maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

ХАЗІРЕТІ ӘЛИДІҢ ҮЙЛЕНУІ

ХАЗІРЕТІ ӘЛИДІҢ ҮЙЛЕНУІ

Әли ибн Әбу Талиб Фатима анамызбен (Алла ол екеуіне разы болысн) некесін қидырып, оның бөлмесіне кіргелі тұрғанда Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Фатимаға бір нәрсе сыйла – дейді.

 

Әли:

– Менде оған сыйлайтын еш нәрсе жоқ – деп жауап қатады.

Алланың елшісі (с.ғ.с.):

– Сенің сауытың қайда? – деп сұрайды. Хазіреті Әли барып сауытын алып келеді. Сөйтіп Фатима анамызға темір сауытын сыйға тартып, оның бөлмесіне кіреді.

 

Әңгімеден шығатын пайдалы сабақ

Ер адам үйленетін кезде қалындығына мәһір сыйлауы керек. Күйеу жігіт қалындығына белгілі бір мөлшерде сыйлық жасайды. Бұл сыйлықты мәһір деп атайды. Мәһір туралы Алла тағала былай деген:

«...оларға некелесу шартымен тиісті малын төлеңдер» (Ниса: 24).

Пайғамбар да (с.ғ.с.) сахабаларды қалың мал беруге шақырған:

Абдулла ибн Масғудтан (р.а.): «Алланың елшісі (с.ғ.с.): «Уа, жігіттер тобы! Сендерден кім қалың мал беруге құдіретті болса, үйленсін. Бұл оның көзіне, шаһуатына қайырлы. Кімнің (қалың мал беруге) шамасы келмесе, ораза ұстасын...», – деп айтты» деген риуаят келген (Бұхари, Мүслим).

Екінші пайдалы сабақ:

Мәһірдың нақты мөлшері жоқ, бірақ күйеу жігіттің берген сыйын қалыңдық азырқанса, неке қиюшы имам күйеу жігітке болашақ зайыбының көңілінен шығатындай дәрежеде сый жасауы керектігін ескертеді. Бұл екі жастың арасындағы келісім. Мәһір келін баланың жеке мүлкіне айналады. Үйленген соң оны күйеуі қайта талап етуге немесе алып қоюға құқы жоқ.

Әңгімеден көргендей хазіреті Әлидің қалындығына беретін арнайы жиған малы болмай орнына өзінің ұрыс алаңында киетін сауытын сыйға тартты. Фатима анамыз бұған разы болды.

Мәһір – әлсіз әрі нәзік әйелдің жалғыз, қорғансыз қалған жағдайда (жесір қалса немесе ажырасып кетсе) материалдық, мұқтаждық көрмеуіне жасалатын қамқорлық. Бірақ күйеуі қиындыққа ұшырап қалса, әйел оған ерікті түрде қаржылай көмектесем десе, онда шариғат рұқсат береді. Мұны Алла тағала Құранда ашып айтқан:

«Әйелдердің мәһірін ықыласпен беріңдер. Егер әйелдер өз көңілдерінше сендерге бір нәрсе мәһірден кеңшілік етсе, онда оны жеңдер, сіңімді, жүрімді болсын»(Ниса: 4).

«Сендердің өз табиғаттарыңа үйлестіріп (өз қастарыңнан)әйел жынысын жаратқаны да, оларға тіршілік ләззәтіетіп, сүйіспеншілік, мейірім бергені де ұлылықтың белгісі» (Рұм: 21).

 

Үшінші пайдалы сабақ:

Үйлену пайғамбардың сүннәті. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйленудің және отбасын құрып, дұрыс өмір сүрудің үлгісін былай дап айтады:

«Алла елшісінің (с.ғ.с.) үйіне үш сопы келеді. Олар пайғамбардың (с.ғ.с.) қалай құлшылық қылатыны жайында сұрайды. Пайғамбардың (с.ғ.с.) жасайтын құлшылығын естіген уақытта олар үшін бұл (қарапайым, әрі) аз болып көрінеді. Сондықтан олар:

 – Ол, пайғамбар (с.ғ.с.). Біз ондай бола алмаймыз. Алла оның өткен және келешек күнәларын кешірген, – деп кері қайтады.

Кейін біреуі тұрып:

– Мен түні бойы уақытымды намазбен өткіземін, – деді.

Екіншісі:

– Мен ғұмыр бойы ораза ұстаймын, ауызымды ашпаймын, – деп айтты.

Үшіншісі:

– Ал мен ғұмыр бойы әйелге жақындамаймын, үйленбей өтемін, – дейді.

Мұнан соң бұл хабарды естіген Алланың елшісі (с.ғ.с.) бұларға келіп:

– Пәленше және түгенше деп айтқан сендерсіңдер ме? Аллаға ант етемін! Расында мен Алладан сендерден артық қорқамын және сендерден артық тақуалық етемін бірақ, мен ораза ұстаймын және ауызымды ашамын. Намаз оқимын және демаламын, үйленемін. Ал енді кім менің жолымнан бас тартса, менен емес, – деді», деген риуаятты Әнас (р.а.) келтіреді (Бұһари, Мүслим).

Ұлы сахабалардың бірі Ибн Аббас (р.а.) үйленіп, шаңырақ көтеру турасында білім іздеп, өмірдегі өз орнын табуға ұмтылған жастарға: «Құдайшыл адамның тақуалығы үйленуімен кемелденеді», – деп өсиет қалдырған. Сондықтан болар, қазақ «Жалғыздық Аллаға жарасады», – деп айтса керек.

 

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

филос.ғ.к., дінтанушы

 

Медиа

Осы категориядағы басқа материалдар: « ӘКЕ – ОТБАСЫ ҚАМҚОРШЫСЫ Отбасындағы қатынас »
Жоғарыға