maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

ОТБАСЫ – ҚОС ЖҮРЕКТІҢ МЕКЕНІ

ОТБАСЫ – ҚОС ЖҮРЕКТІҢ МЕКЕНІ

Қоғамның іргетасы отбасынан басталады. Сондықтан отбасы мықты болса, одан құралған қоғам да соншалықты мықты болады. Яғни, мықты қоғам, жақсы отбасыдан құралады. Отбасы мүшелерінің бақытқа қол жеткізуі, бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен бауырмашылдығына байланысты.

Жанұя ошағының негізгі тірегі әйел заты. Әйел баласының қоғамның қабырғасын қалаудағы рөлі ер кісінікі секілді емес. Жалпы алғанда одан да күштірек. Бұлай айтсақ артық айтқандық болмас. Неге десеңіз Ислам тарихында бұның алғашқы үлігісін Хз. Хадиша (р.а) анамыз салып кетті. Сондай ауыр, қиын-қыстау заманда Пайғамбарымыздың қасынан табылып, Ислам жолында Пайғамбарымыздың жанашыры әрі қамқоршысы болды. Тіпті материалды жағынан да өзінің көмегін аямады, рухани тірегі болды. Міне осындай жұптан Ислам әлемі дүниеге келді.

 

Исламда әйел сүйіспеншілігі ахыретке дейін жалғасатын бақыттың нышаны. Адам нәсілінің жалғасуында да өте маңызды болғандықтан ана – қашанда адамзаттың қайнар бұлағы. Дүниеге келмеген нәрестелердің өзі де анасының құрсағында заттық қоректерімен қатар рухани қажеттіліктерін де солардан алып отырады. Ананы ең жоғары мәртебеге қойған Хақ дініміз «8-Наурыз» сықылды жылдың тек бір күнін ғана емес, өмірдің әрбір күнін «аналар күні» деп әлемге паш етті. Сондықтан Ұлы дініміз тарапынан өздеріне осыншалық мәртебе берілген әйел қауымы да бұның қадірін біліп, осыған лайықты қызмет көрсетулері керек.

Жоғарыда айтылғандай отбасылық өмір қоғамдық өмірдің басы. Ислам бұған ерекше мән береді.

Ендеше отбасылық осы өмірде және арғы дүниеде бақытқа жетуі үшін отбасы мүшелерінің бір-біріне деген мынадай міндеттері болуы керек:

1. Отағасының міндеті:

Әйелімен жақсы мәміледе болу, оның нәпәқасын (өмір сүру үшін қажетті заттық мұқтаждықтар) тауып беру, оған әділетті болу. Өйткені Пайғамбарымыз (ﷺ) хадис-шәрифте былай дейді: «Сіздердің қайырлыларыңыз, әйелдері үшін қайырлы болғандарыңыз». Басқа бір хадисте болса: «Әйелдерге тек жомарттар ғана жақсылық істейді, жамандар да жамандық істейді» - дейді.

2. Әйел кісілердің міндеті:

Күйеуінің дінге сәйкес келетін бұйрықтарын орындау, оның намысына кір келтірмеу, әлеуметтік жағдайына қанағат ету, ысырапшылдықтан аулақ болу, күйеуінің мал-мүлкін қорғау, үйдің берекесін келтіріп отыратындай жақсы жұбай болу.

3. Перзенттің әке-шешеге деген міндеті:

Оларға құрмет көрсетіп, айтқанын екі етпеу. Өздерінің өмірге келулеріне себеп болған ата-анаға рахмет айту. Өздерін кішкентайынан мейірімін аямай бағып-қаққан болса, оларды да солай бағып-қағу, тіпті оларға қарсы «уф» деп айтпау.

Сонымен қатар әке-шешенің тек көзі тірісінде ғана емес, олар дүниеден қайтқан соң да, және олардың туыстары мен достарына да құрмет көрсету. Өйткені мұндай құрмет ата-анаға деген құрмет есебінде жүреді.

4. Ата-ананың балаларына деген міндеті:

Ата-ананың міндеті балаларын шамасы жеткенше асырап бағу, жақсы тәрбие беру, оқытып бір маман иесі қылу. Әкесі де, анасы да балаларына көңіл бөлгенде бірдей көңіл бөлу керек. Балаларының арасын бөліп жармай бәріне бірдей сүйіспеншілікте болу.

Балаларының теріс жолға түспеулері үшін оларға жақсы тәлім-тәрбие беру, алдымен оған өздері үлгі болу. Тоғыз жасына жеткен балаларының төсек орындарын айырып, он үшке толғандарында намаз оқыту. Егер тыңдамаса жәйлап қана ұрып алуы керек. Ал ер жетіп, тізгін тартып ат мінген балаларын мүмкіншілік болса үйлендіргені абзал. Жақсы бала - Алланың берген үлкен нығметі.

5. Бауырлардың бір-біріне деген міндеті:

Бір-бірін жақсы көріп, құрмет көрсету. Әрқашан бір-біріне мейірімді болып, көмектесу. Өз араларындағы бауырмалдықты орнатқаннан кейін, оны мықтап ұстау. Әсіресе араларындағы үлкендеріне әке-шешенің орнындай көріп оларға  үлкен құрметпен қарау.

Кейде бауырлар арасында дүние, мал-мүлік үшін бір-бірімен жауласып, қырқысып жататындары да кездесіп жатады. Бұндай бейқасиет бауырларда береке-бірлік болмайды. Керісінше отбасының шырпы бұзылады. Қорыта айтқанда отбасының да қоғамның да бақытты ғұмыр кешуі бір-бірімізге деген сүйіспеншіліктен туындайды. Сондықтан әрдайым ара-жігіміз ажырамасын!

 

ҮЙЛЕНУ ОҢАЙ, ҮЙ БОЛУ ҚИЫН

 

Қазіргі таңда отбасын құрып, үйлену емес, үй болу қиынның қиыны болып бара жатыр. Күн өткен сайын «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген қазақтың келелі сөзінің мәні енді жете аңғарылғандай. Неге десеңіз Қазақстанда статисттердің ресми мәліметіне сүйенсек, қазіргі кезде отбасы болып құралған үш жанұяның біреуі ажырасып тынады екен. Бұл жағдай көңіліңе мұң ұялатады. Болашақ жастардың қолында дейміз. Жастар осылай шала бүлініп жатса, ақыры не болмақ?! Жас ханымдар тұрмыс құрмай жатып, ажырасып жатса, келер буынның халі не болмақ? Қазір қыз-келіншектерден тұрмыс жайында сұрай қалсаң «отбасы құрғанша, жалғыз басты болып өмір сүру мың есе артық» деген тұжырым айтады. Жігіттер жағы да бұны құптағандай. Осыдан барып, жалғыз бастылар көбейеді. Нәтижеде күйеуі де, әйелі де харам жолға түседі. Сондықтан ажырасқаннан кейін тез арада қайта үйленуге құлқы жоқ. Әрине, ажырасқанның бәрі осындай деп айтуға болмас, көпке топырақ шаша алмаймыз.

Бұл мәселені неге қозғап отырмыз. Өйткені, отбасы болмаса нәсіл болмайды, ал нәсілі жоқ елдің келешегі де жоқ. Жарайды мәселені көтердік-ау. Бірақ мұны шешетін шара табуымыз қажет. Яғни ажырасудың күн сайын белең алып бара жатқанының себебі неде? Ендеше мен өзімнің түйген әдісімді сіздермен бөлісіп көрейін.

Менің ойымша ең басты себеп – имансыздық. Екінші себеп жастардың ақыл тоқтатпаулары. Яғни «отбасы» деген киелі ұғымды жете түсінбей, сүйдім-күйдім деп асығыс үйлене салулары. Үшіншісі жастардың туған-туыстарының араласуы. Мәселен, екі жақ балам, қызым деп балаларына жақсылық ойладым деп, екеуінің арасына от салып, ажыратып алады да, қалайша жамандық істегендерін түсінбей де қалады, түсінсе де кеш түсінеді. Төртіншісі дүние-мүліктің жетіспеушілігі. Неге десеңіз отбасылық өмірде, мейлі ол қандай отбасы болсын, материалдық жағынан қамтамасыз етілуі қазіргі таңда өте-мөте маңызды. Бұған кейбір мұсылман кісілер сен не айтып отырсың деуі мүмкін. Келісемін. Пайғамбарымыз (ﷺ.) салып кеткен сара жолда, әсіресе отбасы құруда дүние-мүлік маңызды емес. Бірақ біздің сол дәуірдегі сахабалар сияқты иманымыз кәміл болса ғой! Солар сияқты дүние-мүлікті тарқатып жіберіп «Аллаға шүкір, ақыретіме зиян келтіретін пәлекеттен құтылдым» деп тілмен ғана емес, жүрекпен де айта алсақ қой! Өкінішке орай тірлігіміз  жүрекпен емес, көбінесе тілмен атқарылып жүр. Кейде кейбір отбасылар осы дүние-мүліктің көптігінен ажырасып жататыны тағы бар.

Ажырасудың себептерін айта берсек көп, мұнда тек негізгілерін ғана келтіріп отырмыз.

Жоғарыда келтірілген себептердің ең бастысы иман дедік. Бәрі де сол имансыздықтың арқасы. Иман болса, ақыл да тоқтайды, ой-өрісіңіз де кеңейеді. Иман болса, ағайынның азғыруына емес, Алланың хақ жолына, әділдігіне бас иер едік. Иман болса көңілде, дүниеге деген қанағат болады. Осы тұста қазақтың «Қанағат қарын тойғызар, қанағатсыз жалғыз атын сойғызар» деген мәтелі орынды айтылған.

Жоғарыда нәсіл мәселесін де қозғадық. Соған қайта оралсақ. Жалпы Ислам дінінде «Алла үшін үйлену» деген ұғым, осы нәсілді көбейту үшін үйлену. Әрине адам, нәпсі үшін де үйленеді. Мен тереңге түсіп отырмын. Әйтпегенде харамға түспеу үшін үйлену де «Алла үшін» үйленуге жатады.

Өйткені зина жасауды Алла тиым салды. Ал Алланың әміріне бой ұсыну – парыз. Парызды орындау Ислам. Исламмен өмір сүру – Алла үшін өмір сүру болып саналады. Мұсылман, шариғаттың бүкіл заңын нәпсісі қалағандығынан атқармайды. Нәпсісіне ауыр келетін көптеген нәрселерді Алладан қорыққанынан атқарады. Ал нәпсіге салсаң, харамды халалға, халалды харамға айналдыруы әбден мүмкін. Онда Алланың Хақ діні Ислам болмайды. Нәпсінің діні болады. Бұның бәрін неге айтып отырмын. Өйткені қазіргі таңдағы отбасылар аты мұсылман болғанымен, жанұялық мәселелерді Алланың қалауымен емес, нәпсінің қалауымен шешеді. Сайып келгенде мұсылман аталып отырып, отбасылық өмірде бақыт таба алмайды. Мұны мұсылман да ажырасады деушілерге айтып отырмын. Ажырасу харам емес, Ислам да ажырасуға рұқсат берген. Бірақ ажырасу – Алланың халал нәрселерінің ішіндегі ең ұнамсызы. Екі жас Ислам жолын толық ұстанғанымен бақытты бола алмаулары мүмкін, бұл өмірдің заңы. Мұндай мәселе Пайғамбарымыздың уақытында да болған. Болады да. Өкінішке орай мәселені жан-жақты қарастырмайды, лезде ажыраса салады. Бұлай жасауға болмайды. Алдымен мәселені әбден талқылап алу керек. Жоғарыда қозғаған мәселелердің барлығына аят-хадистерден көптеп дәлелдер келтіруге болар еді. Санасы бар адамға, сөз сүйектен өтеді, демекші қара сөз де жететін шығар деп түсіндім. Кейде осы аят-хадистердің қадірін білмей, қиянат жасап жүрміз бе деп қалам.

Қорыта айтқанда, болашақтың жарқын-келешегі жастардың қолында. Отбасы болмаса, жастар да болмайды. Жастар болмаса елдің ертеңі жоқ. Әрине жастардың, болашақ ұрпақтың жәй ғана нәсіл емес, иманды, инабатты болуы үшін берік иман мен ата-ананың дұрыс тәрбиесі керек.

 

ОТБАСЫ – ҚОС ЖҮРЕКТІҢ МЕКЕНІ

 

Жанұя қоғамның ең маңызды ұйытқысы екені баршамызға мәлім. Әрбір отбасында сүйіспеншілік пен түсіністік мықты болса, қоғамның діңгегі де берік болады. Сондықтан Ислам діні өз кезегінде отбасына ерекше назар бөледі. Исламда неке – екі жүректің біріккен одағы, сенімділіктің бастауы деген сөз. Жанұяда әуелі сенім мен сезім, сүйіспеншілік пен сыйластық болса, жұбайлардың шырайы артып, қандай жағдайда болмасын өмірдің ащысы мен тұщысы, суығы мен ыстығы, қайғысы мен қуанышы қысқасы тауқыметтің тәлкегі еш ауыр келмейді. Алла Тағала осы жайлы «Рум» сүресінің 25-аятында:  وَمِنْ آيَاتِهِ أَن تَقُومَ السَّمَاء وَالْأَرْضُ بِأَمْرِهِ ثُمَّ إِذَا دَعَاكُمْ دَعْوَةً مِّنَ الْأَرْضِ إِذَا أَنتُمْ تَخْرُجُونَ «Алла бір-біріңмен өмір сүрулерің үшін өздеріңнің араларыңнан сендерге жұбай жаратқан және араларыңа махаббат пен рахымдылық сыйлап қойған» - дейді.

Сондықтан, бақытты ғұмыр кешу үшін жанұя құруда жақсы жар таңдауда өте мұқият болу керек. Бұл жайында Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) :

 حَدَّثَنَا مُسَدَّدٌ حَدَّثَنَا يَحْيَى عَنْ عُبَيْدِ اللَّهِ قَالَ حَدَّثَنِى سَعِيدُ بْنُ أَبِى سَعِيدٍ عَنْ أَبِيهِ عَنْ أَبِى هُرَيْرَةَ - رضى الله عنه عَنِ النَّبِىِّ - صلى الله عليه وسلم - قَالَ « تُنْكَحُ الْمَرْأَةُ لأَرْبَعٍ لِمَالِهَا وَلِحَسَبِهَا وَجَمَالِهَا وَلِدِينِهَا ، فَاظْفَرْ بِذَاتِ الدِّينِ تَرِبَتْ يَدَاكَ    

«Кісі әйел затына төрт ерекшелігі үшін некелеседі. Дүние-мүлкі, шыққан тегі, сұлулығы мен діндарлығы үшін үйленеді. Сен бұлардың ішінде діндар болғанын таңда, үйің берекетті болсын» – десе, Абай өзінің өлең шумақтарында:

Жасаулы деп, малды деп, байдан алма,

Кедей қызы арзан деп, құмарланба.

Ақылы бар, ары бар, ұяты бар,

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма, - деп келтіреді.

Қазіргі таңда үйленетін жастар көбінесе әйелдің тән сұлулығы мен дүние-мүлкіне қарайды. Бұлардың уақытша екенін көпшілігі аңғара бермейді. Егер ерлі-зайыптылар өмірлерін мал-дүниеге, ойын-сауыққа негіздеп үйленетін болса, бір-біріне деген махаббаты сол қу дүниеге салынып, ақыры ажырасуға әкеп соқтырады. Сондықтан ер кісі өмірлік жан-жарын, дүниедегі сүйіктісі мен сырласын таңдауда, аяғын шалыс баспай дұрыс қадам жасағаны жөн. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):«Әйел заты – адамгершілік тұрғыдан зайыбың, дінде бауырың» - деп насихаттайды. Міне, енді осы ерлі-зайыптылардың өмірдегі бір-біріне деген міндеті мен жауапкершіліктеріне аздап тоқтала кетсек.

 

 

ОТБАСЫНДАҒЫ ЖАУАПКЕРШІЛІК

 

Ер кісі жанұяда үйдің кіріс-шығысына жауапты болса,  әйел кісі  үйдің тіршілігіне жауапты.  الرِّجَالُ قَوَّامُونَ عَلَى النِّسَاء «Ер кісілер әйелдердің билеушісі» деп, «Ниса» сүресінің 34-аятында баяндалғандай, Ислам діні жанұяның отағасы ретінде құқықты ер кісіге беріп отыр. Бірақ мұнда әйел затына төмен қарап, ер кісіні жоғары санап тұрған жоқ. Керісінше, Ислам діні – әйел затының құқығын орны-орнына қойып, бір жүйеге тізіп берген.

Тарихтан хабары бар әрбір жан білсе керек, Ислам діні келместен бұрын әйел заты қайсыбір қоғамда болмасын ешқандай маңызға ие болмаған. Сөзіміз дәлірек болуы үшін Исламнан бұрынғы тарихқа көз жүгіртіп көрсек. Имам әл-Маудуди былай дейді: «Грек қоғамында әйел заты ешқандай әлеуметтік статусқа ие болмаған. Олардың түсінігінше әйел барлық қайғы-қасіреттің бастауы деп түсінген». Үнділер әйелдерді ормандағы аңдармен теңестіріп, жесір қалған әйелді күйеуінің өлігімен қоса өртеген. Ал Жапонияда мынадай қатаң қағида болды, күйеуге шыққан әйел төркінінен түбегейлі қол үзуге мәжбүр болған.  XІX ғасырда Франциядағы христиан көсемдері: «Әйелдер – еркектерге қызмет етуге ғана жаратылған адам тектес мақлұқ» - деп шешім қабылдаған.

 Ал Ислам діні әйел затының құқығы мен намысын қорғау үшін Құранда 114 сүренің ішінен «Ниса» яғни «Әйелдер» деп, өмірде әйелдердің дәрежесін көтеру мақсатында сүре атын берген. Пайғамбарымыздың хадистерінде ер адамның әйел затынан кейбір жағдайда жоғары тұратыны айтылған. Бір сахаба Пайғамбарымызға келіп: «Уа Алланың елшісі! Дүниеде жасайтын жақсылығымды әуелі кімнен бастайын? деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қолыңнан келген жақсылықты анаңа, анаңа, анаңа жаса, содан кейін әкеңе» – деп, бұйырған. Демек, Ислам ер кісі мен әйел кісінің абыройын бірдей қорғалуын қамтамасыз етеді. Бөтен еркекке жат әйелге, жат әйел де бөгде еркекке қадалып қарауына, қылжақтап тиісуіне, абыройына нұқсан келтіруіне қатаң тыйым салған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендер тыйым салған әйелге қол тигізгеннен гөрі, төбелеріңді инемен тестіргендерің әлдеқайда дұрысырақ болар еді» – деп ескерткен.   

Жоғарыда тілге тиек еткен жайтқа қайта келер болсақ, ер кісі – ең әуелі отбасының намысын қорғауға,  әйел мен бала-шағасының нәпақасын тауып беруге, үйге қажетті нәрселермен қатар ауыр немесе жеңіл істердің барлығын қамтамасыз етуге міндетті. Өйткені Құранда «Бақара» сүресінің 233-аятында «Ананың тиісті қорегі мен киімі баланың әкесіне жүктеледі» десе, хадисте Муғауия бин Хайда (р.а.) Пағамбарымызға келіп «Уа, Расулуллаһ! Әйелдердің біздің мойнымыздағы ақысы не?» деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзің ішіп жегенің сияқты оны да ішіп жегізу, кигеніңнен оны да киіндіру, сосын істегендеріңді еш міндетсінбеу» – деген.

Ал, әйел заты – әуелі күйеуіне бағынып, оған мойынсұнуы тиіс, содан кейін өз намысы мен бала-шағасын қала берді үйі мен мал-мүлкін қорғап отыруы керек. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әйел бес уақыт намазын оқыса, рамазан айында оразасын тұтса, ар-намысын қорғап және күйеуіне мойынсұнатын болса жәннәт есіктерінің қалағанына кіреді» - деп, әйел кісінің негізгі міндетін дөп басып көрсеткен. Ал мына бір хадисте: «Егер адамның басқа бір адамға  сәжде етуін қаласам, әйелінің күйеуіне сәжде етуін бұйыратын едім» – деген. Бұл жерде зайыбы, күйеуінің үйде отағасы яғни басшысы екенін қабыл етпей, өз күйеуін менсінбейтін, айтқан сөзін құлаққа түрмейтін тәкәппар әйелдерге айтылған болса керек.

 

ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАРДЫҢ  ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС ЖАСАУДА

ЖАҚСЫ МӘМІЛЕДЕ БОЛУЫ

 

Ерлі-зайыптылар қарым-қатынас жасағанда міндетті түрде жақсы мәміледе болуы керек. Ислам отбасындағы мәселелерді отағасы мен жұбайына бірге ойланып, ақылдасып шешім қабылдауға шақырады.

Ер кісі – ең алдымен әйелін Алланың берген аманаты ретінде қабылдауы қажет. Ер кісі зайыбын нақақтан-нақақ қанауына, балағаттауына және қол жұмсауына болмайды. Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінің 19- аятында: «Олармен жақсы мәміледе болыңдар» - деп үндесе, хадисте: «Әйелдердің ақыларын орындауда Алладан қорқыңдар! Сендер әйелдеріңді Аллаһтың аманаты деп алдыңдар»-деген.  Сонымен қоса жанұясын және жан-жарын діни тұрғыда тәрбиелеп, жақсы мінез құлыққа үгіттеп, олардың құлшылықтарын бақылап, кемшіліктерін түзетіп отыруы тиіс. Ақыретте отбасының ахуалына жауапты екенін де ескерткені жөн.

Әйел кісі – отағасының хабарынсыз бөгде жерлерге баруына болмайды. Барынша күйеуінің көңлінен шығуы керек. Құранда «Бақара» сүресінің 228-аятында

 وَلَهُنَّ مِثْلُ الَّذِي عَلَيْهِنَّ بِالْمَعْرُوفِ وَلِلرِّجَالِ عَلَيْهِنَّ دَرَجَةٌ وَاللّهُ عَزِيزٌ حَكُيمٌ  

«Ерлердің әйелдердегі ақысы сияқты, әйелдердің де ерлерде белгілі ақылары бар» деген.

Әйел жаны үйдің айрандай ұйытқысы, яғни отбасының берекетін келтіретін де, күйеуін тамаша адам қылатын да, надан қылатын да әйел десек қателеспеспіз. Сонымен қатар әйел кісі отағасы үйде болмаған кезде, бөгде кісіні үйге кіргізбей, жұбайының тапқан табысын ысырап етпей орны-орнымен жұмсап, үй тіршілігін тиянақтап орындап, иман жүзді ұрпақ тәрбиелеуі керек.

Ислам әйел заты сыртқа шыққанда боянып, сыланып, үстіне бар жақсысын жапсырып онымен қоса иіс суын мүңкитіп сеуіп шығуына қатаң тиым салады. Мұндай нәселерді тек қожайынының көңілінен шығу үшін, махаббат сезімін ояту мақсатында жасаса болады. Ал қазіргі таңда бұл түсінік мүлдем теріс қалыптасып қалған. Сондықтан сүйікті зайыбы  сұлулығын сырт көзге көрсетіп, үйде олпы-солпы жүргендіктен, сүйікті отағасының көзі бөгде қыз-келіншектерге түсуі әбден мүмкін. Негізінде күйеуін жіпсіз өзіне байлап қаратуы, біле-білсе әйел затының өз қолында. Отбасында  екі жан-жардың  арасында кейде түсініспеушілік, кереғарлық туындайды. Атам қазақ: «Үйде ыдыс-аяқ сыңғырламай тұрмайды» - деп бекер айтпаса керек. Мұндай жағдайда екеуі барынша бір-біріне түсіністікпен қарап, күйеуі ашуланып қаһарына мінгенде, зайыбы сабырлылық сақтап, сөз қайтарып сөйлемесе болғаны. Дәл осы жәйт сүйікті жарында болса, күйеуі де шыдамдылық танытып, бір мәмілеге келсе, шаңырағы шайқалмайды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Барлығың шопансыңдар. Сендер қол астыңдағылардан жауаптысыңдар. Басшы – шопан, еркек те – отбасының шопаны. Ал әйел заты – балаларының және күйеуінің мүлкіне шопан» - деп, ерлі-зайыптылардың міндеттерін ашық-айқын көрсеткен.

 

ЖАНҰЯДА ЕКІ ЖАРДЫҢ ЖАРАТЫЛЫС

 ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ МЕН ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ҰЙҚАСТЫҚТАРЫ

 

Алла Тағала ер кісі мен әйел затын өзіне тән ерекшеліктерімен жаратқан. Қоғамда және отбасында өз орындары мен жауапкершіліктері өзгеше болады. Кейбір ғұламалар Құрандағы «Зәуж» яғни «жұбай» сөзінің бір мағынасы аяқ киім дегенге келеді деп тәпсірлейді. Демек ерлі-зайыптылар аяқ киім іспеттес. Оң аяққа сол аяқтың аяқ киімін, сол аяққа да оң аяқ киімді кигізу мүмкін емес. Сондықтан ер кісінің міндеті мен жауапкершілігін әйел кісі, әйел кісінің де міндетін ер кісінің орындай алмайтыны айдан анық.

Алла Тағала ер кісіге – күш-қуат, шыдамдылық, төзімділік пен сабырлылық, қандай да бір істің ақырын тұжырымдап, әрбір істің алдын алу жолдарын, сонымен қоса ақыл-парасат жігерлік т.б. ерекше қасиет берген.

Ал әйел затына – сезімталдық, нәзіктік, мейірімділік пен сыпайылық, ұялшақтық, ибалылық, бар жанын баласы үшін аянбайтын, ұрпақтың тәлім-тәрбиесі сияқты көптеген жақсы қасиеттер берген.

Психологтар жалпы алғанда ер кісі әйел затына қарағанда, қайғы-қасіретке төзімді, әрбір жағдайда ақыл-парасаттылығымен шешім қабылдайтындығын айтса, әйел кісі жаратылыс жағынан өте нәзік жаратылғандықтан көбіне сезім арқылы шешім қабылдап, алданғыш және көп нәрсеге сенгіш келетіндігін айтады. Сонымен қоса  Исламда отбасында түсініспеушілік кеңінен етек алғанда яғни шаңырақ шайқалар сәтте, соңғы шешім ажырасуды яғни «талақ» айту еркісіге берілген. Ислам отбасын құру үшін мал-байлыққа немесе тек төсек ләззатына яки сыртқы әдемілікке емес, ең әуелі сенім мен сүйіспеншілік негізінде құруды қалайды. Сөзіміздің тобықтай түйінін Америкалық Патрик Биюкененнің сөзімен тәмәмдасақ.

1992-1996 жж. АҚШ президенттігіне үміткер болған Патрик Биюкенен «Батыстың ажалы» атты кітабында: «Рас Америка, Еуропа және Жапония мемлекеттері ғылым мен технология, экономика және қару-жарақ дайындау салалары бойынша басқа елдерден әлде қайда озып кеткен. Дегенмен Ислам әлемі Батыс өркениеті бағалай алмаған ұлы құндылықты сақтап қала алды. Ол құндылық – отбасын құру, ұрпақ өрбіту, баланы тәрбиелеу және сол арқылы дінін өркениетін үздіксіз жалғастыруда. Иә, Батыс елдері Ислам әлемі біліп үлгермеген талай нәрсені білген болуы мүмкін, бірақ та, Ислам әлемі Батыс ұмытып үлгерген қағиданы әлі күнге дейін жадында ұстап келеді. Иманға негізделмеген жанұя мен қоғамның ертеңі жоқ» деген.

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « Хадиша деген әйел үшін келіншегімнің ашулануы
Жоғарыға