maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

РАМАЗАН – РУХАНИ ТАЗАРУ АЙЫ

РАМАЗАН – РУХАНИ ТАЗАРУ АЙЫ

Күллі мұсылман жамағаты асыға күтетін Рамазан – құлшылық айы.  Бұл – Алла Тағаланың әмірі. Алла Тағала Құран-кәрімде Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді, - дейді (Бақара сүресі, 183). Шынайы мұсылманның Жаратушы иесіне жақындай түсуге асығатын ең қадірлі мезгілі да осы – Рамазан. Шайтан атаулы кісенделіп, тозақ есігі жабылып, жаннат қақпалары ашылатын Рамазан айының қасиетін санамалап тауысу мүмкін емес.  

Рамазан - рухани жаңғыру айы.  Әбу Сағид әл-Худри (а.с.): «Алла елшісі (с.ғ.с.) «Кім де кім Рамазанда ораза тұтса, шегін біліп, тыйым салынған амалдардан сақтанса, өткен күнәларын кешіреді», – деп айтқанын естідім  – дейді.

Рамазан – пенденің ұлы құдірет – Алла алдында дәрменсіздігін сезініп, құлшылықтан қуат табар тыйылу айы. Пенде тұтқан оразасының арқасында нәпсісін тиып, өзі де Ұлы Жаратушының алдында шынайы мойынсұнған тақуа құлға айналады. Яғни, ораза тұтқан адамның рұқсатсыз еш нәрсеге, тіпті бір жұтым суға да қол соза алмауы өзінің бар болғаны әлсіз құл екенін түсінуіне ықпал етеді. Әлсіздігі мен мұқтаждығын сезініп, Алланың рақымына қарай бет түзейді. Ораза тамақтан тыйылу ғана емес. Аштықтан қарын ашса да, рухани тоқтықта жүру нығметіне ие боласың.

Кәміл ораза бүкіл мүшелердің тегіс атсалысуымен жүзеге асады. Мәселен, асқазанды астан тыю секілді, тілді өтірік-өсектен, бос сөзден алыс ұстаған жөн. Көз харамға қарамауы тиіс, ешкімнің кемшілігін іздемеуі керек. Құлақ ғайбаттан, жағымсыз нәрселер естуден аулақ болғаны жөн.

Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Небір ораза ұстайтындар бар – тапқаны ашығу мен шөлдеу ғана» (Ахмад б. Хәнбал) деуі – осы шындықты ұқтырады.     Рамазан – денсаулық айы. «Әр нәрсенің бір зекеті бар. Тәннің зекеті – ораза. Ораза – сабырдың жартысы. Ораза тұтудың рухани құндылығымен қатар, медициналық пайдасы да ұшан-теңіз. Адам ашқұрсақ жүргенде асқазаны тынығумен бірге, жасушалары жаңара түседі. Жаз айында күннің ұзақ болуы себепті ас қорыту жүйесі, бауыр, ішек құрылыстары, ас қорыту ферменттері мен өт жолдары, ұйқы безі тынығады.

Жүректің қан қысымы қалыпты жағдайға түсіп, қан айналымы жақсара түседі. Ораза адамның ішіне жиналатын майларды ерітіп, метоболизмді жандандырады. Бүйрек, бауыр, қуық, сусамыр (қант диабеті), жүрек пен тамыр ауруларына қарсы төзімділікті арттырады.

 

Адам жанындағы нәпсіқұмарлық сезімнің оянып, қозуы жыныстық гормондардың әсер-күші мен олардың мөлшеріне байланысты. Ораза аталмыш гормондардың қандағы мөлшерін азайтатындықтан, ол адамдағы құмарлық сезімді басады.  

Ораза кезінде қандағы холестериннің деңгейі төмендейді. Тамырдың жақтауларында бірігіп қалған ескі холестерин, май қалдықтары бірте-бірте қан айналымымен еріп, өз қаттылығын жоғалтады. Әсіресе, түстен кейін қан қысымы біраз төмендейтіндіктен, тамырдағы қысымның азаюы себепті рахат күй кешу, демалу байқалады. Сол себепті артериослероз (жүректің қысылуы және сал болу себептері) ораза мен дәрет әсерімен жойылады. Жүрекке келсек, жүректің үстінде оған кері әсер ететін үш жақ бар: тамырдың қаттылығы, жүйкенің шаршауы, асқазанға ылғи да қысым түсетіндігі. Ораза ұстаған адам осының үшеуінен де зиян шекпейді. Дененің химиялық үрдістері ең алдымен қанда өтеді. Әр түрлі қоректік заттар мен қорғану заттары, тыныстау алдымен белгілі бір қан деңгейінде қайталанып отырады. Бұл заттар қоюланған сайын дене де соған сай белсенді әрекетке көшеді. Ауыз бекіткен адамдарда бұл заттар қатары көбеймейді. Оның ең төменгі деңгейде қалуы қандағы химиялық процестердің оңай жүруін қамтамасыз етеді. Әлсіздігін алға тартып, ораза ұстамағандар өздеріндегі сол әлсіздікке ораза тұтпағандықтары себеп болып жатқанын біле бермейді. Өйткені, әлжуаз адамдардың қанындағы химиялық процестер тепе-теңдік сақтауда қауқарсыздық танытады.

 Рамазан – тәрбие айы. «Бір-бірлерін жақсы көруде, бір-бірлеріне жаны ашуда, бір-бірлеріне мейірімділік таныту тұрғысында мүминдер тұтас бір ағза секілді. Дененің бір мүшесі ауырса, басқа мүшелері қосыла сыздайды»  (Хадистен)   Ораза қоғамдағы әлеуметтік теңсіздіктің қыр-сырын түсіндіреді. Қарыны ашып, шөлдеген мүмин ішерге асы, киерге киімі жоқ міскіндердің халін жүрегімен түсініп, мейірімділік көзін ашады. «Ораза ұстауға шамасы келмейтіндер бір жарлының тамағын төлесін» (Бақара, 184). Дінімізде белгілі ораза ұстауға шамасы келмейтіндер де Алланың шексіз мейірімінен шет қалмайды.

Рамазан айы келгенде Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ерекше жомарт мінез танытатыны жайлы Абдуллаһ ибн Аббас былай деген: «Алланың елшісі адамдардың ең жомарты еді. Ораза айында Жебірейілмен (а.с.) бірге болған кезде қолындағысын тегіс тарататын. Жебірейіл (а.с.) әр түні Оған (с.ғ.с.) Құран үйрететін. Жебірейілдің өзі «Алланың елшісі берекет әкелуші желден де жомарт» деп мадақтаған» (Муслим, Фәдәил, 12).

Демек, ораза құлшылығы адам баласын жомарттылыққа тәрбиелейді. Алла Тағала оразаны басқа ғибадаттардан ерекшелеп, оның сауабының қаншалықты екендігін өзі ғана білетінін айтқан.

Әбу Һурайра (а.с.) Алла елшісінен (с.ғ.с.) риуаят еткен қудси хадисте: Алла Тағала «Адам баласының басқа барлық амалы өзі үшін. Ал (ораза) Мен үшін, оның сауабын Мен беремін» деген (Сахих әл-Бұхари, Китәб әс-саум, 1771).

Ораза – тұтқан адам көп сауап алып, рухы кемелденіп, жаны да, тәні де тазарар береке айы. Алланың пендесіне деген ерекше махаббаты көрінер айлардың сұлтаны – рамазан айының мүмкіндігін жіберіп алмағанымыз жөн.  

 

Мұнархан ШӘПЕНҰЛЫ,

«Дина» базары сауда орталығы

намазханасының имамы

Медиа

Жоғарыға