maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Марқұмдарға Құран бағыштау мен дұға ету

Марқұмдарға Құран бағыштау мен дұға ету

 Ислам діні бұл дүниеден мұсылман болып қайтқан кісілерге қажетті құрметті жасауды бұйырады.

Өлген кісі өлді, кетті деп, қоймастан иман еткен бауырларымызға, ата-бабаларымызға дұға мен истиғфар (жарылқау) тілеуге болатынын хазіреті Пайғамбарымыз (ﷺ) үмметіне айтып кетті. Марқұмдарға дұға мен истиғфар жасауға болатынын Алла Тағала мына аят арқылы білдіреді:

وَالَّذِينَ جَاؤُوا مِن بَعْدِهِمْ يَقُولُونَ رَبَّنَا اغْفِرْ لَنَا  وَلِإِخْوَانِنَا الَّذِينَ سَبَقُونَا بِالْإِيمَانِ وَلَا تَجْعَلْ فِي قُلُوبِنَا غِلّاً لِّلَّذِينَ آمَنُوا  رَبَّنَا إِنَّكَ رَؤُوفٌ رَّحِيمٌ

 «Ей, Раббымыз! Бізді әрі бізден бұрын иман келтірген туыстарымызды жарылқай көр! Әрі сондай иман келтіргендер үшін жүрегімізде бір кірбеңдік қылма» (59.Хашыр-10). Қайтыс болған кісі мейлі жақсы иманды пенде болсын, мейлі күнәкар пенде болсын тек оларды жақсылықпен еске алу біздердің міндетіміз. Себебі, хазіреті Пайғамбарымыз (ﷺ) бұл мәселе жайында былай деген: «Өлген кісілеріңізді жақсылықпен еске алыңдар» (Тирмизи, Жәнаиз 34).

Қабір пенденің ақырет күніне дейінгі мекені болғандықтан онда жатқан ата-баба, ағайын-туыс, жора-жолдас, дін бауырларымыздың қабірлерін зиярат етіп, олар үшін Алладан истиғфар тілеп, дұға ету, Құран оқып сауабын бағыштау, Алладан мейір шапағат тілеу өмірдегі мұсылманның міндеті.

Біз көп жағдайда қабірді зиярат етіп жатамыз. Әрине шариғатта қабір зияратын жасау бұйырылған. Ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) біздерге былай дейді: «Мен сіздерге алғашқыда қабір зияратын тыйған едім. Енді болса, зиярат етіңдер. Өйткені қабір зияраты сіздерге ақыретті еске түсіреді» (Тирмизи, Жәнайз 60; Муслим, Жәнайз 106).

Хазіреті Пайғамбарымыздың (ﷺ) өзі көбіне қайтыс болған сахабаларының қабірлерін зиярат етіп, оларға дұға ететін еді. Мәселен, Ухуд шайқасында шахит болған сахабаларының қабірлерін зиярат етіп, былай дейтін: «Сабыр еткен нәрселеріңе байланысты сіздерге сәлем болсын! Сіздер үшін ақырет өмірі қандай жақсы!». Сол секілді кейде «Жәннатул Бақи» қабірстанын зиярат етіп, оларға сәлем беріп, былай деп дұға ететін: «Ей, мүміндер жұртының тұрғындары! Сіздерге сәлем болсын. Біз де, иншаллаһ, сіздерге қауышамыз. Алла Тағаладан біз үшін және сіздер үшін амандық пен есендік сұраймын» (Муслим, Жәнайз 104).

Қабір зияраты барысында марқұмның қабіріне барып Құран оқып, дұға жасаймыз. Алайда кейбіреулер қабірдегі мәйіттің ештеңе естімейтіндігін алға тартып, олар үшін дұға ету, истиғфар айту, Құран оқу бекершілік деуде. Әһли сүннет бойынша, дүниеден қайтқан кісілердің қабірін зиярат ету, оларға сәлем беру және Құран оқып, сауабын бағыштауға болады. Сондай-ақ хадистерге сүйене отырып, қабір зияраты кезінде қабірдегі мәйіттердің өздерін зиярат етуге келген жанның сөздерін еститінін қабыл етеді. Бұған дәлел ретінде мына бір хадистерді келтіруге болады:

Абдуллаһ ибн Омардан риуаят бойынша, Бәдір шайқасы аяқталған соң, хазіреті Пайғамбарымыз (ﷺ) майдан алаңында жатқан қурайш мүшріктеріне қарап: «Раббымыздың уәде еткен азабының шын екендігін көрдіңдер ме?», - деп дауыстап айтады. Сонда Хазіреті Омар: «Ей, Алланың Елшісі! Мынау өліп қалған өліктерге айтып жатырсыз ба?», - деп сұрағанда, Расулуллаһ (ﷺ) былай деді: «Сіздер бұлардан артық ести алмайсыздар. Бірақ бұлар жауап бере алмайды» (Ахмед ибн Ханбал, ІІ, 121). Иә, өлген адам естімейтін болса, ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) бұлай демес еді.

Бірде хазіреті Айша (р.анһа) Алланың Елшісіне (ﷺ): «Қабір зиярат ететін уақытта оларға қалай дұға етейін?» – деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) оған мына дұғаны оқуды бұйырады: «Жәбірейіл маған: Әлбетте Раббың саған Бақи зиратына барып олар үшін жарылқау етуіңді әмір етті, - деді». Мен (Айша) тағыда: «Ей, Алланың Елшісі! Олар үшін қалай дұға етейін?» - дедім Алланың Елшісі: «Былай де:

 اَلسَّلامُ عَلَيْكُمْ أَهْلَ الدِّيَارِ مِنَ الْمُؤْمِنِينَ وَالْمُسْلِمِينَ، ويرحم الله المستقدمين منا والمستأخرين، وَإنَّا إنْ شَاءَ اللَّهُ بِكُمْ لاحِقُونَ " .رواه مسلم

«Әссәламу алейкум әһләд-дияри минәл-мумининә уәл-муслимин. Уә ярхамуллаһул-мустақдиминә миннә уәл мустахирин. Уә иннә иншааллаһу бикум ләхиқун –Ассаламу алейкум муминдер мен мұсылмандардан болған қауым жұрты! Алла бізден алдын өлгендерге және бізден кейін өлетіндерге рахым етсін. Алла қаласа бізде сендерге қауышамыз», - деп бұйырды (Муслим, Жанаиз 35).

Сол секілді Пайғамбарымыз (ﷺ) Ухуд пен Жәннәтул Бақи қабірстанын зиярат етуге барған кезде:

السَّلَامُ عَلَيْكُمْ أهْلَ الدِّيَارِ مِنَ الـمُؤْمِنِينَ والـمُسْلِمِينَ  وَإنَّا إنْ شَاءَ اللَّهُ بِكُمْ لاحِقُونَ

Ассаламу алейкум муминдер мен мұсылмандардан болған қауым жұрты! Алла қаласа бізде сендерге қауышамыз», - дейтін.

Қабірдегілер естімейтін болса, онда Пайғамбарымыз (ﷺ) оларға «ассалаума алейкум» деп сәлем бермес еді. Олай болса жоғарыдағы хадистерден шығатын ұғым қабірде жатқан кісі өзін зиярат етушінің сөзін естиді. Имам Ғазали «Ихияу улумиддин» атты еңбегінде: «Адам таныс бір кісінің қабірінің қасынан өтіп бара жатып, оған сәлем берсе, өлген кісі оның сәлемін алады және оны таниды. Ал бейтаныс кісінің қабірінің  қасынан өтіп бара жатып сәлем берсе, өлген кісі оның сәлемін алады», - деуде (Имам Ғазали. Ихияу улумиддин. ІҮ- том. Зияратул қубур тақырыбы).

Ал енді дүниеден қайтқандарға Құран оқу мәселесіне келер болсақ, әһли сүннет ғұламалары оқылған Құраннан болған сауаптың марқұмдарға жететінін қабыл етеді. Құранның әрбір әріпі үшін Алла 10 сауап беретін болса, бір сүрені немесе толық Құранды хатым еткенде қанша сауап берілетінін ойлай беріңіз. Міне сол оқылған Құраннан болған сауап марұмдарға бағышталады

Тек Құран ғана емес, өзгеде жасалған хайыр садақалардың сауабы бағышталған жағдайда марқұмға тиетіндігін қабыл етеді. Негіз ретінде хадис пен сахабалардың сөздерін дәлел ретінде ұстанады. Алайда өздерін сәләфи санаған ағым өкілдері оқылған Құран сауабы марқұмға тимейді деп, бұл мәселеге қарсы шыққанымен Құран оқуға болмайды деген нақты хадис әкеле алмайды. Керісінше біздің ғалымдарымыз бірнеше хадисті дәлел ретінде келтіреді. Сол хадистерге тоқталып өтейік.

Хазіреті Пайғамбарымыз (ﷺ) марқұмдарға қатысты былай деп бұйырады:

يس قلب القرآن، لا يقرؤها رجل يريد الله والدار الآخرة، إلا غفر له، واقرؤوها على موتاكم

«....Ясин - Құранның жүрегі. Бір адам оны Алла разылығы және ақырет жұртын талап етіп оқыса, әлбетте күнәлары кешіріледі. Дүниеден қайтқандарға да Ясин сүресін оқыңыздар» (Ахмед ибн Ханбал, Муснәд, Ү, 26; Әбу Дауд, Жәнәйз 24; Ибн Мажа, Жәнәйз 4).

وعن معقل بن يسار قال : قال رسول الله - صلى الله عليه وسلم - : اقرءوا سورة يس على موتاكم  . رواه أحمد ، وأبو داود ، وابن ماجه

Мағқил ибн Ясардан риуаят бойынша Пайғамбарымыз (ﷺ) былай дейді: «Өлгендеріңе Ясин сүресін оқыңдар» (Ахмад, Әбу Дауд, Ибн Мажа риуаяты)

Абдуллаһ ибн Омардан риуаят бойынша Пайғамбарымыз (ﷺ): «Сендерден біреу қайтыс болғанда, оны көп күттірместен қабірге қоюға асығыңдар. Жерленген соң біреуіңіз басында тұрып, Фатиха сүресін, аяқ  жағында тұрып Бақара сүресінің соңғы бөлігін (Әмәнәрасулу) оқысын»,- деген (Табарани, әл-Муғжамул Кәбир, ХІІ, 340; Дәйләми, Муснәд, І, 284; Байхақи, Шуабул-иман. ҮІІ. 16).

Хафыз әс-Сәләфи есімді рауидің мәрфу әдісімен риуаят еткен бір хадисі шәрифте хазіреті Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деген екен: «Кім де кім зираттың қасынан өтіп бара жатып 11 рет Ықылас сүресін оқыса, содан кейін сауабын марқұмдарға бағыштаса, өзіне сол жерде жатқан марқұмдар санындай сауап жазылады» (Даракутни, Маракил Фәлах, 99, Хазіреті Алиден риуаят еткен).

Жоғарыда келтірілген хадистерге әлсіз (дайыф) хадис деп баға берілгенімен мағынасы бір бірнеше әлсіз хадис келсе, ол хасан үкімін алатыны белгілі. Сол секілді ғалымдарымыз орны келгенде әлсіз хадистермен де амал еткен. Хадистер әлсіз болса да, марқұмдарға Құран оқуға болатынын білдіреді. Басым көпшілік ғалымдар осы ұстанымда.

Өлген адамға Құран оқылмайды, оның сауабы өліге тимейді деген ғалымдардың бірі Ахмад ибн Ханбал болатын. Алайда ол уақыт өте келе бұл пікірінен қайтып, Құран оқуға болатынын қабыл еткен. Оның райынан қайтуына мына бір оқиға себеп болады.

Бірде имам Ахмад ибн Ханбал Мухаммед ибн Қудама әл-Жаухаримен бірге жаназаға қатысады. Мәйіт көмілген соң, қабір басынан кетпек болған сәтте зағип бір адам қабір басында Құран оқи бастайды. Ахмад ибн Ханбал: «Ей, пәленше! Қабірде Құран оқу бидғат», - деп Құран оқуына кедергі келтіреді. Оқиғаға куә болған Мухаммед ибн Қудама Ахмад ибн Ханбалдан Мубашшир ибн Исмайыл әл-Халаби жайында сұрайды. Яғни аталмыш адамнан хадис алып алмағанын сұрайды. Ахмад ибн Ханбал ол адамның сиқа (хадис риуаятында сенімді) екенін және одан өзі хадис риуаят еткенін айтады. Сонда Мухаммед ибн Қудама мына бір хадисті Мубашшир ибн Исмайылден естідім дейді: «Ала ибн әл-Ләжлаж (қ.б. 120/738 ж.) есімді кісі сахабалардан болған әкесі Ләжлаждың (р.а.) өлер алдында өзіне былай деп өсиет еткенін жеткізеді: «Ей, балам! Мен өлген кезде қабірге қой. Мені қабірге қойған кезде: «Бисмилләһи уә ала милләти Расулилләһ» деп, үстіме топырақ салып тегісте. Бас жағымда тұрып, Бақара сүресінің басын және соңғы жағын оқы. Күмәнсіз мен Алла Елшісінің (ﷺ) осылай айтқанын естідім» (Екінші бір риуаятта Абдуллаһ ибн Омардың осылай дегенін естідім) (Табарани, ХІХ, 220, 221; Бәйхаки, әс-Сунәнул Кубра, ІҮ, 56).

Осы хадисті естіген Ахмад ибн Ханбал Құран оқу бидғат деп қайтарған адамды шақырып, Құран оқуын жалғастырсын деп бұйырады (Ибн Қудама, әл-Мәғни. ІІ, 424 бет).

Танымал ханбали мәзһабының ғалымы Мухаммед ибн Қудама имам Ахмед б. Ханбалдың марқұмдарға Құран оқуға қатысты мына бір сөзін жеткізеді: «Зиратқа барған кезде Аятул курси және 3 рет Ықылас сүресін оқып, былай деп дұға етіңдер: Аллаһым! Оның сауабын мына қабір әһліне жеткіз» (Мухаммед ибн Қудама, әл-Муғни, ІІ, 424 бет).

Осыған ұқсас имам Ахмадтың мынандай сөзін де келтіруге болады: «Зиратқа барған кездеріңде Фатиха, Нас, Фәлақ және Ыхлас сүрелерін оқып, осы сүрелердің сауабын қабірдегі марқұмдарға бағыштаңдар. Себебі бұл сауап оларға барады» (Қуртуби, әт-Тәзкира, І, 96 бет).

Имам Шафиғи да марқұмдарға Құран оқуға болатыны жайында былай деген: «Қабірдің басында Құраннан аят пен сүрелер оқу мүстахаб. Ал Құранның толығын оқып хатым ету - одан да жақсы» (Нәуәуи, Риязус-Солихин, 293).

Имам Нәуәуи де аталмыш мәселеге қатысты былай деп келтіреді: «Асхабымыз былай деді: қабірді зиярат еткен кісі алдымен қабірлерге сәлем беруі тиіс. Содан кейін зиярат еткен адамына әрі барлық мұсылмандарға дұға етуі және Құраннан оңай келген жерін оқып, артынан марқұмдарға дұға етуі мүстахаб. Бұл пікір нақты имам Шафиғи мен шафиғи ғалымдарының пікірі» (Нәуәуи, әл-Мәжмуғ, Ү, 311 б.).

Марқұмға бағышталып оқыған Құран сауабы тиеме деп Ибн Хажар әл-Асқаланиден сұралғанда: «Бұл мәшхүр мәселе. Осыған қатысты мен бір кітап (рисәлә) жаздым. Алғашқы ғалымдардың (мутақаддим) басым көпшілігінің пікірі бойынша, оқылған Құранның сауабы марқұмға тиеді. Осы амалдың мустахаб болғаны таңдалған пікір» (Ибн Хажар, Фәтәуа, 20 б.).

Марқұм болған кісінің артынан жасалған садақаның сол кісіге тиетіндігіне мына хадисті дәлел ретінде келтіреміз. Адбуллаһ ибн Аббастан риуаят бойынша, сахабалардан Саад ибн Убаданың анасы қайтыс болғанда хазіреті Пайғамбарымызға (ﷺ) келіп:

- Ей, Алланың Елшісі! Анамның қасында болмаған кезімде анам қайтыс болды. Оның атынан садақа берсем, оған пайдасы тие ме? - деп сұрады. Пайғамбарымыз (ﷺ):

- Иә, - деп жауап бергенде, Саад (р.а.):

- Ей, Алланың Елшісі! Сіз де куә болыңыз, жеміс бағымды анамның атынан садақа еттім», - деді. (Бухари, Уасия 15).

Әйгілі тәпсірші ғалым имам Қуртуби «Мухтасару тәзкиратил Қуртуби» атты еңбегінде былай дейді: «Ғалымдар берілген садақаның сауабы дүниеден қайтқандарға тиетінін бір ауыздан қабыл еткен. Құран оқу, дұға ету, мен истиғфар айтуды да осы үкімге жатқызған. Өйткені, бұлардың бәрі - садақа» (İmam Şarani. Ölüm-kıyamet-ahiret ve ahir zaman alametleri.– İstanbul: Bedir баспасы, 86-бет).

Иә, көріп отырғанымыздай, әһли сүннет сенімі бойынша, марқұм болған кісілерге жасалған игі істің сауабын, оқылған Құранның сауабын, берілген садақаның сауабы тиетіндігін қабыл етеді. Олай болса, біз де мүмкіндігімізше марқұмдар үшін Аллаға дұға етіп, истиғфар айтып, Құран оқып, Алладан қабір азабын жеңілдетуін сұрайық.

Смайыл Сейтбеков,
ҚМДБ-ның Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы

 

Медиа

Жоғарыға