maturidi.kz діни-танымдық порталы

  

A+ A A-

Ұлттық тәрбие – ұлағат көзі

Ұлттық тәрбие – ұлағат көзі

Қазіргі жаһандану кезінде үздіксіз білім беру процесі өмірімізге дендеп еніп кетті. Бала дүниеге келген күннен бастап қоғам назарында. Балабақшада тілі шыққан бала мектептен әріп танып, тәлім алып, орта білім, жоғары білім, магистратура, доктарантурада білімін жетілдіре береді. Бірақ ұлт болып ұйысқан елдің жаһандануға жұтылып, ұлттық құндылықтарынан айырылып жойылып кету қатері бас көтерді. Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен, бабалардың  дана жолымен қорғап келген, көзінің қарашығындай сақтаған қайран тіліміз, дініміз, діліміз керексіз болып, ұрпақ өз тегін, салт дәстүрін  ұмытса қазақ ұлтының жер бетінен рухани тұрғыдан жойылғаны.

Баланың тәрбиесіне ықпал ететін негізгі төрт нәрсе бар: отбасы мен өскен ортасы, балабақша, мектебі мен достары. Міне, бұлар үйлесім тауып, адам тәрбиесіне сергек қараса ұлтқа қауіп төнбес еді. Кез келген ұлттың ұлт болып қалыптасып дамуы үшін оның ұлттық санасы, ұлттық құндылығы болуы керек. Сондықтан ұрпағымыздың ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп,  ел қамын ойлайтын азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық тәрбиені бойына дарытуда Елбасы Н.Әбішұлының мына бір ұлағатты сөзі бағдаршам болмақ: «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намыс болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып, көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа».

Тәрбие – жеке тұлғаның адамдық бейнесі, мінез-құлқын қалыптастырып, өмірге бейімдейтін үрдіс. Ол бесіктен басталады. Оның негізгі мақсаты адам бойына ізгілік, инабаттылық, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адами қасиеттерін, тіршілікке қажетті дағдыларын қалыптастыру болып табылады. «Тәрбие тал бесіктен басталады», – дейді халық. Тал бесіктен бастау алған тәрбие ғана жемісті болмақ. Баланың иманды, қайырымды азамат боп ер жетуі алдымен, ата-ананың тәрбиесіне, қоршаған ортаның үлгі-өнегесіне байланысты. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген ұлағатты сөз тегін айтылмаған. Алайда бүгінгі аналарымыз бесік тербеп, ұлттық әдет-ғұрыппен әлдилеп бесік жырын айта ма? Ұлттық тәрбиені бала бойына дарытып, жанына ұялатып жүрміз бе? Ұлттық тәрбиені сезінбеген ұрпақ  ұлттық рух, ұлттық құндылықтар жайлы айтқанды ұқпайды ғой.   

Ұлттық рух – халықтың өзін-өзі тануымен айқындалатын, өскелең арман-мұраттарымен сипатталады. Қай халықтың болмасын табиғатына тән, өзгеде қайталанбайтын қасиеттері, мінезі, діні, тілі болуы ұлттық рухпен тікелей байланысты. Оны асқақтататын – ұлттық тәлім-тәрбие. Оның негізі ана тілінде. Қазақ тілі халқымыздың ұлттық болмысын, әдет-ғұрпы мен салтын, дәстүрін, ұлттық жадын қалыптастырушы негізгі құрал ретінде ұлттың тілі мен діні, біліктілігін болашаққа жалғайды.

Ұлттық құндылықтарымыздың бір тармағы – дәстүр. Дәстүр – ұлтқа рух беріп, оның ішкі, сыртқы келбетін өрнектеп көрсетіп тұратын сипаттардың бірі. Халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан, кез-келген ұлттың өзіне тән сипатын айқындай түсетін асыл қасиеттер. Академик А.К. Конның этикалық сөздігінде «әдет-ғұрып дегеніміз – белгілі бір қоғамда немесе ұжымда белгілі бір тарихи жағдайға байланысты адамдар арасында қалыптасқан қоғамдық тәртіптің түрі» деп көрсеткен.

Біз – бақытты ұрпақпыз, тәуелсіздік алып, мемлекет құрып жатырмыз. Бізге керегі-өзіміздің салт-дәстүрімізге, әдет-ғұрпымызға, мінез құлқымызға жақын салауатты өмір салты. Әдет-ғұрып салт-дәстүрде жинақталған ата-бабалар өмір тәжірибесі арқылы қоғам өзінің даму деңгейіне байланысты қажет ақпаратты иемденіп, өзінің іс-әрекетінде, тұрмыс-салтында ұстануы керек. Келешегіміз үмітті болуы үшін, жас ұрпақ өткенді, ата-баба мұрасын білуі қажет және салт-дәстүрін жоғалтпай сақтаса, осындай белгілер әрбір ұлттың стратегиялық мақсат-мүддесі болуы тиіс.

Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі арқылы қалыптасқан ұлттық өмір салты бар. Өмір салты дегеніміз – әрбір қоғамның, ондағы әлеуметтік топтардың және жеке адамдардың белгілі жүйеде өмір сүру тәсілінің жиынтығы.

Ұлтымыздың рухани санасын оятып болашаққа сенімін күшейтуіміз керек. Бұл қазіргі ұрпақтың міндеті. «Ештен кеш жақсы» дегендей, ұлттық табиғи қадір-қасиетке оралуымыздың алғашқы қадамдары ретінде балабақшадан бастау керек. Кім де болса, қай ұлт болса да, өзінің өмірі барысында атадан балаға мұра болып келе жатқан салт-дәстүрден тыс қалмайды.

Өз Отанын, елін сүю, өз елінің патриоты болуы – әр азаматтың қасиетті борышы. Қазіргі заманда әрбір жас ұрпақтың өзінің ұлттық, әлеуметтік тегін зерттеу, туған шежіресіне деген қызығушылығы байқалады. Сондықтан өз әулетінің тегін зерттеу кезінде балаға терең мағыналы қағидалардың мәнін түсіндіру өте маңызды:

1) әр адамның тамыры-отбасының, өз халқының тарихы мен салт-дәстүрінде, өлке мен елінің бұрынғы және осыған дейінгі тарихы;

2) отбасы-әлеуметтік ұйым, ұлттық салт-дәстүрлердің сақтаушысы;

3) отбасы бақыты-халықтың, қоғамның, елінің амандығы;

4) ұлттық салт-дәстүрлер ұлттық дүниетанымның қалыптасуына жол ашады;

5) ұлттық дәстүр – қазақ халқының өзіндік дәстүрлерін бойына сіңіре білетін, салт-дәстүрлерімізді ұғына білетін тұлғаны қалыптастыруға ықпал етеді;

6) ұлттық әдет-ғұрып бала бойына жастайынан өз халқының әдет-ғұрыптарынан әсер ала біліп, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыра білетін тұлға ны қалыптастырады;

7) ұлттық киім – қазақ балалары өз ұлтының ұлттық киімдерінің ұлттық ерекшеліктерін айыра білетін, ұлттық киімдеріміздің әсемдік, (сұлулық) ою-өрнектік сәнділігімен бағалы екендігін түсіне білу;

8) ұлттық мерекелер арқылы халқымыздың ұлттық мереке күндерінің мазмұнын, қадірін сезініп қолдай білуге талпынатын тұлға даярлау;

9) киіз үй жиһаздары арқылы халқымыздың әрбір тұрмыстық тұтыну үй бұйымдарының өзіндік құндылықтарын, оларды дайындаудың жолдарын оқи отырып қастерлей білетін тұлғаны қалыптастыра білуіміз керек деп түйіндеймін.

«Жер астында жатқанды қазбай қарап тіл табар» деп саналы сөзді сары алтыннан артық бағалаған халқымыз салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды, ұлттық құндылықтарымызды асыл қоймасындай сақтады. Өнерлі халық – өміршең халық.

Демек, күні бүгінге дейін ғасырлар бойы дамып қалыптасқан халық ауыз әдебиетінен, халықтық салт-дәстүрлерінен, ұлттық педагогикалық ойлардан құралған бұл халықтық салт-дәстүрлеріміздің ғылыми-педагогикалық мәні өте зор екені рас.

Ұлттық қадір-қасиет – ұлттық сана-сезімнің өзегі, адамгершіліктің бірегейі, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан қоғамдық санасының жемісі, кісілік қасиеттер жиынтығы. Қазақ халқы өз ұрпағын адамгершілікке, ізгілікке, инабаттылыққа тәрбиелеуді ежелден-ақ өзінің басты мақсаты етіп қойған.

Ұлттық қадір-қасиет: әдептілік, қонақжайлылық, бауырмалдық, қайырымдылық. Әдептілік, әдеп сақтау халықтық рәсімге, жол-жоралғыға, тәртіпке құлдық етіп амалсыз бағынуы емес, сол заңдылықтарды құрметтеу, қастерлеу, дәлірек айтқанда адамгершілік борышты сақтау болып табылады.

Қонақжайлылық: Меймандостық – ата салтымыздың ішіндегі ең бір мақтауға тұрарлық мәнді түрлерінің бірі. Қонақжайлылық, сыйластық салтын бұрынғы ата-бабаларымызша түсініп, соларша дәріптей білсек нұр үстіне нұр болар еді.

Бауырмалдылық: Адамгершілік қасиеттің айрықша бір көрінісі – бауырмалдылық. «Бала бауыр еттен жаралған», қазақтың бауырмалдылығы баланы әлпештеуден, баланың ата-анасын құрметтеуінен байқалады.

Халқымыздың бауырмалдық сияқты атам заманнан сүйегіне сіңген қасиеті Құран-Кәрім қағидаларымен де ұштасып жатыр. Осы қасиетті кітап адам баласының бір-біріне жат емес, барлық адамзат баласының дос, бауыр екенін айтады.

Қайырымдылық: Халық өз ұрпағына қайырымдылықты ес білгеннен  үйретіп, тиісті талап қою, дағдыландыру арқылы, оны тұрмыстық салтқа, адамгершілікке, дәстүрге енгізді.

Қызылқоға өңірі – қаймағы бұзылмаған қазақы аудан. Ана тіліміз, салт дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз жақсы сақталған. Әйтсе де космостық жылдамдықпен дамып келе жатқан замана желі жастарды жаһандық өркениеттің шырқау шыңына жетелейді. Елдің ел болып қалмағы, ұлттық құндылықтарды жоғалтып алмау мәселесі ел ағалары мен ақсақалдарды, ата-аналарды жиі толғандырады. Осы мақсатта мектептердегі «Әкелер мектебі» ер балаға берілетін әке өнегесін насихаттап, әкелерді бала тәрбиесіне кеңнен тартса, «Аналар мектебі» жас аналарға жауапкершілік жүгін алып жүрудің сырын үйретеді. Сол сияқты  ардагерлер кеңесі ауыл ақсақалдарын біріктіріп, жастарға, ауыл тұрғындарына аталы сөздерін айтып, әлеуметтік, тұрмыстық мәселелердің оң шешімін табуына өз үлесін қосуда. Ақсақалдар алқасы небір түйіні қиын істерге төрелік айтуға тартылады.

Жастар арасында соңғы жылдары үлкен беделге ие болған  «Жас Отан жастар қанаты», «Қызылқоға қоғамдық жастар бірлестігі» аудан  жастарының тәрбиесі мен тәліміне ықпал етуге барынша  үлес қосып келеді. Табиғатты қорғау, Ойыл бойының тазалығын сақтау бағытындағы жастарды жұмылдырған игі істері, мүмкіндігі шектеулі балаларға  көмек акциялары жақсы нәтиже беріп жүр.

Сол сияқты көрермендерімен қауышқанына көп болмаса да «Балапан» телеарнасы бүлдіршіндердің сүйікті арнасына айналды. Балалардың тілі шығуына, жақсы мен жаманды айыруына көп көмегі тиюде. Тек ұлттық құндылықтарды насихаттайтын анимациялық мультфильмдердің аздығы қынжылтады.

Бүгінгі қазақ ұлты – бұрынғы көшпенді тұрмысқа бейімделген дала халқы емес. Бүгінгі қазақ ұлты – бұрынғы «қызыл идеологияның» қыспағындағы бодан халық та емес; бүгінгі қазақ ұлты – өркениет орталығы саналатын қала халқына айналып, сапалық жағынан көп ілгеріледі, бүтіндей аграрлық жағдайдан гөрі, индустриялық-инновациялық мемлекет құруға көшіп отыр. Сонымен бірге «Мәңгілік ел» ұлттық идеясымен қаруланған тәуелсіз халық. Қазіргі кезде әлем жұртшылығы  ұлы реформатор, ұлт лидері деп таныған Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бастамасымен Үкімет осы бағытта үлкен мемлекеттік бағдарлама жасап, барлық деңгейдегі билік өкілдері елдің индустриялық-инновациялық даму жолына түсуін қатаң бақылауына алып, жіті қадағалап отыр. Түсінген адамға мұның түпкі астарында да мемлекеттік идеядан туындаған ұлттық мүдде, ұлттық ұстаным жатыр.

Ендеше бүгінгі конференцияда өзекті мәселе болып қозғалып отырған ұлттық тәрбиеге мән беру – сіз бен біздің қоғам алдындағы парызымыз.

 

Бибоз Шаяхметов

Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары

 

Медиа

Жоғарыға