maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Ислам діні және ұлттық құндылықтар

Ислам діні және ұлттық құндылықтар

Ислам діні және ұлттық құндылықтар – қазіргі қоғамдағы ең көкейтесті мәселелердің бірі. Әрине, еліміздің тәуелсіздік алғаннан кейін мәдени мұраға басты құндылық ретінде айырықша назар аударып, имандылыққа бетін бұра бастағаны – бесігіміздің түзеле бастағанының айғағы. Өкінішке қарай, асыл дініміздің атын жамылып, хақ дінді қаралап, халыққа теріс ақпарат таратып, ел санасында үрей философиясын негіздеуге ниет еткен жат ағым өкілдерінің ортамызда өмір сүріп жатқаны – ащы да болса шындық.

 

Осы ретте ежелден келе жатқан, керек десеңіз, бір кездері бірлігі бекем қазақ қоғамының іргетасын қалаған ата дәстүр, салтымызды «шірік» ретінде бағалап, оған қарсы келуде. Демек, дін мен ұлттық құндылықтың бір нәрсе екенін басқа сөзбен дәлелдеу қажет етпейді. Дін арқылы ұлттың ұйытқысына айналған салт-сананы тәрк ету – ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірумен тең.

Шындығында, діни және ұлттық құндылықтар бір-біріне қарама-қарсы келмейтін, мақсаты ортақ жүйе. Екеуі де әл-Фараби бабамыз айтқан бақытты қала тұрғындарын бақытқа жетелейтін руханияттың саулығы, адамгершілік, имандылық сынды асыл мұраттарды бойына жиған білім мазмұны. Ендеше екеуі қай тұста бірігеді дегенге сау ақылмен былайша жауап беруге болады: ұлттық құндылық дегеніміз – тарих көшінде ұлттың тірнектеп жинап, кейінге қалдырған тіл, дін, тарих, фольклор, көркем әдебиет, әдет-ғұрып, т.б. сынды рухани мұрасы.

Қазақ халқы әлмисақтан мұсылман елі болғаннан соң, қазақ халқының рухани мұрасында діни сананың орын алуы заңды. Ұлттық құндылықтың бір тарауы діл деп танысақ, оның ислам дінінің шариғатымен астасып жатқанын мәдени мұра үлгілерінен байқауға болады. Мысалы, қазақ билері: «Құдайдан қорықпаған – ханнан қорықпайды, ханнан қорықпаған Заңнан қорықпайды», – деп, өр философиямен сөз қозғап, сүбелі ой айтқан.

Сонау түркі дәуірінен бастау алатын ауыз әдебиеті, қазақ хандығының тұсында дамып, қалыптасқан жыраулар поэзиясы – қай-қайсы да исламдық дүниетанымды жоққа шығармайды. Жыраулар поэзиясының көрнекті өкілі – Бұқар жырау «Бірінші тілек тілеңіз – бір Аллаға жазбасқа» дегенде, кісілікті Аллаға жасалатын құлшылық санымен өлшемеген. Дұрысында, он сегіз мың ғалам иесі – Жаратушы рухымен рухтанатын ердің намыссыз, жігерсіз болуы мүмкін емес. Өзінде намысы жоқ жанның елінің намысын қорғай алмайтыны белгілі. Ал, ол кезеңде қазақ даласына елін, жерін қорғайтын батырлар керек болды. Намыс адал мен арамды айырудан басталады десек, ерді батырлыққа тәрбиелеуде Ислам дінінің орны зор.

Ислам діні халқымыздың өмір сүру болмыс-бітімі, мәдениетімен біте-қайнасып кеткен. Айталық, халқымызда сүндеттеу, неке қию, Құрбан айт пен Ораза айт, жарапазан, садақа беру, пітір беру, бата беру, т.б. сынды діни дәстүр-жоралғылар өзінің өміршеңдігін көрсетіп отыр.

Қазақ ғалымдары қазақтың ұлттық құндылықтары жүйесіндегі ислам дінінің орнын зерттеу нысанына алып, әр кездерде пікір қалдырып отырған. Ендеше, біз де қазақ халқының тарихи тағдырындағы, рухани болмысындағы асыл діннің өзіндік орнын айқындап алуға міндеттіміз.

Елдегі тұрақтылық пен келісімді сақтауда, бірлікке шақырып, ұйытуда сәлемінің өзінде бейбітшілікті насихаттайтын Ислам дінінің атқаратын орны ерекше. Ислам – фәни және бақи дүниенің қажеттіліктерін қатар қамтитын кемел дін. Жаратушы өзі болғандығы себепті Алла тағала адам табиғатының бүкіл жаратылыс болмысын ескерген, әр іске сай өз үкімін белгілеген.

Тіл, діл, дін – сан ғасырлар бойы халқымыздың мәдени, рухани-имани тұтастығы мен ұлттық бірігейлігінің негізгі ұйтқысы болған. Ұлттық тамыр, ата-баба дәстүрі  мен ұлттық мәдени мұра әрбір адамның ой-санасында және жан-дүниесінде, болмысында, қасиетті құндылық ретінде орын алуы тиіс.

Бүгінгі таңда ұлт тілі, ділі діні, ұлттық санасы сынды ұлттық мәдениет руханиятын зерттеп, зерделеп, ұрпаққа насихаттау аса маңызды. Сондықтан да ұлттың дүниетанымдық көзқарастарын, ұлттың өзіне тән бітім-болмысын, жан-дүниесін, қазақы ойлау жүйесін, мәдениетінің рухани негіздерін танып-білу үшін өткен тарихымызға үңілудің қажеттілігі зор. Өйткені, қазақ халқы өз басынан өткізген отарлық езгі тұсында рухани бодандықта ұлттың рухани қазынасын тонатып алған болатын. Екінші жағынан, еліміз тәуелсіздік алып, мәдени мұрамыз халықпен қайта қауышар тұста пиғыл-ниеті бөтен жат ағым соққысына ұшырады.

Бұл – елдегі рухани сана дағдарысы немесе ұлтсыздықтың, яғни ұлттық құндылықтардың аяқ асты болуының көрінісі. Ал, оны қалпына келтіру, теріс пікірден, құлдық түсініктен арылтып, еліміздің қаймағы бұзылмаған ұлттық болмысын қайта қабылдауына ықпал ету – әр қазақтың азаматтық міндеті. 

Ел ынтымағының ұйтқысы іспетті қазақы ұлттық дүниетанымымыз бен  дәстүр, әдет-ғұрып секілді киелі ұғымдарымызға адалдық танытуымыз – ел ертеңінің кепілі. Өйткені жаһандану заманында дәстүріне иелік ете алмаған елді жаһандандық үдеріске жұтылудан өзге еш нәрсенің күтпейтіні аян.

 

 

Айбек АТАШЕВ,

 

         теолог-дінтанушы

Медиа

Жоғарыға