жанашыр Қазақстанның әрбір азаматы осы іске өзіндік үлесін қосып жатса, бүтіндігімізді,  тұтастығымызды ешкім бұза алмасы кәміл.

 

 

Ералы Қамзағалиев,

Индер аудандық «Әйіп қажы»

мешітінің бас имамы

Медиа

Жоғарыға